Ескерту. Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламентінен кері қайтарып алынды - ҚР Үкіметінің 2010.04.23 № 341 Қаулысымен.
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
"Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
жоба
Қазақстан Республикасының Заңы Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті туралы 1-тарау. Жалпы ережелер 1-бап. Есеп комитетінің мәртебесі мен қызметінің құқықтық негізі
1. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті (бұдан әрі - Есеп комитеті) Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін, республикалық бюджеттің атқарылуына сыртқы бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік қаржылық бақылаудың жоғары органы болып табылады.
Есеп комитеті мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады.
2. Есеп комитеті туралы заңнама Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заңнан, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітілген Есеп комитеті туралы ережеден және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғандағыдан өзгеше нормалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың нормалары қолданылады.
2-бап. Заңның қолданылу аясы
Осы Заң Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында қолданылады және ол бюджет процесіне қатысушыларға, квазимемлекеттік сектор субъектілеріне, республикалық бюджет қаражатын алушыларға, байланысты гранттарды, мемлекет активтерін, мемлекет кепілдік берген қарыздарды пайдаланатын жеке және заңды тұлғаларға қолданылады.
3-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
1. Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) бақылау объектілері - бюджет процесіне қатысушылар, квазимемлекеттік сектор субъектілері, сондай-ақ бюджет қаражатын алушылар, байланысты гранттарды, мемлекет активтерін, мемлекет кепілдік берген қарыздарды пайдаланатын жеке және заңды тұлғалар;
2) бұзушылық - бюджет қаражатын және мемлекет активтерін, байланысты гранттарды, мемлекет кепілдік берген қарыздарды пайдалануға, мемлекет кепілгерліктерін беруге байланысты қатынастарды реттейтін Қазақстан Республикасының бюджет және өзге де заңнамасының ережелерін бұзуға әкеп соққан әрекет (іс-әрекеттер немесе әрекетсіздік);
3) бюджет қаражаты - мемлекеттік меншікке түсуі және жұмсалуы
бюджетте ақшалай нысанда көрсетілетін мемлекеттің ақшасы және өзге де
активтері;
4) республикалық бюджет қаражатын алушылар - республикалық бюджет қаражатын бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері арқылы алатын және оларды бюджеттік бағдарламаларды іске асыру шеңберінде пайдаланатын жеке және заңды тұлғалар;
5) квазимемлекеттік сектор субъектілері - ұлттық холдингтерді, ұлттық компанияларды, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды, басқа да акционерлік қоғамдарды, мемлекеттік кәсіпорындар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерді қамтитын, жарғылық капиталына мемлекет қатысатын ұйымдар;
6) мемлекет активтері - өткен операциялар немесе оқиғалар нәтижесінде мемлекеттік меншікке алынған, құндық бағасы бар мүліктік және мүліктік емес игіліктер мен құқықтар.
2. Осы бапта көрсетілмеген және осы Заңда пайдаланылатын басқа да ұғымдар осы Заңның баптарында және Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында айқындалатын мәндерде пайдаланылады.
4-бап. Есеп комитеті қызметінің принциптері
Есеп комитетінің қызметі заңдылық, тәуелсіздік, объективтілік, анықтық, ашықтық, құзыреттілік және жариялылық принциптері міндетті түрде сақтала отырып жүзеге асырылады.
5-бап. Есеп комитетінің міндеттері мен өкілеттіктері
1. Есеп комитетінің негізгі міндеттері:
1) республикалық бюджеттің атқарылу мәселелерін реттейтін Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасы, мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасы және өзге де нормативтік құқықтық актілері талаптарының сақталуын бақылау;
2) республикалық бюджетке түсетін түсімдердің толықтығы мен уақтылылығын, сондай-ақ республикалық бюджеттен түсетін түсімдер сомаларының қайтарылуын, салықтық және кедендік әкімшілік ету тиімділігін бақылау;
3) республикалық бюджет қаражатын, оның ішінде нысаналы трансферттер мен кредиттерді, байланысты гранттарды, мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыздарды, концессиялық жобаларды бюджеттен қоса қаржыландыруды, сондай-ақ мемлекеттің кепілгерліктері мен активтерін пайдаланудың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкестігін бақылау;
4) республикалық бюджеттің атқарылуын және орталық мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының, мемлекеттік және республикалық бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуын бағалау болып табылады.
2. Есеп комитеті жүктелген міндеттерді іске асыру мақсатында:
1) республикалық бюджеттің атқарылуын, оның ішінде Қазақстан Республикасы бюджет жүйесінің принциптеріне сәйкес бағалауды жүзеге асырады;
2) өз қызметінің бағыттары бойынша тиімділікті бақылауды жүзеге асырады;
3) бақылау объектілерінің есепке алу мен есептілікті жүргізуінің анықтығы мен дұрыстығын бақылауды жүзеге асырады;
4) орталық мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының, мемлекеттік және бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуын бағалауды жүзеге асырады;
5) республикалық бюджет қаражатын, оның ішінде нысаналы трансферттер мен кредиттерді, байланысты гранттарды, мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыздарды, концессиялық жобаларды бюджеттен қоса қаржыландыруды, сондай-ақ мемлекеттің кепілгерліктері мен активтерін пайдаланудың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкестігін бақылауды жүзеге асырады;
6) Қазақстан Республикасының Парламентіне ағымдағы жылдың 15 мамырынан кешіктірмей өзінің мазмұны бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің тиісті есебіне қорытынды болып табылатын есепті қаржы жылындағы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есепті ұсынады;
7) Қазақстан Республикасы Президентінің мемлекеттік қаржылық бақылауды жүзеге асыруға байланысты мәселелер бойынша тапсырмаларын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің өзге де жеке тапсырмаларын орындайды;
8) Қазақстан Республикасының Президентіне мемлекеттік қаржылық бақылау объектілері лауазымды адамдарының Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін сақтамауының анықталған фактілері бойынша, сондай-ақ тиімділікті бақылау нәтижелері бойынша ұсынымдар енгізеді;
9) республикалық бюджетке түсетін түсімдердің толықтығы мен уақтылылығын, сондай-ақ республикалық бюджеттен түсетін түсімдер сомаларының қайтарылуын, салықтық және кедендік әкімшілік ету тиімділігін бақылауды жүзеге асырады;
10) мемлекеттік төтенше бюджеттің атқарылуын бақылауды жүзеге асырады;
11) республикалық бюджет қаражатын және мемлекет активтерін пайдалану кезінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
12) Қазақстан Республикасы Президентінің келісімімен ғана немесе оның тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің активтерін пайдаланудың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкестігін бақылауды жүзеге асырады;
13) сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылау жүргізу тәртібін айқындайды, мемлекеттік қаржылық бақылау стандарттарын әзірлейді, олардың сақталуына бақылау жүргізеді;
14) бақылау және талдамалық іс-шаралар барысында анықталған (анықталатын) бұзушылықтарды жою жөнінде шаралар қабылдайды;
15) Қазақстан Республикасының Үкіметіне, өзге мемлекеттік органдарға және бақылау объектілеріне жіберілген ұсынымдар мен тапсырмалардың орындалуына мониторинг, сондай-ақ бақылау жүргізеді;
16) квазимемлекеттік сектор субъектілерінің оларға бюджеттік бағдарламаларда көзделген мақсаттарға бөлінген республикалық бюджет қаражатын пайдалануын бақылауды жүзеге асырады;
17) Қазақстан Республикасының заңдарына және Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
2-тарау. Есеп комитетінің құрамы.
Есеп комитетінің Төрағасы мен мүшелерінің мәртебесі 6-бап. Есеп комитетінің құрамы
Есеп комитеті Есеп комитетінің Төрағасы мен сегіз мүшесінен тұрады.
7-бап. Есеп комитетінің Төрағасы
1. Есеп комитетінің Төрағасын Қазақстан Республикасының Президенті бес жыл мерзімге тағайындайды.
2. Есеп комитетінің Төрағасы:
1) осы Заңға, Есеп комитеті туралы ережеге, Есеп комитетінің регламентіне және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес Есеп комитетінің қызметіне басшылықты жүзеге асырады және оның жұмысын ұйымдастырады;
2) Есеп комитетіне жүктелген тапсырмалардың орындалуы үшін Қазақстан Республикасы Президентінің алдында жауапты болады;
3) Қазақстан Республикасының өзге де мемлекеттік органдарында, ұйымдарында және Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде Есеп комитетін білдіреді;
4) Есеп комитеті мүшелерінің арасындағы міндеттерді бөледі;
5) Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен жалпы штат саны шегінде Есеп комитетінің штат кестесін, құрылымын және аппараты туралы ережені бекітеді;
6) бақылауды жүргізген қызметкерлер тарапынан мемлекеттік қаржылық бақылау стандарттарын бұзушылық фактілері анықталған кезде сол бақылау объектісіне қайтадан тексеру белгілейді;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
3. Есеп комитеті Төрағасының Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының, Мәжілісінің, олардың комитеттерінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырыстарына, Республикалық бюджеттік комиссияның отырыстарына, сондай-ақ орталық мемлекеттік органдардың алқа отырыстарына қатысуға құқығы бар.
4. Есеп комитетінің Төрағасына өкілді органның депутаты болуға, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға, оқытушылық, ғылыми және өзге шығармашылық қызметтен басқа, ақы төленетін өзге де қызметпен айналысуға болмайды.
5. Есеп комитетінің Төрағасы болмаған жағдайда Төрағаның міндеттерін уақытша атқару Есеп комитеті мүшелерінің біріне жүктеледі.
8-бап. Есеп комитетінің мүшелері
1. Қазақстан Республикасының Президенті Есеп комитетінің екі мүшесін бес жыл мерзімге тағайындайды.
Парламенттің әр Палатасы дербес, басқа Палатаның қатысуынсыз Есеп комитетінің үш мүшесін бес жыл мерзімге қызметке тағайындайды. Парламент Палаталарының төрағалары Палаталарға Есеп комитетінің мүшелерін қызметке тағайындау үшін кандидатуралар ұсынады.
2. Есеп комитетінің мүшесіне отыз жасқа толған, жоғары білімі, кемінде жеті жыл, оның ішінде экономика, қаржы, юриспруденция саласындағы орталық мемлекеттік органдарда басшы қызметтерде кемінде үш жыл жұмыс өтілі бар Қазақстан Республикасының азаматы тағайындала алады.
3. Есеп комитетінің мүшелері:
1) Есеп комитетінің бақылау, сараптамалық-талдамалық, ақпараттық және өзге де қызметін ұйымдастырады және жүзеге асырады;
2) сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылау жүргізу бағдарламаларын бекітеді;
3) бақылаудың нәтижелері бойынша Есеп комитетінің қорытындыларын жасайды;
4) бақылау материалдарын іске асыру нысаны бойынша ұсыныстар енгізеді;
5) өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтауға міндетті;
6) бақылау нәтижелерін бұрмалағаны, мемлекеттік органдарға ұсынылатын ақпараттың анық еместігі, заңмен қорғалатын құпияны жария еткені үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жауапты болады;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
4. Есеп комитеті мүшелерінің Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырыстарына, сондай-ақ орталық мемлекеттік органдардың алқа отырыстарына қатысуға құқығы бар.
5. Есеп комитетінің мүшелері өкілетті органның депутаты болуға, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға, оқытушылық, ғылыми және өзге шығармашылық қызметтен басқа, ақы төленетін өзге қызметпен айналысуға болмайды.
9-бап. Есеп комитетінің Төрағасы мен мүшесінің өкілеттіктерін тоқтату
1. Есеп комитеті Төрағасының, мүшесінің өкілеттіктері мынадай жағдайларда:
1) орнынан түсуі қабылданғанда;
2) оған қатысты соттың айыптау үкімі заңды күшіне енгенде;
3) оны іс-әрекетке қабілетсіз деп таныған сот шешімі заңды күшіне енгенде;
4) заңды күшіне енген сот шешімімен оны қайтыс болған не хабар-ошарсыз кеткен деп танығанда;
5) қайтыс болғанда;
6) осы Заңның 7-бабының 4-тармағында және 8-бабының 5-тармағында көзделген талаптар сақталмағанда;
7) Қазақстан Республикасының Конституциясында белгіленген қызметте болу мерзімі аяқталғанда;
8) Қазақстан Республикасының азаматтығы тоқтатылғанда;
9) Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткенде;
10) лауазымдық міндеттерін тиісінше орындамағанда;
11) Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының, Мәжілісінің шешімі бойынша өзге де жағдайларда тоқтатылуға жатады.
2. Есеп комитетінің Төрағасы мен Есеп комитеті мүшесінің өкілеттіктерін оларды тағайындаған Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты, Мәжілісі тоқтатады.
3. Есеп комитетінің Төрағасы мен Есеп комитеті мүшесінің орнынан түсуі туралы өтініш орнынан түсу себептері көрсетіле отырып, оларды тағайындаған Қазақстан Республикасының Президентіне, Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатына, Мәжілісіне беріледі.
Есеп комитеті мүшесінің орнынан түсуі туралы өтініш Есеп комитетінің Төрағасын алдын ала хабардар ете отырып береді.
3-тарау. Есеп комитетінің қызметін ұйымдастыру негіздері 10-бап. Есеп комитетінің аппараты
1. Есеп комитетінің аппараты Есеп комитетінің бақылау, талдау, ұйымдастыру, құқықтық, ақпараттық, материалдық-техникалық және өзге де жұмыстардың орындалуын қамтитын қызметін қамтамасыз етеді.
2. Есеп комитетінің аппаратын Есеп комитетінің Төрағасы тағайындайтын Аппарат басшысы басқарады.
3. Есеп комитетінің аппараты мемлекеттік қызметші болып табылатын аппарат қызметкерлерінен (бұдан әрі - Есеп комитетінің қызметкерлері) тұрады.
4. Есеп комитеті қызметкерлерінің құқықтары мен міндеттері осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасында айқындалады.
11-бап. Есеп комитетінің отырысы
1. Есеп комитетінің отырысында бақылау іс-шараларының қорытындылары, жоспарлау, әдіснама, Қазақстан Республикасының Президентіне және Қазақстан Республикасының Парламентіне ұсынылатын ақпарат пен есеп мәселелері, алқалы шешімді талап ететін өзге де мәселелер қаралады, сондай-ақ жылдық есептің құрылымы мақұлданады.
2. Есеп комитетінің отырыстары ашық немесе жабық түрде өтеді.
"Құпия" және "аса құпия" белгісі бар материалдарды пайдалана отырып жүргізілген бақылаудың нәтижелерін қарау Есеп комитетінің жабық отырысында жүргізіледі, оған Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасының талаптары сақтала отырып, белгіленген тәртіппен тиісті мемлекеттік органдар мен ұйымдардың (мекемелердің) мамандары шақырылуы мүмкін.
3. Есеп комитетінің отырысы Есеп комитеті құрамының кемінде үштен екісі болған жағдайда өткізіледі.
4. Есеп комитетінің отырыстарына мемлекеттік органдардың және өзге де бақылау объектілерінің өкілдері, сондай-ақ Есеп комитетінің Регламентінде белгіленген тәртіппен басқа да адамдар қатыса алады.
5. Есеп комитетінің шешімдері отырысқа қатысушылардың жалпы санының басым көпшілік даусымен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда төрағалық етушінің дауыс берген шешімі қабылданды деп есептеледі.
Есеп комитетінің Төрағасы мен Есеп комитетінің әрбір мүшесі бір дауыс құқығына ие. Дауыс беру құқығын басқа біреуге беруге тыйым салынады.
6. Отырыстың нәтижелері Есеп комитетінің қаулысымен ресімделеді. Бақылау нәтижелері бойынша қабылданған қаулыны өздеріне қатысы бар барлық мемлекеттік органдар, ұйымдар және лауазымды адамдар орындауға міндетті.
Отырысқа қатысушы Есеп комитетінің мүшесі отырыста қабылданған шешіммен келіспеген жағдайда, оның хаттамасына қоса берілетін негізді қарсылықтарын жазбаша нысанда ұсына отырып, Есеп комитетінің қаулысына ескертпелермен қол қоя алады.
7. Қаулы Есеп комитетінің Төрағасы немесе оның міндетін атқарушы Есеп комитетінің мүшесі оған қол қойған сәттен бастап күшіне енеді.
12-бап. Есеп комитетінің қызметін жоспарлау
1. Жоспарлау Есеп комитетіне жүктелген міндеттер мен өкілеттіктерді іске асыруды қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылады.
2. Есеп комитетінің қызметі Қазақстан Республикасының Президенті немесе ол уәкілеттік берген лауазымды адам бекітетін стратегиялық жоспарға, Есеп комитетінің Төрағасы бекітетін операциялық, жылдық және тоқсандық жоспарларға сәйкес жүзеге асырылады.
3. Жылдық және тоқсандық жоспарлар есепті кезеңге арналған операциялық жоспардың іс-шараларын егжей-тегжейлі нақтылайды. Онда бақылауды және басқа да іс-шараларды жүргізуге жауапты орындаушылар айқындалып, оларды іске асырудың мерзімдері белгіленеді.
Жылдық және тоқсандық жоспарларға кейіннен енгізу үшін бақылау объектілерін зерделеу бақылау объектілері қызметінің түрлеріне, олардың стратегиялық жоспарларды, мемлекеттік, республикалық бюджеттік бағдарламаларды және өзге де бағдарламалық құжаттарды іске асыруына республикалық бюджеттен елеулі қаражат көлемінің және мемлекет активтерінің бөлінуіне жасалған талдау болжамдарына негізделеді.
13-бап. Есеп комитетінің есептілігі
1. Есеп комитеті жыл сайын өткен қаржы жылындағы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есепті (бұдан әрі - жылдық есеп) жасайды, ол өзінің мазмұны бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебіне қорытынды болып табылады.
2. Жылдық есеп:
1) республикалық бюджеттің негізгі өлшемдерінің атқарылуын:
республикалық бюджеттің түсімдері мен шығыстарын;
салықтық және кедендік әкімшілік ету тиімділігін;
2) орталық мемлекеттік органдардың өздерінің стратегиялық жоспарларында көзделген тікелей және түпкілікті нәтижелерге қол жеткізуін, мемлекеттік және республикалық бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуын;
3) республикалық бюджет қаражатының, оның ішінде нысаналы трансферттер мен кредиттердің, байланысты гранттардың, мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыздардың, концессиялық жобаларды бюджеттен қоса қаржыландырудың, сондай-ақ мемлекеттің кепілгерліктері мен активтерінің пайдаланылуын;
4) квазимемлекеттік сектор субъектілеріне республикалық бюджеттік бағдарламаларда көзделген мақсаттарға бөлінген республикалық бюджет қаражатын олардың пайдалануын;
5) бақылау объектілерінің есепке алу мен есептілікті жүргізуінің анықтығы мен дұрыстығын бағалауды қамтиды.
Жылдық есепте Қазақстан Республикасы Үкіметінің республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебі жөнінде қорытынды беріледі, сондай-ақ Есеп комитетінің есепті жылдағы қызметінің негізгі көрсеткіштері, анықталған қаржылық бұзушылықтардың құрылымы, сондай-ақ есепті жылы қаулылар мен ұсынымдардың орындалғаны туралы сандық деректер және олардың атқарылғаны туралы ақпарат көрсетіледі.
3. Есеп комитеті мақұлдаған жылдық есеп ағымдағы жылдың 15 мамырына дейін Қазақстан Республикасының Парламентіне қарау әрі бекіту үшін және Қазақстан Республикасының Үкіметіне ақпарат үшін жіберіледі. Жылдық есепті Қазақстан Республикасының Парламентіне ұсынуды Есеп комитетінің Төрағасы жүзеге асырады.
Жылдық есепті Қазақстан Республикасының Парламенті бекіткеннен кейін ол құпиялылық режимі мен өзге де заңмен қорғалатын құпиясы сақтала отырып, бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға тиіс.
4. Есеп комитетінің Төрағасы Қазақстан Республикасының Президентіне тоқсанына кемінде бір рет Есеп комитетінің жұмысы туралы есеп береді.
4-тарау. Есеп комитеті қызметінің негізгі бағыттары 14-бап. Бақылауды жоспарлау
1. Есеп комитетінің жылдық және тоқсандық жоспарлары ғана бақылауды жүзеге асыру үшін негіз болып табылады.
Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің тапсырмалары және Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының сауалдары бойынша бақылау Есеп комитетінің тоқсандық жоспарына тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу негізінде жүргізіледі.
Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының бақылау жүргізу туралы сауалдарынан бас тартылмауға тиіс.
2. Бақылау объектісін алдын ала зерделеу мақсатында Есеп комитетінің оны жүргізуге жауапты мүшесі бақылау объектілерінен бюджеттік және қаржылық есептілікті, статистикалық және жоспарланған бақылау жүргізуге қажетті өзге де мәліметтерді сұратады.
Бақылау объектісін алдын ала зерделеу барысында жедел талдау жүргізіледі, ұсынылған ақпараттың анықтығы мен толықтығы, сондай-ақ бақылаудың ауқымы, түрі, үлгісі, мерзімі және оның қызметінің ықтимал маңызды бағыттары айқындалады. Бақылау объектісін алдын ала зерделеу кезінде тексерілетін бақылау объектісінің қызметін қозғайтын тиісті нормативтік құқықтық актілердің тізбесі қалыптастырылады.
3. Бақылау объектісін алдын ала зерделеудің деректері негізінде бақылау жүргізу жоспары (бұдан әрі - бақылау жоспары) жасалады және сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылау жүргізу бағдарламасы (бұдан әрі - бақылау бағдарламасы) әзірленеді.
4. Бақылау жоспарында бақылау объектілері, бақылау жүргізу мерзімдері мен оны жүргізу үшін қажетті қызметкерлерге қажеттілік көрсетіле отырып, негізгі ұйымдастырушылық мәселелер қамтылады. Бақылау жоспарын Есеп комитетінің Төрағасы бекітеді.
5. Бақылау бағдарламасын Есеп комитеті Төрағасының келісімі бойынша Есеп комитетінің мүшесі бекітеді және ол бақылау жоспарын іске асыруға жасалады, бақылау жүргізудің негізін, сондай-ақ тексеруге жататын мәселелерді қамтиды.
Қажет болған жағдайда Есеп комитетінің бақылау жүргізу үшін жауапты мүшесі бақылау жүргізу барысында бақылау бағдарламасына толықтырулар мен өзгерістер енгізе алады.
15-бап. Бақылауды ұйымдастыру және жүргізу
1. Есеп комитеті бақылау жүргізу үшін Есеп комитеті бекіткен нысан бойынша жасалған және Есеп комитетінің Төрағасы не Есеп комитетінің тиісті бағытта бақылау жүргізу үшін жауапты мүшесі қол қойған тапсырма береді.
Әрбір бақылау объектісіне жеке тапсырма ресімделеді.
2. Тапсырма бақылау жүргізуге арналған ресми құжат болып табылады және онда тіркеу деректері (нөмірі мен берілген күні), бақылау жүргізудің құқықтық негіздері, бақылау жүргізу тапсырылған адам мен қызметкерлердің лауазымдары, тексерілетін объектінің атауы, оның орналасқан жері қамтылады.
Сондай-ақ тапсырмада бақылаудың мәні, бақылаудың басталған және аяқталған күні, бақылаудың қамтитын кезеңі көрсетілуі тиіс.
3. Тапсырма бір данада жасалады, ол бақылау материалдарына қоса тіркеледі. Бақылау объектісінің басшысы немесе оны алмастыратын адам тапсырманың түпнұсқасымен міндетті түрде таныстырылып, оларға тапсырманың көшірмесі тапсырылады.
4. Бақылау объектісінің басшысына немесе оны алмастыратын адамға тапсырма берілген сәт бақылау жүргізудің басталуы болып табылады. Бақылау объектісінің басшысына тапсырманың көшірмесімен бірге тапсырмада көрсетілген қызметкерлердің қызметтік куәлігі, ал қажет болған кезде режимдік объектілерде болуға рұқсаты көрсетіледі.
5. Бақылау объектісінің басшысы немесе оны алмастыратын адам тапсырманы алудан бас тартқан немесе Есеп комитетінің бақылауды жүзеге асыратын қызметкерлерінің бақылауды жүргізу үшін қажетті материалдарға қол жеткізуіне кедергі келтірген жағдайда заңнамада белгіленген тәртіппен акт жасалады, оның нысанын Есеп комитетінің Төрағасы бекітеді.
Актіге Есеп комитетінің бақылауды жүзеге асыратын қызметкері және бақылау объектісінің басшысы немесе оны алмастыратын адам қол қояды. Актіге қол қоюдан бас тартқан жағдайда осындай бас тарту себептеріне жазбаша негіздеме беріледі.
6. Тапсырманы алудан бас тарту бақылау жүргізуді болдырмау үшін негіз бола алмайды.
7. Бақылауды Есеп комитетінің тапсырмада көрсетілген қызметкерлері ғана жүргізеді.
8. Болуға заң жүзінде шек қойылған ұйымдарға кіру және мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерге рұқсат алу мемлекеттік құпияларды қорғау туралы заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады.
Есеп комитетінің қызметкерлері бақылау жүргізуді бақылау объектісінің жұмыс режиміне және бақылау бағдарламасына сәйкес жүзеге асырады.
9. Бақылау жүргізу Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, бақылау объектісінің қызметін тоқтатпауы тиіс.
10. Бақылау объектісінің үшінші тұлғалармен есеп айырысулары мен қаржы операцияларының анықтығын, орындалған жұмыстарға, көрсетілген қызметтерге жеткізілген тауарларға төлемнің дұрыстығын тексеру үшін үстеме бақылау жүргізіледі. Әрбір бақылау объектісіне үстеме бақылау жүргізуге жеке тапсырма ресімделеді.
11. Бұрын жүргізілген тексеру мемлекеттік қаржылық бақылау стандарттарына сай болмаған кезде Есеп комитеті бақылау объектісінің қызметін қайта тексеруі мүмкін.
16-бап. Бақылаудың мерзімі мен қорытындылары
1. Мерзімі күнтізбелік алпыс күнге дейін белгіленетін тиімділік бақылауын қоспағанда, бақылауды жүзеге асыру мерзімі алдағы жұмыстар мен қойылған міндеттердің көлемі ескеріле отырып, бақылау объектісінің басшысына тапсырма берілген сәттен бастап күнтізбелік отыз күнге дейін белгіленеді.
Бақылау объектісінің басшысына бақылау актісі тапсырылған күн бақылау мерзімінің аяқталуы болып есептеледі.
2. Егер тексеруді белгіленген мерзімде аяқтау мүмкін болмаған жағдайда Есеп комитетінің бақылау жүргізу үшін жауапты мүшесі Есеп комитеті Төрағасының алдында атқарылған жұмыстың нәтижелерін баяндайды және мерзімді ұзартудың қажеттілігін негіздей отырып, бақылау жүргізу мерзімін ұзарту туралы өтініш жасайды.
Бақылау жүргізу мерзімдерін ұзарту осы Заңның 15-бабы 3-тармағының екінші абзацында көзделген жағдайларды сақтай отырып жүзеге асырылады.
3. Бақылау жүргізу мерзімін ұзарту күнтізбелік отыз күннен аспауы тиіс.
4. Объектіде бақылау аяқталғаннан кейін бақылау актісі жасалады, оның нысанын Есеп комитетінің Төрағасы бекітеді. Бақылау актісі бақылау бағдарламасында көрсетілген барлық мәселелерді бақылаудың толықтығын, сондай-ақ мәліметтердің анықтығын, объективтілігін қамтамасыз етуге тиіс. Бақылау актісі екі данада жасалады.
5. Бақылау актісі:
1) актінің жасалған күні мен орнын;
2) бақылаудың түрін;
3) тапсырманың күні мен нөмірін;
4) бақылау жүргізуге тартылған мемлекеттік органдар, аудиторлық ұйымдар қызметкерлерінің, мамандарының және сарапшылардың тегін, аты-жөнін, лауазымын;
5) бақылау объектісінің толық атауын, мемлекеттік тіркеу туралы деректерді, банк және салық деректемелерін;
6) бақылаудың мақсатын, мәнін, бақылауда қамтылған кезеңді;
7) бақылау жүргізу мерзімін;
8) бақылау объектісі лауазымды адамдарының тегін, атын, әкесінің атын, сондай-ақ олардың жұмыс істеген кезеңін;
9) тексеріліп отырған мәселелер бойынша бұрынғы бақылаудың нәтижелері, бақылау объектісі бұрын анықталған бұзушылықтарды жою жөнінде қабылдаған шаралар туралы мәліметтерді;
10) осы бақылаудың нәтижелері туралы мәліметтерді, оның ішінде бұзушылық фактілерін баяндауды;
11) бақылау барысында анықталған бұзушылықтарды жою жөніндегі ақпаратты;
12) бақылау объектісі лауазымды адамдарының актімен танысқаны немесе танысудан бас тартқаны, немесе оған қол қоюдан бас тартқаны туралы мәліметтерді;
13) Есеп комитетінің бақылауды жүргізген қызметкерлерінің және бақылау объектісі лауазымды адамдарының қойған қолын қамтуға тиіс.
6. Бақылау актісінде анықталған бұзушылық оқиғаларын, сондай-ақ мемлекетке келтірілген залалды көрсеткен кезде:
1) талаптары бұзылған заңдардың атауы, баптары және өзге де нормативтік құқықтық актілердің тармақтары;
2) республикалық бюджет шығындарын жылдар бойынша бөле отырып, анықталған бұзушылықтардың түрі мен көлемі;
3) жол берілген бұзушылықтар мен кемшіліктердің себептері, олардың салдары;
4) мемлекетке келтірілген залалдың бақылау барысында анықталған және өтелген түрлері мен мөлшері;
5) бұзушылыққа жол берген лауазымды адамдар;
6) бақылау жүргізу кезеңінде анықталған бұзушылықтарды жою жөнінде қабылданған шаралар;
7) бақылау объектілерінің лауазымды адамдары тарапынан болған бұзушылық фактілерінің дәлелі болып табылатын құжаттарға сілтемелер көрсетіледі.
7. Бақылау актісіне құжаттардың заңнамада белгіленген тәртіппен куәландырылған көшірмелері, анықтамалар, кестелер, диаграммалар, фотосуреттер және бұзушылық фактілерін көрсететін өзге де құжаттар, сондай-ақ функционалдық және лауазымдық міндеттерін негізге ала отырып, осыларға қатысы бар адамдардың жазбаша түсініктемелері қоса беріледі. Қосымшалар бақылау актісінің ажырамас бөлігі болып табылады.
Бақылау актісіне жүргізілген зерттеулер (сынақтар) мен сараптамалардың актілері (хаттамалары, қорытындылары) және тексеру нәтижелеріне байланысты басқа құжаттар немесе олардың көшірмелері қоса берілуі мүмкін.
Бақылау актісіне қоса берілетін құжаттардың көшірмелері уәкілетті лауазымды адамдардың қойған қолдарымен және бақылау объектісінің мөрімен куәландырылады. Бақылау актісіндегі қосымшаларға сілтеме жасау міндетті.
8. Бақылау актісіне бақылау объектісінің басшысы қол қояды, сондай-ақ ол және бақылауды жүзеге асыратын қызметкерлер оның әрбір бетіне қолдарын қояды.
Бақылау актісінің қол қойылған бір данасы қосымшаларының көшірмелерімен бірге Есеп комитетіне өткізіледі, екіншісі данасы бақылау объектісінің басшысына тапсырылады.
9. Бақылау объектісінің басшысы және/немесе лауазымды адамдары бақылау нәтижелерімен келіспеген жағдайда, актіге қарсылықтарын жазбаша көрсетіп, қолдарын қояды.
Бақылау актісіне қарсылықтар актіге қол қойылған күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде Есеп комитетіне жіберілуге жатады, оларға Есеп комитетінің отырысына дейін бақылау объектісіне жауап жіберіледі. Бақылау объектісінің жазбаша қарсылықтары және оларға жауап бақылау актісінің ажырамас бөлігі болып табылады.
10. Жүргізілген бақылаудың нәтижелері бойынша акт жасалғаннан кейін Есеп комитетінің бақылау жүргізуге жауапты мүшесі оның қорытындыларын шығару үшін Есеп комитеті белгілеген нысан бойынша қорытынды дайындайды.
Бақылаудың үлгісіне, түріне және объектісіне қарай, бақылау бағытының ерекшеліктері ескеріле отырып, қорытындыда бақылау кезінде анықталған барлық бұзушылық фактілері, оларды жою, нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру жөніндегі ұсыныстар жинақталады, орталық мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының іске асырылуын, мемлекеттік және республикалық бюджеттік бағдарламаларды іске асырудың тиімділігін, орталық мемлекеттік органдардың республикалық бюджетке кірістердің толықтығын және уақтылы түсуін қамтамасыз ету жөніндегі, сондай-ақ бюджет қаражаты мен мемлекет активтерін, байланысты гранттарды, бюджеттік инвестицияларды, сондай-ақ трансферттерді, кредиттерді, мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыздарды, мемлекеттің кепілгерліктерін ұтымды және тиімді пайдалануын қамтамасыз ету жөніндегі қызметін бағалау көрініс табады.
11. Қорытындыға қол қойылғаннан кейін Есеп комитетінің бақылау жүргізу үшін жауапты мүшесі Есеп комитетінің Төрағасына кейіннен қаулы қабылдай отырып, бақылаудың қорытындыларын Есеп комитетінің отырысына шығару немесе ұсынымын дайындау туралы Есеп комитеті ұсыныс енгізеді.
12. Бақылаудың қорытындылары бойынша бақылау объектісі лауазымды адамдарының кінәсінен бюджеттік және өзге де заңнаманың бұзылғаны анықталған жағдайларда, Есеп комитеті осы лауазымды адамдар деректерінің атқарып отырған лауазымдарына сәйкестігі туралы мемлекеттік органдарға немесе оларды тағайындаған адамдарға ұсыныстар енгізеді.
13. Қаулы (ұсыным) қабылданғаннан кейін анықталған бұзушылықтарды жою, мемлекетке келтірілген залалды өтеу және Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзылуына кінәлі лауазымды адамдарды жауаптылыққа тарту жөнінде шаралар қабылдау үшін қаулыда көрсетілген мемлекеттік органдарға, өзге бақылау объектілеріне жіберіледі.
14. Есеп комитетінің қаулысын (ұсынымын) мемлекеттік органдар және өзге де бақылау объектілері онда көрсетілген мерзімде немесе егер мерзімі көрсетілмесе, оны алған күнінен бастап бір ай ішінде қарауға тиіс. Мемлекеттік органдар және өзге де бақылау объектілері Есеп комитеті белгілеген мерзімде Есеп комитетінің қаулысын (ұсынымын) іске асыру жөнінде қабылдаған шаралары туралы ақпарат беруге тиіс.
17-бап. Есеп комитеті қаулыларының (ұсынымдарының) орындалуын бақылау
1. Есеп комитетіне жүктелген міндеттердің сапалы орындалуын қамтамасыз ету және оның қызметінің тиімділігіне қол жеткізу үшін Есеп комитеті қаулыларының (ұсынымдарының) орындалуына бақылау жүргізіледі.
2. Қаулының (ұсынымның) орындалуын бақылауды Есеп комитетінің оның орындалуына жауапты мүшесі және/немесе осы міндеттер жүктелген адам ұйымдастырады. Бақылау:
1) Есеп комитетінің қаулыларын (ұсынымдарын) қараудың қорытындылары бойынша, Есеп комитетінің талаптарын, ұсыныстары мен ұсынымдарын орындау бойынша мемлекеттік органдар және өзге де бақылау объектілері қабылдаған шешімдер мен шаралар туралы алынған ақпаратты талдау;
2) Есеп комитетінің ұсыныстары бойынша қабылданған нормативтік құқықтық актілерді есепке алу мониторингі;
3) бақылау бағдарламаларына осы бақылау объектісінде бұрын жүргізілген іс-шаралардың нәтижелері бойынша Есеп комитеті қаулыларының іске асырылуын тексеру мәселелерін қосу арқылы жүзеге асырылады.
3. Қаулының (ұсынымның) орындалуын бақылаудан алып тастау немесе бақылауды ұзарту Есеп комитетінің қаулыны орындауға жауапты мүшесінің ұсынысына негізделген Есеп комитеті Төрағасының шешімі бойынша жүргізіледі.
4. Есеп комитетінің қаулыларын (ұсынымдарын) мерзімінде немесе тиісінше орындамау Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауапкершілікке әкеп соғады.
18-бап. Есеп комитетінің талдау және әдіснамалық қызметі
1. Талдау іс-шаралары мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларында көзделген тікелей және түпкілікті нәтижелерге қол жеткізуін, мемлекеттік және бюджеттік бағдарламалардың, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің іске асырылуын, байланысты гранттардың, мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыздардың, мемлекеттің кепілгерліктері мен активтерінің пайдаланылуын, сондай-ақ экономиканың, әлеуметтік саланың немесе мемлекеттік басқарудың жеке алғандағы саласының (аясының) дамуына мемлекеттік орган мен квазимемлекеттік сектор субъектілері қызметінің әсерін бағалау мақсатында жүзеге асырылады.
2. Есеп комитеті талдау қызметінің нәтижелері республикалық бюджеттің атқарылу процесін, орталық мемлекеттік органдар мен бақылау объектілерінің қызметін жақсарту, сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылау жүргізудің сапасын, бюджет пен қаржы тәртібін арттыру және Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру жөнінде бақылау объектілеріне берілетін ұсынымдар үшін негіз болады.
3. Есеп комитеті сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылау органдарына арналған әдістемелік құжаттар әзірлеуді жүзеге асырады, сондай-ақ сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылау саласында зерттеулер жүргізуді, даярлау мен біліктілікті арттыруды ұйымдастырады.
19-бап. Халықаралық ынтымақтастық
Есеп комитеті шет мемлекеттердің мемлекеттік қаржылық бақылау органдарымен, сондай-ақ мемлекеттік қаржылық бақылау саласындағы халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты жүзеге асырады, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен олардың құрамына кіруге, мүшесі болуға және олармен ынтымақтастық туралы халықаралық шарттар мен келісімдер жасасуға құқылы.
5-тарау. Есеп комитетінің өзге мемлекеттік органдармен, ұйымдармен (мекемелермен) өзара іс-қимыл жасау негіздері 20-бап. Есеп комитетінің мемлекеттік органдармен, ұйымдармен (мекемелермен) өзара іс-қимылы
1. Есеп комитеті өзіне жүктелген міндеттер мен өкілеттіктерге сәйкес орталық және өзге де мемлекеттік органдармен, сондай-ақ ұйымдармен (мекемелермен) өзара іс-қимыл жасайды.
2. Есеп комитеті республикалық бюджет қаражатын, оның ішінде трансферттерді, кредиттерді, инвестицияларды, байланысты гранттарды, мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыздарды, мемлекеттің кепілгерліктері мен активтерін, мемлекеттік мекемелердің тауарларын (жұмыстарын, көрсетілетін қызметтерін) өткізуден түскен ақшаны пайдалану кезінде бақылау объектісі лауазымды адамдарының іс-әрекеттерінде қылмыс белгілері және Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзудың өзге де фактілері анықталған жағдайда бақылаудың қорытынды нәтижелерін Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына беру, сондай-ақ өз құзыреті шегінде бірлескен бұйрықтар қабылдау жолымен олармен өзара іс-қимыл жасайды.
Құқық қорғау органдары Есеп комитетінің материалдарын қарау қорытындылары бойынша оларды алғаннан кейін екі ай ішінде оларды қарау нәтижелері туралы ақпарат береді.
3. Бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органдар Есеп комитетіне оның міндеттерін орындауға жәрдем көрсетеді, оның сұратуы бойынша өздері жүргізген тексерулердің нәтижелері туралы ақпарат береді. Есеп комитетінің мемлекеттік қаржылық бақылау органдарымен өзара іс-қимылы Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.
4. Мемлекеттік органдар әзірлейтін сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылау мәселелері жөніндегі нормативтік құқықтық актілердің жобалары Есеп комитетімен келісіледі.
5. Есеп комитеті Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы немесе келісімі бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің активтерін пайдаланудың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкестігіне бақылауды жүзеге асырады.
21-бап. Есеп комитетінің сұратуы бойынша ақпарат беру
1. Мемлекеттік органдар, олардың лауазымды адамдары, меншік нысанына қарамастан ұйымдар (мекемелер), олардың бірлестіктері Есеп комитетінің сұратуы бойынша ол белгілеген мерзімде өздерінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша бүкіл қажетті құжаттаманы, ақпаратты, оның ішінде оны электронды жеткізгіштермен ұсынады, сондай-ақ келісімдерге сәйкес электрондық ақпараттық деректер базасына рұқсат етеді, жазбаша және ауызша түсініктемелер мен өзге де ақпаратты, оның ішінде Есеп комитетінің республикалық деңгейде сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылауды жоспарлау мен жүргізу жөніндегі қызметін жүзеге асыру үшін қажетті салық құпиясын қоспағанда, құпиялылық режимін, қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияның сақталуын ескере отырып, мемлекеттік және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпаратты береді.
2. Есеп комитетінің сұратуы бойынша жүргізілетін бақылау шеңберінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі, екінші деңгейдегі банктер және өзге де қаржы ұйымдары банк құпиясы режимін сақтай отырып, жүргізілген операциялар тексерілетін объектілердің, шоттарындағы ақшаның қозғалысы мен қалдықтары жөніндегі қажетті құжаттарды Есеп комитеті белгілеген мерзімде ұсынуға міндетті.
3. Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, Есеп комитеті өзінің қызметін жүзеге асыру барысында алған мемлекеттік және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтер жариялауға жатпайды.
4. Есеп комитетінің талабы бойынша қажетті ақпаратты немесе құжаттаманы уақтылы ұсынудан бас тарту немесе жалтару, сондай-ақ жалған ақпарат беру Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
22-бап. Есеп комитетінің бақылауды жүзеге асыратын қызметкерлерінің бақылау объектісінің басшыларымен және өзге де лауазымды адамдарымен өзара іс-қимылы
1. Бақылауды жүзеге асыру кезінде бақылау объектісінің басшысы Есеп комитетінің қызметкерлерін жұмыс орындарымен қамтамасыз етеді, бақылауды жүзеге асыру үшін қажетті бүкіл сұратылған ақпаратты уақтылы ұсынады, оның анықтығына, объективтілігіне және толықтығына дербес жауапты болады.
Бақылаудың ауқымын шектеуге және Есеп комитетінің қызметкерлеріне жалған ақпарат беруге жол берілмейді.
2. Есеп комитетінің бақылауды жүзеге асыратын қызметкерлері бақылау объектісінің лауазымды адамдарына бақылаудың мәніне жатпайтын қандай да болмасын талаптар қоймауға және өтініштер жасамауға, сондай-ақ бақылау объектісіне тиесілі материалдық игіліктерді пайдаланбауға тиіс.
3. Есеп комитетінің қызметкерлері бақылау жүргізген кезде:
1) бақылауды Бюджет кодексінің, осы Заңның, мемлекеттік қаржылық бақылау стандарттары мен басқа да нормативтік құқықтық актілердің негізінде және соларға сәйкес жүргізуге;
2) бақылау жүргізу кезеңінде бақылау объектісінің белгіленген жұмыс режиміне кедергі жасамауға;
3) Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзылуын болдырмау, анықтау және жолын кесу жөніндегі өзіне жүктелген өкілеттіктерді уақтылы және толық көлемде орындауға;
4) бақылау нәтижесінде алынған құжаттар мен мәліметтердің сақталуын қамтамасыз етуге;
5) бақылау объектісінің басшысына (лауазымды адамдарына) бақылау актісін бақылау аяқталған күнінен кешіктірмей тапсыруға міндетті.
4. Есеп комитетінің қызметкерлері бақылау жүргізген кезде бақылау объектісінің басшыларынан, лауазымды адамдары мен басқа да қызметкерлерінен бақылау актісіне қоса тіркеу үшін қағаз және электронды жеткізгіштердегі құжаттар (мәліметтер) не тиісті түрде расталған көшірмелер, бақылау жүргізу барысында туындаған мәселелер бойынша ауызша және жазбаша түрде түсініктемелер, сондай-ақ бақылаудың міндеттері мен мәніне сәйкес ақпараттық деректер базасына (жүйелерге) кіруге рұқсат сұратады және алады.
5. Есеп комитетінің бақылауды жүргізетін қызметкерлері бақылау бағдарламасы мен жоспарында айқындалған міндеттерді орындау кезінде ғана, сондай-ақ бақылау жүргізу процесінде тікелей бақылау объектісінде туындайтын мәселелерді шешу және оның нәтижелерін ресімдеу үшін, атап айтқанда:
1) бақылау объектісіне келген кезде;
2) бұрын алынған ақпаратты нақтылау кезінде;
3) сұратылған ақпаратты (құжаттаманы), қарсылықтарды
(түсініктемелерді) алған кезде;
4) бақылауды жүзеге асыру барысында алынған бақылау бағдарламасының мәселелері жөніндегі ақпаратты нақтылау кезінде;
5) бақылау объектісінің лауазымды адамдары тексерілетін объектіге жіберуден бас тартқанда, ақпаратты және (немесе) құжаттаманы ұсынбағанда, уақтылы ұсынбағанда, толық көлемде ұсынбағанда немесе жалған ақпарат және (немесе) құжаттама ұсынғанда, сондай-ақ бақылау объектісінің лауазымды адамдары өзге де заңды талаптарды орындамағанда;
6) бақылау жүргізу барысында бұзушылықтар мен кемшіліктер анықталған кезде немесе құжаттарды алып қою кезінде;
7) жекелеген объектілердегі тексеру және тұтас алғанда бақылау жүргізу нәтижелері жөніндегі актілермен таныстыру және оларға қол қою үшін ұсыну кезінде бақылау объектісінің лауазымды адамдарымен байланысты жүзеге асырады.
6. Есеп комитеті қызметкерлерінің іс-әрекеттеріне және Есеп комитетінің шешімдеріне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.
6-тарау. Қорытынды ережелер 23-бап. Есеп комитетінің тәуелсіздігіне кепілдіктер
1. Есеп комитетінің тәуелсіздігі:
1) Есеп комитетінің қызметіне мемлекеттік органдардың және өзге
ұйымдардың заңсыз араласуына жол бермеумен;
2) өзінің қызметін жүзеге асыру үшін тиісінше жағдайлар жасаумен;
3) Есеп комитетінің қызметін Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында белгіленген тәртіппен және соның шегінде қаржыландырумен қамтамасыз етіледі.
2. Мемлекеттік органдар Есеп комитетінің қаржылық қызметін тексеруді Қазақстан Республикасы Президентінің келісімімен немесе тапсырмасы бойынша ғана жүзеге асырады.
24-бап. Есеп комитетін қаржыландыру және материалдық-техникалық қамтамасыз ету
Есеп комитетін қаржыландыру, материалдық-техникалық қамтамасыз ету және оған көлік қызметін көрсету бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
25-бап. Осы Заңды бұзғаны үшін жауаптылық
Осы Заңның бұзылуына кінәлі адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
26-бап. Осы Заңның қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті