Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрік Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасында қазақстандық құрылысшы жұмысшыларды оқытуға арналған оқу орталығын құру жөніндегі өзара ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Наушақызы Әбдіқалықоваға қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрік Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасында қазақстандық құрылысшы жұмысшыларды оқытуға арналған оқу орталығын құру жөніндегі өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2010 жылғы 21 желтоқсандағы
№ 1389 қаулысымен
мақұлданған
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрік Республикасының
Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасында қазақстандық
құрылысшы жұмысшыларды оқытуға арналған оқу орталығын құру
жөніндегі өзара ынтымақтастық туралы
КЕЛІСІМ
Бұдан әрі «Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрік Республикасының Үкіметі,
2007 жылғы 13 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрік Республикасының Үкіметі арасындағы Ұзақ мерзімді экономикалық ынтымақтастық бағдарламасын басшылыққа ала отырып,
Қазақстан-Түрік үкіметаралық бірлескен экономикалық комиссиясы төртінші отырысының 2006 жылғы 25 тамыздағы Хаттамасының 10.2-тармағының және Түрік делегациясының Астана қаласында оқу орталығын құру мәселесі бойынша Қазақстанға сапарының қорытындылары бойынша 2008 жылғы 23 тамыздағы Ниет хаттамасының ережелерін негізге ала отырып,
Қазақстан Республикасының азаматтарын құрылыс жұмысшысы мамандықтарына даярлау мақсатында Астана қаласында оқу орталығын құру ниетін растай отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісім Қазақстан Республикасында қазақстандық құрылысшы жұмысшыларды жұмысшы мамандықтары бойынша оқытуға арналған оқу орталығын құру мақсатында жасалады.
Тараптар Астана қаласының «№ 1 кәсіптік лицейі» мемлекеттік мекемесі базасында оқу орталығын құрады.
2-бап
Осы Келісімді жүзеге асыру мақсатында Түрік Республикасының атынан үйлестіруші Еңбек және әлеуметтік қауіпсіздік министрлігі, Қазақстан Республикасының атынан - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Білім және ғылым министрлігі және Астана қаласының әкімдігі болып табылады.
3-бап
Оқу орталығын құру және оның жұмыс істеу тәртібі осы Келісім шеңберінде және Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасына сәйкес реттеледі.
4-бап
Қазақстан тарабы:
Қазақстан Республикасының құрылыс секторының жұмыс берушілерін Оқу орталығын құруға қатысу үшін тарту жөніндегі жұмысты ұйымдастыруға;
еңбек нарығындағы кадрлар қажеттілігін талдау және болжау негізінде басым мамандықтардың тізбесін айқындауға;
теориялық және практикалық сабақтарға арналған оқу үй-жайларын беруге;
Оқу орталығының қалыпты жұмыс істеуіне жағдай жасауға жәрдемдеседі.
5-бап
Түрік тарабының атынан Түрік халықаралық ынтымақтастық жөніндегі агенттігі (ТІКА), Түрік еңбек жөніндегі бас дирекциясы (I$KUR), Еңбек және әлеуметтік қорғау ғылыми-зерттеу орталығы (CA$GEM); Құрылыс өнеркәсібі жұмыс берушілерінің кәсіподағы (INTES), Құрылыс өнеркәсібі жұмыс берушілердің кәсіподағы (INTES) Білім беру және экономикалық басқару орталығы (TES), Қазақстан-Түрік іскер адамдарының қауымдастығы (KATIAD):
Анкара қаласында орналасқан Құрылыс өнеркәсібі жұмыс берушілердің кәсіподағы (INTES) Білім беру және экономикалық басқару орталығына (TES) ұқсас оқу орталығын құруға;
құрылатын оқу орталығын жабдықтауға және кадрлармен қамтамасыз етуге;
ақпарат пен тәжірибе алмасуды жүзеге асыруға;
Оқу орталығын құру үшін үлес қосуға, кадрларды оқытуға;
Түркияға курсқа келетін Оқу орталығы оқытушыларының оқу, қонақ үй және тамақтану шығыстарын көтеруге;
осы Келісім шеңберінде Түркияда I$KUR және TES тарапынан берілетін оқуын аяқтағандардың біліктілігін растайтын сертификаттарды өзара тану мәселелерінде ынтымақтастыққа жәрдем көрсетеді.
6-бап
Тараптар Оқу орталығындағы оқыту үдерісін осы Келісімнің шеңберінде құрылатын Ортақ Жұмыс Комиссиясы арқылы қадағалайды, алынған нәтижелер мен статистикалық мәліметтерді бірлесе отырып бағалайды.
Комиссия осы Келісімнің 2 және 5-баптарында көрсетілген ведомстволар мен мекемелердің өкілдерінен тұрады. Комиссия отырыстары Астанада ұйымдастырылады. Осы Келісімнің баптарын түсіндіру кезінде туындауы мүмкін келіспеушіліктер осы Комиссия арқылы шешіледі.
7-бап
Тараптардың келісімі бойынша осы Келісімге жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін. Аталған өзгерістер мен толықтырулар енгізілген хаттамалар өзара қабылданғаннан кейін осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылады және осы Келісімнің 8-бабында көзделген тәртіппен күшіне енеді.
8-бап
Тараптар Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы дипломатиялық арналар арқылы хабарлайды. Осы Келісім соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап күшіне енеді және бір жылдық мерзімге жасалады. Тараптардың біреуі осы Келісімнің қолданылуын тоқтату ниеті туралы басқа Тарапқа жазбаша түрде үш ай бұрын хабарламаса, қолданылу мерзімі келесі жылға ұзартылады.
2010 жылғы «__» _______ __________ қаласында әрқайсысы қазақ, түрік, орыс және ағылшын тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.
Қазақстан Республикасының Түрік Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін