Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердің ортақ сақтандыру нарығын құру туралы хаттаманың жобасына қол қою туралы ұсыныс Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К.Мәсімов
Жоба
Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердің ортақ сақтандыру нарығын құру туралы
ХАТТАМА
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттер (бұдан әрі - ЕурАзЭҚ),
2000 жылғы 10 қазандағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастықты құру туралы шартты басшылыққа ала отырып,
2003 жылғы 27 сәуірдегі Еуразиялық экономикалық қоғамдастық шеңберінде сақтандыру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімде (бұдан әрі - Келісім) көзделген ережелерді дамытуда,
өзара тиімді экономикалық ынтымақтастықты және дамуды тереңдету үшін Тараптардың ортақ сақтандыру нарығын құру мақсатқа лайықты екенін танып,
сақтандыру қадағалау мен сақтандыру қызметін реттеудің ортақ мүдделерін негізге ала отырып,
Тараптардың сақтандыру қызметін реттейтін ұлттық заңнамаларын халықаралық стандарттарға сәйкес келтіру жөнінде шаралар қабылдау қажет деп санай отырып,
мына төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Хаттаманың мақсаттары Тараптардың ортақ сақтандыру нарығын құру, ЕурАзЭҚ шеңберінде ортақ сақтандыру нарығына қатысушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі шараларды әзірлеу және қабылдау болып табылады.
2-бап
Осы Хаттамада пайдаланылған ұғымдарына мыналарды білдіреді:
"ортақ сақтандыру нарығы" - Тараптардың аумақтарымен шектелген, Тараптардың ұлттық заңнамаларымен Тараптардың барлық сақтандыру нарығына қатысушылардың құқықтары мен мүдделерінің сақталуына және қорғалуына кепілдік берілетін экономикалық кеңістіктің бір бөлігі;
"ортақ сақтандыру нарығына қатысушылар" - сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары, сақтандыру агенттері мен брокерлер, актуарийлер, сақтанушылар, сондай-ақ әрбір Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес белгіленген өзге тұлғалар;
"сақтандыру қызметін пайдаланушы" - сақтандыру мүддесі сақтандыру қорғауының объектісі болып табылатын сақтанушы, сақтандырылушы, пайда алушы.
3-бап
Тараптар ортақ сақтандыру нарығын құру жөнінде келісілген шаралар қабылдайды.
Тараптар сақтандыру қадағалау мен сақтандыру қызметін реттеу органдарының қызметін реттейді, Тараптардың сақтандыру ұйымдарының тәуекелдерді қайта сақтандыру жүйесіне бірыңғай тәсілдерді енгізеді, Тараптардың сақтандыру қызметін реттейтін ұлттық заңнамаларын үйлестіреді.
Ортақ сақтандыру нарығын құру әрбір Тараптың қалыптасқан макроэкономикалық жағдайлары ескеріле отырып, кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.
Әр кезеңнің басым міндеттерінің тізбесі және оларды іске асыру мерзімдері Тараптардың келісімі бойынша белгіленеді.
4-бап
Тараптар ортақ сақтандыру нарығын құру мақсатында Тараптардың сақтандыру қызметін реттейтін ұлттық заңнамаларын үйлестіруге, жалпы Тараптардың ортақ сақтандыру нарығына қатысушылардың құқықтары мен мүдделерін сақтандыру қорғау жүйесін қалыптастыруға, сондай-ақ сақтандыру нарықтарын реттеу мен сақтандыру қызметін қадағалау саласындағы Тараптар жүргізетін мемлекеттік саясатқа қойылатын бірыңғай талаптарды әзірлеуге бағытталған міндеттер кешенін іске асырады.
Бұл мақсатта Тараптар:
1) өздерінің сақтандыру қызметін реттейтін ұлттық заңнамаларының ережелерін халықаралық стандарттар талаптарына және сақтандыру қадағалауының халықаралық практикасына сәйкес келтіреді;
2) өзінің іс-әрекеттерін Келісімге, оның ішінде бір Тараптың аумағында орналасқан екінші Тараптың сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары құрған еншілес сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының қызметін қадағалау бойынша бірлескен іс-қимылдар арқылы үйлестіреді;
3) мыналарды:
сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарын лицензиялаудың жалпы қағидаттарын;
көлік құралдары иелерінің азаматтық жауапкершілігін міндетті сақтандыруды жүзеге асырудың жалпы тәсілдерін;
сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының жарғылық капиталын қалыптастыру тәртібіне қойылатын бірыңғай талаптарды;
сақтандыру резервтерін қалыптастыруға қойылатын бірыңғай талаптарды;
сақтандыру түрлерін (сыныптарын) жіктеуге бірыңғай талаптарды;
сақтандыру қызметін тұтынушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау жөнінде бірыңғай талаптарын;
сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының төлем қабілеттілігіне және қаржылық тұрақтылығына қойылатын талаптарды анықтаудың бірыңғай қағидаттарын;
Тараптардың резидент еместеріне тәуекелдерді қайта сақтандыруға беру тәртібіне қойылатын бірыңғай талаптарды белгілейді.
5-бап
Осы Хаттаманың ережелерін іске асыру үшін қажетті ақпарат алмасуды Тараптардың сақтандыру қадағалау мен сақтандыру қызметін реттеу органдары жүзеге асырады.
6-бап
Осы Хаттаманы іске асыру жөніндегі жұмысты үйлестіру ЕурАзЭҚ-тың Интеграциялық Комитеті жанындағы Сақтандыру қадағалауы мен сақтандыру қызметін реттеу органдары басшыларының кеңесіне жүктеледі.
7-бап
Осы Хаттама Тараптар қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
8-бап
Осы Хаттама күшіне енген соң ЕурАзЭҚ-қа мүшелікке қабылданған кез келген мемлекеттің оған қосылуы үшін ашық. Осы Хаттамаға қосылу туралы құжаттар ол ЕурАзЭҚ-тың Интеграциялық Комитеті болып табылатын депозитарийге сақтауға тапсырылады.
Қосылған мемлекеттерге қатысты осы Хаттама депозитарий қосылу туралы құжатты алған күннен бастап күшіне енеді.
9-бап
Осы Хаттамаға Тараптардың өзара келісімі бойынша жеке хаттамалармен рәсімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.
10-бап
Осы Хаттаманың ережелерін түсінуге және қолдануға байланысты Тараптар арасындағы даулар мен келіспеушіліктер мүдделі Тараптар арасындағы консультациялар мен келіссөздер арқылы шешіледі, ал келісімге келмеген жағдайда Тараптардың келісімі бойынша ЕурАзЭҚ Сотының қарауына беріледі.
11-бап
Осы Хаттама Тараптардың оның күшіне ену үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны депозитарийге сақтауға тапсырған күннен бастап күшіне енеді.
Әрбір Тарап болжамдалған шығу күніне дейін 6 айдан кешіктірмей бұл туралы депозитарийге жазбаша хабарлама жібере отырып, осы Хаттамадан шыға алады.
______________қаласында 200__ж. "___"____________бір түпнұсқалық данада орыс тілінде жасалды.
Осы Хаттаманың түпнұсқа данасы ЕурАзЭҚ Интеграциялық Комитетінде сақталады, ол әр Тарапқа оның расталған көшірмесін жібереді.
Беларусь Қазақстан Қырғыз
Республикасы Республикасы Республикасы
атынан атынан атынан
Ресей Тәжікстан Өзбекстан
Федерациясы Республикасы Республикасы
атынан атынан атынан