Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
Қазақстан Республикасы мен Италия Республикасы арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы шартқа қол кою туралы ұсыныс Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы мен Италия Республикасының арасындағы
Стратегиялық әріптестік туралы шарт
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын, Қазақстан Республикасы мен Италия Республикасы,
екі ел халықтары арасында қалыптасқан байланыстарды, достық қарым-қатынастарды және өзара түсіністік дәстүрін назарға ала отырып және оларды нығайту халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау ісіне қызмет ететіндігін ескеріп,
Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының, Хельсинки Қорытынды актісінің және Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйым шеңберінде қол қойылған басқа құжаттардың мақсаттары мен принциптеріне, сондай-ақ халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған баска нормаларына өздерінің адалдықтарын, атап айтқанда Италия үшін - өзінің ЕО мүшелігінен туындайтын міндеттемелерді құрметтейтінін растай отырып,
2007 жылғы 22 маусымда Еуропалық одақ қабылдаған Стратегияда белгіленген Еуропалық одақ пен Орталық Азия арасындағы жаңа әріптестікті іске асыруды қолдауға тілек білдіре отырып,
1994 жылғы 22 қыркүйекте Римде қол қойылған Қазақстан Республикасы мен Италия Республикасының арасындағы Өзара қарым-қатынастар принциптері туралы бірлескен декларацияға өздерінің адалдықтарын растай отырып және оны екі мемлекет пен халықтың жан-жақты байланыстары мен өзара іс-қимылын қазір және кейіннен дамыту мен тереңдетудің құқықтық негізі ретінде қарай отырып,
екі елдің экономикалық ынтымақтастығын нығайтуға, оны одан әрі дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауға, барлық меншік нысанындағы шаруашылық жүргізуші субъектілер арасында тікелей байланыстар орнатуға ниет білдіре отырып,
2006 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы мен Еуропалық одақ арасындағы Энергетика саласындағы ынтымақтастық туралы өзара түсіністік туралы меморандумды іске асырудың маңыздылығын мойындай отырып,
шығасылардың жоғарылығына байланысты екі жақты саудадағы, қосылған құны жоғары өнімнің үлес салмағы мен екі жақты саудадағы жоғары технологияларды арттыра отырып,екі ел арасындағы тауар айналымын кеңейтуге, сондай-ақ тауар айналымын әртараптандыру жөнінде бірлескен шаралар қабылдауға тілек білдіре отырып,
екі елдің энергетикалық саладағы өзара іс-қимылының энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін стратегиялық маңызы бар екендігін ұғына отырып,
саяси, экономикалық, ғылыми-техникалық, экологиялық ақпараттық, гуманитарлық, мәдени және басқа да салаларда екі жақты ынтымақтастыққа жаңа серпін беру әрі оның құқықтық базасын нығайту мақсатында,
төмендегілер туралы уағдаласты:
Тараптар өз қарым-қатынастарын теңдік, өзара сенім, стратегиялық әріптестік және жан-жақты ынтымақтастық негізінде құрады.
Тараптар еуропалық және еуразиялық кеңістікте бейбітшілікті нығайту, тұрақтылық пен қауіпсіздікті арттыру мақсатында өзара іс-қимыл жасайды.
Тараптар БҰҰ-ның, ЕҚЫҰ-ның бітімгершілік рөлін күшейтуге және өңірлік жанжалдар мен Тараптардың мүдделерін қозғайтын өзге де ахуалдарды реттеу тетіктерінің тиімділігін арттыруға жәрдемдеседі.
Тараптар ортақ мүдделер шеңберін белгілеу тұрғысында халықаралық өзекті мәселелер бойынша ынтымақтастықты тереңдету мақсатында екі жақты саяси диалогты дамытады.
Тараптар халықаралық ұйымдар шеңберінде ынтымақтастық пен байланыстарды кеңейтеді.
Тараптар ЕҚЫҰ институттарын күшейту және ЕҚЫҰ кеңістігінде құқық үстемдігін дамыту жөніндегі, оның ішінде бірлескен бастамаларды іске асыру жолымен тығыз ынтымақтастықты дамытады.
Тараптар адам құқығы, заң үстемдігі, тиімді басқару мен демократияландыру және адам құқықтары мен негізгі бостандықтарды қорғау саласындағы барлық тиісті халықаралық шарттарды имплементациялау саласында екі жақты ынтымақтастықты нығайтуға өздерінің адалдығын білдіреді.
Тараптар өздерінің халықаралық міндеттемелеріне, сондай-ақ ұлттық заңнамаларына сәйкес бір Тараптың заңды және жеке тұлғаларының заңды құқықтары мен мүдделеріне екінші Тараптың аумағында кепілдік беретін қажетті шараларды қабылдайды.
Тараптар өздерінің ұлттық заңнамалары мен екі жақты және көп жақты негіздердегі халықаралық міндеттемелеріне сәйкес, қауіпсіздікке қатерлер мен қыр көрсетулерге қарсы күрес саласында, сондай-ақ жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау және орнықты дамуға жәрдем көрсету салаларында ынтымақтастықты дамытады.
Тараптар әскери және әскери-техникалық салаларда ынтымақтасады, жекелеген келісімдердің негізінде Тараптардың тиісті ведомстволары арасындағы байланыстарға жәрдемдеседі.
Тараптар жекелеген келісімдердің негізінде әскери кадрларды даярлау саласында екі жақты ынтымақтастықты дамытады.
Тараптар екі мемлекеттегі экономикалық реформалардың табысты іске асырылуына ықпал етеді, сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мен дамытуға күш-жігер жұмсайды.
Тараптар өз күш-жігерлерін өздерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес, өз аумақтарында екінші Тараптың жеке және заңды тұлғаларының кәсіпкерлік қызмет үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз етуге жұмсайды.
Тараптар ядролық энергетика саласындағы, атап айтқанда, уран өндіру, сондай-ақ ядролық отын өндірісі, мұнай мен газ саласындағы ынтымақтастықты нығайтады.
Тараптар энергиямен жабдықтау жобалары және талаптары бойынша бір-біріне консультация береді және энергия үнемдеу, экологиялық жағынан таза көмір және қайта жаңғыртылатын энергия көздері саласындағы технология алмасуды қолдайды.
Тараптардың тиісті органдары арасында тиісті келісімдер жасасу, тәжірибе және ақпарат алмасу жолымен Тараптар банк, қаржы және салық салаларындағы ынтымақтастықты дамытады.
Тараптар өндірістік, инвестициялық, банктік және коммерциялық салалардағы ынтымақтастықты дамытуға жәрдем көрсету үшін бірлескен қаржы-өнеркәсіп топтарын, холдингтік және лизингтік компанияларды құруды және одан әрі дамытуды көтермелейді.
Тараптар өзара тиімді ынтымақтастықты іздестіру мақсатында консультациялар өткізу арқылы көлік, телекоммуникация және ақпараттық салаларда, сондай-ақ азаматтық авиация саласында өзара іс-қимыл жасайды.
2003 жылғы 5 ақпандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Италия Республикасының Үкіметі арасындағы Жолаушылар мен жүктерді автомобиль көлігімен халықаралық тасымалдауды өзара реттеу туралы қолданыстағы келісім негізінде Тараптар халықаралық автомобиль тасымалы саласында ынтымақтасады.
Тараптар ғарыш саласында, оның ішінде Жерді қашықтықтан зондтау, кадрлар даярлау, ғарыш аппараттарын әзірлеу және жасау саласындағы ынтымақтастықты дамытады.
Тараптар қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес Тараптар қоршаған орта саласындағы ынтымақтастықты дамытуға жәрдем көрсетеді.
Тараптар білім, мәдениет, денсаулық сақтау, туризм және спорт салаларындағы ынтымақтастықты дамытады.
Тараптар бейбітшілік пен халықаралық өзара түсіністікті нығайту мақсатында діндер мен мәдениеттер арасындағы диалогты дамыту саласында ынтымақтасады.
Тараптар өңірлік деңгейдегі өзара қарым-қатынастарды дамытуды экономикалық, мәдени байланыстар мен туризмді барынша жандандыру мақсатындағы қажетті негіз ретінде қарастырады. Тараптар Тараптардың әкімшілік-аумақтық бірліктері арасында тікелей байланыстар орнатуды қолдайды.
Осы Шарттың ережелерін түсіндіру кезінде туындауы мүмкін даулар мен келіспеушіліктерді Тараптар келіссөздер және консультациялар арқылы шешетін болады.
Осы Шартта көзделген ережелерді қаржыландыру Тараптардың ұлттық заңнамаларына сәйкес жүзеге асырылады.
Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар осы Шарттың ажырамас бөлігі болып табылатын жекелеген хаттамалармен ресімделеді және Тараптардың рәсімдеріне сәйкес күшіне енеді.
Осы Шарт дипломатиялық арналар арқылы оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы хабардар ететін соңғы жазбаша хабарлама алынған күнінен кейінгі екінші айдың бірінші күні күшіне енеді.
Осы Шарт белгіленбеген мерзімге жасалады.
Тараптардың бірі дипломатиялық арналар арқылы екінші Тараптың өзінің осындай ниеті туралы хабарламасын алған күнінен бастап алты ай өткен соң осы Шарт өз қолданысын тоқтатады.
Рим қаласында 2009 жылғы " " ____ әрқайсысы қазақ, италия және
ағылшын тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды, әрі барлық мәтіндері бірдей дәлме дәл болып табылады. Осы Шарттың ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.
Қазақстан Республикасы Италия Республикасы
үшін үшін