Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
«Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Румыния Үкіметі арасындағы инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
жоба
Қазақстан Республикасының Заңы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Румыния Үкіметі
арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы
келісімді ратификациялау туралы
Астана қаласында 2010 жылғы 2 наурызда қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Румыния Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісім ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Румыния Үкіметі
арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы
келісім
Бұдан әрі «Уағдаласушы Тараптар» дегі аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Румынияның Үкіметі,
екі мемлекеттің де өзара тиімділігі үшін экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға тілек білдіре отырып,
бір Уағдаласушы Тарап инвесторларының екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің аумағындағы инвестициялары үшін қолайлы жағдайлар жасауды және қолдауды болжай отырып,
осы Келісімнің негізінде инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау кәсіпкерлік бастаманы ынталандыратынын және екі мемлекеттің де одан әрі гүлденуіне ықпал ететінін тани отырып,
екі мемлекет арасындағы инвестицияларды көтермелеу мен өзара қорғауды реттейтін және кепілдік беретін тиісті құқықтық құрылым құру қажеттігін сезіне отырып,
мына төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Анықтамалар
Осы Келісімнің мақсатында:
1. «Инвестор» термині екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес бір Уағдаласушы Тарап мемлекетінің екінші Уағдаласушы Тараптың аумағында инвестицияларды жүзеге асыратын субъектісін білдіреді:
а) өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес кез келген Уағдаласушы Тарап мемлекетінің азаматы болып табылатын және инвестицияларды жүзеге асыруға құқығы бар кез келген жеке тұлға;
b) осы Уағдаласушы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес тиісті түрде құрылған немесе өзгедей ұйымдастырылған және нақты экономикалық қызметпен бірге осы Уағдаласушы Тарап мемлекетінің аумағында өзінің тұрғылықты жері бар компанияны, корпорацияны, бизнес қауымдастықты және басқа да ұйымдарды қоса алғанда, заңды тұлғалар.
2. «Инвестициялар» термині екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес бір Уағдаласушы Тарап инвесторлары екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің аумағында инвестициялаған активтердің кез келген түрін білдіреді және атап айтқанда, бірақ айрықша емес мыналарды:
а) жылжымалы және жылжымайтын мүлікті, сондай-ақ сервитуттер, ипотека, кепілдер, салымдар сияқты кез келген басқа да заттық құқықтарды;
b) акцияларды, үлестерді немесе компаниялардағы қатысудың кез келген басқа түрін;
с) ақша талаптарын немесе экономикалық құндылығы бар кез келген атқаруды;
d) авторлық құқықтар, патент, өнеркәсіптік үлгілер немесе моделдер, сауда немесе сервистік белгілер, сауда атаулары, сондай-ақ ноу-хау мен гудвилл сияқты зияткерлік меншік құқықтарын және Уағдаласушы Тараптар мемлекетінің ұлттық заңнамаларымен танылған басқа да құқықтарды;
е) табиғи ресурстарды іздеуге, алуға және пайдалануға арналған концессияны, сондай-ақ Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына, шартқа немесе әкімшілік шешімге сәйкес ұсынылған басқа да барлық құқықтарды қоса алғанда, көпшілік құқығына сәйкес концессияларды қамтиды.
Активтері инвестицияланатын немесе қайта инвестицияланатын нысанның кез келген өзгерісі олардың инвестициялар ретіндегі сипатын қозғамауы тиіс.
3. «Кірістер» термині инвестициялардан алынған және атап айтқанда, бірақ айрықша емес пайданы, дивидендтерді, проценттерді, капитал өсімін, роялтиді, басқаруды және техникалық жәрдемдесуді, сондай-ақ кірістер төленетін нысанына қарамастан, басқа да төлемдерді білдіреді.
4. «Аумақ» термині:
Қазақстан Республикасына қатысты - өзінің ұлттық заңнамасына және халықаралық құқық нормаларына сәйкес Қазақстан Республикасы егемендігін жүзеге асыратын және заңи құзыретін қолданатын жерді, суды, жер қойнауы мен әуе кеңістігін қоса алғанда, құрлық, теңіз және әуе шекаралары шегінде Қазақстан Республикасының аумағын;
Румынияға қатысты - оның аумақтық теңізі мен оның аумағы үстіндегі әуе кеңістігін және Румыния оған қатысты егемендігін жүзеге асыратын оның аумақтық теңізін, сондай-ақ өзінің ұлттық заңнамасына және халықаралық құқық нормаларына сәйкес Румыния өз заңи құзыреті мен егеменді құқықтарын жүзеге асыратын іргелес аймақтық және континентальдық қайраң мен арнайы экономикалық аймағын қоса алғанда, Румынияның аумағын білдіреді.
2-бап
Көтермелеу және қолдау
1. Әрбір Уағдаласушы Тарап мүмкіндігіне карай өз аумағында екінші Уағдаласушы Тараптың инвесторлары салған инвестицияларды ынталандырады және өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес мұндай инвестицияларды таниды.
2. Егер Уағдаласушы Тарап оның аумағында екінші Уағдаласушы Тараптың инвесторлары жүзеге асырған инвестицияларды таныса, ол өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес азаматтығына қарамастан, басқарушы және техникалық персонал сияқты шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсатты қоса алғанда, мұндай инвестициялармен байланысты қажетті рұқсаттарды ұсынуға тиіс.
3-бап
Қорғау және режим
1. Әрбір Уағдаласушы Тарап өз аумағы шегінде Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес екінші Уағдаласушы Тараптың инвесторлары салған инвестицияларды Еуропалық Одақ қабылдайтын шараларға залалсыз қорғайды және негізсіз немесе
кемсітушілік шаралармен мұндай инвестицияларды басқаруға, қызмет
көрсетуге, пайдалануға, иеленуге, ұлғайтуға, сатуға немесе жоюға кедергі келтірмеуі тиіс. Атап айтқанда, әрбір Уағдаласушы Тарап немесе оның мемлекетінің құзыретті органдары осы Келісімнің 2-бабының 2-тармағында айтылған қажетті рұқсаттарды беруге тиіс.
2. Әрбір Уағдаласушы Тарап екінші Уағдаласушы Тарап инвесторларының инвестицияларына өз аумағы шегінде әділ және тең құқықтық режимді қамтамасыз етеді. Бұл режимнің қолайлылығы әрбір Уағдаласушы Тараптың оның аумағының шегіне салған ұлттық инвесторлардың инвестицияларына ұсынылғаннан, егер соңғы режим неғұрлым қолайлы болса, әрбір Уағдаласушы Тарап оның аумағы шегінде кез келген үшінші мемлекеттің инвесторлары салған инвестицияларына ұсынғаннан кем болмауға тиіс.
3. Осы Келісімнің кемсітушіліксіз режимінің, ұлттық режимінің және барынша қолайлы режимінің ережелері оның кедендік, экономикалық немесе валюта одағына, бірыңғай нарыққа немесе еркін сауда аймағына мүшелігі немесе бірлестігіне байланысты өз инвесторларына мұндай одаққа, бірыңғай нарыққа немесе еркін сауда аймағына мүше мемлекеттердің инвесторларына немесе кез келген басқа да үшінші мемлекетке кез келген Уағдаласушы Тарап ұсынған барлық қолданыстағы немесе болашақтағы басымдықтарға қолданылмауға тиіс. Мұндай режим Уағдаласушы Тараптардың кез келгені қосарланған салық салуды болдырмау және салықтарды төлеуден жалтаруға жол бермеу туралы келісім немесе басқа да келісімдер негізінде салық салуға байланысты өзара негізде үшінші мемлекеттің инвесторларына ұсынатын кез келген басымдықтарға қатысты болмауға тиіс.
4. Осы Келісімнің нормалары мыналар:
а) Уағдаласушы Тараптың ол өз мемлекетінің ұлттық қауіпсіздік мүдделерін қорғау үшін қажет деп санайтын шараларды немесе іс-қимылдарды қабылдауға кедергі жасайтын;
b) Уағдаласушы Тараптың, мұндай шаралардың өз бетінше немесе әділетсіз кемсітушілікті немесе инвестицияларды жасырын шектеуді білдіретін түрде қабылданбайды шартымен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдауға кедергі жасайтын;
с) Уағдаласушы Тараптың БҰҰ-ның Әлемде бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау және қалпына келтіру жөніндегі жарғысына сәйкес өз міндеттемелерін орындау үшін қажетті шараларды қабылдауға кедергі жасайтын;
d) Уағдаласушы Тараптан ашылуы оның мемлекетінің құпиялылықты қорғауға қатысты ұлттық заңнамасына қайшы болатын ақпаратқа қол жеткізуді ұсынатын немесе рұқсат беруді талап ететін ретінде түсіндірілмеуге тиіс.
4-бап
Еркін аударым
1. Аумағына екінші Уағдаласушы Тараптың инвесторлары инвестициялар салған әрбір Уағдаласушы Тарап Еуропалық Одақ қабылдайтын шараларға залалсыз, инвесторлар барлық салық міндеттемелерін орындағаннан кейін осындай инвесторларға байланысты төлемдердің еркін аударымға кепілдік береді, атап айтқанда бірақ айрықша емес мыналарды:
а) инвестицияларды ұстау мен ұлғайту үшін қажетті негізгі және қосымша құралдар;
b) кірістер;
с) несиелерге жататын сома немесе инвестициялар үшін қабылданған басқа да келісімшарттық міндеттемелер;
d) инвестицияларды толық немесе ішінара сатудан, иеліктен алудан немесе жоюдан алынған кірістер;
е) осы Келісімнің 5-бабы негізінде инвесторға тиесілі кез келген өтемақылар;
f) осы инвестицияларға байланысты инвестицияларды жүзеге асыру үшін шетелден жалға алынған персоналдың жалақылары мен өзге де сыйлықақылары.
Аударымдар Уағдаласушы Тарап мемлекетінің заңнамасында көзделген барлық міндеттемелер орындалған жағдайда кезінде еркін айырбасталатын валютамен шектеусіз немесе кідіріссіз жүзеге асырылуға тиіс.
2. Осы баптың 1-тармағының ережелеріне қарамастан, Уағдаласушы Тараптардың кез келген төлем теңгерімімен болған елеулі қиындықтарды қоса алғанда, ерекше қаржылық, экономикалық жағдайларда өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына және Халықаралық Валюта Қорының Келісімі баптарының талаптарына сәйкес валюталық шектеулер енгізе алады.
3. Инвестормен өзгеше келісілмесе, аударым аумағында инвестициялар жүзеге асырылған Уағдаласушы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес аударым күні қолданылатын валюта бағамы бойынша жүзеге асырылады.
4. Осы баптың 1 және 2-тармақтарының ережелеріне қарамастан, инвестицияларды қабылдайтын Уағдаласушы Тарап өз мемлекетінің ұлттық заңнамасын тең құқықты, кемсітпейтін және адал қолдану жолымен мыналарға:
а) кредиторлардың банкроттығына, төлем қабілетсіздігіне немесе құқықтарын қорғауға;
b) бағалы қағаздарды шығаруға, саудасына немесе олармен жасалатын операцияларға;
с) әкімшілік немесе қылмыстық құқық бұзушылықтарға;
d) ақша қаражатының немесе басқа да ақша құралдарының қозғалысына есеп жүргізуге;
e) сот процестерінде қаулыларды немесе шешімдерді орындауды қамтамасыз етуге қатысты бөлігінде аударымды болдырмайды немесе шектей алады.
5-бап
Экспроприация
1. Уағдаласушы Тараптардың бір де біреуі, егер бұл шаралар екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасында белгіленген рәсімге және тез арада, барабар және тиімді өтемақы төлеуге сәйкес кемсітпейтін негізде мемлекеттік мақсаттарда қабылданбаса, соңғы Уағдаласушы Тарап инвесторларының инвестицияларына қатысты тікелей немесе жанама экспроприацияламауға, мемлекет иелігіне алмауға немесе дәл осындай әсері бар кез келген басқа да шараларға ұшыратпауға (бұдан әрі - экспроприация) тиіс.
2. Мұндай өтемақы экспроприация алдындағы сәтте немесе қайсысы бұрын болғанына қарай алдағы экспроприация белгілі болғанға дейін экспроприацияланған инвестициялар құны сомасына теңесуге тиіс. Өтемақы толық іске асырылуы және кез келген шектеусіз және кідіртусіз төленуге тиіс. Өтемақы экспроприация күнінен бастап нақты төлем күніне дейінгі аумағында инвестициялар жүзеге асырылған Уағдаласушы Тараптың нарықтық ставкасы бойынша процентті қамтуға тиіс. Құны жалпы қабылданған бағалау принциптеріне сәйкес анықталуға тиіс.
3. Экспроприациялауды жүзеге асырған Уағдаласушы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес екінші Уағдаласушы Тараптың экспроприациялауына ұшырағандығын мәлімдеген Уағдаласушы Тарап инвесторы осы баптың ережелеріне сәйкес оның инвестицияларын бағалау мен өтемақы төлеуді қоса алғанда, оның ісін соңғы Уағдаласушы Тараптың сот органымен немесе басқа да құзыретті тәуелсіз органдарының тез арада қарауына құқығы бар.
6-бап
Шығындарды өтеу
Бір Уағдаласушы Тараптың екінші Уағдаласушы Тараптың аумағындағы соғыстың немесе басқа да қарулы қақтығыстардың, төңкерістің, көтерілістің, бүліктің салдарынан инвестициялары шығын шеккен инвесторларына соңғы Уағдаласушы Тараптың осы Келісімнің 3-бабының 2-тармағында айтылған режим ұсынуына құқығы бар. Мұндай инвесторларының барлық жағдайда өтемақы алуға құқығы бар.
7-бап
Келісімнің қолданылуы
Осы Келісім бір Уағдаласушы Таран мемлекетінің аумағында осы Уағдаласушы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес осы Келісім күшіне енгенге дейін және енгеннен кейін екінші Уағдаласушы Тараптың инвесторлары салған инвестицияларға қолданылады және ол күшіне енгенге дейін туындаған дауларға қолданылмайды.
8-бап
Басқа да міндеттемелер
1. Егер кез келген Уағдаласушы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасы екінші Уағдаласушы Тарап инвесторларының инвестицияларына осы Келісімде көзделген режимге қарағанда неғұрлым қолайлы режим ұсынса, онда соңғы Уағдаласушы Тарап инвесторларына неғұрлым қолайлы режим ұсынылады.
2. Әрбір Уағдаласушы Тарап оның аумағында екінші Уағдаласушы Тараптың инвесторлары жүзеге асырған инвестицияларға қатысты қабылданған кез келген басқа міндеттемелерді сақтауға тиіс.
9-бап
Суброгация принципі
Егер Уағдаласушы Тарап немесе оның уәкілетті органы екінші Уағдаласушы Тарап аумағындағы инвестордың инвестицияларына қатысты жасалған өтеуге, кепілдікке немесе сақтандыру келісімшартына сәйкес төлем жүргізсе, соңғы Уағдаласушы Тарап мұндай инвестордың кез келген құқықтары мен талаптарын бірінші Уағдаласушы Тарапқа немесе ол тағайындаған органға олардың алдыңғы ізашары сияқты шамада кез келген құқықтар мен талаптар суброгациясы күшінде өтуін тануға тиіс.
10-бап
Ашықтық
Әрбір Уағдаласушы Тарап өзінің заңдарын, ережелерін, рәсімдері мен әкімшілік ұйғарымдарын және жалпы қолданыстағы сот шешімдерін, сондай-ақ бірінші Уағдаласушы Тарап аумағындағы екінші Уағдаласушы Тарап инвесторларының инвестицияларына қатысы болуы мүмкін халықаралық келісімдерді дереу жариялауы немесе өзгеше түрде жалпыға қол жетерлік етуге тиіс.
11-бап
Уағдаласушы Тарап пен екінші Уағдаласушы Тараптың
инвесторы арасындағы дауларды шешу
1. Уағдаласушы Тарап пен екінші Уағдаласушы Тараптың инвесторы арасындағы осы Келісімнің ережелерін қолдануға байланысты кез келген
дау мүмкіндігінше консультациялар және келіссөздер жолымен реттелуге
2. Егер тиісті сұрау салынған күнінен бастап алты ай ішінде консультациялармен реттелмесе даудың кез келген тарабы дауды қарастыру үшін:
а) аумағына инвестициялар салынған Уағдаласушы Тарап мемлекетінің құзыретті сотына; немесе
b) егер екі Уағдаласушы Тарап та 1965 жылғы 18 наурыздағы Вашингтонда қол қою үшін ашық Мемлекеттер мен басқа Мемлекеттердің Жеке және заңды тұлғалары арасындағы инвестициялық дауларды реттеу туралы конвенцияға мүше болып табылған жағдайда, осы Конвенцияға сәйкес құрылған Халықаралық инвестициялық дауларды реттеу орталығына (ICSID); немесе
с) егер дау тараптары өзгеше келіспесе, БҰҰ-ның Халықаралық сауда құқығы жөніндегі комиссиясының (UNCITRAL) Төрелік ережелеріне сәйкес құрылған арнайы төрелік сотқа ұсына алады.
3. Әрбір Уағдаласушы Тарап осы арқылы осы Келісімнің Ережелеріне сәйкес инвестициялық дауларды халықаралық төрелікке ұсынуға өзінің сөзсіз келісімін береді.
4. Дау тарапы болып табылатын Уағдаласушы Тарап инвестициялық даулар бойынша талқылаулар барысында ешқандай жағдайда инвестор сақтандыру келісім-шартына сәйкес келтірілген зиянды немесе шығынды толық немесе оның бір бөлігін жабатын өтемақы алған фактісін көрсетуге тиіс емес.
5. Осы бап шеңберіндегі кез келген талқылау дау тарапының сұрау салуы бойынша 1958 жылғы 10 маусымда Нью-Йорк қаласында қол қойылған Шетелдік төрелік шешімдерін тану және орындау туралы конвенцияның (бұдан әрі - Нью-Йорк конвенциясы) қатысушысы болып табылатын мемлекетте жүргізіледі. Нью-Йорк конвенциясының 1-бабының ережесін сақтау үшін осы бапқа сәйкес төрелікке жіберілген даулар коммерциялық (сауда) қатынастарынан немесе келісім-шарттардан туындаған ретінде қаралады.
6. Шешім даудың екі тарабы үшін де міндетті болып табылады. Әрбір Уағдаласушы Тарап төрелік сот шешімін оның ұлттық заңнамасына сәйкес өз аумағында орындайды.
12-бап
Уағдаласушы Тараптар арасындағы дауларды шешу
1. Осы Келісімді түсіндіру және қолдануға қатысты Уағдаласушы Тараптар арасындағы даулар мүмкіндігінше дипломатиялық арналар бойынша шешілуге тиіс.
2. Егер екі Уағдаласушы Тарап та өз араларындағы дау басталғаннан кейін алты ай ішінде келісімге қол жеткізе алмаса, дау кез келген Уағдаласушы Тараптың талабы бойынша үш мүшеден тұратын төрелік сотқа беріледі. Әрбір Уағдаласушы Тарап бір төреші сайлайды және бұл екі төреші үшінші елдің азаматы болуы тиіс төрағаны тағайындауға тиіс.
3. Егер Уағдаласушы Тараптардың бірі өз төрешісін тағайындамаса және екі ай ішінде екінші Уағдаласушы Тараптың тағайындау жүргізу туралы шақыруына жауап бермесе, төрешіні бұл Уағдаласушы Тараптың талабы бойынша БҰҰ Халықаралық Сотының Төрағасы тағайындайды.
4. Егер екі төреші де оларды тағайындағаннан кейін екі ай ішінде төрағаны таңдауға қатысты келісімге қол жеткізбесе, Төрағаны кез келген Уағдаласушы Тараптың талабы бойынша БҰҰ Халықаралық Сотының Төрағасы тағайындайды.
5. Егер осы Баптың 3 және 4-тармақтарына сәйкес белгіленген жағдайларда БҰҰ Халықаралық Сотының Төрағасы айтылған функцияны орындаудан шеттетілсе немесе ол Уағдаласушы Тараптардың бірі мемлекетінің азаматы болып табылса, тағайындауды Төрағаның орынбасары жасайды және соңғысы шеттетілсе немесе ол Уағдаласушы Тараптардың бірі мемлекетінің азаматы болып табылса, тағайындауды Уағдаласушы Тараптардың бірі мемлекетінің азаматы болып табылмайтын БҰҰ Халықаралық Сотының үлкендігі бойынша келесі Судьясы жасайды.
6. Уағдаласушы Тараптар көздеген басқа да ережелерге сәйкес Сот өзінің жеке рәсімін айқындауға тиіс.
7. Егер, әрбір нақты жағдайда өзгеше тәртіп келісілмесе, Уағдаласушы Тараптардың осы Келісімді орындауы барысында туындайтын шығыстарды Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларында көзделген қаражат шегінде олар дербес көтереді.
8. Сот шешімі түпкілікті және әрбір Уағдаласушы Тарап үшін міндетті болып табылады.
13-бап
Консультациялар, өзгерістер мен толықтырулар
1. Кез келген Уағдаласушы Тарап осы Келісімге қатысты кез келген мәселе бойынша консультациялар жүргізуді сұрай алады. Екінші Уағдаласушы Тарап ұсынысқа тиісті назар аударуға және мұндай консультациялар үшін барабар мүмкіндікпен қамтамасыз етуге тиіс.
2. Уағдаласушы Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөліктері болып табылатын, жекелеген хаттамалармен ресімделетін және осы Келісім күшіне енуі үшін көзделген тәртіппен күшіне енетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін. Еуропалық одақтың осы Келісімнің ережелерін қозғауы мүмкін құқықтық базасын келешекте дамытқан жағдайда, онда қажет болған кезде Румынияның Еуропалық Одаққа мүшелігінен туындайтын оның міндеттемелеріне сәйкес келуін қамтамасыз ету үшін Уағдаласушы Тараптардың өзара келісімі бойынша, осы Келісім өзгертілуі және толықтырылуы мүмкін.
14-бап
Күшіне енуі, қолданылу ұзақтығы және тоқтату
1. Осы Келісім Уағдаласушы Тараптар дипломатиялық арналар бойынша Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді аяқтағаны туралы бір бірін хабардар ететін соңғы жазбаша хабарлама алған күнінен бастап күшіне енеді. Осы Келісім он жыл мерзімге жасалады, ол аяқталғаннан кейін автоматты түрде келесі он жыл мерзімге ұзартылады және бір Уағдаласушы Тарап екінші Уағдаласушы Тараптың осы Келісімнің күшін тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламасын алған күнінен бастап он екі ай өткенге дейін қолданыста болады.
2. Осы Келісімнің күшін тоқтату туралы жазбаша хабарлама болған жағдайда 1-11-бабының ережелері мұндай хабарлама алған күнге дейін жүзеге асырылған инвестицияларға қатысты 10 жыл бойы қолдануын жалғастыратын болады.
3. Қажет болған кезде Румынияның Еуропалық одаққа мүшелігінен туындайтын өз міндеттеріне сәйкес мақсаттарда оның осы Келісімді бір жақты тәртіппен күшін жоюға құқығы бар. Мұндай жағдайда денонсация туралы хабарлама алынғаннан бастап тоғыз ай өткеннен кейін Келісімнің күші жойылады.
4. Бухарест қаласында 1996 жылғы 25 сәуірде қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Румыния Үкіметі арасындағы инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісім осы Келісім күшіне енген күнінен бастап қолданысын тоқтатады.
Осыны куәландыра отырып, тиісті Үкіметтер тиісті түрде өкілеттік берген төменде қол қойғандар осы Келісімге қол қойды.
2010 жылғы 2 наурызда Астана қаласында қазақ, румын, орыс және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтіндер дәлме дәл болып табылады. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Уағдаласушы Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.
Қазақстан Республикасының Румыния Үкіметі
Үкіметі үшін үшін
2010 жылғы 2 наурызда Астана қаласында қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Румыния Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімнің бұл көшірмесінің дәлдігін куәландырамын.
Қазақстан Республикасының
Сыртқы істер министрлігі
Халықаралық-құқық
департаментінің
Басқарма бастығы Б. Пискорский
РҚАО-ның ескертпесі: бұдан әрі Келісімнің ағылшын тіліндегі мәтіні берілген.