Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Америка Құрама Штаттарының Үкіметі арасындағы Ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Ермекұлы Омаровқа қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Америка Құрама Штаттарының Үкіметі арасындағы Ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Америка Құрама Штаттарының Үкіметі арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы келісімге қол кою туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 28 қыркүйектегі № 939 қаулысының күші жойылды деп танылсын.
4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2010 жылғы 9 сәуірдегі
№ 294 қаулысымен
мақұлданған
Жоба
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен
Америка Құрама Штаттарының Үкіметі арасындағы
Ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы келісім
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Америка Құрама Штаттарының Үкіметі (бұдан әрі «Тараптар» деп аталатын)
ғылым мен техника саласындағы халықаралық ынтымақтастық халықтар арасындағы достық байланыстар мен өзара түсіністікті нығайтатынын және екі елдің бүкіл әлемдегі сияқты ғылым мен техника прогресіне ықпал ететіндігін түсіне отырып;
адамзаттың гүлденуі мен игілігінің үлесіне жауапкершілікті бөлісе отырып, ғылыми зерттеулер мен әзірлемелер саласындағы өздерінің ұлттық саясатын нығайту ісіне одан әрі күш жұмсауға ниет білдіре отырып;
ғылыми-техникалық ынтымақтастық ұлттық экономиканы дамытудың маңызды шарты болып табылатынын назарға ала отырып;
озық технологиялардың нақты түрлерін қолдану жолымен өзінің экономикалық ынтымақтастығын нығайтуды көздей отырып; және
екі елдің ғылыми ұйымдары мен жекелеген ғалымдарының арасында халықаралық серпінді және тиімді ынтымақтастық орнатуға ниет білдіре отырып;
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
1. Осы Келісімнің мақсаты Тараптардың ғылыми-техникалық
мүмкіндіктерін нығайту, екі мемлекеттің ғылыми-техникалық қоғамдастықтарының арасындағы қарым-қатынастарды кеңейту және дамыту, сондай-ақ бейбіт мақсаттарда өзара пайданы білдіретін салаларда ғылыми-техникалық ынтымақтастыққа жәрдемдесу болып табылады.
2. Осы ынтымақтастықтың басты мақсаты Тараптардың ұлттық заңнамаларына сәйкес құпия болып табылатын ақпаратты қоспағанда, ғылыми-техникалық ақпаратпен, тәжірибемен және әдістемемен өзара алмасуға, сондай-ақ өзара мүддені білдіретін бірлескен зерттеулер мен әзірлемелерді орындау кезінде мүмкіндік беруден тұрады.
2-бап
1. Тараптар өз елдерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес бірлескен зерттеу жобаларын іске асыру; ғылыми-техникалық ақпаратпен алмасу; Тараптар мемлекеттерінің мүдделі ұйымдары мен мекемелері арасындағы тікелей шарттарға сәйкес жоғары білікті ғылыми кадрларды қоса алғанда, бірлескен оқуды ұйымдастыру; ғалымдардың, докторанттардың, аспиранттардың, магистранттардың, студенттердің тәжірибесімен және білімімен алмасу; бірлескен ғылыми симпозиумдар, конференциялар, семинарлар, жұмыс бабындағы кездесулер өткізу, мемлекеттік және жеке меншік сектор арасында ғылыми зерттеулерге негізделген серіктестік қатынастарды жолға қою; сондай-ақ олар туралы уағдаластыққа қол жеткізу мүмкін болатын ғылыми-техникалық ынтымақтастықтың басқа да нысандарын ұйымдастыру жолымен ынтымақтастықты жүзеге асыруды көтермелейді.
2. Басымдық ортақ ғылыми-техникалық мақсаттарға жетуге ықпал ететін ынтымақтастық түрлеріне беріледі. Тараптар ғылыми негізде шешімдер қабылдауға жәрдемдесу, қоршаған ортаны және биоәртүрлілікті қорғау, ауыл шаруашылығы, энергетика, ғарыштық зерттеулер, денсаулық сақтау, ақпарат және байланыс технологиялары, ғылыми-техникалық білім беру мәселелері сияқты ғылыми-техникалық мәселелердің, сондай-ақ қалыпты даму мақсатындағы ғылыми-зерттеу және тәжірибелі-конструкторлық әзірлемелердің толық спектрін қамти отырып, мемлекеттік және жеке меншік зерттеу мекемелері арасында серіктестік қарым-қатынастарға қолдау көрсетеді.
3-бап
1. Тараптар өз елдерінің мемлекеттік органдары, университеттері, ғылыми ұйымдары, жеке меншік компаниялары және бас0а ұйымдары арасындағы ынтымақтастықтың дамуын көтермелейді және оған ықпал етеді.
2. Тараптардың мемлекеттік органдары мен жоғарыда көрсетілген ұйымдары кажет болған жағдайда осы Келісім шеңберінде ғылым мен техниканың нақты салалары бойынша атқарушылық келісім немесе уағдаластықтар жасай алады. Осы атқарушылық келісімдер немесе уағдаластықтар ынтымақтастықтың тиісті бағыттарын, материалдарды, жабдықтарды және қаржы қаражаттарын ұсыну және пайдалану рәсімдерін, сондай-ақ осы ынтымақтастыққа қатысты басқа да мәселелерді қамтиды.
3. Осы Келісім Тараптар арасындағы басқа келісімдер мен шарттарға нұқсан келтірмейді.
4-бап
Осы Келісім шеңберіндегі бірлескен қызмет өз елдерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес жүргізіледі және нақты қаражат пен персоналдың бар болуына байланысты.
Осы Келісім қандай да бір Тараптың қаржы қаражатын ұсыну саласындағы міндеттемесін білдірмейді.
5-бап
Үшінші елдердің ғалымдары, техника мамандары, мемлекеттік ведомстволары мен мекемелері немесе халықаралық ұйымдар тиісті жағдайларда және Тараптардың келісімі бойынша осы Келісім шеңберінде іске асырылатын жобалар мен бағдарламаларға қатысуға өзге уағдаластықтар болмаған кезде өздерінің есебінен шақырылуы мүмкін.
6-бап
1. Тараптар Келісімді іске асыруға және өзінің ғылыми-техникалық ынтымақтастығын дамытуға қатысты кез келген Тараптың сұрауы бойынша мерзімді консультациялар өткізуге келіседі.
2. Әрбір Тарап Атқарушы хатшыны тағайындайды, ол әкімшілік мәселелермен айналысады және қажет болған кезде Келісім шеңберінде жүргізілетін қызметке қадағалауды және оны үйлестіруді қамтамасыз етеді. Америка Құрама Штаттарынан Атқарушы хатшы Мемлекеттік департамент өкілі, ал Қазақстан Республикасынан Білім және ғылым министрлігінің өкілі болады.
7-бап
1. Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес құпия болып табылатын ақпаратты қоспағанда меншік құқығымен қорғалмаған және Келісім шеңберінде бірлескен қызметті жүргізу нәтижесінде алынған ғылыми-техникалық ақпарат өзгелер туралы уағдаластықтар болмаған жағдайда халықаралық ғылыми қоғамдастыққа қарапайым арналар арқылы және қатысушы ведомстволар мен субъектілердің қарапайым ресімдеріне сәйкес қолжетімді болуы мүмкін.
2. Келісім шеңберінде бірлескен қызметті жүргізу барысында жасалған немесе ұсынылған зияткерлік меншікті пайдалану ережесі 1-қосымшада айқындалған, ол Тараптар немесе олар тағайындаған өкілдер арасында өзгелер туралы уағдаластық болмаған кезде Келісім шеңберінде жүргізілетін барлық қызмет түрлеріне қолданылады.
3. Келісім шеңберінде берілетін экспорттық бақылауға жататын ақпараттың немесе жабдықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларына қатысты ереже 2-қосымшада айқындалған, ол Тараптардың немесе олар тағайындаған өкілдер арасында өзгелер туралы жазбаша уағдаластықтар болмаған кезде Келісім шеңберінде жүргізілетін барлық қызмет түрлеріне қолданылады.
8-бап
1. Тараптардың әрқайсысы қажет болған кезде өз елдерінің ұлттық заңнамасына сәйкес екінші Тараптың тиісті персоналының өзінің аумағына келуіне және одан кетуіне, сондай-ақ осы Келісім шеңберіндегі жобалар мен бағдарламаларды іске асыру мақсатында екінші Тараптың тиісті жабдығын әкелуге және әкетуге ықпал етеді.
2. Тараптардың әрқайсысы өз елдерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес осы Келісім шеңберіндегі бірлескен қызметті жүзеге асыру үшін қажетті ұйымдастырушылық іс-шараларды өткізуге жәрдемдеседі.
Әр тарап қажет болған кезде және өз елдерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес осы Келісім шеңберіндегі бірлескен қызметке қатысатын екінші Тарап тұлғаларының мұндай қызметті өткізу қажеттілігіне сәйкес қажетті географиялық аудандарға, мекемелерге, деректерге, материалдарға және жеке ғалымдарға және ғылыми қызметкерлерге уақтылы және тиімді қол жеткізуді ұйымдастыруға жәрдемдеседі.
3. Америка Құрама Штаттарының Үкіметі, олардың бас мердігерлері, мердігерлері, қосалқы мердігерлері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының резиденттері осы Келісім шеңберінде сатып алған және Америка Құрама Штаттарының Үкіметі қаржыландыратын бұйымдар Қазақстан Республикасында Қазақстан Республикасы заңнамасының нормалары шеңберінде гранттар үшін көзделген салық төлеуден және кедендік алымдардан босатылады. Бұйымдар материалдардың, заттардың, жеткізілімдердің, тауарлардың немесе жабдықтардың кез келген түрлерін қамтиды. Бас мердігер Америка Құрама Штаттарының Үкіметімен келісім-шарт жасасқан тұлға болып табылады. Егер мұндай салық салу қолданылатын болса, онда Қазақстан Республикасының Үкіметі Америка Құрама Штаттарының Үкіметіне немесе оның агенттеріне уақтылы өтемақы төлеуді қамтамасыз етуі тиіс.
9-бап
Егер әрбір нақты жағдайда өзгеше тәртіп келісілмеген болса, Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларында көзделген қаражаттың шегінде Тараптар осы Келісімді орындау барысында туындайтын шығыстарды өздері көтереді.
10-бап
Осы Келісімге Тараптардың өзара жазбаша келісімі бойынша осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылатын жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
11-бап
Тараптардың арасында Келісімнің ережелерін түсіндіруге немесе қолдануға қатысты келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар оларды келіссөздер мен консультациялар жүргізу арқылы шешеді.
12-бап
Осы Келісім белгісіз мерзімге жасалады және Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны алған күнінен бастап күшіне енеді.
Осы Келісім Тараптардың бірі екінші Тарапқа өзінің оның қолданылуын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламаны жіберген күнінен бастап үш ай өткеннен кейін кез келген уақытта тоқтатылуы мүмкін.
Келісімнің қолданылуын тоқтату осы Келісімнің шеңберінде орындалатын және тоқтату сәтінде аяқталмаған қандай да бір бірлескен қызмет түрін жүргізуге әсер етпейді.
Бұл ретте 1-қосымшаның 4-бөлімінің ережелері осы Келісім шеңберінде ұсынылған кез келген құпия ақпаратқа қатысты қолданылуын жалғастыратын болады.
_____________ қаласында 2010 жылғы «___» сәуірде әрқайсысы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтіннің күші бірдей.
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.
Қазақстан Республикасының Америка Құрама Штаттарының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
1-қосымша
Зияткерлік меншік
Осы Келісімнің 7 (2)-бабына сәйкес:
1. Жалпы міндеттеме
Тараптар осы Келісім және тиісті атқарушы келісімдер шеңберінде құрылған немесе ұсынылған зияткерлік меншікті бірдей және тиімді қорғауды қамтамасыз етеді. Мұндай зияткерлік меншік құқықтары осы қосымшаға сәйкес бөлінеді.
2. Қолданылу саласы
А. Осы қосымша Тараптардың немесе олардың уәкілетті өкілдерінің өзгеше туралы нақты уағдаластықтары болмаған кезде осы Келісімге сәйкес атқарылатын барлық бірлескен қызмет түрлеріне қолданылады.
В. Осы Келісімнің мақсаты үшін «зияткерлік меншік» ұғымы 1967 жылғы 14 шілдеде Стокгольмде қол қойылған Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымын құру туралы конвенцияның 2-бабында санамаланған мағынаны білдіреді және ол Тараптардың келісімі бойынша басқа да элементтерді қамти алады.
С. Тараптардың әрқайсысы қажет болған кезде өзінің жеке қатысушыларына қатысты келісім-шарттарға кол қою немесе басқа да заңды құралдарды пайдалану арқылы басқа Тараптың осы қосымшаға сәйкес бөлінген зияткерлік меншік құқықтар алу мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Осы қосымша Тараптар және оның азаматтары арасындағы құқықтарды бөлуде басқа ешқандай өзгерістер енгізбейді, сондай-ақ аталған Тараптың заңнамасымен айқындалатын мұндай бөлуге залал келтірмейді.
D. Осы Келісімде айтылған жағдайларды қоспағанда, осы Келісімнің шеңберінде зияткерлік меншікке қатысты даулар мүдделі қатысушы мекемелердің немесе қажет болған кезде Тараптардың немесе олардың уәкілетті өкілдерінің арасында талқылау жүргізу жолымен шешілуі тиіс. Тараптардың өзара келісімі бойынша дау қолданылатын халықаралық құқық нормаларына сәйкес міндетті шешім шығару үшін төрелік соттың қарауына беріледі. Тараптардың немесе олардың уәкілетті өкілдерінің өзгелер туралы жазбаша келісімдері болмаған кезде БҰҰ-ның Халықаралық сауда құқығы жөніндегі комиссиясының (UNCTRAL) төрелік нормалары қолданылады.
Е. Осы Келісімнің қолданылуын тоқтату немесе мерзімінің аяқталуы осы қосымшада көзделген құқықтарға немесе міндеттерге әсер етпейді.
3. Құқықтарды бөлу
А. Қолданыстағы заңнаманың шеңберінде әрбір Тараптың айрықша емес қайтарып алынбайтын лицензияға құқығы бар, ол барлық елдерде қолданылады және осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастықтың тікелей нәтижесі болып табылатын ғылыми-техникалық журналдардан мақалаларды, баяндамалар мен кітаптарды аударуға, басып шығаруға және жариялауға құқық береді. Осы ережеге сәйкес дайындалған, авторлық құқықпен қорғалған шығармалардың көпшілікке жарияланатын барлық даналарында автор аты-жөнін айтудан бас тартқан жағдайларды қоспағанда, еңбектің авторларының аты мен тегі көрсетіледі.
В. Зияткерлік меншіктің барлық нысандарына құқықтар жоғарыдағы 3 (А) тармақшада жазылғаннан басқа, мынадай түрде бөлінеді:
1. Келуші-зерттеушілер қабылдаушы мекеменің ережелеріне сәйкес
құқықтар, марапаттар, сыйақылар және авторлық қаламақы алады.
2. (а) Тараптардың бірінде бірлескен қызмет шеңберінде қызметте тұрған немесе осы Тарап қаржыландыратын тұлғалар құрған қандай да бір зияткерлік меншік 3-баптың В, 1) тармақшасында жазылғандардан басқа жағдайда, осы Тарапқа жатады. Екі Тараптың қызметіндегі немесе екі Тарап қаржыландыратын тұлғалар құрған зияткерлік меншік екі Тарапқа ортақ. Одан басқа әр автор өзі қызмет ететін немесе оны қаржыландыратын мекеменің ережелеріне сәйкес марапаттарға, сыйақыға және авторлық қаламақыға құқылы.
(b) Орындаушылық немесе басқа да келісімдерде өзге уағдаластықтар болмаған жағдайда әр Тарап бірлескен қызметті жүргізу барысында құрылған зияткерлік меншік өз аумағында пайдалануға немесе лицензиялауға құқылы.
(с) Тараптың мемлекетінен шалғай жердегі Тараптардың құқығы Тараптардың және оларға қатысушылардың бірлескен қызметке қатысты үлестерін, зияткерлік меншіктің құқықтық қорғалуын қамтамасыз етуді және лицензиялауды, сондай-ақ керекті деп табылған басқа факторлардың үлесін ескере отырып, өзара келісіммен айқындалады.
(d) Егер белгілі бір жоба бір Тарап мемлекеттерінің заңнамасымен қорғалатын, бірақ екінші Тараптың мемлекеттік заңнамасымен қорғалмайтын болса, онда жоғарыда баяндалған 3 В, 2 (а, b, с) тармақшаларға қарамастан мемлекетінің заңнамасы осындай үлгідегі қорғауды қамтамасыз ететін Тарап зияткерлік меншік авторының 3 В 2(а) тармақшаға сәйкес марапаттарға, сыйақыға және авторлық қаламақыға құқығы барына қарамастан әлемдік деңгейде зияткерлік меншікті пайдалануға немесе лицензиялауға барлық құқықты алады.
(е) Өнертапқыш қызмет ететін немесе оны (оларды) қаржыландырушы Тарап қандай да бір бірлескен қызмет түрінің шеңберінде жасалған әрбір өнертабыс туралы, оған жататын қандай да бір құқықтарды белгілеу мүмкіндігін басқа Тарапқа қамтамасыз ету үшін қажетті қандай да бір құжаттар мен ақпараттарды бере отырып, екінші Тарапты дереу хабардар етеді. Тараптардың кез келгені өзінің өнертапқыштық құқықтарын қорғау мақсатында екінші Тарапқа жазбаша түрде басылымның немесе мұндай құжаттардың немесе ақпараттың басылымға шығу уақытын кейінге шегере тұруы туралы өтінішін жібере алады. Өзгелер туралы жазбаша келісім болмаған жағдайда мерзімін ұзарту өнертапқыш Тарап екінші Тарапқа хабарлаған күнінен бастап алты айдан аспайды.
4. Іскерлік жасырын ақпарат
Егер осы Келісім шеңберінде өз уақытында іскерлік жасырын ақпарат ретінде берілетін немесе жасалатын ақпарат болған жағдайда әрбір Тарап және оған қатысушылар мұндай ақпаратты ұлттық заңнамаға, нормаларға және әкімшілік практикаға сәйкес қорғайды. Егер оны білетін адам одан экономикалық пайда немесе бұл ақпаратты білмейтіндерден бәсекелік басымдық алатын болса, егер бұл ақпарат басқа көздерден жалпыға белгілі немесе жалпыға бірдей қол жетімді болмаса, сондай-ақ егер оның иесі осыған дейін оның құпиялығы жөніндегі міндеттемелерін уақтылы көрсетпей оған қолжетімділікті ертерек ашпаса ақпарат «іскерлік жасырын ақпарат» деп белгіленуі мүмкін.
«Іскерлік жасырын ақпаратқа» Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес құпия болып табылатын ақпарат жатпайды.
2-қосымша
Қауіпсіздік саласындағы міндеттемелер
1. Сезімтал технологияларды қорғау
Екі Тарап осы Келісім шеңберінде ұлттық қауіпсіздік және халықаралық қатынастар мүдделерінде қорғауды талап ететін және ұлттық заңнамалар мен нормаларға сәйкес құпияландырылған құпия ақпараттың немесе жабдықтың кез келген түрлері берілмейтіндігімен келіседі. Егер осы Келісім шеңберінде бірлескен қызмет жүргізу барысында осындай қорғауды талап ететін болып табылатын немесе саналатын ақпарат немесе жабдық түрлері анықталса, олардың болуы тиісті ресми тұлғаларға дереу хабарланады және Тараптар тиісті қауіпсіздік шараларын анықтау мақсатында Тараптар жазбаша нысанда уағдаласуға тиіс және ақпараттар мен жабдықтардың осындай түрлеріне қолданылуы және егер жағдай мұны талап етсе осы Келісімге толықтыру түрінде енгізілуі тиіс.
2. Технологияны беру
Экспорттық бақылауға жататын ақпараттарды немесе жабдықтарды беру Тараптардың әрқайсысының ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. Егер қандай да болмасын Тарап мұны қажет деп санаса, келісім-шартқа немесе атқарушылық келісімдерге рұқсатсыз беруді немесе ақпарат пен жабдықтардың мұндай түрлерін қайта беруді болдырмау туралы толық ережелер енгізіледі. Экспорттық бақылауға жататын ақпарат экспорттық бақылауға жататын ретінде белгіленеді; бұл ретте оны одан әрі пайдалану мен беруге қандай да болмасын шектеулер анықталады.