Қазақстан Республикасының Үкіметі Қ АУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердің оқу орындарында қылмыстық атқару жүйесі мекемелері мен органдары үшін кадрлар даярлау туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Әділет министрі Рашид Төлеутайұлы Түсіпбековке қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердің оқу орындарында қылмыстық атқару жүйесі мекемелері мен органдары үшін кадрлар даярлау туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2009 жылғы 17 шілдедегі
N 1086 қаулысымен
мақұлданған
Жоба
Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердің оқу
орындарында қылмыстық атқару жүйесі мекемелері мен
органдары үшін кадрлар даярлау туралы келісім
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа қатысушы мемлекеттердің үкіметтері
қылмыстық атқару жүйесі мекемелері мен органдары үшін кадрлар даярлаудың жоғары деңгейін қамтамасыз ету қажеттігін ескере отырып,
осы салада өзара іс-қимыл жасаудың тиімді тетіктерін құруға ұмтыла отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісімнің мақсаты үшін мынадай терминдер қолданылады:
кадрлар даярлау - жоғары және қосымша кәсіптік білім беру бағдарламалары бойынша мамандар даярлау;
оқу орны - Тараптардың қылмыстық атқару жүйесі мекемелері мен органдары үшін кадрлар даярлау жүзеге асырылатын жоғары және қосымша кәсіптік білім беретін білім беру мекемесі;
жіберуші Тарап - өзінің қылмыстық атқару жүйесі мекемелері мен органдарының қызметкерлерін басқа Тараптардың оқу орындарына даярлау үшін жіберетін Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа (бұдан әрі - ЕурАзЭҚ) мүше мемлекет;
қабылдаушы Тарап - басқа Тараптардың қылмыстық атқару жүйесі мекемелері мен органдарының қызметкерлерін өзінің оқу орындарына даярлау үшін қабылдайтын ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекет.
2-бап
Тараптар мамандар даярлаудағы ынтымақтастықты ұлттық заңнама мен өздері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарды сақтаған кезде осы Келісімге сәйкес өздерінің құзыретті органдары арқылы жүзеге асырады.
Құзыретті органдардың тізбесін әрбір Тарап айқындайды және осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы хабарламаны тапсыру кезінде депозитарийге береді.
Құзыретті органдардың тізбесіндегі өзгерістер туралы Тараптардың әрқайсысы бір ай ішінде депозитарийге жазбаша түрде хабарлайды.
3-бап
Кадрлар даярлау келісім-шарттар негізінде жүзеге асырылады.
Жасалатын келісім-шарттарға сәйкес кадрлар даярлау қабылдаушы Тараптың құпиялылық режимін, таратылуы шектеулі қызметтік ақпаратының және құпия ақпаратының сақталуын қамтамасыз етуге байланысты шектеулерді ұстана отырып, қабылдаушы Тараптың оқу орындарының оқу жоспарлары мен бағдарламалары бойынша жүзеге асырылады.
Қабылдаушы Тарап оқу үдерісін қабылдаушы Тараптың курсанттарымен/тыңдаушыларымен бірлесіп немесе бөлек (арнайы факультеттер мен курстарда не оқу орындарының топтарында) орыс тілінде ұйымдастырады.
4-бап
Кадрлар даярлау қабылдаушы Тарап бюджетінің қаражаты есебінен жыл сайын белгіленетін квота негізінде немесе жіберуші Тарап оқуға жұмсалған шығындарды толық өтеген кезде шарттық негізде жүзеге асырылады.
Жіберуші Тараптың курсанттарының/тыңдаушыларының тұруы қабылдаушы Тарап белгілеген шарттарда және тәртіппен ұйымдастырылады.
Кадрлар даярлауға байланысты қамтамасыз етудің қаржылық және басқа да түрлері келісім-шарттарда айқындалады, бұл ретте жіберуші Тараптың курсантының/тыңдаушысының ақшалай үлесі (стипендиясы) қабылдаушы Тараптың курсантының/тыңдаушысының ақшалай үлесінен (стипендиясынан) кем болмауға тиіс.
5-бап
Жіберуші Тарап оқуға арналған өтінімдерді қабылдаушы Тарапқа оқу жыл сайын 15 қаңтарға дейін береді.
Қабылдаушы Тарап жыл сайын 15 мамырға дейін жіберуші Тарапты білім беру мекемелерін және әрбір мамандық бойынша берілетін орын санын көрсете отырып, қабылдаушы Тарап бюджетінің қаражаты есебінен немесе оқуға жұмсалған шығындар толық өтелетін шарттық негізде оқуға арналған квоталар туралы хабардар етеді.
Қабылдаушы Тарап қажеттілігіне қарай оқуға кандидаттарды іріктеу бойынша ұсынымдарды (талаптарды) нақтылайды.
6-бап
Оқуға кандидаттарды іріктеуді, оларды медициналық куәландыруды және оқуға түсу сынақтарын қабылдаушы Тараптың оқу орындарына қабылдау шарттары мен ұсынымдарын ескере отырып, жіберуші Тарап жүргізеді.
Қабылдаушы және жіберуші Тараптардың уағдаластығы бойынша оқуға жіберілетін кандидаттар үшін қабылдаушы Тараптың оқу орындарында орыс тілін және жалпы білім беру пәндерін зерделеу бойынша дайындық курстары ұйымдастырылады.
7-бап
Білімі, ғылыми дәрежесі мен атақтары туралы құжаттарды тану тәртібі Тараптардың нормативтік құқықтық актілерімен және олар қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттармен айқындалады.
Осы Келісімде көзделмеген қылмыстық атқару жүйесінің мекемелері мен органдарының кадрларын даярлау ерекшеліктеріне байланысты мәселелер келісім-шарттарда айтылады.
8-бап
Осы Келісімнің ережелері Тараптар қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын олардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
9-бап
Осы Келісім оған қол қойған Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы үшінші жазбаша хабарламаны депозитарий алған күнінен бастап күшіне енеді.
10-бап
Егер Тараптар өзге туралы уағдаласпаса, осы Келісімге Тараптардың келісімі бойынша жеке хаттамамен ресімделетін, осы Келісімнің 9-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
11-бап
Осы Келісімнің ережелерін қолдануға немесе түсіндіруге байланысты Тараптар арасындағы даулы мәселелер мүдделі Тараптардың арасындағы консультациялар мен келіссөздер жолымен шешіледі.
12-бап
Осы Келісім оның мақсаттары мен қағидаттарын бөлісетін және осы Келісімнен туындайтын міндеттемелерді өзіне қабылдауға дайын ЕурАзЭҚ-қа басқа да мүше мемлекеттердің қосылуы үшін ашық және олар үшін депозитарий қосылу туралы хабарлама алған күнінен бастап күшіне енеді деп саналады.
Тараптардың әрқайсысы одан шығатын болжамды күнге дейін кемінде алты ай бұрын депозитарийге бұл туралы жазбаша хабарлама жіберіп, осы Келісімнен шыға алады. Тиісті Тарап шығу сәтінде оның осы Келісімге қатысқан уақытында туындаған барлық материалдық, қаржылық және өзге де міндеттемелерді орындайды.
2009 жылғы "___" _________________ қаласында орыс тілінде бір
түпнұсқа данада жасалды. Түпнұсқа данасы ЕурАзЭҚ-тың Интеграциялық комитетінде сақталады, ол осы Келісімнің әрбір Тарапына оның куәландырылған көшірмесін жібереді.
Беларусь Республикасының Үкіметі үшін
Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін
Қырғыз Республикасының Үкіметі үшін
Ресей Федерациясының Үкіметі үшін
Тәжікстан Республикасының Үкіметі үшін