Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Латвия Республикасының Үкіметі арасындағы Дипломаттық паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің жауапты хатшысы Рәпіл Сейітханұлы Жошыбаевқа қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат ете отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Латвия Республикасының Үкіметі арасындағы Дипломаттық паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімге қол қоюға уәкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2010 жылғы 12 қарашадағы
№ 1193 қаулысымен
мақұлданған
жоба
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Латвия Республикасының Үкіметі арасындағы Дипломаттық паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісім
Бұдан әрі «Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Латвия Республикасының Үкіметі,
өздерінің екі жақты қарым-қатынастарын дамытуға ниет білдіре отырып,
қазіргі қалыптасқан достық қатынастарды нығайтуға мүдделілігін қарай отырып және бір Тарап мемлекеті азаматтарының екінші Тарап мемлекетінің аумағына сапарларын жеңілдету мақсатында,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Жарамды дипломаттық паспорттары бар және екінші Тарап мемлекетінің аумағында аккредиттелмеген, бір Тарап мемлекетінің азаматтары екінші Тарап мемлекетінің аумағына келу, болу, транзитпен өту және кету үшін жарты жыл бойы тоқсан (90) күннен аспайтын кезеңге визалық талаптардан босатылады.
2-бап
Осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген дипломаттық паспорттардың иелері жоғарыда аталған мерзім аяқталғаннан кейін екі мемлекеттің бірінде өзінің болу мерзімін ұзартуға ниет білдірсе, олар өздерінің болуын ұзарту үшін қолданыстағы заңнамаға сәйкес болатын мемлекеттің құзыретті органдарынан тиісті рұқсат алуға міндетті.
3-бап
1. Тараптардың бірінің азаматтары, жарамды дипломаттық паспорттары бар дипломатиялық миссияның немесе консулдық мекеменің мүшелері тағайындалған немесе өкілеттік берілген кезеңі ішінде екінші Тарап мемлекетінің аумағына визасыз келе алады, бола алады және кете алады.
2. Осындай қағида көрсетілген қызметкерлердің отбасы мүшелері болып табылатын жарамды дипломаттық паспорттары бар отбасы мүшелеріне де қолданылады.
4-бап
Жарамды дипломаттық паспорттары бар бір Тарап мемлекетінің азаматтары халықаралық қатынас үшін ашық шекараны кесіп өтетін барлық пункттер арқылы екінші Тарап мемлекетінің аумағына келе алады немесе одан кете алады.
5-бап
Осы Келісім жарамды дипломаттық паспорттары бар бір Тарап мемлекеті азаматтарының екінші Тарап мемлекетінің аумағындағы қолданыстағы заңдар мен қағидаларды сақтау міндеттерінен босатпайды.
6-бап
Тараптар шетелдіктердің келуін, кетуін, транзитін және болуын реттейтін өздерінің ұлттық заңнамаларындағы өзгерістер туралы бір-біріне хабарлауға тиіс.
7-бап
Әрбір Тарап өз мемлекеттерінің аумағына екінші Тараптың қолданыстағы дипломаттық паспорттары иелерінің, егер бұл тұлғалар қолайсыз деп танылса, кіруінен немесе болуынан бас тартуға құқықты өзінде қалдырады.
8-бап
1. Тараптар осы Келісімге қол қойылған күнінен бастап отыз (30) күн ішінде бір-бірімен өзінің жарамды дипломаттық паспорттарының үлгілерімен дипломатиялық арналар арқылы алмасады.
2. Егер Тараптардың бірі осы Келісім күшіне енгеннен кейін өз дипломаттық паспорттарын өзгерткен немесе жаңа дипломаттық паспорттар енгізген жағдайда, ол оларды қолданысқа енгізгенге дейін кемінде отыз (30) күн бұрын аталған паспорттардың үлгілерін дипломатиялық арналар арқылы екінші Тарапқа жолдайды.
9-бап
1. Тараптардың әрқайсысы ұлттық қауіпсіздік және қоғамдық тәртіп мақсатында осы Келісімнің қолданысын уақытша тоқтата тұру, немесе ішінара толық тоқтату құқығын өзінде қалдырады.
2. Екінші Тарап осы Келісімнің қолданысын тоқтата тұру туралы, мұндай шешім күшіне енгенге дейін кемінде жетпіс екі (72) сағат бұрын дипломатиялық арналар арқылы жазбаша нысанда хабардар етілуге тиіс.
3. Осы Келісімнің қолданысын тоқтата тұру екінші Тарап мемлекетінің аумағында жүрген осы Келісімнің 1 және 3-баптарында көрсетілген азаматтардың құқықтарын қозғамайды.
10-бап
Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылатын қосымша хаттамалар түрінде ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
11-бап
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруден немесе қолданудан туындаған кез келген келіспеушіліктер немесе даулар Тараптар арасындағы консультациялар немесе келіссөздер арқылы реттелуге тиіс.
12-бап
1. Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы дипломатиялық арналар арқылы соңғы жазбаша хабарлама алынған күнінен бастап отыз (30) күн өткен соң күшіне енеді.
2. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және оның қолданысын тоқтату ниеті туралы екінші Тараптың хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы Тараптардың бірі алған күнінен бастап үш (3) ай өткен соң қолданысын тоқтатады.
_____________ қаласында 20 ___ жылғы «___» ________ қазақ, латыш және ағылшын тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды, барлық мәтіндер тең түпнұсқалы.
Түсіндіруде келіспеушілік туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.
Қазақстан Республикасының Латвия Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін