Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының ұжымдық қауіпсіздік жүйесі күштері мен құралдарының қару-жарағы мен әскери техникасының техникалық және ақпараттық үйлесімділігін қамтамасыз ету туралы хаттамаға қол қою туралы ұсыныс Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Жоба
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының ұжымдық қауіпсіздік
жүйесі күштері мен құралдарының қару-жарағы мен әскери
техникасының техникалық және ақпараттық үйлесімділігін
қамтамасыз ету туралы
ХАТТАМА
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттер (бұдан әрі - Тараптар),
1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарттың ережелерін және бірлескен міндеттерді орындау кезінде Тараптардың қарулы күштерінің өзара іс-қимылын қамтамасыз ету қажеттілігін басшылыққа ала отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Хаттаманың мынадай мақсаты бар:
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарының (бұдан әрі — ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдары) құрамына Тараптардың ұлттық қарулы күштерінен және басқа да әскерлерінен бөлінген бірлестіктерді, құрамаларды, бөлімдер мен бөлімшелерді қолдануды ұйымдастыру кезінде бірыңғай көзқарастарды іске асыру;
олар қойылған міндеттерді орындау кезінде ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарын тиімді басқаруды қамтамасыз ету;
ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарын техникалық, тылдық және ақпараттық қамтамасыз етуге қажеттіліктерін жедел қанағаттандыру үшін жағдай жасау.
2-бап
Осы Хаттамада қару-жарақ пен әскери техника (бұдан әрі - ҚЖӘТ) үлгілерінің техникалық және ақпараттық үйлесімділігі деп белгіленген жағдайда бірлесіп пайдалануға, келісілген жедел-тактикалық нормативтерді орындауға, Тараптардың қарулы күштерінің жарақтандыруында тұрған техникалық қамтамасыз ету құралдарын пайдалана отырып, техникалық қызмет көрсетуді және әскери жөндеуді жүзеге асыруға ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдары құрамына Тараптардың ұлттық қарулы күштерінен және басқа да әскерлерінен бөлінген бірлестіктердің, құрамалардың, бөлімдер мен бөлімшелердің қару-жарағында тұрған ҚЖӘТ-ның жарамдылығы түсіндіріледі.
3-бап
Осы Хаттаманы іске асыру мақсатында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының біріккен штабы ол күшіне енгеннен кейін бір жыл ішінде Тараптардың қорғаныс министрліктерінің ұсыныстары бойынша ҚЖӘТ үлгілерінің, олардың техникалық және ақпараттық үйлесімділігін қамтамасыз ететін параметрлерінің және сандық сипаттамаларының тізбесін (бұдан әрі - Тізбе) қалыптастырады.
Тізбенің міндетті сипаты бар, ол Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Қорғаныс министрлері кеңесінің шешімімен бекітіледі және қажеттілігіне қарай түзетіледі.
4-бап
Тараптар Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің қорғаныс министрліктері келіскен мерзімдерде ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің көпжақты күштері мен құралдары құрамына бөлінетін өздерінің қарулы күштерінің бірлестіктерін, құрамаларын, бөлімдері мен бөлімшелерін Тізбенің шарттарын қанағаттандыратын ҚЖӘТ үлгілерімен жарақтандырады.
5-бап
Осы Хаттаманы қолдануға немесе түсіндіруге байланысты даулы мәселелер консультациялар мүдделі Тараптар арасындағы келіссөздер жолымен шешіледі.
6-бап
Осы Хаттамаға өзгерістер мен толықтырулар өзара келісім бойынша енгізіледі және осы Хаттаманың ажырамас бөлігі болып табылатын жекелеген хаттамалармен ресімделеді және осы Хаттаманың 7-бабында көзделген тәртіппен күшіне енеді.
7-бап
Осы Хаттама оған қол қойған Тараптар, оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы төртінші жазбаша хабарламаны депозитарийге сақтауға тапсырған күннен бастап күшіне енеді.
Қажетті мемлекетішілік рәсімдерді кешіктіріп орындаған Тараптар үшін осы Хаттама депозитарийге тиісті құжаттарды тапсырған күннен бастап күшіне енеді.
8-бап
Осы Хаттама, егер Тараптар өзгелер туралы уағдаласпаса, 1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарттың қолданылу мерзімі ішінде қолданылады.
Әрбір Тарап осы Хаттаманың қолданылуы уақытында туындаған қаржылық және өзге де міндеттемелерді реттей отырып, шығу күніне дейін алты айдан кешіктірмей депозитарийге жазбаша хабарлама жолдай отырып, осы Хаттамадан шыға алады.
_______ қаласында 201_ жылғы «__» ________ орыс тілінде бір данада жасалды. Түпнұсқа дана осы Хаттамаға қол қойған әрбір мемлекетке оның расталған көшірмесін жолдайтын Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Хатшылығында сақталады.
Армения Республикасы үшін Ресей Федерациясы үшін
Беларусь Республикасы үшін Тәжікстан Республикасы үшін
Қазақстан Республикасы үшін Өзбекстан Республикасы үшін
Қырғыз Республикасы үшін