Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдаудың бірыңғай қағидалары туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Өмірзақ Естайұлы Шөкеевке қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдаудың бірыңғай қағидалары туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2010 жылғы 30 қарашадағы
№ 1302 қаулысымен
мақұлданған
Ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдаудың бірыңғай қағидалары туралы келісім
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Беларусь Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі,
1995 жылғы 20 қаңтардағы Кеден одағы туралы келісімді, 1999 жылғы 26 ақпандағы Кеден одағы және Біртұтас экономикалық кеңістік туралы шартты, 2007 жылғы 6 қазандағы Бірыңғай кеден аумағын құру және кеден одағын қалыптастыру туралы шартты негізге ала отырып,
ауыл шаруашылығы өнімі саудасының өзара тиімді, әділ және нарыққа бағдарланған жүйесін одан әрі дамытудың қажеттілігін сезіне отырып,
Тараптар мемлекеттерінің Бірыңғай экономикалық кеңістігін құру мақсатында,
Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылу кезінде Кеден одағына қатысушы мемлекеттер позицияларының келісімділігін қамтамасыз ету мақсатында,
жалпыға бірдей танылған халықаралық құқық қағидаттарын басшылыққа ала отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап. Келісімнің мәні
1. Осы Келісімнің мәні ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді мемлекеттік қолдауды жүзеге асыру қағидаларын белгілеу болып табылады.
2. Осы Келісім Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында әрекет етеді және осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын 1-қосымшада санамаланған тауарларға (бұдан әрі - ауыл шаруашылығы тауарлары) қатысты қолданылады.
2-бап. Анықтамалар
Осы Келісімнің мақсаттары үшін мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) әкімшілік-аумақтық бірліктер - Ресей Федерациясының субъектілері және/немесе Беларусь Республикасы мен Қазақстан Республикасының облыстары (Минск, Астана және Алматы қалаларын қоса алғанда);
2) ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау - ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге тікелей немесе уәкілетті агент арқылы үкімет немесе өзге мемлекеттік билік органы көрсететін қаржылық көмек.
Ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау көлемін есептеу тәртібі осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын осы Келісімге 2-қосымшада берілген;
3) Субсидиялаушы орган - Тараптар мемлекеттерінің ауыл шаруашылығына мемлекеттік қолдау көрсету саласындағы шешімдердің қабылдауын жүзеге асыратын бір немесе бірнеше мемлекеттік органдар немесе жергілікті өзін-өзі басқару органдары.
Субсидиялаушы орган шаруашылық жүргізуші субъектіге ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау шараларын ұсынуға катысты өзіне жүктелген бір немесе бірнеше функцияларды орындау жөнінде тапсырма немесе нұсқау бере алады. Шаруашылық жүргізуші субъектінің осындай іс-қимылдары субсидиялаушы органның іс-қимылдары ретінде қаралады.
Тараптар мемлекеттері Президентінің ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау шараларын ұсынуға бағытталған іс-қимылдары субсидиялаушы органның іс-қимылдары ретінде қаралады.
3-бап. Ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау шараларын саудаға бұрмалаушы әсерінің дәрежесі бойынша жіктеу
1. Ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау шаралары: а) Тараптар мемлекеттерінің ауыл шаруашылығы тауарларымен өзара саудасына бұрмалаушы әсерін тигізбейтін шаралар; б) Тараптар мемлекеттерінің ауыл шаруашылығы тауарларымен өзара саудасына мейлінше жоғары дәрежеде бұрмалаушы әсері бар шаралар; в) Тараптар мемлекеттерінің ауыл шаруашылығы тауарларымен өзара саудасына бұрмалаушы әсерін тигізетін шаралар болып бөлінеді.
2. Тараптар мемлекеттерінің ауыл шаруашылығы тауарларымен өзара саудасына бұрмалаушы әсерін тигізбейтін ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау шараларына (бұдан әрі - бұрмалаушы әсерін тигізбейтін шаралар) осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын осы Келісімге 3-қосымшада санамаланған өлшемдерге толығымен сәйкес келетін шаралар жатады.
3. Тараптар мемлекеттерінің ауыл шаруашылығы тауарларымен өзара саудасына мейлінше жоғары дәрежеде бұрмалаушы әсері бар ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау шараларына (бұдан әрі - саудаға мейлінше жоғары дәрежеде бұрмалаушы әсері бар шаралар):
жүзеге асырылған немесе болашақта мүмкін болатын жалғыз немесе бірнеше шарттардың бірі ретінде ұсынылуы осы ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау шарасын ұсынатын Тарап мемлекетінің аумағынан кез келген басқа Тарап мемлекетінің аумағына ауыл шаруашылығы тауарларын шығару нәтижесімен байланыстырылған ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау шаралары. Осындай қолдау шараларының безендірілген тізбесі осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын осы Келісімге 4-қосымшада берілген;
жалғыз немесе бірнеше шарттардың бірі ретінде ұсынылуы осындай Тарап мемлекетінің аумағында ауыл шаруашылығы тауарларын өндіру кезінде ауыл шаруашылығына осындай мемлекеттік қолдау көрсететін Тарап мемлекетінің аумағынан ғана шығарылатын ауыл шаруашылығы тауарларын пайдаланумен байланыстырылған ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау шаралары жатады.
4. Тараптар мемлекеттерінің ауыл шаруашылығы тауарларымен өзара саудасына бұрмалаушы әсерін тигізетін ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау шараларына (бұдан әрі - бұрмалаушы әсерін тигізетін шаралар) осы баптың 2 және 3-тармақтарында санамаланған өлшемдерге сәйкес бұрмалаушы әсерін тигізбейтін шараларға немесе саудаға мейлінше жоғары дәрежеде бұрмалаушы әсері бар шараларға жатпайтын шаралар жатады.
4-бап. Бұрмалаушы әсерін тигізбейтін шараларды қолдану
Тараптар мемлекеттерінің ауыл шаруашылығы тауарларымен өзара саудасына бұрмалаушы әсерін тигізбейтін ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау шараларын Тараптар шектеусіз қолдана алады.
5-бап. Саудаға мейлінше жоғары дәрежеде бұрмалаушы әсері бар қолдау шараларын қолдану
Тараптар Тараптар мемлекеттерінің ауыл шаруашылығы тауарларымен өзара саудасына мейлінше жоғары дәрежеде бұрмалаушы әсері бар шараларды қолданбайды.
6-бап. Бұрмалаушы әсерін тигізетін қолдау шараларын қолдану
1. Саудаға бұрмалаушы әсерін тигізетін ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдаудың осындай қолдау көлемінің өндірілген ауыл шаруашылығы тауарларының жалпы құнына пайыздық қатынасы ретінде есептелген деңгейі жалпы алғанда 10 %-дан (бұдан әрі - рұқсат етілген көлем) аспауы тиіс.
2. Беларусь Республикасы үшін 2016 жылға дейін өтпелі кезең белгіленеді, осы кезең ішінде Беларусь Республикасы мемлекеттік қолдау деңгейін мынадай түрде төмендетуге міндеттенеді: 2011 жылы - 16 %, 2012 жылы - 15 %, 2013 жылы - 14 %, 2014 жылы - 13 %, 2015 жылы - 12 %, 2016 жылы - 10 %.
3. Тараптар мемлекеттерінің кез-келгені Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылғаннан кейін осы баптың 1-тармағында көрсетілген ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау деңгейі ДСҰ-дағы Тараптар мемлекеттерінің міндеттемелері шегінде белгіленеді.
7-бап. Хабардар ету
1. Тараптар федералдық және/немесе республикалық деңгейде жүзеге асырылатын, ауыл шаруашылығына мемлекеттік қолдау көрсетудің кезекті жылы жоспарланатын барлық бағдарламалары туралы бір-бірін жазбаша нысанда хабардар етеді. Хабарлама басқа Тараптардың уәкілетті органдары ауыл шаруашылығына ұсынылатын мемлекеттік қолдаудың мөлшерін және осы Келісімге сәйкестігін бағалай алатындай жеткілікті ақпаратты қамтуы тиіс Тараптар ауыл шаруашылығына ұсынылатын барлық мемлекеттік қолдауды қол жетімділігі шектеулі ақпарат бөліміне аудармайды. Тараптар жыл сайын ағымдағы жылғы 1-желтоқсаннан кешіктірмей көрсетілген хабарламаларды бір-біріне және Кеден одағының комиссиясына ұсынады.
2. Тараптар осы баптың 1-тармағында көрсетілген хабарламалар үшін бір-біріне шығыстардың функционалдық және ведомстволық сыныптамасы бөлімдері, кіші бөлімдері және түрлері бөлінісінде ұсынылатын, сондай-ақ осындай жобаларды Тараптар мемлекеттерінің парламенттеріне енгізу кезінде ауыл шаруашылығына мемлекеттік қолдау ұсынудың тәртібі мен көлемі туралы нормаларды қамтитын федералдық немесе республикалық бюджет жобасының шығыс бөлігін ұсынады. Бір Тарап мемлекетінде федералдық немесе республикалық бюджет жобасы оған ауыл шаруашылығына мемлекеттік қолдау ұсыну бойынша қандай да бір бағдарламаны қосу немесе алып тастау мақсатында өзгертілген жағдайда, тиісті Тарап жобаға осындай өзгерістерді енгізгеннен кейін 30 күннен кешіктірмей ол туралы басқа Тараптарды жазбаша нысанда хабардар етеді.
Бір Тарап мемлекетінде ағымдағы жылға арналған федералдық немесе республикалық бюджетке ауыл шаруашылығына мемлекеттік қолдау ұсынуға қатысты өзгерістер енгізілген жағдайда аталған Тарап осындай өзгерістер күшіне енгенге дейін 20 күннен кешіктірмей ол туралы басқа Тараптарды жазбаша нысанда хабардар етеді.
3. Тараптар мемлекеттерінің әкімшілік-аумақтық, бірліктерінің бюджеттері жарияланады немесе кез келген басқа тәсілдермен көпшілікке қол жетімді болады. Осындай ақпарат көздерінің тізбесін осы Келісімнің кез келген Тарапының сұрауы бойынша Тарап немесе ол уәкілеттік берген мемлекеттік басқару органы ұсынуы тиіс.
4. Тараптардың уәкілетті органдары өз мемлекеттерінің аумағында есепті жылы ауыл шаруашылығына ұсынылған мемлекеттік қолдау туралы хабарламаны тиісті федералдық немесе республикалық бюджеттің, сонда есепті жылы әкімшілік-аумақтық бірліктер бюджеттерінің орындалуы туралы заң күшіне енгеннен кейін екі айдың ішінде бір-біріне жібереді. Хабарлама Тараптардың әрбірінің уәкілетті органдары ауыл шаруашылығына ұсынылған мемлекеттік қолдаудың сомасын және оның Келісім қағидаларына сәйкестігін бағалай алатындай жеткілікті ақпаратты қамтуы тиіс.
5. 4 тармақта көрсетілген хабарламалар беру форматын Тараптар келіседі.
8-бап. Тараптардың жауапкершілігі
Тараптардың бірі осы Келісімнің ережелерін бұзған жағдайда, мұндай Тарап саудаға мейлінше жоғары дәрежеде бұрмалаушы әсерін тигізетін ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау шараларын немесе осы Келісімнің 6-бабына сәйкес белгіленген шекті рұқсат етілген көлемнен артық шараларды ұсынуға дереу және сөзсіз тоқтатады және басқа Тараптарға рұқсат етілген көлемнен артық мөлшерде өтемақы төлейді. Егер өтемақы Тараптар келіскен мерзімде төленбеген жағдайда, әрбір Тарап өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес өтемақы шарасын енгізуге құқылы.
9-бап. Дауларды шешу
1. Осы Келісімнің ережелерін талқылауға және/немесе қолдануға байланысты даулар бірінші кезекте Тараптар арасындағы келіссөздер мен консультациялар арқылы шешіледі. Егер дау дауға бастамашылық еткен Тараптың дау бойынша жауапкер болып табылатын Тарапқа келіссөздер мен консультациялар өткізу туралы ресми жазбаша хабарлама жіберген күнінен бастап күнтізбелік 60 күн ішінде олар арқылы шешілмесе, талапкер Тарап Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына өтінішпен жүгінуге немесе Келісім комиссиясын құруға бастамашы болуға құқылы.
2. Егер талапкер Тарап Келісім комиссиясында дауды шешу туралы шешім қабылдаған жағдайда, ол жауапкер Тарапқа осындай қолдаухатты жібереді.
3. Келісім комиссиясы уақытша және нақты дауды шешу үшін құрылады, дау шешілгеннен кейін келісім комиссиясы таратылады.
4. Егер Тараптар өзгеше уағдаласпаса, Келісім комиссиясының өкілеттілігі осы Келісімнің тиісті ережелері аясында Тараптардың кез келгенінің қолдаухатында айтылғандай дауды шешу туралы мәселені қараудан және ұсынылған шаралардың осы Келісімге сәйкестігі туралы қорытынды шығарудан тұрады.
5. Кез келген Тарап Келісім комиссиясының қарауына осы Келісімді қолдану немесе талқылауға қатысты кез келген дауды бере алады. Талапкер Тарап өзінің қолдаухатында өзінің пікірінше осы Келісімнің бұзылуы болып табылатын шараларды немесе практиканы белгілейді, өзінің пікірінше осы дауға қатысы бар ережелерді көрсетеді және басқа Тарапқа өз делдалын тағайындау туралы хабардар етумен қолдаухат ұсынады. Талапкер Тарап Келісім комиссиясының төрағасы лауазымына үшеуге дейін кандидатты ұсынады.
Басқа Тарап күнтізбелік 15 күн ішінде екінші делдалды тағайындайды және Келісім комиссиясының төрағасы лауазымына үшеуге дейін кандидат ұсынады.
Екі Тарап екінші делдалды тағайындағаннан кейін күнтізбелік 15 күн ішінде Келісім комиссиясы төрағасының кандидатурасына қатысты келісімге қол жеткізуге тырысады.
6. Егер Тараптар екінші делдалды тағайындағаннан кейін күнтізбелік 20 күннің ішінде төрағаның кандидатурасына қатысты келісімге қол жеткізе алмаса, оны Тараптардың өкілдері осы баптың 9-тармағында аталған шамамен алынған тізімге қосылған және даудағы Тараптар мемлекетінің азаматтары болып табылмайтын адамдар арасынан күнтізбелік 7 күн ішінде жеребе бойынша тағайындайды.
7. Келісім комиссиясы үш мүшеден тұрады: дауаға қатысатын эр Тараптың өкілдерінен және төрағадан. Келісім комиссиясының құрылған күні төрағаны тағайындау күні болып табылады.
8. Келісім комиссиясының делдалдары мен мүшелері болуға дайын және бола алатын адамдардың арнайы білімі немесе құқық, халықаралық сауда саласында, халықаралық сауда саласындағы халықаралық шарттармен байланысты дауларды шешуге қатысы бар басқа да салаларда тәжірибесі болуы тиіс. Олар мемлекеттердің өкілдері немесе қандай да бір ұйымның өкілі ретінде емес, тек өзінің жеке атынан шығып, толығымен тәуелсіз әрекет етуі тиіс, қандай да бір Тараппен байланыста бола алмайды немесе нұсқаулық ала алмайды. Келісім комиссиясының делдалдары мен мүшелерінің кемінде үштен бір бөлігі Тараптар мемлекеттерінің азаматтары болмауы тиіс.
9. Тараптар осы Келісім күшіне енгеннен кейін 90 күннен кешіктірмей делдалдар болуға дайын және бола алатын 15 аспайтын адамның шамамен алынған тізімін жасайды, сондай-ақ олардың бесеуі Тараптар мемлекеттерінің азаматтары болмауы тиіс.
10. Келісім комиссиясы қабылдаған шешімдер Тараптардың әр бірінің орындауы үшін міндетті болып табылады.
11. Тараптар дауларды қарастыру нәтижелерінің ашықтығын қамтамасыз етеді.
12. Дауларды қарау және барлық шешімдерді қабылдау рәсімге қатысатын Тараптардың теңдігі негізінде жүзеге асырылады.
13. Тараптың сұрауы бойынша немесе өз бастамасы бойынша Келісім комиссиясы Тараптардың келісімі мен Тараптар келісуі мүмкін шарттарда қажет деп санайтын кез келген адамнан немесе органнан ақпаратты және техникалық консультация сұрай алады.
14. Келісім комиссиясы басқа Тарап болмағанда Тараптардың бірімен кездеспейді және онымен байланыс жасамайды. Бір де бір делдал талқылау мәнін Тараппен немесе екі Тараппен басқа делдалдар болмағанда талқыламайды.
15. Келісім комиссиясы осы Келісімнің ережелерін халықаралық құқық нормаларына сәйкес түсіндіреді.
16. Басқа Тараптың шарасы осы Келісімнің ережелеріне сәйкес келмейтінін айтып отырған Тарапқа осындай сәйкес еместікті дәлелдеу ауыртпалығында болады.
17. Егер Келісім комиссиясы шағым берілген Тарап осы Келісім бойынша өз міндеттемелерін орындамады деген қорытындыға келсе, өзінің шешімінде жауапкер Тараптың осындай бұзушылықтарды жоятын шараларды қабылдау қажеттілігін және өз шешімдерін орындау үшін күнтізбелік бір жылдан аспайтын ақылға қонымды уақыт кезеңін көрсетеді.
18. Жауапкер Тарап Келісім комиссиясының шешімдерін адал орындау арқылы осы Келісімнен туындайтын өз міндеттемелерін өзінің бұзылуын шұғыл түрде тоқтатуы тиіс.
19. Егер Келісім комиссиясының шешімдері белгіленген уақыт кезеңі ішінде орындалмаған жағдайда немесе Келісім комиссиясы жауапкер Тараптың хабардар еткен шаралары осы Келісімнің ережелеріне сәйкес келмейді деп шешсе, Келісім комиссиясы дауға бастамашылық еткен Тарапқа мөлшерлес қарсы шаралар қабылдауға құқық береді. Қарсы шаралар қабылдау көлемін, мөлшерін және мерзімін Келісім комиссиясы белгілейді.
20. Қарсы шаралар уақытша сипатта болады және осы Келісімінің нормаларын бұзатын шара жойылса немесе осы Келісімнің ережелеріне сәйкес келетіндей өзгертілсе немесе Тараптар дауды шешу туралы келісімге қол жеткізгенге дейін қолданылады.
21. Тараптар келісу рәсімінің шығыстарын тең үлеспен көтереді. Кез келген Тарапқа келген өзге де шығыстарды Тараптың өзі төлейді.
10-бап. Кеден одағы комиссиясының өкілеттілігі
Кеден одағының комиссиясына мынадай функциялар беріледі:
мониторингті жүзеге асыру және Тараптардың әрбірі мемлекетінің тиісті ұлттық заңнамасының осы Келісімге сәйкестігі тұрғысынан салыстырмалы-құқықтық талдау жүргізу, сондай-ақ Тараптардың оның ережелерін сақтау туралы жыл сайынғы есептер дайындау;
өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамасын үйлестіруді және біріздендіруді жүзеге асыру мәселелері бойынша Тараптардың консультацияларын ұйымдастыруда жәрдем көрсету.
11-бап. Өзгерістер
Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
12-бап. Осы Келісімнің күшіне енуі
Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны депозитарий алған күнінен бастап күшіне енеді.
20__жылғы «__» _______ ___________ қаласында орыс тілінде бір данада жасалды.
Түпнұсқа дана осы Келісімге қол қойған әрбір Тарапқа оның куәландырылған көшірмесін жіберетін ЕурАзЭҚ-тың Интеграциялық комитетінде сақталады.
Беларусь Қазақстан Ресей
Республикасының Республикасының Федерациясының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Ауыл шаруашылығын
мемлекеттік қолдаудың бірыңғай
қағидалары туралы келісімге
1-қосымша
Қамтылатын тауарлар
Осы Келісім арқылы Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы Кеден одағының сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай тауар номенклатурасының келесі тауарлары қамтылады:
КО СЭҚ ТН 1-24 топтары, 03 топты (балық пен шаян тәрізділері, маллюскілер мен басқа су омыртқасыздары), 0604 (дайын немесе консервіленген балық; бекіре балығының уылдырығы мен балық уылдырығынан әзірленген оның алмастырушылары) және 1605 (дайын немесе консервіленген шаян тәрізділері, маллюскілер мен басқа су омыртқасыздары) тауар позицияларын қоспағанда;
КО СЭҚ ТН 2905 43 000 0 субпозициясы (маннит);
КО СЭҚ ТН 2905 44 субпозициясы (D-глюцит (сорбит);
КО СЭҚ ТН 3301 тауар позициясы (конкреттерді және абсолюттерді қоса алғанда, эфир майлары (құрамында терпендер бар немесе жоқ); резиноидтер; экстрагирленген эфир майлары; майлардағы, ұшпайтын майлардағы, балауыздағы немесе анфлераж немесе мацераций әдісімен алынатын ұқсас өнімдердегі концентраттар; эфир майлары детерпенизациясының терпендік жанама өнімдері; су дистиляттары және эфир майларының су ерітінділері);
КО СЭҚ ТН 3501 - 3505 тауар позициялары (казеин, казеинаттар және басқа казеин туындылары, казеинді желімдер, альбуминдер (құрғақ затқа қайта есептегенде құрамында 80 мас.%-дан астам сарысу белогы бар екі немесе одан да көп сарысу белоктарының концентраттарын; альбуминаттар және альбуминнің басқа да туындылары; желатин (оның ішінде тік бұрышты (шаршылықты қоса алғанда) табақтарда, сырттай өңдеумен немесе өңдеусіз, боялған немесе боялмаған), және желатиннің туындылары; балық желімі; жануарлардан алынған басқа желімдері (3501 тауар позициясындағы казеиндіктерден басқа); пептондар және олардың туындылары; басқа жерде аталмаған немесе енгізілмеген белоктық заттар және олардың өзге туындылары; теріден немесе гольден жасалған ұнтақ, хромдалған немесе хромдалмаған; декстриндер және өзгертілген басқа крахмалдар (мысалы, алдын ала желатинделген немесе күрделі эфирге айналған); крахмалдар немесе декстриндер, немесе өзгертілген өзге крахмалдар негізінде алынған желімдер); 3503 00 80 1 (құрғақ балық желімі) және 3503 00 800 2 (сұйық балық желімі) кіші субпозицияларынан басқа;
КО СЭҚ ТН 3809 10 субпозициясы (басқа жерде аталмаған немесе енгізілмеген өңдеу құралдары, бояуды тездететін және бояуды бекітуші құралдар және басқа өнімдер, крахмалды заттар негізінде дайын препараттар (мысалы, өңдеуге немесе аулауға арналған заттар);
КО СЭҚ ТН 3824 60 субпозициясы (сорбит, 2905 44 субпозициясындағы сорбиттен басқа);
КО СЭҚ ТН 4101 - 4103 тауар позициялары (ірі қара малдың (буйволдарды қоса алғанда) немесе жылқы тұқымдас (өзге әдіспен буланған немесе тұздалған, кептірілген, пикелденген немесе консервіленген, бірақ пергаментке келтіріліп иленбеген немесе одан әрі өңдеуге түспеген) жануарлардың түгі бар немесе түксіз, бүлінген немесе бүлінбеген, өңделмеген терілері: (терілер және шикізат); қойлардың немесе қозылардың өңделмеген терілері (өзге әдіспен буланған немесе тұздалған, кептірілген, пикелденген немесе консервіленген, бірақ пергаментке келтіріліп иленбеген немесе одан әрі өңдеуге түспеген) жүні бар немесе жүнсіз, бөлінген немесе бөлінбеген өңделмеген терілері, осы топтың 1в ескертуінде алып тасталғандардан басқа; түкті немесе түксіз (өзге әдіспен буланған немесе тұздалған, кептірілген, пикелденген немесе консервіленген, бірақ пергаментке келтіріліп иленбеген), бөлінген немесе бөлінбеген өңделмеген басқа терілер, осы топтың 1б немесе 1 в-ескертулерінде алып тасталғандардан басқа);
КО СЭҚ ТН 4301 тауар позициясы (тері-үлбірлік шикізаты (үлбірлік бұйымдарды дайындауға жарамды бастарды, құйрықтарды, аяқтарды және басқа бөліктер немесе қиықтарды қоса алғанда), 4101, 4102 немесе 4103 тауар позицияларындағы өңделмеген терілерден басқа);
КО СЭҚ ТН 5001 00 000 0 - 5003 00 000 0 тауар позициялары (тарқатуға жарамды жібек құртының пілләлері; тазартылмаған жібек (ширатылмаған); жібек қалдықтары (тарқатуға жарамсыз, пілләлерді қоса алғанда, піллә жіптерінің калдықтары мен ыдыратылған шикізат);
КО СЭҚ ТН 5101 - 5103 тауар позициялары (кардтық немесе тарақпен тарауға ұшырамаған жүн; кардтық немесе тарақпен тарауға ұшырамаған, биязы немесе қылшықты, жануарлардың қылы; иіру қалдықтарын қоса алғанда, бірақ ыдыратылған шикізатты қоспағанда, жануарлардың биязы немесе қылшықты қылының қалдықтары);
КО СЭҚ ТН 5201 00 - 5203 00 000 0 тауар позициялары (кардтық немесе тарақпен тарауға ұшырамаған мақта талшығы; мақта талшығының қалдықтары (иіру қалдықтары мен ыдыратылған шикізаттарды қоса алғанда); кардтық немесе тарақпен тарауға ұшыраған мақта талшығы);
КО СЭҚ ТН 5301 тауар позициясы (шикізатты зығыр немесе өңделген, бірақ иіруге ұшырамаған зығыр; зығырдың қыл-қыбыры мен қалдықтары (иіру қалдықтары мен жұлынған шикізатты қоса алғанда);
КО СЭҚ ТН 5302 тауар позициясы (пенька (Сannabis sativa L.), шикізат немесе өңделген, бірақ иіруге ұшырамаған; пеньканың қыл-қыбырлары мен қалдықтары (иіру қалдықтары мен ыдыратылған шикізатты қоса алғанда).
Ауыл шаруашылығын
мемлекеттік қолдаудың бірыңғай
қағидалары туралы келісімге
2-қосымша
Ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау көлемін есептеу тәртібі
1. Ақша қаражатын тікелей аудару.
Қолдау көлемі қайтарымсыз берілетін (мысалы, дотациялар, өтемақылар және т.б. түрінде) нақты алынған қаражат сомасы немесе егер қаражат қол жетімді нарықта (банктік кредит, облигациялар және т.б. нарығында) қалыптасқан шарттарға қарағанда қолайлырақ шарттарда қайтарымды негізде берілетін болса, оларды нарықта алған жағдайда аталған қаражатты пайдаланғаны үшін төленуі талап етілетін сома мен нақты төленген сома арасындағы айырма ретінде есептеледі.
2. Міндеттемені орындау кепілдігін (мысалы, несиелер және қарыздар бойынша кепілдіктер) ұсыну.
Міндеттемені орындаудың ұсынылған кепілдігі бойынша қолдау көлемін сақтандыру қызметінің қол жетімді нарығында тиісті міндеттемелерді орындамаудың тәуекелін сақтандыру жөніндегі тарифтер негізінде төленуі талап етілетін сома мен кепілдік ұсынғаны үшін субсидиялаушы органға төленуі талап етілген сома арасындағы айырма ретінде анықтаған жен.
Кепілдіктерді орындау бойынша бюджеттік шығыстар олардың осы тармақтың 1-бөлігіне сәйкес есептелген деңгейден асатын жағдайдағы сомасында қолдау көлеміне қосылады.
Тараптар 7-бапта көзделген хабарламаға міндеттемелерді орындаудың мемлекеттік кепілдігін ұсыну бойынша мемлекеттік қолдау деңгейін бағалауға мүмкіндік беретін ақпаратты қосады.
3. Нарықтық бағалардан асатын бағалармен тауарды, қызметтерді, бағалы қағаздарды, кәсіпорынды (мүліктік кешенді) немесе оның бөлігін, ұйымның жарғылық қорындағы үлесін (сатып алынған акцияларын қоса алғанда), басқа да мүлікті, зияткерлік меншік объектілері құқығын және т.б. сатып алу.
Қолдау көлемі объектілерді сатып алуға нақты төлеген сома мен нарықта қалыптасқан бағамен осы объектілер үшін төленуі талап етілетін сома арасындағы айырма ретінде есептеледі.
Акция сатып алуға, кәсіпорынның жарғылық капиталында өзінің үлесін ұлғайтуға және қарапайым инвестициялық практиканың шарттарына сай келетін т.б. жұмсалған мемлекет шығыстары мемлекеттік қолдау шараларына жатпайды.
4. Мемлекеттің және әкімшілік-аумақтық бірліктердің бюджеттеріне тиесілі кірістерді өндіріп алудан толық немесе ішінара бас тарту (мысалы, бюджетке түсетін төлемдер бойынша қарыздарды есептен шығару және т.б.).
Қолдау көлемі ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің бюджет алдындағы орындалмаған қаржылық міндеттемелерінің, оның ішінде, қолдау шаралары қолданылмаған жағдайда туындайтын міндеттемелердің сомасына сәйкес келеді. Міндеттемелерді орындауды кейінге қалдырған жағдайда қолдау көлемі қол жетімді кредит нарығынан алынған қарыз қаражатын пайдаланғаны үшін кейінге қалдырылған міндеттемелер санына тең пайыз түрінде төленуі қажет сома ретінде анықталады.
5. Тауарларды немесе қызметтерді жеңілдекпен немесе өтеусіз ұсыну.
Қолдау көлемі нарықтағы құн мен тауарларды немесе қызметтерді сатып алуға (ұсынуға) нақты төленген соманың айырмасы ретінде есептеледі.
6. Нарықтық бағаның деңгейін қолдауға бағытталған шараларды біріктіретін бағалық қолдау.
Бағалық қолдау көлемі реттелетін бағалар немесе бағаларды реттеу бойынша шаралар қолданылған ауыл шаруашылығы тауарларының санын тауарларды қайта өңдеудің сапасы мен дәрежесіне (мысалы, сүттің базисті майлылығы) байланысты ақпаратты түзете отырып, ішкі реттелетін баға мен анықтамалық әлемдік бағаның әр түрлілігіне көбейтумен есептеледі. Бағаны қолдауға бағытталған бюджет шығыстар (мысалы, сатып алу және сақтау бойынша шығыстар) қолдау көлемінің есебіне қосылмайды.
Ауыл шаруашылығын
мемлекеттік қолдаудың бірыңғай
қағидалары туралы келісімге
3-қосымша
Тараптардың ауыл шаруашылығы тауарларымен өзара саудасына бұрмалаушы әсерін тигізбейтін мемлекеттік қолдау шаралары
Тараптардың ауыл шаруашылығы тауарларымен өзара саудасына жағымсыз әсерін тигізбейтін ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді (бұдан әрі — өндірушілер) мемлекеттік қолдау шаралары мынадай негізгі өлшемдерге сәйкес келуі тиіс:
қолдау тұтынушылар қаражаты есебінен емес, бюджет қаражаты (талап етілмейтін кірістерді қосқанда) есебінен, оның ішінде мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде беріледі;
қолдау салдары өндірушілердің бағаларын қолдау болмауы тиіс.
Талап етілмеген кірістер деп бюджетке тиесілі міндетті төлемдерді алудан түпкілікті немесе уақытша бас тарту түсініледі.
1. Қызметтер ұсынудың мемлекеттік бағдарламалары.
Жалпы сипаттағы қызметтер.
Мұндай сипаттағы шаралар ауыл шаруашылығы тауарларын өндіретіндерге немесе қайта өңдейтіндерге тікелей төлемді қоспағанда, негізге алынып ауыл шаруашылығына немесе ауыл тұрғындарына қызметтер немесе жеңілдіктер берілетін бағдарламаларды орындауға бағытталған қаражат (немесе талап етілмеген кірістер) бөлуді көздейді. Мұндай бағдарламалар осы Ережеде көрсетілген негізгі өлшемдерге сай келуі тиіс және мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылуы мүмкін:
1) ғылыми зерттеулер, оның ішінде жалпы сипаттағылар, қоршаған ортаны қорғау бағдарламаларымен байланысты зерттеулер және нақты өнімдер бойынша зерттеу бағдарламалары;
2) зиянкестерге және ауруларға қарсы күрестің жалпы шараларын, сондай-ақ, мысалы, ерте алдын алу жүйесі, карантин және жою сияқты, нақты бір тауарға қатысты шараларды қоса алғанда, зиянкестерге және ауруларға қарсы күрес;
3) кадрларды жалпы және арнайы даярлау;
4) ақпаратты және зерттеу нәтижелерін өндірушілер мен тұтынушыларға беруді жеңілдету үшін қаражат беруді қоса алғанда, ақпарат тарату, консультативтік қызметтер;
5) денсаулық сақтау, қауіпсіздік, стандарттау мен сапасы бойынша сұрыптау жүргізу мақсаты үшін жалпы инспекциялық қызметтерді және ауыл шаруашылығы тауарларын зерттеуді қоса алғанда, инспекциялық қызметтері;
6) маркетингтік ақпарат, консультация және нақты бір ауыл шаруашылығы тауарларын ілгерілетуді қоса алғанда, маркетинг және ауыл шаруашылығы тауарларының ілгерілетуі бойынша қызметтер (ауыл шаруашылығы тауарларын өткізу бағаларын төмендету немесе сатып алушыларға тікелей экономикалық жеңілдіктер беру үшін сатушылар пайдалана алатын нақты мақсаттарға арналмаған шығыстарды қоспағанда);
7) электрмен жабдықтауды, көшелерді және басқа да қатынас жолдарын, базар мен порт жабдықтарын, сумен жабдықтауды, тоғандар және дренажды жүйелерді, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі бағдарламалармен сәйкес инфрақұрылым салу бойынша жұмыстарды қоса алғанда, инфрақұрылым бойынша қызметтер.
Пайдалану шығындарын немесе жеңілдіктерге ие тұтынушыларға қызмет көрсетуден толық алынбаған кірісті жабуға бағытталған қаражатты қоспағанда, барлық жағдайларда қаражат тек жабдықтарға немесе күрделі құрылыстар мен жалпы пайдаланылатын инфрақұрылымның жалпы қол жетімді объектілерін салуға бағытталады.
2. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мемлекеттік резервтер құру.
Азық-түлік қорларын жинақтау және сақтау мақсаттары үшін берілетін қаражат (немесе талап етілмейтін кірістер) Тараптардың ұлттық заңнамасында анықталған азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі бағдарлама шеңберінде бөлінеді.
Мұндай резервтердің көлемі мен жинақталуы тек қана азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты алдын-ала анықталған мақсаттарға сәйкес келеді. Резервтерді жинақтау және бөлу процесі қаржылық шығындар тұрғысынан транспарентті болуы тиіс. Уәкілетті мемлекеттік билік органдарының азық-түлік сатып алуы ағымдағы нарықтық бағалар бойынша, ал азық-түлік резервтерінен сату тиісті сападағы нақты өнімнің ағымдағы ішкі нарықтық бағаларынан төмен емес бағалар бойынша жүзеге асырылады.
3. Ішкі азық-түліктік көмек.
Ішкі азық-түліктік көмек - халықтың мұқтаж бөлігіне ішкі азық-түліктік көмек беруге бағытталған қаражат (немесе талап етілмейтін кірістер).
Азық-түліктік көмек алу құқығы Тараптардың ұлттық заңнамасында анықталған азық-түлікпен қамтамасыз етуге қатысты өлшемдермен байланысты. Мұндай көмек мүдделі тұлғаларға азық-түлікті тікелей жеткізу немесе оларға азық-түлікті сатып алу үшін нарықтық немесе субсидияланған бағалармен қаражат беру нысанында ұсынылады. Уәкілетті мемлекеттік билік органдарының азық-түлік сатып алуы ағымдағы нарықтық бағалар бойынша жүргізіледі, ал қаржыландырылуы мен бөлінуі транспарентті болуы тиіс.
Өндірушілерге тікелей төлемдер.
Өндірушілерге тікелей төлемдер (немесе заттай мәндегі төлемдерді қоса алғанда талап етілмейтін кірістер) түрінде ұсынылатын қолдау осы Қосымшада көрсетілген негізгі өлшемдермен, сондай-ақ осы Қосымшаның 5-12-тармақтарында көрсетілген тікелей төлемдердің жеке түрлеріне қолданылатын басқа да өлшемдермен сәйкес келуі тиіс.
5. Кірістердің «байланыспаған» қолдауы:
1) төлемдер алу құқығы Тараптардың ұлттық заңнамасында белгіленген өндірушінің кіріс деңгейі, мәртебесі, анықталған және белгіленген базалық кезеңдегі өндіру факторлары мен өндіру деңгейін пайдалану сияқты өлшемдермен анықталады;
2) төлемдер сомасы аталған өндірушілер өндірген өнімнің (мал басын қоса алғанда) түрі немесе көлемі негізінде анықталмайды және оларға байланысты болмайды;
3) төлемдер сомасы өндірілген өнімнің ішкі немесе әлемдік бағалары негізінде анықталмайды және оларға байланысты болмайды;
4) төлемдер сомасы өндіріс факторлары негізінде анықталмайды және оларға байланысты болмайды;
5) төлемдер алу үшін өнімді көрсету талап етілмейді.
6. Кірістерді сақтандыру мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағдарламаларына мемлекеттік билік органдарының қаржылай қатысуы:
1) төлемдер алу құқығы өткен үш жылдық кезеңдегі таза кіріс нысанындағы (осындай немесе ұқсас бағдарламалар бойынша алынған кез-келген төлемдерді қоспағанда) орташа жалпы кірістің немесе эквиваленттің немесе ең жоғары және ең төменгі жылдық көрсеткіштер алынып тасталған, өткен бес жылдық кезең негізінде есептелген, үш жылға арналған орташа көрсеткіштің 30 пайызынан асатын кірістердегі (бұл ретте, ауыл шаруашылығынан алынған кірістер ғана есептеледі) шығындармен анықталады. Осы шарттарға сай келетін кез-келген өндірушінің төлемдер алуға құқығы бар;
2) төлемдер сомасы өндірушінің көмек алу құқығына ие болған жылдағы кіріс шығындарының 70 пайызынан кемін өтейді;
3) кез-келген төлемдер сомасы тек кіріске ғана байланысты болады: ол аталған өндірушілердің өндірген өнім (мал басын қоса алғанда) түрлері және көлемімен; немесе осындай өнімдердің ішкі немесе әлемдік бағаларымен; немесе өндіріс факторларын пайдаланумен байланысты емес;
4) өндіруші осы тармақ және осы Қосымшаның 7-тармағы негізінде бір жылда төлемдер (табиғат апаттары жағдайында көрсетілген көмек) алған жағдайда, мұндай төлемдердің жалпы мөлшері өндірушінің жалпы шығынның 100 пайыздан кемін құрайды.
7. Астықты сақтандыру бағдарламаларында, табиғи апаттар жағдайында көмек көрсетуде мемлекеттік билік органдарының немесе олар өкілеттілік берген ұйымдардың тікелей немесе қаржылай қатысуымен жүзеге асырылатын төлемдер:
1) төлемдер алу құқығы табиғи немесе осыған ұқсас апаттың (Тараптар аумағындағы техногенді сипаттағы оқиғаларды, аурулардың өршуін, зиянкестермен залалдануды, ядролық апаттарды және соғысты қоса алғанда) болғандығын немесе орын алғандығын мемлекеттік билік органдары ресми мойындағаннан кейін ғана туындайды және алдағы үш жылдық кезеңдегі өндірістің орташа деңгейінің немесе ең жоғары және ең төмен жылдық көрсеткіштер алынып тасталған, алдағы бес жылдық кезең негізінде есептелген, үш жылға арналған орташа көрсеткіштің 30 пайызынан асатын өндірістік шығындармен анықталады;
2) табиғи апаттарға байланысты жүргізілетін төлемдер тек аталған оқиға себебінен пайда болған кіріс, мал бастары шығындарына (малға ветеринариялық қызмет көрсетуге қатысты төлемдерді қоса алғанда), ауыл шаруашылығы жерлерінің айналымнан шығуына және басқа да өндіріс факторларына ғана қолданылады;
3) төлемдер болашақтағы өнім түрлеріне немесе санына қарамастан, осындай шығындардың жалпы құнын ғана өтейді;
4) табиғи апат кезіндегі жүргізілген төлемдер осы тармақтың 2) тармақшасында анықталған одан кейінгі шығындардың алдын алу немесе жұмсарту үшін қажетті деңгейден аспайды;
5) өндіруші осы тармақ және осы Қосымшаның 6-тармағы негізінде бір жылда төлемдер алған жағдайда, мұндай төлемдердің жалпы мөлшері өндірушінің жалпы шығынының 100 пайызынан аспайды.
8. Өндірушілерге өз қызметтерін тоқтатуға түрткі болатын бағдарламалар арқылы құрылымдық өзгерістерге жәрдемдесу:
1) төлемдер алу құқығы тауарлы ауыл шаруашылығы өнімін өндірумен айналысатын тұлғалардың қызметтерін тоқтатуын немесе олардың экономиканың басқа саласына ауысуларын жеңілдетуге арналған бағдарламалар шеңберіндегі дәл анықталған өлшемдермен түсіндіріледі.
2) төлемдер көмек алушылардың тауарлы ауыл шаруашылығы өнімін өндіруді толық және тұрақты тоқтатуларымен байланысты болады.
9. Ресурстарды пайдалануды тоқтату жөніндегі бағдарлама арқылы құрылымдық өзгерістерге көмек көрсету:
1) төлемдер алу құқығы ауыл шаруашылығы тауарларын өндіру мақсаты үшін қолдағы малды қоса алғанда жерді немесе басқа да ресурстарды пайдалануды тоқтатуға бағытталған бағдарламалар шеңберінде дәл анықталған өлшемдермен түсіндіріледі;
2) төлемдер жерді тауарлы ауыл шаруашылығы тауарлары өндірісі саласынан ең аз дегенде үш жылға шығарумен, ал қолдағы мал жағдайында - одан әрі өсіруден бас тартып оны союмен байланысты болады;
3) төлемдерді іске асыру үшін тауарлы ауыл шаруашылығы өнімі өндірісімен байланысты осындай жерлерді және басқа да ресурстарды баламалы пайдалану талап етілмейді және нақтыланбайды;
4) төлемдер өнімнің түрлеріне, санына, өндіріс үшін қалатын жерді немесе басқа да ресурстарды пайдаланумен өндірілген өнімнің ішкі немесе әлемдік бағаларына байланысты болмайды.
10. Инвестицияларды ынталандыру арқылы құрылымдық өзгерістерге жәрдемдесу:
1) төлемдер алу құқығы объективті дәлелденген құрылымдық шығындардың салдарынан өндірушілердің қызметін қаржылық және физикалық қайта құрылымдауға жәрдемдесуге арналған мемлекеттік бағдарлама шеңберінде нақты анықталған өлшемдермен түсіндіріледі. Мұндай төлемдер алу құқығы ауыл шаруашылығы алқаптарын мемлекет иелігінен шығару бойынша нақты анықталған үкіметтік бағдарламаға да негізделуі мүмкін;
2) төлемдер сомасы осы тармақтың 5) тармақшасында көзделгендерді қоспағанда, осы өндірушілер өндірген өнім түрлері және көлемдері (мал басын қоса алғанда) негізінде анықталмайды және оларға байланысты болмайды;
3) төлемдер сомасы нақты тауарлардың ішкі немесе әлемдік бағалары негізінде анықталмайды және оларға байланысты болмайды;
4) төлемдер тек қана олар арналған инвестицияларды іске асыру үшін қажетті уақыт кезеңіне беріледі;
5) төлемдерді жүзеге асыру кезінде қолдауды алушыларға, қандай да бір нақты өнімді өндірмеу талабын қоспағанда, олардың қандай ауыл шаруашылығы тауарын өндіруі тиіс екендігі жазылмайды және ешқандай тәсілмен көрсетілмейді;
6) құрылымдық шығындардың орнын толтыру үшін қажетті сомамен шектеледі.
11. Қоршаған ортаны қорғау бағдарламасы бойынша төлемдер.
1) төлемдер алу құқығы қоршаған ортаны қорғау немесе сақтаудың мемлекеттік бағдарламасына қатысумен түсіндіріледі және өндіріс әдістеріне немесе қажетті материалдарға қатысты шарттарды қоса алғанда, осы мемлекеттік бағдарламада көзделген нақты шарттардың орындалуына байланысты болады;
2) төлем сомасы мемлекеттік бағдарламаның орындалуымен байланысты қосымша шығындардың мөлшерімен немесе кіріс шығындарымен шектеледі.
12. Өңірлік көмек көрсету бағдарламалары бойынша төлемдер:
1) мұндай төлемдерді алу құқығы қолайсыз өңірлердегі өндірушілерге беріледі. Қолайсыз өңір болып Тараптардың ұлттық заңнамасында айқындалған әкімшілік және (немесе) экономикалық аумақ саналады;
2) мұндай төлемдердің сомасы ауыл шаруашылығы тауарларының (мал басын қоса алғанда) түрі немесе көлемі негізінде анықталмайды және оған байланысты болмайды, бірақ осы тауар өндірісінің қысқаруымен байланысты болады;
3) мұндай төлемдердің сомалары нақты тауарлардың ішкі немесе әлемдік бағалары негізінде анықталмайды және оған байланысты болмайды;
4) төлемдер тек қана көмек алуға құқығы бар өңірлердің өндірушілеріне беріледі және мұндай өңірлердегі барлық өндірушілер үшін қол жетімді;
5) өндіріс факторымен байланысты төлемдер өндірістің осы факторы бойынша шекті деңгейден жоғары регрессивті шәкіл бойынша анықталады;
6) төлемдер белгіленген аумақтағы ауыл шаруашылығы тауарларының өндірісімен байланысты қосымша шығыстардың немесе кіріс шығындарының мөлшерімен шектеледі.
Ауыл шаруашылығын
мемлекеттік қолдаудың бірыңғай
қағидалары туралы келісімге
4-қосымша
Тараптардың ауыл шаруашылығы тауарларымен өзара саудасына мейлінше жоғары дәрежеде бұрмалаушы әсері бар ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау шараларының безендірілген тізбесі
Осы Келісімнің мақсаттары үшін 3-баптың 3-тармағының 1-абзацына сәйкес мемлекеттік қолдау шаралары ретінде мыналар танылады:
тауарларды басқа Тарап мемлекетінің аумағына әкету нәтижелеріне байланысты субсидиялайтын органның нақты өндірушілерге, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер тобына немесе бірлестігіне нақты төлемдерді (заттай түрдегі төлемдерді қоса) жүзеге асыруы;
Тараптың ішкі нарығындағы тұтынушыларына ұсынылатын ұқсас тауардың бағасынан төмен бағамен сату немесе субсидиялаушы органның басқа Тараптың аумағына ауыл шаруашылығы тауарларының коммерциялық емес қорларын әкетуге ұсыныс етуі;
басқа Тараптың аумағына мемлекеттік қаражат есебінен немесе есебінен емес болсын үкімет қолдау арқылы қаржыландырылатын ауыл шаруашылығы тауарларды әкету кезіндегі төлемдерді жүзеге асыру, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімді немесе ауыл шаруашылығы өнімнен жасалған басқа Тарап мемлекетінің аумағына әкетілетін өнімді жинаудан түскен түсімдер есебінен қаржыландырылатын төлемдерді қоса алғанда;
субсидиялаушы органның тиеу-түсіру жұмыстарының, өнім сапасын арттыру шығындарын және қайта өңдеу бойынша өзге де шығыстарды, сондай-ақ халықаралық тасымалдаумен байланысты шығыстарды қоса алғанда, маркетингке жұмсалатын шығындарды азайту үшін қаржылық қолдау көрсетуі және басқа Тарап мемлекетінің аумағына әкету үшін ауыл шаруашылығы тауарларын ілгерілетуі (экспортты және консультациялық қызмет көрсетуді дамытуға жәрдемдесу бойынша кең таралған қызметтерді қоспағанда);
ішкі тұтынуға арналған ауыл шаруашылығы тауарларын тасымалдаған кездегіден көрі барынша қолайлы шарттарда басқа Тараптың аумағына әкетуге арналған ауыл шаруашылығы тауарларын тасымалдау үшін ішкі тарифтерді белгілеу;
ауыл шаруашылығы өнімдерін басқа Тараптың аумағына әкетуге үшін арналған өнімге қосуға байланысты оларға мемлекеттік қолдау көрсету.