"Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шілдедегі Заңының 15-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. 2008 жылғы 29 қыркүйек - 15 қараша кезеңінде өз ителгілерімен жек дуадақтарға ителгімен саятшылық құруға:
1) шейх Халифа Бин Заед Аль Нахаянға (Біріккен Араб Әмірліктері) Оңтүстік Қазақстан облысындағы республикалық маңызы бар Арыс және Қарақтау мемлекеттік қорық аймағы аумағында 10 (он) дарақ жек дуадақ және Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы республикалық маңызы бар Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік қорық аймағы аумағында 35 (отыз бес) дарақ жек дуадақ;
2) шейх Сурур Бин Мұхаммед Аль Нахиянға (Біріккен Араб Әмірліктері) Маңғыстау облысындағы республикалық маңызы бар Кендірлі-Қаясан мемлекеттік қорық аймағының аумағында 10 (он) дарақ жек дуадақ;
3) шейх Сеиф Бин Мұхаммед Аль Нахиянға (Біріккен Араб Әмірліктері) Маңғыстау облысындағы республикалық маңызы бар Кендірлі-Қаясан мемлекеттік қорық аймағының аумағында 10 (он) дарақ жек дуадақ;
4) шейх Джасем Бин Хамад Бин Халифа Аль Тани (Катар) Жамбыл облысындағы республикалық маңызы бар Аңдасай мемлекеттік табиғи қаумалының аумағында 8 (сегіз) дарақ жек дуадақ әрі Алматы және Жамбыл облыстарындағы республикалық маңызы бар Жусандала мемлекеттік қорық аймағының аумағында 10 (он) дарақ жек дуадақ аулауға рұқсат берілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман және аңшылық шаруашылығы комитеті:
1) осы қаулының 1-тармағында көрсетілген адамдарға жек дуадақтарды өз ителгілерімен аулауға белгіленген тәртіппен рұқсат берсін;
2) ителгімен саятшылық құруды ұйымдастыру және өткізу кезінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 28 маусымдағы N 969 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында Жануарлар дүниесінің жекелеген түрлерін ерекше жағдайларда пайдалану тәртібі жөніндегі ереженің орындалуын қамтамасыз етсін;
3) "Охотзоопром" ӨБ" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының көрсетілген Ереженің 8-тармағына сәйкес қызметтер көрсетуін және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің "Биологиялық зерттеулер орталығы" республикалық мемлекеттік кәсіпорнының "Зоология институты" еншілес мемлекеттік кәсіпорнымен бірлесіп, осы қаулының 1-тармағында көрсетілген адамдармен шарттық негізде жек дуадақтың тұқымын қалпына келтіру жөнінде іс-шаралар өткізуді қамтамасыз етсін.
3. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі, Қазақстан Республикасындағы СИТЕС әкімшілік органы ителгімен саятшылық құру үшін жыртқыш қыран құстарды Қазақстан Республикасына әкелу мен одан әкетуді Жойылып кету қаупі төнген жабайы фауна мен флора түрлерімен халықаралық сауда туралы конвенцияның рәсімдерін сақтай отырып қамтамасыз етсін.
4. Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыстарының әкімдері көрсетілген іс-шараларды ұйымдастыруда қажетті жәрдем көрсетсін.
5. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов