Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Туризм саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Темірхан Мыңайдарұлы Досмұхамбетовка қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Туризм саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2008 жылғы 10 маусымдағы
N 562-1 қаулысымен
мақұлданған
жоба
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен
Француз Республикасының Үкіметі арасындағы
Туризм саласындағы ынтымақтастық туралы келісім
(Осы Келісім қол қойылған күнінен бастап күшіне енді - СІМ-нің ресми сайты)
Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі,
Қазақстан мен Францияны байланыстыратын ұзақ мерзімді достық қарым-қатынастарды назарға ала отырып және олардың халықтары арасындағы қарым-қатынастарды нығайтуға тілек білдіре отырып,
туризм экономиканың өсу қарқыны жоғары салаларының бірі болып табылатынын және туристік қызмет қосымша жұмыс орындарын құратын сала болып табылатынын мойындай отырып,
туризмнің екі жақты қатынастардың баюына және Қазақстан мен Француз халықтарының өзара жақсы тануына қандай дәрежеде қолайлы болатынын түсіне отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Тараптар екі ел арасында туристік ағынды ұлғайту мақсатында туризм саласындағы тұрақты даму мен ынтымақтастықты қолдайды, екі халықтың тарихы мен мәдениеті туралы білімдерін нығайтады және кеңейтеді.
2-бап
Тараптар өз мемлекеттерінің Үкіметтері туризм саласындағы саясаттың негізіне қоятын бағыттар мен ұсынымдарды айқындау үшін уәкілетті органдардың қатысуы мен үйлестіруі кезінде ұзақ мерзімді кезеңге туризмді жылжыту бағдарламалары туралы ақпаратпен тұрақты негізде алмасады.
3-бап
Тараптар туризм саласындағы өзара пайдалы ынтымақтастық пен тұрақты дамуды орнатуға ақпаратпен алмасу және жергілікті жобаларды қолдау арқылы жәрдемдесуге міндеттенеді.
4-бап
Тараптар өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес туристік жарнама науқандары мен насихаттауды дайындаудағы және іске асырудағы, сондай-ақ туризм саласына инвестициялар тартудағы өзара қолдауды көтермелейді.
5-бап
Тараптар өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес туризм саласындағы технологиялар мен зерттеулер саласында туристік бизнесті ұйымдастыру мен оның менеджментінде ақпаратпен алмасатын болады.
6-бап
Тараптар туристік кадрлардың кәсіби деңгейін арттыру мақсатында туризм саласындағы білім беру оқу бағдарламаларымен алмасады.
7-бап
Тараптар өз мемлекеттері өткізетін фестивальдар, көрмелер, жәрмеңкелер және басқа іс-шаралар шеңберінде мәдениет, қолөнер және гастрономия салаларындағы ынтымақтастыққа жәрдемдеседі.
8-бап
Тараптар туристік ағынның өсуін ұлғайту мақсатында өз мемлекеттерінің аумақтары арасындағы әуе жолдарын ұйымдастыру жөнінде консультациялар өткізеді.
9-бап
Тараптар осы Келісімде көзделген ынтымақтастықты өздерінің бюджеттік қаражаты шегінде жүзеге асырады.
Тараптар осы Келісімді орындау барысында туындайтын шығыстарды, егер әрбір нақты жағдайда өзге тәртіп келісілмеген болса, өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес дербес көтереді.
10-бап
Осы Келісімнің ережелерін орындауға жауапты уәкілетті органдар мыналар болып табылады:
Қазақстан тарапынан - Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі;
Француз тарапынан - Француз Республикасының сауда, қолөнер, шағын және орта кәсіпорындар, туризм және қызмет көрсету мемлекеттік хатшысы.
11-бап
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру немесе қолдану кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар оларды келіссөздер немесе консультациялар арқылы шешеді.
Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге жеке хаттамалармен ресімделетін және оның ажырамас бөлігі болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
12-бап
Осы Келісім қол қойылған сәтінен бастап күшіне енеді, белгіленбеген мерзімге жасалады және Тараптардың бірі екінші Тараптан оның қолданылуын тоқтату ниеті туралы дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабарлама алған күннен бастап 6 ай өткенге дейін күшінде қалады.
13-бап
Осы Келісімнің қолданылуын тоқтату осы Келісім қолданылатын кезеңде Тараптар уағдаласқан және оларды жүзеге асыру мерзімдеріне сәйкес аяқталуы тиіс бағдарламалар мен жобалардың жүзеге асырылуына әсер етпейді.
2008 жылғы "__"________________ ___________________ қаласында екі түпнұсқа данада, әрқайсысы қазақ, француз және орыс тілдерінде жасалды, бұл ретте барлық мәтіндердің бірдей заңды күші бар.
Қазақстан Республикасының Француз Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін