Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың кедендік құнын декларациялау тәртібі туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың кедендік құнын декларациялау тәртібі туралы келісімге қол қойылсын.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2008 жылғы 5 желтоқсандағы
N 1156 қаулысымен
мақұлданған
жоба
Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың кедендік құнын декларациялау тәртібі туралы келісім
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының Үкіметтері,
Еуразиялық экономикалық қоғамдастық шеңберінде кеден одағына қатысушы мемлекеттердің (бұдан әрі - кеден одағына қатысушы мемлекеттер) бірыңғай кеден аумағында тауарлардың кедендік құнын декларациялау тәртібі туралы уағдаластықтарға қол жеткізу мақсатында,
2008 жылғы 25 қаңтардағы Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың кедендік құнын айқындау туралы келісімді басшылыққа ала отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісім оған сәйкес кеден одағында кеден одағына қатысушы мемлекеттердің кедендік құқықтық қатынастарды реттейтін халықаралық шарттары қалыптасатын кеден одағына қатысушы мемлекеттердің бірыңғай кеден аумағына әкелінетін (бұдан әрі - әкелінетін тауарлар) және осы аумақтан әкетілетін тауарлардың кедендік құнын декларациялау тәртібінің негізгі ережелерін айқындайды.
2-бап
Осы Келісімде пайдаланылатын ұғымдар мынаны білдіреді:
"кедендік құнды декларациялау" - тауарлардың кедендік құнын айқындау үшін қажетті мәліметтерді мәлімдеу;
"кедендік құн декларациясы" - тауарлардың кедендік құны және оны айқындау үшін қажетті мәліметтер көрсетілетін кедендік құжат.
3-бап
Кеден одағына қатысушы мемлекеттердің бірыңғай кеден аумағынан әкетілетін тауарлардың кедендік құнын декларациялау осы тауарларды декларациялау жүзеге асырылатын Тарап мемлекетінің заңнамасына сәйкес жүргізіледі.
4-бап
Әкелінетін тауарлардың кедендік құнын декларациялау кеден одағына қатысушы мемлекеттердің кеден одағында кедендік құқықтық қатынастарын реттейтін халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.
5-бап
Әкелінетін тауарлардың кедендік құнын декларациялау Тараптардың бірінің тауарларды кедендік ресімдеуді жүргізетін кеден органына тауарлардың кедендік құнын айқындау әдісі, тауарлардың кедендік құнының шамасы туралы, тауарлардың кедендік құнын айқындауға қатысы бар сыртқы экономикалық мәміле жағдайы және шарттары туралы мәліметтерді мәлімдеу, сондай-ақ оларды растайтын құжаттарды ұсыну жолымен жүзеге асырылады.
6-бап
Әкелінетін тауарлардың кедендік құнын декларациялау жазбаша, электронды және кеден одағына қатысушы мемлекеттердің кеден одағында кедендік құқықтық қатынастарды реттейтін халықаралық шарттарымен айқындалған өзге нысандарда жүргізіледі.
7-бап
Кедендік құн декларациясында мәлімделген мәліметтер кедендік мақсаттар үшін қажетті мәліметтер болып табылады.
Әкелінетін тауарлардың мәлімделген кедендік құны және оларды айқындауға қатысты ұсынатын мәліметтер дұрыс, мөлшерлі айқындалған және құжаттамалы расталған ақпараттарға негізделуі тиіс.
Кеден одағына қатысушы мемлекеттердің кеден одағында кедендік құқықтық қатынастарды реттейтін халықаралық шарттарымен айқындалған тұлға кедендік құн декларациясында көрсетілген мәліметтердің дұрыстығы үшін жауапкершілікте болады. Кедендік құн декларациясын тауарларды кедендік ресімдеуді жүргізген кеден органы қабылдаған сәттен бастап бұл декларациялар заңдық маңызы бар фактілер туралы куәландыратын құжат болып табылады.
8-бап
Кедендік құн декларациясы кедендік декларацияның ажырамас бөлігі болып табылады.
Егер, Кеден одағы комиссиясының шешімімен белгіленген жағдайларда, кедендік құн декларациясы толтырылмаса, әкелінетін тауарлардың кедендік құны туралы мәліметтер кедендік декларацияда мәлімделеді.
Кедендік құн декларациясын міндетті түрде толтыру белгіленбеген барлық жағдайларда тауарларды кедендік ресімдеуді жүргізетін кеден органы әкелінген тауарлардың мәлімделген кедендік құнын растау үшін кедендік құн декларациясын ұсынуды талап етуге құқылы.
9-бап
Кедендік құн декларациясының нысандары мен оларды толтыру ережесі Кеден одағы комиссиясының шешімімен белгіленеді. Олар күшіне енгенге дейін әрбір Тараптар мемлекеттері заңнамаларының нормалары қолданылады.
Кедендік құн декларациясының нысандары мен оларды толтырудың ережесі Тараптар мемлекеттерінде ресми жариялауға тиіс.
10-бап
Әкелінетін тауарлардың кедендік құнын айқындау үшін кеден одағына қатысушы мемлекеттердің кеден одағында кедендік құқықтық қатынастарды реттейтін халықаралық шарттарымен көзделген жағдайларды қоспағанда, аумағында тауарды кедендік ресімдеу жүргізілетін кеден одағына қатысушы мемлекеттің заңнамасына сәйкес кедендік декларацияны қабылдаған күнге қолданыстағы валюта бағамы қолданылады.
11-бап
Осы Келісімді қолдануға немесе түсіндіруге байланысты даулар Тараптар арасындағы консультациялар және келіссөздер жолымен шешіледі, ал келісімге қол жеткізілмеген жағдайда мүдделі Тараптардың кез келгені Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына қарауға береді.
12-бап
Осы Келісімге Тараптардың уағдаластығы хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.
13-бап
Осы Келісімнің күшіне ену, оған қосылу және одан шығу тәртібі 2007 жылғы 6 қазандағы Кеден одағының шарттық-құқықтық базасын қалыптастыруға бағытталған халықаралық шарттардың күшіне ену, олардан шығу және оларға қосылу тәртібі туралы хаттамамен айқындалады.
2008 жылғы "__"________ __________ қаласында орыс тіліндегі бір түпнұсқа данада жасалды.
Осы Келісімнің түпнұсқа данасы Кеден одағының комиссиясы өзінің функцияларын бергенге дейін Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық комитеті болып табылатын депозитарийде сақталады.
Депозитарий әрбір Тарапқа осы Келісімнің куәландырылған көшірмесін жібереді.
Беларусь Қазақстан Ресей
Республикасының Республикасының Федерациясының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін Үкіметі үшін