Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ержан Хозеұлы Қазыхановқа қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2011 жылғы «__» _______
№ ___ қаулысымен
мақұлданған
Жоба
Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері
арасындағы денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық туралы
КЕЛІСІМ
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері,
тең құқық және өзара сыйластық негізінде халықтың денсаулық деңгейін көтеру, Шанхай ынтымақтастық ұйымына (бұдан әрі – ШЫҰ) мүше мемлекеттердің халықтары арасындағы достық қатынастарды дамыту және нығайту мақсатында,
2002 жылғы 7 маусымдағы ШЫҰ Хартиясының, 2007 жылғы 16 тамыздағы ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ұзақ мерзімді тату көршілігі, достығы және ынтымақтастығы туралы келісімді, сондай-ақ ШЫҰ-ның басқа да құжаттарының ережелерін басшылыққа ала отырып,
ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасында денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге ниеттене отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Тараптар өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты мынадай:
ғылым және инновациялық технологиялар;
жұқпалы аурулар профилактикасы және оларды бақылау;
дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың қауіпсіздігі және сапасы;
денсаулық сақтауды ақпараттандыру және телемедицина;
төтенше жағдайлар мен дүлей апаттар кезінде медициналық көмек көрсету;
бастапқы медициналық-санитариялық және жоғары технологиялық медициналық көмек;
ана мен бала денсаулығын сақтау;
жұқпалы емес аурулар және салауатты өмір салтын қалыптастыру;
азық-түлік өнімінің қауіпсіздігі бағыттары бойынша дамытады.
Тараптар ортақ келісім арқылы басқа бағыттар бойынша ынтымақтастықты жүзеге асыра алады.
2-бап
Осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген бағыттар бойынша Тараптар ынтымақтастығы олардың мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес мынадай:
ғылыми және инновациялық жетістіктермен алмасу;
озық және қазіргі заманғы технологиялармен алмасу;
Тараптар өткізетін халықаралық іс-шараларға (көрмелерге, конференцияларға, симпозиумдарға және т.б.) қатысу;
қоғамдық денсаулық сақтауға қауіп төндіретін төтенше жағдайлар кезінде жедел ақпарат алмасу;
ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің денсаулық сақтау ұйымдары мен мекемелері арасындағы өзара іс-қимыл нысандарында іске асырылады.
3-бап
Тараптар осы Келісімді іске асыру барысында алынған зияткерлік қызмет нәтижелеріне арналған құқықтардың сақталуын өз мемлекеттерінің заңнамасына және өздері қатысушы болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес қамтамасыз етеді.
4-бап
Егер Тараптар арасында өзге уағдаластық болмаса, Тараптар өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес осы Келісім бойынша міндеттемелерді орындауға байланысты шығыстарды дербес көтереді.
5-бап
Осы Келісімнің ережелерін орындау жөніндегі ынтымақтастықты үйлестіруді Сараптама жұмыс тобы жүзеге асырады, оның қызметі тиісті Регламентпен реттеледі.
6-бап
Осы Келісімнің жекелеген ережелерін іске асыру мақсатында Тараптар тиісті келісімдер жасаса алады.
7-бап
Тараптардың келісуі бойынша осы Келісімге жекелеген хаттамалармен ресімделетін, осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
8-бап
Осы Келісім Тараптардың мемлекеттері қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық келісімдерден туындайтын құқықтар мен міндеттемелерді қозғамайды.
9-бап
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және қолдануға байланысты даулы мәселелер мен келіспеушіліктер туындаған жағдайда, олар Тараптар арасындағы консультациялар мен келіссөздер арқылы шешілетін болады.
10-бап
Осы Келісім шеңберінде ынтымақтастықтың жұмыс тілдері орыс және қытай тілдері болып табылады.
11-бап
Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және оған қол қойған Тараптардың әрқайсысының оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің орындалғаны туралы соңғы жазбаша хабарламасын депозитарий алған күнінен бастап күшіне енеді.
12-бап
Осы Келісім күшіне енгеннен кейін ШЫҰ мүшесі болған кез келген мемлекеттің оған қосылуы үшін ашық.
Қосылған мемлекет үшін осы Келісім депозитарийдің қосылу туралы құжатты алған күнінен бастап 30 күннен кейін күшіне енеді.
Депозитарий қосылған мемлекетке қатысты осы Келісімнің күшіне енген күні туралы Тараптарды хабардар етеді.
13-бап
Тараптардың кез келгені болжанып отырған шығу күніне дейін 90 күннен кешіктірмей дипломатиялық арналар арқылы депозитарийге өзінің ниеті туралы жазбаша хабарлама жібере отырып, осы Келісімнен шыға алады. Депозитарий 30 күннің ішінде оны алғаны туралы басқа Тараптарға хабарлайды.
Егер Тараптар өзгеше уағдаласпаса, осы Келісімнің қолданысын тоқтату оған сәйкес жүзеге асырылатын, басталған, бірақ оның қолданысы тоқтатылған сәтте аяқталмаған қызметті қозғамайды.
14-бап
Осы Келісімнің депозитарийі ШЫҰ Хатшылығы болып табылады, ол осы Келісімге қол қойылғаннан кейін 15 күн ішінде оның расталған көшірмесін Тараптарға жібереді.
2011 жылғы 15 маусымда Астана қаласында (Қазақстан Республикасы) орыс және қытай тілдерінде бір түпнұсқа данада жасалды, әрі екі мәтіннің бірдей күші бар.
Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін
Қытай Халық Республикасының
Үкіметі үшін
Қырғыз Республикасының
Үкіметі үшін
Ресей Федерациясының
Үкіметі үшін
Тәжікстан Республикасының
Үкіметі үшін
Өзбекстан Республикасының
Үкіметі үшін