Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
«Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл толуына байланысты рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Жоба
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл толуына
байланысты рақымшылық жасау туралы
Осы Заң Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл толуына байланысты ізгілік қағидаты басшылыққа алына отырып қабылданды.
1-бап. Онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар үшін сотталған:
1) кәмелетке толмағандар;
2) кәмелетке толмаған балалары бар әйелдер, жүкті әйелдер, сондай-ақ кәмелетке толмаған балалардың жалғыз ата-анасы болып табылатын ер адамдар;
3) I, II және III топтардағы мүгедектер;
4) тиісінше елуге толған әйелдер мен алпыс үшке толған ерлер және одан жоғары жасқа толған адамдар;
5) Ұлы Отан соғысына қатысушылар, Ауғанстандағы соғыс қимылдарына, Чернобыль аварияларының салдарын жоюға қатысқан адамдар, әскери және интернационалдық борышын атқару кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің жесірлері, сондай-ақ күйеулері соғыс мүгедектері және оларға теңестірілген адамдар болып табылатын адамдардың әйелдері жазадан босатылсын.
2-бап. Осы Заңның 1-бабының қолдану аясына жатпайтын, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстары үшін сотталған адамдар, егер олар тағайындалған жаза мерзімінің кемінде төрттен бірін өтеген болса, бас бостандығынан айыру түріндегі жазадан босатылсын.
3-бап. Осы Заңның 1, 2-баптарының қолданылу аясына жатпайтын:
1) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 63-бабы қолданыла отырып, сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру түріндегі жаза белгіленіп, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар үшін сотталғандар, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 70, 73-баптарының негізінде сот тағайындаған жазасын өтеуден босатылған адамдар, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 71-бабы қолданыла отырып, сот тағайындаған жаза неғұрлым жеңіл жаза түріне ауыстырылған адамдар;
2) онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар үшін бас бостандығынан айыруға сотталып, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 72-бабына сәйкес сот үкімінің орындалуы кейінге қалдырылған жүкті әйелдер және жас балалары бар әйелдер, жас балаларды жалғыз өзі тәрбиелейтін ерлер;
3) бас бостандығынан айыруға байланысты емес жазаға тартылған, егер ол негізгі жаза түрінде қолданылған болса, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмысы үшін сотталған адамдар жазадан босатылсын.
4-бап. Осы Заңның 1, 2, 3-баптарының негізінде жазадан босатуға жатпайтын, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстары үшін бас бостандығынан айыруға сотталған адамдардың жазасының өтелмеген бөлігінің жартысы қысқартылсын.
5-бап. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған, олар үшін бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы немесе бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза көзделген онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар туралы қылмыстық іс қозғаудан бас тартылсын және барлық қылмыстық істер мен соттарда қаралмаған істерді жүргізу тоқтатылсын.
Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін бөлімді немесе қызмет орнын өз бетімен тастап кеткен әскери қызметшілер, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 372-бабының 1-бөлігінде көзделген жазалары үшін қылмыстық жауапкершіліктен босатылады.
Егер айыпталушы қарсы болған жағдайда істі тоқтатуға рұқсат етілмейді. Мұндай жағдайда істі жүргізу жалғасады және оған негіздемелер болған кезде сотталғанның жазадан босатылуы арқылы айыптау үкімінің қаулысымен немесе ақтау үкімінің қаулысымен аяқталады.
6-бап. Мыналар:
1) осы Заңның 1-бабының 1) тармақшасында көрсетілген адамдарға қылмыс жасаған кезінде он сегіз жасқа толмаған адамдар жатады;
2) осы Заңның 1-бабының 2) тармақшасында көрсетілген адамдарға осы Заңды қолданысқа енгізу күніне ата-ана құқығынан айырылмаған және балалары бар, оның ішінде асырап алған не қорғаншылыққа алған он сегіз жасқа толмаған балалары бар әйелдер, осы Заңды қолданысқа енгізу сәтіне кәмелетке толмаған балалардың жалғыз ата-анасы болып табылатын және ата-ана құқығынан айырылмаған ер адамдар, осы Заңды қолданысқа енгізу күніне жүктілік жағдайында болған әйелдер жатады;
3) осы Заңның 1-бабының 3) тармақшасында көрсетілген адамдарға осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін заңнамада белгіленген тәртіппен I, II және III топтардағы мүгедектер деп танылған адамдар жатады;
4) осы Заңның 1-бабының 4) тармақшасында көрсетілген адамдарға осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін тиісінше елу және алпыс үш жасқа толған әйелдер мен ерлер және одан жоғары жасқа толған адамдар жатады;
5) осы Заңның 1-бабының 5) тармақшасында көрсетілген адамдарға Ұлы Отан соғысына, Ауғанстандағы соғыс қимылдарына, Чернобыль аварияларының салдарын жоюға қатысқандықтарын растайтын ресми құжаттары бар адамдар, сондай-ақ әскери және интернационалдық борышын атқару кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің жесірлері, күйеулері соғыс мүгедектері және оларға теңестірілген адамдар болып табылатын әйелдері жатады деп белгіленсін.
7-бап. Осы Заңның қолданысы:
1) ауыр немесе ерекше ауыр қылмыстар жасағаны үшін сотталған;
2) сот үкіміне сәйкес қауіпті немесе ерекше қауіпті қылмыстарды қайта жасаған деп танылған адамдарға қолданылмайды;
8-бап. Осы Заңның 1-бабының 1), 2), 3), 4), 5) тармақшаларында аталған адамдардың, оларға қатысты рақымшылық жасауды қолдану үшін мәртебесін растайтын құжаттардың болуы міндетті.
9-бап. Осы Заңның 2, 4-баптарында көзделген жаза мерзімінің бір бөлігін өтеу осы Заң қолданысқа енгізілетін күнге есептеледі деп белгіленсін.
10-бап. Қылмыстардың жиынтығы болған жағдайда, егер олардың бірі ауыр немесе ерекше ауыр қылмыс болып табылса, рақымшылық жасау қолданылмайды.
11-бап. Рақымшылық жасауға жатқызылған адамдар негізгі жазадан босатылады.
12-бап. Осы Заңды қолдану кезінде соттылықты алып тастау Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 77-бабында белгіленген жалпы негіздерде жүргізіледі.
13-бап. Осы Заңды орындау:
1) осы Заңның 1, 2, 3, 4-баптарын қолдану бойынша - сотталғандардың жазаларын өтеу орны бойынша соттарға;
2) осы Заңның 5-бабын қолдану бойынша - қылмыстық үдерісті жүргізуші органдарға жүктелсін
14-бап. Үкімдердің орындалуын жүргізетін органдар осы Заңның уақтылы орындалуын қамтамасыз ету мақсатында соттарға мынадай құжаттарды:
1) жазаны орындаушы түзеу мекемесі бастығының ұсынысын;
2) сот үкімінен үзінді көшірмені (егер өзгерістер орын алған болса, енгізілген өзгерістермен қоса);
3) осы Заңды қолданысқа енгізу сәтіне өткерілген жазаның және жазаның қалған мерзімі туралы мәліметті;
4) көтермелеу мен жазалау туралы анықтаманы;
5) сотталған адамның жеке ісін;
6) рақымшылық жасауды қолдану туралы мәселені шешу үшін қажетті басқа да құжаттарды ұсынуға міндетті.
15-бап. Егер өзіне қатысты рақымшылық жасау қолданылуы мүмкін адам оған қарсы болған жағдайда, рақымшылық жасау қолданылмайды.
16-бап. 13 және 14-баптарда аталған органдар осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап алты ай ішінде оның орындалуын қамтамасыз етсін.
17-бап. Қазақстан Республикасының соттары соттаған, бірақ жазасын оның шегінен тыс жерлерде өтеп жүрген адамдарға рақымшылық жасауды қолдану туралы мәселені Қазақстан Республикасының соттары Қазақстан Республикасы қатысушы болып табылатын халықаралық шарттар негізінде, аумағында сот үкімін орындау жүзеге асырылып жатқан мемлекеттің құзыретті органының ұсынысы бойынша шешеді.
Қазақстан Республикасы тиісті халықаралық шарттар жасаспаған шет мемлекеттерден бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны одан әрі өтеу үшін Қазақстан Республикасына берілген адамдарға рақымшылық жасау, ондай адамдарды берген мемлекеттердің құзыретті органдарының келісімімен ғана қолданылады.
18-бап. Қазақстан Республикасының Үкіметі, облыстардың, Алматы және Астана қалаларының әкімдері:
1) рақымшылық жасау бойынша жасы жетуіне байланысты жазадан босатылған және туған-туыстары мен жақындары жоқ, өзіне өзі қызмет көрсетуге қабілетсіз I және II топтағы мүгедектер мен адамдарды стационарлық үлгідегі медициналық-әлеуметтік мекемелерге (ұйымдарға) орналастыру;
2) босатылған кәмелетке толмағандарды ата-аналарының, қорғаншы және қамқоршы органдардың қадағалауына беру не қажет болған жағдайда оларды балалар үйлеріне, мектеп-интернаттарға немесе өзге де білім беру ұйымдарына жіберу;
3) осы Заң қолданысқа енгізілу сәтіне үкімнің орындалу барысында аяқталмай қалған сот үкімімен тағайындалған ем қабылдаудың
жалғастырылуын бақылауды қамтамасыз ету;
4) рақымшылық жасау бойынша босатылған және белгілі бір тұрағы жоқ адамдарды белгілі бір тұрағы жоқ адамдарға арналған әлеуметтік бейімдеу орталықтарына орналастыру жөнінде шаралар қабылдасын.
19-бап. Осы Заң алғаш ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті