Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. 2008 жылғы 12 желтоқсанда Мәскеу қаласында қол қойылған Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердің энергетикалық нарығын ақпараттық қамтамасыз етудің ортақ жүйесін қалыптастыру туралы келісім бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2010 жылғы 2 ақпандағы
№ 55 қаулысымен
бекітілген
Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердің энергетикалық нарығын ақпараттық қамтамасыз етудің ортақ жүйесін қалыптастыру туралы
КЕЛІСІМ
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердің үкіметтері,
2000 жылғы 10 қазандағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастықты құру туралы шарттың ережелерін, Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Мемлекетаралық Кеңесінің 2003 жылғы 28 ақпандағы № 103 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердің энергетикалық саясатының негіздерін басшылыққа ала отырып,
Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа (ЕурАзЭҚ-қа) мүше мемлекеттердің энергетикалық нарығының қалыптасуы мен жұмыс істеуінде ақпараттық жүйе құрудың маңызды рөлін ескере отырып,
энергетика мәселелері бойынша кеңінен ақпарат алмасуға қолайлы жағдайлар жасауға ұмтыла отырып,
ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің энергетикалық нарығын қалыптастыру үшін ақпараттық ресурстарды бірлесіп пайдалану қажеттілігін мойындай отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісімнің мақсаттары үшін пайдаланылатын үғымдар мыналарды білдіреді:
«ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің энергетикалық нарығын ақпараттық қамтамасыз етудің ортақ жүйесі» - ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің аумақтарында энергетика бойынша ақпарат жинау, өңдеу және беру жөніндегі коммуникациялық жүйе, ол мыналарды қамтиды:
келісілген тізбелер мен нысандар бойынша жүйелендірілген дерекқор;
қазіргі техникалық құралдар, коммуникациялар, бағдарламалық қамтамасыз ету және ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің энергетикалық нарығына қатысушыларды сапалы анықтамалық-ақпараттық қолдауды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін ақпараттық технологиялар;
«ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің энергетикалық нарығын ақпараттық қамтамасыз етудің ортақ жүйесінің дерекқоры» - мемлекеттік құпиясы жоқ және құпияға жатпайтын, «ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің энергетикалық нарығы субъектілері үшін белгілі бір жерде шоғырландырылған, қолжетімді ақпарат»;
«Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті органдары» - өз мемлекетінің заңнамасына сәйкес Тараптар белгілейтін мемлекеттік басқару органдары.
2-бап
Осы Келісімнің мақсаты ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің энергетикалық нарығын ақпараттық қамтамасыз етудің ортақ жүйесін құру үшін құқықтық негіз жасау және ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің энергетикалық нарығын құру, оның жұмыс істеу және даму процестерін ақпараттық қолдауды қамтамасыз ету болып табылады.
3-бап
ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің энергетикалық нарығын ақпараттық қамтамасыз етудің ортақ жүйесін құрудың негізгі міндеттері:
ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің энергетикалық нарығын ақпараттық қамтамасыз етудің ортақ жүйесінің дерекқорын құру;
ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің отын-энергетикалық кешендерінде нарықтық қайта құру аясында тәжірибе алмасу;
ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің энергетикалық нарығын құру және тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін дерекқорды пайдалану болып табылады.
4-бап
ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің энергетикалық нарығын ақпараттық қамтамасыз етудің ортақ жүйесін құру кезінде Тараптар мынадай ұстанымдарға сүйенеді:
мүдделердің ортақтығы мен өзара пайда;
ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің энергетикалық нарығын ақпараттық қамтамасыз етудің ортақ жүйесінің дерекқорына бірдей қол жеткізуді қамтамасыз ету;
ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің энергетикалық нарығын ақпараттық қамтамасыз етудің ортақ жүйесі үшін ақпарат дайындауға бірыңғай әдіснамалық тәсіл қолдану.
5-бап
Тараптар энергетика саласындағы мынадай негізгі бағыттар бойынша:
ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің заңнамалық және өзге нормативтік құқықтық актілері;
ЕурАзЭҚ органдарының халықаралық шарттары мен шешімдері;
ЕурАзЭҚ-тің Интеграциялық Комитеті жанындағы Энергетикалық саясат жөніндегі кеңестің материалдары;
халықаралық ұйымдардың материалдары;
ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің энергетиканы дамытудың маңызды бағыттары бойынша статистикалық деректері;
стратегиялық даму, орта мерзімді кезеңге жоспарлау, ғылым жетістіктері мен озық технологиялар туралы материалдарды алмасу жөніндегі ақпарат;
ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің және басқа мемлекеттердің отын-энергетикалық кешендеріндегі нарықтық қайта құрулар туралы ақпарат;
ғылыми-талдамалық және техникалық ақпарат;
энергетикадағы мемлекеттік стандарттар туралы ақпарат;
энергетикалық бөлшек және көтерме сауда нарықтарындағы бағалар мен тарифтер туралы ақпарат бойынша ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің энергетикалық нарығын ақпараттық қамтамасыз етудің ортақ жүйесінің дерекқорын қалыптастырады.
6-бап
ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің энергетикалық нарығын ақпараттық қамтамасыз етудің ортақ жүйесін қалыптастыру, оның жұмыс істеуі мен дамуы жөніндегі міндеттерді іске асыруды Тараптардың уәкілетті органдары жүзеге асырады.
Тараптар осы Келісім күшіне енгеннен кейін 30 күн ішінде ЕурАзЭҚ-тың Интеграциялық комитетін ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің энергетикалық нарығын ақпараттық қамтамасыз етудің ортақ жүйесін қалыптастыру мәселелері бойынша өздері тағайындаған уәкілетті органдары туралы хабардар етеді.
Тараптардың бірінің уәкілетті органдары өзгерген жағдайда, ол бұл туралы Интеграциялық Комитетке жазбаша хабарлайды.
ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің энергетикалық нарығын ақпараттық қамтамасыз етудің ортақ жүйесін қалыптастыру мәселелері бойынша Тараптардың уәкілетті органдарының қызметін үйлестіруді ЕурАзЭҚ-тың Интеграциялық Комитеті жанындағы Энергетикалық саясат жөніндегі кеңес жүзеге асырады.
7-бап
ЕурАзЭҚ-тың Интеграциялық Комитеті жанындағы Энергетикалық саясат жөніндегі кеңес:
ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің энергетикалық нарығын ақпараттық қамтамасыз етудің ортақ жүйесінің жұмыс істеу тетіктері мен іске асырылу нысандарын айқындайды;
ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің энергетикалық нарығын ақпараттық қамтамасыз етудің ортақ жүйесінің құрылатын дерекқорына енгізілетін ақпараттың тізбесін нақтылайды.
Тараптардың ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің энергетикалық нарығын ақпараттық қамтамасыз етудің ортақ жүйесінің дерекқорына енгізу үшін ақпарат берудің нысандарын, тәртібін және мерзімділігін әзірлейді;
Тараптардың уәкілетті органдарымен ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің энергетикалық нарығын ақпараттық қамтамасыз етудің ортақ жүйесін материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз ету мәселелері бойынша ұсыныстарды дайындайды және келіседі.
8-бап
Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті органдары ұлттық заңнамасының шеңберінде өзара келісілген тізбеге, нысандарға және мерзімдерге сәйкес ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің энергетикалық нарығын ақпараттық қамтамасыз етудің ортақ жүйесінің дерекқорына енгізу үшін ақпаратты дайындауды және үнемі беріп тұруды қамтамасыз етеді.
9-бап
Осы Келісімнің ережелерін іске асыру мақсатында Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті органдары өз құзыретінің шегінде жекелеген мәселелер бойынша ведомствоаралық хаттамалар жасасуға құқылы.
10-бап
Осы Келісімнің ережелері Тараптардың басқа халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
11-бап
Тараптардың өзара уағдаластығы бойынша осы Келісімге жеке хаттамамен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.
12-бап
Осы Келісімді қолдануға немесе түсіндіруге байланысты даулар Тараптардың консультациялары және келіссөздері арқылы шешіледі. Келісімге келмеген жағдайда дау ЕурАзЭҚ Сотының қарауына беріледі.
13-бап
Осы Келісім ол күшіне енгеннен кейін осындай қосылу туралы құжатты депозитарийге беру жолымен 2000 жылғы 10 қазандағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастықты құру туралы шартқа қосылған басқа мемлекеттердің оған қосылу үшін ашық. Қосылатын мемлекетке қатысты осы Келісім қосылу туралы құжатты депозитарий алған күннен бастап күшіне енеді.
14-бап
Осы Келісім белгісіз мерзімге жасалады және депозитарий Тараптардың осыған қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағандығы туралы соңғы жазбаша хабарламаны алған күнінен бастап күшіне енеді.
Әрбір Тарап шығуға дейін 6 айдан кешіктірмей, ол туралы депозитарийге жазбаша хабарлама жібере отырып, бұл ретте осы Келісімді іске асыру барысында туындаған барлық міндеттемелерді орындай отырып, осы Келісімнен шығуға құқылы.
Осы Келісімнің депозитарийі Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық Комитеті болып табылады.
2008 жылғы 12 желтоқсанда Мәскеу қаласында орыс тілінде бір данада жасалды.
Осы Келісімнің түпнұсқа данасы Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық Комитетінде сақталады, ол әрбір Тарапқа оның куәландырылған көшірмесін жібереді.
Беларусь Республикасының Үкіметі үшін
Ресей Федерациясының Үкіметі үшін
Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін
Тәжікстан Республикасының Үкіметі үшін
Қырғыз Республикасының Үкіметі үшін
Өзбекстан Республикасының Үкіметі үшін