Қазақстан Республикасының Үкіметі Қ АУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Испания Корольдігінің Үкіметі арасындағы 2009 - 2011 жылдар кезеңіне арналған білім, ғылым және мәдениет, жастар және спорт саласындағы ынтымақтастық бағдарламасының жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Жансейіт Қансейітұлы Түймебаевқа Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Испания Корольдігінің Үкіметі арасындағы 2009 - 2011 жылдар кезеңіне арналған білім, ғылым және мәдениет, жастар және спорт саласындағы ынтымақтастық бағдарламасына қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2009 жылғы 1 шілдедегі
N 1017 қаулысымен
мақұлданған
жоба
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Испания Корольдігінің
Үкіметі арасындағы 2009 - 2011 жылдар кезеңіне арналған білім,
ғылым, мәдениет, жастар және спорт саласындағы ынтымақтастық
БАҒДАРЛАМАСЫ
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Испания Корольдігінің Үкіметі
екі ел арасындағы бұрыннан қалыптасқан достық байланыстар мен ынтымақтастықты дамыту мақсатында және 1997 жылғы 27 қазанда Алматы қаласында жасалған Қазақстан Республикасы мен Испания Корольдігі арасындағы Мәдениет, білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің ережелеріне сәйкес
2009 жылғы 11 наурызда Астана қаласында Қазақстан-испан білім, ғылым, мәдениет, жастар және спорт саласындағы ынтымақтастық жөніндегі бірлескен комиссиясының 2-ші отырысын өткізді.
Кездесу барысында Тараптар мынадай 2009 - 2011 жылдарға арналған бағдарламаны келісті:
I. БІЛІМ БЕРУ
I.1 Білім беру саласындағы ынтымақтастық
Екі Тарап әлеуметтік және экономикалық даму негіздерінің бірі ретінде білім берудің маңыздылығын таныды.
Тараптар өзара түсіністікті ілгерлету мен білім беру жүйелерін нығайту мақсатында өзара мүдделілік білдіретін жобалардағы ынтымақтастықты дамытуға жәрдемдеседі.
I.2 Тілдер мен мәдениеттерді тарату
Тараптар ұлттық заңнамаларына сәйкес өз елдерінің тілдері мен мәдениеттерінің таралуына жәрдемдесетін болады.
Испан Тарапы Испания тілі мен мәдениетінің таралуына, сондай-ақ екі ел арасындағы білім беру және мәдени байланыстардың нығаюына жәрдемдесуге мүдделілігін білдіреді. Білім министрлігі испан тілін оқытуға бағытталған оқу бағдарламаларын әзірлеуде өз ықтымақтастығын ұсынады.
I.3 Оқытушы құрамды даярлау
Тараптар сапалы оқытуды қамтамасыз ету мақсатында тіл оқытушылары үшін үздіксіз оқытудың маңыздылығын бағалайды.
I.4 Екі жақты кездесулер
Тараптар мемлекеттерінің барлық деңгейдегі білім беру ұйымдары мен зерттеу орталықтары арасындағы ынтымақтастықты дамытуға Тараптар ықпал етеді.
I.5 Білім беру жүйелері бойынша тәжірибе мен ақпарат алмасу
Тараптар мектептің білім беру жүйелерімен, оқыту бағдарламаларымен және әдістерімен өзара танысу үшін ақпарат алмасады.
I.6 Сарапшылармен алмасу
Тараптар осы Бағдарламаны қолдану ішінде екі елдің білім беру жүйелерімен танысу, тәжірибе алмасу және өзара мүдделілік танытатын білім беру зерттеулерінің салаларын анықтау үшін байланыстар орнату мақсатында білім беруді әкімшілендіруде жыл сайын кемінде екі оқытушымен және/немесе сарапшымен алмасады. Сапар ұзақтығы 15 күннен аспауы тиіс.
I.7 Біліктілікті тану
Тараптар мемлекеттерінде біліктіліктерді және берілген білім туралы құжаттарды өзара тану проблемасымен бірлесіп жұмыс істеуге Тараптар міндеттенеді.
I.8 Жоғары оқу орындары саласындағы ынтымақтастық
Тараптар екі елдің экономикалық, технологиялық және білім беруді дамытуға арналған жоғары білікті адами ресурстардың жетекші рөлін белгілей отырып, жоғары оқу орнынан кейінгі білімді кеңейтуге және нығайтуға ықпал ететін болады.
Тараптар екі жақты байланыстар орнату мен келісімдерге қол қою арқылы жоғары білім беру, оны бағалау мен жоғары оқу орындарын аккредиттеу саласындағы ынтымақтастық пен тәжірибе алмасуды дамытуға қолдау көрсететін болады.
I.9. Испанияның стипендиялары
I.9.1 Испания Корольдігі Сыртқы істер және ынтымақтастық министрлігінің стипендиялары
Испания Корольдігі Сыртқы істер және ынтымақтастық министрлігі Испания Халықаралық ынтымақтастықты дамыту агенттігінің қолдауымен шетелдік азаматтарға Испанияда оқуы үшін және испандық азаматтарға шетелде оқуы үшін стипендиялар ұсынады. "МАЕС-АЕСID" стипендиялары жыл сайын, бір жақты және ашық ұсынылады, көбінесе 35 жасқа толмаған адамдарға ұсынылатын оқыту бағдарламаларына байланысты түрлі бағыттар бойынша бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша стипендияларды қамтиды.
Шетелдік азаматтарға арналған стипендиялық бағдарлама ең бастысы испандық университеттерде және басқа да орталықтарда испан тілі мен мәдениетін оқу үшін немесе Испанияда зерттеу жобаларын жүрізуге мүдделі басқа да шетелдік тілтанушыларға арналған жазғы және қысқа мерзімді (1-3 ай) курстарға бөлінеді. Сондай-ақ Испанияның жоғары оқу орындарындағы және басқа да жоғары білім беру орталықтарындағы докторантураны қоса алғанда, жоғары білімнен кейінгі білімді аяқтауға (келесі жылға жаңартылатын бір жылға дейінгі мерзімге, ерекше жағдайларда тек докторлық бағдарламалар үшін үшінші оқу жылына) және докторантурадан кейінгі білімге (мысалы, ғылыми зерттеулер) арналған толық академиялық жылға немесе одан да көп мерзімге де стипендиялар ұсынылады.
Жазғы курстарда және келесі жылғы академиялық курста оқуға арналған МАЕС-АЕСID стипендиясын тағайындауға конкурсқа қатысу үшін құжаттарды қабылдаудың басталғандығы туралы хабарландыру әр жылдың соңғы тоқсанында шығады.
2009 жылғы жазғы кезеңге және 2009 - 2010 академиялық жылға арналған стипендиялар туралы хабарландыру 2008 жылғы 13 желтоқсанда Ресми испан газетінде жарияланды.
Испан Тарапы Қазақстан Тарапына Қазақстанның қызығушылық білдірген кандидаттары мен ұйымдарына құжаттарды қабылдаудың басталғандығы туралы ақпаратты тарату үшін осы хабарландырудың көшірмесін береді.
Қазақстандық азаматтарға стипендия тағайындалған жағдайда испан Тарапы ол туралы Қазақстан Тарапына дипломатиялық арналар арқылы хабарлайды.
Стипендиялар туралы ақпаратты, сол сияқты www . аесіd.еs/ сайтынан алуға болады.
I.9.2 Испания Корольдігі Ғылым және инновациялар министрлігінің стипендиялары
Испан Тарапы "Испанияның қоғамдық университеттері мен зерттеу орталықтарындағы профессорлар мен зерттеушілердің ұтқырлығына арналған кіші бағдарламалардың" бар екендігі туралы хабарлайды. Бұл бағдарлама тиісті тәжірибесі бар оқытушылар мен зерттеушілердің 3-тен 12 айға дейінгі мерзімге шығармашылық демалыспен Испанияда болуын көздейді. Ол, сондай-ақ қызметтік өсуін бастап жатқан жас шетел ғалымдары мен инженерлеріне үздіксіз 9-дан 18 айға дейінгі мерзімде Испанияда болуына мүмкіндік береді.
Кәсіби кадрларды даярлаудың ұлттық бағдарламасының шеңберінде Испанияда тұратын, университетте оқуын аяқтаған және оқытумен немесе зерттеумен кәсіби айналысқысы келетін қазақстандық студенттер жоғары оқу орнынан кейінгі оқу бағдарламалары бойынша стипендияны ізденуге арналған конкурсқа қатыса алады.
Нақты ақпарат www.mісіnn.еs сайтында орналасқан немесе үміткерлерге Астана қаласындағы Испания Корольдігі Елшілігінің сұранысы бойынша жолдануы мүмкін.
I.9.3 Саsа Аsіа гранттары
Саsа Аsіа гранттық бағдарламаның бөлігі бола отырып, қазақстандық Тарапқа RUҮ dе Сlаvіjо және Аntоnі dе Моntsеrrаt стипендияларына арналған құжаттарды ұсынуға мүмкіндік береді. Нақты ақпарат www.саsааsіа.еs сайтында баяндалған.
I.10 Дәріскерлік
Испанияның Халықаралық ынтымақтастықты дамыту агенттігі демеушілік жасайтын МАЕС-АЕСID-тің испан тілі мен мәдениеті жөніндегі дәріскерлік бағдарламасы академиялық ынтымақтастық саясатына сәйкес келеді және мақсаты академиялық және институционалдық дамуға үлес қосу мен испан тілін оқуды жақсарту, орта және ұзақ мерзімді тұрақтылықты қамтамасыз ету болып табылатын Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қоюмен белгіленеді. Меморандумның қолданылу мерзімі 3-тен 9 жылға дейін. АЕСID Елшілік немесе Университет арқылы жазбаша нысанда қабылданған міндеттемелерді болдырмауға құқылы.
Испан Тарапы мүдделі университеттер мен Испанияның Халықаралық даму және ынтымақтастық агенттігі арасында жасалған және Испания Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Елшісі мен мүдделі қазақстандық университет басшылығы қол қойған Өзара түсіністік туралы меморандум негізінде Қазақстан Республикасының университеттерінде Испан тілі кафедраларын дамытуға жәрдем көрсету мүмкіндігі туралы хабарлайды.
Испан Тарапы Испания Корольдігінің Мәдени және ғылыми байланыстар жөніндегі бас директораты қаржыландыратын МАЕС-АЕСID дәрістерін Қазақстанның мынадай университеттерінде жүргізуге дайын екендігі туралы хабарлайды:
- Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті, Алматы қаласы;
- Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Астана қаласы;
- М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, Шымкент қаласы.
II. ҒЫЛЫМ
Тараптар елдің әлеуметтік және экономикалық дамуы тетігінің бірі ретінде ғылымның маңыздылығын таниды.
Испания ұлттық зерттеу кеңесі өзара қызығушылық танытатын салаларда бірлескен ғылыми және технологиялық бағдарламаларды дамытуға мүдделі.
III. МӘДЕНИЕТ
III. 1 Кино
Испан Тарапы Испания Корольдігінің Мәдени және ғылыми қатынастар жөніндегі бас директораты дипломатиялық арналар арқылы қазақстандық Тарапқа МАЕС-АЕСID-тен коммерциялық емес көрсетілім үшін испан тіліндегі фильмдерді ұсынатындығы туралы хабарлайды.
III.2 Музыка, театр және би
Тараптар Бағдарламаның қолданылу мерзімі ішінде Тараптар мемлекеттерінің музыкадағы, бидегі және театрдағы танымдарын тереңдету үшін музыка, театр және би саласындағы мамандардың сапарларына ықпал ететін болады.
Ынтымақтастық шарттарын құзыретті органдар анықтайды және дипломатиялық арналар арқылы егжей-тегжейлі айтылады.
III.3 Кітаптар мен кітапханалар
Тараптар мәдени ұйымдар арасында кітапхана ісі саласындағы ынтымақтастықты орнатуға ықпал етеді.
III.4 Мұрағаттар
Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес мемлекеттік мұрағаттарда сақталатын құжаттар көшірмелерімен алмасу саласындағы мәдениет пен білім беру ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты орнатуға Тараптар ықпал етеді.
Тараптар мұрағаттар жүргізу саласындағы ақпаратпен, оның ішінде құжат қорын сақтау, баяндау және тарату әдістемесімен алмасуға жәрдемдеседі.
Испан Тарапы Қазақстан Тарапына қазіргі заманғы құжат қорын басқару мен жаңа мұрағат технологияларын қолдану саласында өз тәжірибесін ұсынады.
III.5 Көрмелер мен бейнелеу өнері
Тараптар екі жақты уағдаластықтардың негізінде мәдени ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты орнатуға ықпал етеді.
Испанияның Сыртқы істер және ынтымақтастық министрлігінің Мәдени және ғылыми қатынастар жөніндегі бас қосалқы директораты қазақстандық Тараппен бейнелеу өнері саласындағы ынтымақтастықты дамытуға жәрдемдеседі.
Испанияның Мәдениет министрлігі жанындағы Бейнелеу өнері жөніндегі бас директораты испандық бейнелеу өнерін танымал ету шеңберінде өз көрмелерін ұсынады. Егер Қазақстан Тарапы осы көрмелердің біріне қызығушылық танытқан жағдайда, көрмені өткізу шарттары уақытша келісімде айтылатын болуы тиіс.
Испан Тарапы Қазақстан Тарапын МАЕС-АЕCID Бейнелеу өнері жөніндегі бас директораты Шетелде мәдени іс-шаралар өткізу жөніндегі мемлекеттік қормен (SEАСЕХ) ынтымақтастықта іске асыратын Шетелдегі испан өнері бағдарламасының бар екендігі туралы хабардар етеді.
III.6 Мұражайлар
Тараптар мұражайтанудың кәсіптік қауымдастықтары арасында мұражайды әкімшілендіру саласындағы ақпаратпен, сондай-ақ жаңа технологияларды қолдану жөніндегі ақпаратпен алмасатын болады.
III.7 Тарихи мұра
Тараптар мәдени мұра саласындағы, сондай-ақ мәдени мұраны сақтаумен және қалпына келтірумен айналысатын ұйымдар арасында тәжірибе және ақпарат алмасу арқылы екі жақты ынтымақтастық орнатуға ықпал етеді.
Тараптар мәдени мұра саласындағы гранттар мен көмек туралы ақпарат алмасуды жүзеге асырады.
III.8 Зияткерлік меншік пен авторлық құқық
Тараптар өздерінің тиісті органдары арқылы өзара ақпарат алмасу жолымен зияткерлік меншік құқықтарын қорғау саласында, әсіресе, жаңа технологиялар (мультимедиа, цифрлық алмасу), авторлық құқық пен басқа да зияткерлік меншік құқықтарын және ұжымдық басқару жүйелерін қорғауды нығайту саласында ынтымақтасады.
III.9 Қазақстандағы Испания Елшілігінің мәдени бағдарламасы
МАЕС-АЕСID жанындағы Мәдени және ғылыми қатынастар жөніндегі бас директорат қазақстандық Тараппен өзара алмасуды және ынтымақтастықты жақсартатын жаңа жобаларды зерделеуге, сондай-ақ осы Бағдарламаның қолданылуы ішінде іс-шаралардың жоспарлануын қолдауға міндетті.
Испания Елшілігінің Астанадағы 2009 жылға арналған мәдени бағдарламасы I Қосымшада аталған іс-шараларды қамтиды.
IV. Сервантес институты және Саsа Аsіа
IV. 1 Сервантес институты
DЕLЕ дипломдарын беруді реттейтін 22 ақпандағы 264/2008 Корольдік Жарлықпен өзгертілген 31 қазандағы 1137/2002 Корольдік Жарлықтың ережелеріне сәйкес Сервантес Институты осы дипломдарды академиялық, әкімшілік және қаржылық реттеуге, сондай-ақ дайындауға жауапты қоғамдық орган болып табылады. DЕLЕ емтихандарын тапсыру туралы дипломдарды Испания Корольдігінің Білім министрі мен Сервантес институтының директоры беруі мүмкін. Сервантес институты Қазақстанда DЕLЕ емтихандарының таралуына жауапты.
Испан Тарапы Қазақстан Тарапын дипломдардың атаулары туралы хабарландырады: А1 деңгейін меңгергені үшін диплом, В1 деңгейін меңгергені үшін диплом, В2 деңгейін меңгергені үшін диплом және С2 деңгейін меңгергені үшін диплом. Тілдерді оқытудың қарапайым Еуропалық шеңберіне сәйкес 2001 жылы Еуропалық Кеңес анықтаған оқуды, оқытуды бағалау тіл білудің 6 деңгейін білдіреді: А1, А2, В1, В2, С1 және С2, олар DЕLЕ емтиханына сәйкес білім сапасын бағалайтын болады.
Сервантес институты DЕLЕ емтихандарын өткізу үшін қазақстандық Тараптың білім беру ұйымдарымен және өзге де мүдделі ұйымдарымен екі жақты шарттар жасауға дайын.
Казақстан Тарапы қазақстандық жоғары оқу орындарының Сервантес институтымен ынтымақтастығын дамытуға жәрдемдеседі.
Казақстан Тарапы білім беру және мәдениет ұйымдарын интернетте испан тілін оқыту жөніндегі курстар ұсынылатын "Виртуалды испандық аудиторияның (А.V.Е.)" (www.аvе.сеrvаntеs.еs ), сондай-ақ испанистерге, испан тілінің оқытушыларына, студенттерге, аудармашыларға, журналистерге және испан тілі мен испан мәдениетіне барлық қызығушылық танытушыларға материалдар және қызметтер ұсынатын "Сервантестің Виртуалды Орталығының" ( www.сvс.сеrvаntеs.еs ) бар екендігі туралы хабардар етеді. Осы web-сайттарға (www.сеrvаntеs.еs ) - web-сайты арқылы шығуға болады.
Испан Тарапы Сервантес институтында оқу орталықтарында испан тілін сапалы оқытуды қамтамасыз ету үшін құрылған аккредиттеу жүйесінің бар екендігін хабарлайды. Осы жүйенің ережелеріне сәйкес Сервантес институты мектепке "Сервантес институтының әріптес орталығы" (Іnstіtіtо Сеrvаntеs Аssосіаtе сеntеr) титулын беріп және осы титулды алған қазақстандық мектептерді әдіснамалық ұсынымдармен қамтамасыз ете алады. Испан Тарапы Қазақстан Тарапынан қазақстандық институттардың, университеттердің және мектептердің беделді "Сервантес институтының әріптес орталығы" (Іnstіtutо Sеrvаntеs Аssосіаtе сеntеr) атағын алуына мүмкіндік беретін көрсетілген аккредиттеу жүйесін таратуға жәрдемдесуді сұрайды.
IV.2 Саsа Аsіа
Саsа Аsіа - бұл Испанияның Сыртқы істер министрлігі, Каталония Генералитеті (автономдық қоғам Үкіметі) мен Барселона қаласының Консулдығы арасындағы келісімнің нәтижесінде пайда болған қоғамдық консорциум.
Саsа Аsіа-ның мақсаты - экономика, мәдениет және білім беру салаларындағы қарым-қатынастарды жақсарту үшін Азия, Тынық мұхиты өңірі елдері мен Испания арасында білімді тереңдетуге ықпал ететін іс-шаралар мен жобаларды жүзеге асыру.
Саsа Аsіа жобаларының бірі 2007 жылдың соңында Орталық Азия Обсерваториясын (ОАО) құру болып табылады. Жобаға Халықаралық қатынастар мен дамуды зерттеу жөніндегі орталық пен Елкано Корольдік институты (Rоуаl Еlсаnо Іnstіtutе) қатысады. ОАО екі мақсатты көздейді: араларында өңірлік көшбасшы ретінде Қазақстан маңызды рөл атқаратын Орталық Азия елдері мен Испания арасындағы байланыстарды нығайту; сондай-ақ Қазақстанның экономикалық, әлеуметтік, білім беру және мәдени аспектілерін қоса алғанда, Испанияда Орталық Азия туралы білім тарату мен қамтамасыз ету.
Бұл үшін ОАО түрлі құралдарды пайдаланады: Орталық Азия туралы жалпы ақпараттық сайт ( www.аsiacentral.еs ) және ағымдағы оқиғалар жөніндегі мақалаларды қоса алғанда, екі айда бір рет жарық көретін журналдың тегін бюллетені. Сонымен қатар мақсаты іс-қимыл бағдарламаларын салыстыру және басым бағыттарды анықтау болып табылатын Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы (2010) мен Испанияның ЕО-ға төрағалығының (2010 жылдың бірінші жарты жылдығы) тұспа-тұс келуіне арналған арнайы басым бағдарлама бар. 2009 жылдан бастап ОАО журнал бюллетенінің мазмұнында Саsа Аsіа-ның барлық салаларындағы (саясат және қоғам, экономика, мәдениет және білім беру) тұрақты іс-шаралар бағдарламасының шеңберінде Орталық Азия туралы материалдардың артуына ықпал ететін болады.
V. ЖАСТАР ЖӘНЕ СПОРТ
V.1 Жастармен алмасу
Тараптар мемлекеттерінің жастар ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты Тараптар ақпарат пен құжаттама алмасу арқылы дамытады.
Бағдарламаның осы тармағын үйлестіруге және орындауға уәкілетті органдар: Қазақстан Тарапынан - Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, испан Тарапынан - Жастар институты (INJUVЕ).
V.2 Спорт саласындағы алмасу
Тараптар екі елдің тиісті ұйымдары мен институттары арасындағы спорт пен дене тәрбиесінің түрлі салаларында ынтымақтастық пен алмасудың дамуына ықпал етеді.
VI. ЖАЛПЫ ЖӘНЕ ҚАРЖЫЛЫҚ ЕРЕЖЕЛЕР
VI.1 Жалпы ережелер
Осы Бағдарламамен қамтылған барлық қызмет түрлері Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес жүзеге асырылуы және қаржыландырылуы тиіс.
Осы Бағдарламада көзделмеген іс-шараларды өткізу қажеттігі туындаған жағдайда Тараптар бір-бірімен дипломатиялық арналар арқылы келіседі.
VI.1.1 Көрмелермен алмасу
Көрмелермен алмасу шарттары әрбір жекелеген жағдайда Тараптардың тиісті ұйымдары арасында жасалатын келісімдерде айтылады.
VI.1.2 Сарапшылармен алмасу
Бағдарламада көзделген білім және ғылым саласындағы қызметкерлермен өзара алмасу мынадай шарттарда жүзеге асырылады:
1. Жіберуші Тарап алмасуға қатысушыны жіберудің болжамды күніне дейін үш ай бұрын қабылдаушы Тарапты дипломатиялық арналар арқылы төмендегілер туралы хабардар етеді:
алмасуға қатысуға кандидаттардың жалпы сауалнамалық деректері, паспорт нөмірі, сапар мақсаты, жұмыс тілі көрсетілген түйіндеме;
сапар күні мен мерзімі;
жұмыс немесе сапар бағдарламасы, жіберуші ұйымның атауы, ықтимал конференциялардың тақырыптары, тұсаукесер бағдарламасын және басқа да қажетті деректерді көрсету.
2. Қабылдаушы Тарап келесі 2 ай ішінде жіберуші Тарапқа құжаттарды алу және алмасуға қатысушыларды қабылдауға қатысты өзінің шешімі туралы хабарлайды.
3. Жіберуші Тарап шығу күніне дейінгі үш аптадан кешіктірмей қабылдаушы Тарапты алмасуға қатысушылардың келу күні туралы хабардар етеді.
4. Сапар аяқталғаннан кейінгі бір ай ішінде алмасуға қатысушы жіберуші Тарап мемлекетінің құзыретті органдарына орындалған зерттеу туралы есепті ұсынуға тиіс.
VІ.2 Бағдарламаның 1.6-тармағында көзделген алмасуларды іске асырудың қаржылық ережелері
VI.2.1. Қазақстан Тарапы қолданыстағы ұлттық заңнама шеңберінде бюджеттен тыс көздердің қаржы қаражаттары есебінен:
қазақстандық алмасуға қатысушылардың халықаралық көлік шығыстарын;
испандық алмасуға қатысушылардың ішкі көлік шығыстарын;
испан Тарапының алмасуға қатысушыларының тәуліктік шығыстары мен тұру шығыстарын;
испандық алмасуға қатысушыларға медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді.
VI.2.2. Испан Тарапы қолданыстағы ұлттық заңнама шеңберінде:
испандық алмасуға қатысушылардың халықаралық көлік шығыстарын;
Тараптар арасында жасалған жобаны іске асыру үшін қажетті қазақстандық алмасуға қатысушылар үшін екі аптаға дейінгі мерзімде болу кезеңіне тұруды және көлікті қоса алғанда, бір адамға арналған барлық шығыстарға күніне 90 еуро мөлшерінде сома ұсынады;
қазақстандық алмасуға қатысушыларға медициналық қызмет көрсету созылмалы ауруларды емдеуді, стоматологиялық және фармацевтикалық қызмет көрсетуді қоспағанда, тосын аурулар мен бақытсыз жағдайларда жүргізіледі.
VII. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Бағдарламаға өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
Осы Бағдарламаны қолдануға немесе түсіндіруге байланысты даулы мәселелер екі Тарап арасында консультациялар мен келіссөздер жүргізу жолымен шешіледі.
2009 жылғы "___" _________ ______________қаласында екі данада,
әрқайсысы қазақ, испан және ағылшын тілдерінде жасалды.
ҚАЗАҚСТАН ИСПАНИЯ
РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҮКІМЕТІ КОРОЛЬДІГІНІҢ ҮКІМЕТІ
ҮШІН ҮШІН
I қосымша
Испания Елшілігінің Астанадағы Мәдени бағдарламасы
Испания Елшілігі 2009 жылы мынадай мәдени бағдарламаны өткізуді жоспарлап отыр:
- Қазақстанда Еуропалық Одақ ұйымдастыратын кинофестивальдарды ұйымдастыруда ынтымақтасу, сондай-ақ 2009 жылы Қазақстанда испан киноөнерін тарату мақсатында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде "Испан киносының апталығын" өткізу.
- Испан актерлерінің қатысуымен пантомималар театры спектаклін ұйымдастыруда ынтымақтасу және Қазақстанда испан музыкасы мен театрын танымал ету мақсатында испан музыкасының концертін өткізу.