Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясы) төрағасы Қайрат Пернешұлы Қожамжаровқа қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2009 жылғы 19 қыркүйектегі
N 1413 қаулысымен
мақұлданған
Жоба
Қазақстан Республикасының Үкіметі
мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі келісім
Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі,
халықаралық құқықтың жалпыға танылған нормалары негізінде екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамытуға, кеңейтуге және нығайтуға ұмтыла отырып,
халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және ведомствоаралық қатынастарды дамытуға мүдделі бола отырып,
2003 жылғы 31 қазанда Нью-Йоркте қабылданған Біріккен Ұлттар Ұйымының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясын ескере отырып,
мыналар туралы келісті:
1-бап
1. Тараптар өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және онымен күрес ісінде ынтымақтасады. Осы мақсатта Тараптар:
кадрлар даярлау бойынша бірлесіп ұйымдастырылатын іс-шараларға қатыса алады;
көрсетілген салада әдістемелік материалдармен, тәжірибемен және нормативтік құқықтық актілермен алмаса алады.
2. Тараптар, сондай-ақ кез келген өзге де тиісті нысанда ынтымақтаса алады.
2-бап
1. Осы Келісім шеңберінде ынтымақтастықты Қазақстандық тараптан - Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы), ал Француздық тараптан - Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі орталық қызмет жүзеге асырады.
2. Ынтымақтастық жөніндегі әрбір іс-шара жазбаша сұрау салу негізінде жүзеге асырылады. Сұрау салу мүдделі Тараптың бірінші басшысының немесе оның орынбасарының атына жіберіледі және елтаңбалық мөрмен куәландырылады.
3. Егер сұрау салуды орындау Сұрау салынатын тарап мемлекетінің егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне залал келтіруі, оның мемлекеті азаматтарының құқықтарын немесе заңды мүдделерін бұзуға әкеп соғуы не Сұрау салынатын тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына және/немесе халықаралық міндеттемелеріне қайшы келуі мүмкін болса, Сұрау салынатын тарап жәрдем көрсетуден толығымен немесе ішінара бас тартуға құқылы.
4. Сұрау салушы Тарап жәрдем көрсетуден толық немесе ішінара бас тарту туралы және мұндай бас тартудың себептері туралы жазбаша нысанда дереу хабардар етіледі.
3-бап
Құпия ақпарат пен құжаттарды беру Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес жүзеге асырылады. Құпия ақпарат пен құжаттарды алушы Тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес оларды қорғауды қамтамасыз етеді.
4-бап
Егер әрбір нақты жағдайда өзгеше тәртіп келісілмесе, Тараптар өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес көзделетін қаражат шегінде осы Келісімді орындауға байланысты шығыстарды дербес көтереді.
5-бап
Осы Келісім қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету мәселелеріне қолданылмайды.
6-бап
Тараптардың келісімі бойынша осы Келісімге жеке хаттамалармен ресімделетін және осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
7-бап
Осы Келісімді түсіндіру немесе қолдану кезінде туындауы мүмкін кез келген даулы мәселелерді Тараптар консультациялар мен келіссөздер жолымен шешеді.
8-бап
Осы Келісім белгісіз мерзімге жасалады және дипломатиялық арналар арқылы оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күнінен бастап күшіне енеді.
Осы Келісім Тараптардың бірі дипломатиялық арналар арқылы екінші Тараптың өзінің осындай ниеті туралы жазбаша хабарламасын алған күнінен бастап алты ай өткен соң өз қолданысын тоқтатады.
2009 жылғы "__" ______________ қаласында әрқайсысы қазақ, орыс және француз тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды, әрі барлық мәтіннің бірдей күші бар.
Қазақстан Республикасының Француз Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін