Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 24.09.2014 № 1011 қаулысымен.
"Бәсекелестік туралы" Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 25 желтоқсандағы Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау агенттігінің (Монополияға қарсы агенттік) мәселелері" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 15 ақпандағы N 141 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2008 ж., N 7, 79-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау агенттігі (Монополияға қарсы агенттік) туралы ережеде:
8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"8. Агенттіктің заңды мекен-жайы:
010000, Астана қаласы, Сол жағалау, "Министрліктер үйі" әкімшілік ғимараты, 4-кіреберіс";
13, 14-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"13. Монополияға қарсы органның міндеттері:
1) адал бәсекелестікті дамытуға жәрдемдесу;
2) Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасын құқықтық бұзушылықтардың алдын алу, анықтау және тергеу, жолын кесу;
3) экономикалық шоғырлануға бақылау;
4) бәсекелестікті шектейтін нарық субъектілерін монополиясыздандыру болып табылады.
14. Агенттік қолданыстағы заңнамаға және оған жүктелген міндеттерге сәйкес мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) мемлекеттік саясатты қалыптастыру жөнінде ұсыныстар әзірлейді, бәсекелестікті қорғау және монополистік қызметті шектеу саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
2) бәсекелестікті қорғау және монополистік қызметті шектеу саласындағы мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдарды салааралық үйлестіруді жүзеге асырады;
3) монополияға қарсы орган құзыретінің мәселелері бойынша халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
4) Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
5) мемлекеттік органдардың бәсекелестікті шектеуге және (немесе) жоюға бағытталған актілерінің, іс-әрекеттерінің (әрекетсіздігінің) жолын кеседі;
6) экономикалық шоғырлануға бақылауды жүзеге асырады;
7) Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы заңнамасында көзделген бұзушылықтарды қоспағанда, тиісті тауар нарығында үстем немесе монополиялық жағдайды теріс пайдаланудың алдын алады және оны жояды;
8) нарық субъектілерінің бәсекелестікке қарсы келісімдерін және келісілген іс-әрекеттерін, жосықсыз бәсекені болдырмайды және олардың жолын кеседі;
9) Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасын жетілдіру жөніндегі шараларды әзірлейді;
10) бәсекелестікті дамыту, монополистік қызметті шектеу және тауар нарықтарының жұмыс істеуі салаларында нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және келіседі;
11) тауар нарығындағы бәсекелес ортаның жай-күйін талдауды және бағалауды жүзеге асырады;
12) тиісті тауар нарығында үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілерінің қызметін талдауды және оның мониторингін жүзеге асырады;
13) Үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілерінің
мемлекеттік тізілімін (бұдан әрі - тізілім) қалыптастыруды және жүргізуді жүзеге асырады;
14) тауарлардың өзара алмастырылу критерийлерін, оларды сатып алуға қолжетімділікті, сондай-ақ тауар нарығының шекараларын қаржылық ұйымдарға қатысты - қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу мен қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік органмен келісім бойынша айқындай отырып, тауар нарығындағы бәсекелес ортаның жай-күйіне талдау және бағалау жүргізу әдістемесін бекітеді;
15) тауарларын реттелетін нарықтарда өткізетін нарық субъектілерін қоспағанда, үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектісі белгілеген монополиялық жоғары (төмен), монопсониялық төмен бағаларды айқындайды;
16) монополиялық жоғары (төмен) және монопсониялық төмен бағаларды айқындау жөніндегі әдістемені бекітеді;
17) нарық субъектілері мен мемлекеттік органдардың Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасын бұзушылық фактілері бойынша Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасында белгіленген тәртіппен тергеу жүргізеді;
18) Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасында көзделген өкілеттігін жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдардан, оның ішінде статистика органдарынан, салық және кеден органдарынан, нарық субъектілерінен, сондай-ақ лауазымды және өзге де жеке және заңды тұлғалардан қажетті ақпаратты, оның ішінде коммерциялық және өзге де заңмен қорғалатын құпия болып табылатын мәліметтерді сұратады және алады;
19) нарық субъектілеріне:
Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасын бұзушылықтарды және олардың салдарларын жою;
бастапқы жағдайды қалпына келтіру;
Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасына қайшы келетін шарттарды бұзу немесе өзгерту;
егер белгілі бір сатушылармен (өнім берушілермен) не сатып алушылармен шарт жасасудан негізсіз бас тарту не жалтару бұзушылық болып табылса, нарықтың өзге субъектісімен шарт жасасу туралы орындалуға міндетті нұсқамалар шығарады;
20) мемлекеттік органдарға өздері қабылдаған актілердің күшін жою немесе оларды өзгерту туралы, бұзушылықтарды тоқтату, сондай-ақ өздері жасаған Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасына қайшы келетін келісімдерді бұзу немесе өзгерту туралы орындалуға міндетті нұсқамалар енгізеді;
21) Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде белгіленген тәртіппен әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарайды және әкімшілік жазаларды қолданады;
22) сотқа талап қойып және өтінішпен жүгінеді, сондай-ақ соттар Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының қолданылуы мен бұзылуына байланысты істерді қараған кезде процестерге қатысады;
23) реттеуші органдармен бірлесіп, Қазақстан Республикасының Үкіметіне тауар нарығын реттелетін нарықтарға жатқызу жөнінде ұсыныстар енгізеді;
24) Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының бұзылуына байланысты қылмыс белгілері бойынша қылмыстық іс қозғау туралы мәселені шешу үшін құқық қорғау органдарына материалдар жібереді;
25) мемлекеттік органдарға Қазақстан Республикасының тауар нарықтарындағы бәсекелестікті қорғауға және дамытуға бағытталған іс-шаралар өткізу жөнінде ұсынымдар береді;
26) жекелеген тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйі және монополистік қызметті шектеу жөнінде қолданылатын шаралар туралы жылдық есепті жыл сайын Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне және Қазақстан Республикасының Үкіметіне 1 маусымнан кешіктірмей жібереді;
27) мемлекеттік кәсіпорындарды, акцияларының (үлестерінің) елу пайыздан астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғаларды және олармен аффилиирленген тұлғаларды құру, мұндай құру Қазақстан Республикасының заңдарында тікелей көзделген жағдайларды қоспағанда, алдын ала келіседі;
28) мемлекеттік органдардың нарық субъектілеріне мемлекеттік көмек беруін келіседі;
29) тауар нарықтарын талдау нәтижелері бойынша реттеуші органдармен бірлесіп, Қазақстан Республикасының Үкіметіне тауар нарығын реттелетін нарықтарға жатқызу жөнінде, оның ішінде мемлекет реттейтін бағалар енгізу орынды өнімдер, тауарлар және көрсетілетін қызметтер номенклатурасы бойынша ұсыныстар енгізеді;
30) тауар нарығын реттелетін нарықтарға жатқызған кезде реттеуші органдарға және осы нарықта үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектісіне тізілімнен үзінді көшірме жібереді;
31) реттеуші органдарға табиғи монополиялар субъектілерінің немесе қызметін реттелетін нарықтарда жүзеге асыратын нарық субъектілерінің Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы заңнамасын бұзуының анықталған белгілері туралы хабарлайды және ақпаратты немесе материалдарды береді;
32) реттеуші органдармен бірлесіп, нарық субъектілерінің Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы заңнамасын бұзуының жолын кесу жөнінде бірлескен іс-шаралар жүргізуге қатыса алады;
33) құқық қорғау органдарына монополияға қарсы құқық бұзушылықтардың анықталған фактілері туралы хабарлайды;
34) құқық қорғау органдарына тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйі туралы талдамалы ақпарат пен мониторинг деректерін ұсынады;
35) құқық қорғау органдарының сауал салуы бойынша өз құзыреті шегінде зерттеулер, сараптамалар жүргізеді және Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының мәселелері бойынша қорытындылар береді;
36) құқық қорғау органдарының, оның аумақтық бөлімшелерінің қаулылары мен сауал салуы бойынша өз қызметкерлерін Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының бұзылуын тергеу жөніндегі іс жүргізу әрекеттері мен іс-шараларына қатысуы үшін сарапшылар ретінде жібереді;
37) тиісті тауар нарықтарының шекараларын айқындайды;
38) мыналардың:
экономикалық шоғырландыруды жүзеге асыру туралы өтінішхаттың;
мемлекеттік кәсіпорындарды, акцияларының (үлестерінің) елу пайызынан астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғаны және олармен аффилиирленген тұлғаларды құру туралы өтінішхаттың;
нарық субъектілері ұсынатын өнімнің монополиялық түрлері бойынша өндіру мен өткізу көлемдері, өткізілетін монополиялық тауарлардың босатылу бағалары мен табыстылық деңгейі туралы тоқсан сайынғы ақпараттың үлгі нысандарын әзірлейді және бекітеді;
39) нұсқаманы (өзінің немесе аумақтық органның) өз бастамасы бойынша не мүдделі тұлғаның өтініші бойынша қайта қарайды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасында белгіленген жағдайда монополияға қарсы органның аумақтық органдары қабылдаған нұсқамаларды тексереді;
40) Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасында белгіленген жағдайда нарық субъектісін мәжбүрлеп бөлу немесе оның құрамынан құрылымдық бөлімшелері базасында бір немесе бірнеше заңды тұлғаларды бөліп шығару туралы талап қойып, сондай-ақ бәсекелестікке қарсы келісімдер мен келісілген іс-әрекеттер жасау салдарынан алған монополиялық табысын алып қоюдан босату туралы өтінішхатпен сотқа жүгінеді;
41) тіркеуші органдарға тиісті тауар нарығында үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілерінің тізілімін және мемлекеттік кәсіпорындардың, акцияларының (үлестерінің) елу пайызынан астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалардың және монополияға қарсы органның келісімі бойынша құрылған, олармен аффилиирленген тұлғалардың тізбесін табыс етеді;
42) Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасында көзделген жағдайларда мәмілелерді (іс-әрекеттерді) жүзеге асыруға, нарық субъектілерін, сондай-ақ жылжымайтын мүлікке және олармен жасалған мәмілелерге құқықтарды мемлекеттік тіркеуге, қайта тіркеуге алдын ала жазбаша келісімін ұсынады;
43) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де функциялар.";
мынадай мазмұндағы 16-1, 16-2-тармақтармен толықтырылсын:
"16-1. Монополияға қарсы органның басшысы болып табылатын төраға басқаратын Басқарма монополияға қарсы органның алқалы басқару органы болып табылады.
Басқарма бес адамнан тұрады.
Басқарманың құрамына монополияға қарсы органның басшысы, оның орынбасарлары және Қазақстан Республикасының Үкіметінен екі өкіл кіреді.
Қазақстан Республикасының Үкіметінен Басқарма мүшелерін Қазақстан Республикасының Үкіметі тағайындайды және босатады.
16-2. Монополияға қарсы орган басқармасының өкілеттіктері Монополияға қарсы орган басқармасының құзыретіне:
1) бәсекелестік саясатын қалыптастыру және дамыту саласындағы басымдықтарды айқындау;
2) монополияға қарсы органның құзыретіне жатқызылған әдістемелерді бекіту;
3) экономикалық шоғырлануға келісім беру немесе тыйым салу туралы, осы шешімдерді қайта қарау немесе күшін жою туралы шешімдер қабылдау;
4) жекелеген тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйі және монополистік қызметті шектеу жөнінде қабылданатын шаралар туралы жыл сайынғы жылдық есепті мақұлдау;
5) нарық субъектісін мәжбүрлеп бөлу немесе оның құрамынан құрылымдық бөлімшелер базасында бір немесе бірнеше заңды тұлғаларды бөліп шығару туралы талап қойып сотқа жүгіну туралы шешім қабылдау;
6) бұзушылықтар туралы мәліметтерді алдын ала қарау нәтижелері туралы қорытындыға жасалған шағымдарды қарау;
7) тергеу мерзімін ұзарту туралы шешім қабылдау;
8) монополияға қарсы орган Басқармасының жұмыс регламентін бекіту;
9) монополияға қарсы органның құзыретіне кіретін мәселелер бойынша шешімдерді қарау және қабылдау мәселелері кіреді.
Монополияға қарсы орган Басқармасының отырыстары қажет болуына қарай, бірақ айына кемінде бір рет оның мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі болған кезде өткізіледі. Монополияға қарсы орган басқармасының отырыстарын - Басқарма төрағасы, ал ол болмаған жағдайда, оны алмастыратын адам жүргізеді.
Монополияға қарсы орган қызметінің мәселелерін талқылау үшін Басқарманың кезектен тыс отырысын өткізуді Басқарманың төрағасы не Басқарма мүшелері жалпы санының кемінде үштен бірі талап етуге құқылы.
Басқарма шешімдері Басқарма мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі дауыс беруге қатысқан жағдайда Басқарма мүшелерінің жай көпшілік дауысымен қабылданады. Дауыстар тең болған кезде Басқарма төрағасының дауысы шешуші болып табылады.
Шешім Басқарма төрағасы болмаған кезде қабылданған жағдайда ол бір апта мерзімнен кешіктірілмей Басқарма шешімін өзінің қарсылықтарымен қоса қайта талқылау және дауыс беру үшін қайтаруға құқылы. Басқарма төрағасының қарсылықтары Басқарма мүшелері жалпы санының үштен екісінің дауысымен еңсерілуі мүмкін.
Басқарма өзінің құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша қаулы қабылдайды.
Басқарманың отырысында хаттама жүргізіледі. Төраға Басқарма хатшысының функциясын Басқарманың кез келген мүшесіне немесе монополияға қарсы органның қызметкеріне жүктей алады.
Басқарманың отырысында қарауға арналған құжаттар Басқарма отырысы басталғанға дейін күнтізбелік он күннен кешіктірілмей енгізіледі. Басқарма төрағасы материалдарды алдын ала қараудың өзге де мерзімдерін белгілеуге құқылы.";
көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау агенттігінің (Монополияға қарсы агенттік) аумақтық бөлімшелері - мемлекеттік мекемелерінің тізбесінде:
реттік нөмірі 3-жолдағы "Талдықорған" деген сөз "Алматы" деген сөзбен ауыстырылсын;
реттік нөмірі 4-жолдағы "Ақтау" деген сөз "Атырау" деген сөзбен ауыстырылсын;
реттік нөмірі 7-жолдағы "Семей" деген сөз "Өскемен" деген сөзбен ауыстырылсын.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов