Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. 2007 жылғы 11 маусымда Братиславада жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Словакия Республикасының Үкіметі арасындағы Экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы келісім бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен
Словакия Республикасының Үкіметі арасындағы
Экономикалық және ғылыми-техникалық
ынтымақтастық туралы
келісім
(2013 жылғы 7 наурызда күшіне енді -
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені,
2013 ж., N 2, 15-құжат)
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Словакия Республикасының Үкіметі,
Қазақстан Республикасы мен Словакия Республикасы арасындағы достық қатынастарды нығайтуға және экономикалық әрі басқа да қатынастарды дамытуға ниет білдіре отырып;
Словакия Республикасының Еуропалық, Одаққа мүшелігін және осыдан туындайтын құқықтар мен міндеттемелерді назарға ала отырып;
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
1. Тараптар теңдік қағидаттарында өз мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес барлық салалар мен секторларда өзара тиімді экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамытуға жәрдемдеседі.
2. Осы Келісімнің шеңберінде жүзеге асырылатын ынтымақтастық мыналарға:
екі жақты экономикалық қатынастарды нығайту үшін экономикалық әлеуетті пайдалануға;
жеңіл және ауыр, өнеркәсіп, энергетика, көлік, газ, химия, мұнай, фармацевтика, ағаш өңдеу, целлюлозды-қағаз, электрондық және электр-техникалық өнеркәсіпті, ауыл шаруашылығы және орман техникасы, тамақ, сыра қайнату және өңдеуші өнеркәсіп, құрылыс және құрылыс материалдары мен жабдықтарын өндіру, тау-кен өндіру өнеркәсібі, қайталама металлургия, коммуналдық шаруашылық, туризм, қоршаған ортаны қорғау, денсаулық сақтау, білім беру, ғылым, мәдениет және спорт саласында қызметтер ұсыну саласындағы ынтымақтастықты дамытуға;
екі жақты экономикалық, оның ішінде инвестициялар, инновациялар және экономикалық жобаларды қаржыландыру саласындағы қатынастарды қарқынды етуге;
көлік құралдарын өзара жеткізуді және мұнай-газды қайта өңдеуді жаңғыртуды, көмірсутегі шикізатын барлауға және өндіруге қатысуды қоса алғанда көлік және энергия тасығыштар жүйесі саласындағы инфрақұрылымды дамытуға;
атом энергетикасы саласындағы ынтымақтастықты дамытуға;
мамандармен, ғылыми-техникалық қызметкерлермен және жоғары оқу орындарының студенттерімен алмасуды, сондай-ақ Тараптардың ғылыми-техникалық жетістіктерді іс жүзінде пайдалануын қоса алғанда ғылыми-техникалық саладағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.
2-бап
Осы Келісімнің 1-бабында көзделген ынтымақтастық мынадай жолдар арқылы жүзеге асырылады:
газ және мұнай секторларындағы, электр-энергетикасындағы, көлік инфрақұрылымы саласындағы өзара мүдделі жобалардың мәні болып табылатындарды іске асыру кезінде өзара іс-қимыл жасасу;
бір Тарап мемлекеті шаруашылық жүргізу субъектілерінің екінші Тарап мемлекетінің аумағында не екі Тарап мемлекеттерінің де бірлескен шаруашылық жүргізу субъектілерінің олардың аумақтарында немесе үшінші мемлекеттердің аумақтарында объектілерді жобалауын, құрылысын салуды және жаңғыртуды қолдау;
шағын және орта кәсіпкерлік ұйымдарының ынтымақтастығын дамыту;
инвестициялық жобаларды қоса алғанда, экономикалық және өзге жобалар үшін қаржыландыру, сақтандыру және кепілдіктер беру тетіктерін енгізу;
сертификаттау және стандарттау саласында өзара іс-қимыл жасау;
сауда-өнеркәсіп палаталары, қауымдастықтар мен басқа ұйымдар, бірлескен шаруашылық жүргізу субъектілері арасындағы байланыстарға жәрдемдесу;
консалтингтік, құқықтық, банктік және техникалық, оның ішінде Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында инвестициялық жобаларды іске асыруды қолдауға байланысты қызметтерді дамыту;
мамандармен және техникалық персоналмен алмасуды, оқытуды, халықаралық жәрмеңкелерге және көрмелерге, экономикалық жобаларға және экономикалық ынтымақтастықпен байланысты өзге де іс-шараларға, оның ішінде үшінші мемлекеттердің нарықтарына қатысуды қоса алғанда, ынтымақтастықтың әртүрлі нысандарын дамыту үшін жағдайлар жасау;
бірлескен іргелі қолданбалы және инновациялық ғылыми-зерттеу жобаларын және бағдарламаларын әзірлеу және іске асыру мүдделерінде халықаралық ғылыми-зерттеу орталықтарын құру;
туризм және курорттық іс саласында өзара іс-қимыл жасау.
3-бап
Осы Келісімнің 1 және 2-баптарының іс-шараларын іске асыру тараптардың құқықтары мен міндеттері айқындалатын тікелей шарттар жасасу жолымен жүзеге асырылатын болады.
4-бап
Бір Тараптың құзыретті органдары екінші Тарап мемлекетінің шаруашылық жүргізу субъектілеріне өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес барлық нысандарда мемлекеттің аумағындағы қызметті жүзеге асыруға жәрдемдеседі.
5-бап
Тараптардың құзыретті органдары экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамытуға жәрдемдесу мақсатында өз мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес:
экономикалық және инвестициялық қызмет, стандарттау, сертификаттау мәселелерін, лицензиялау, зияткерлік және өнеркәсіптік меншікті қорғау, инновациялық және ғылыми-техникалық қызметтің нәтижелерін іс жүзінде пайдалану шарттарын реттейтін заңнама саласында;
екі Тараптың да мемлекеттерінің аумақтарында әрекет ететін, шаруашылық жүргізу субъектілерінің арасындағы байланыстарды орнатуға ықпал ететін, оның ішінде көрмелер мен жәрмеңкелер өткізу мәселелері жөнінде іс-шараларға қатысты;
өзара мүддені білдіретін басқа да салаларда ақпарат алмасуды жүзеге асырады.
6-бап
1. Осы Келісімнің ережелерін жүзеге асыру мақсатында Қазақстан-Словакия Экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі комиссия (бұдан әрі - Комиссия) әрекет етеді.
2. Комиссияның міндеттері, атап айтқанда:
экономикалық ынтымақтастықтың жай-күйін мерзімді шолуларды және бағалауды жүргізу;
экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бағытталған ұсыныстарды даярлау;
экономикалық және ғылыми-техникалық дамытуды шектейтін проблемаларды анықтау және оларды жою мақсатында тиісті шаралар ұсыну;
осы Келісімді қолдануға немесе түсіндіруге қатысты даулы мәселелерді талқылау.
3. Комиссия төраға басқаратын қазақстандық және Словакия бөліктерінен құралады.
Өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес:
Тараптардың әрқайсысы өз бөліктерінің төрағасын тағайындайды;
Төрағалардың әрқайсысы бөлік төрағасының орынбасарын және хатшысын тағайындайды;
жекелеген мәселелерді қарау үшін Комиссия өз құзыреті шеңберінде олардың міндеттерін айқындай отырып, жұмыс топтарын құруға құқылы.
4. Комиссияның отырысы қажеттілігіне қарай Қазақстан Республикасында және Словакия Республикасында кезекпен жылына кемінде бір рет жүргізіледі. Төрағалардың әрқайсысының бастамасы бойынша Комиссияның кезектен тыс отырысы шақыртылуы немесе төрағалар кездесуіне бастама көтерілуі мүмкін.
Бөліктердің төрағалары Комиссияның кезекті отырысына шақыру және күн тәртібі туралы мәселені көздейтін мәжіліс өткізілгенге дейін кемінде бір ай бұрын өзара келіседі. Төрағалардың келісімі бойынша күн тәртібіне алдын ала көзделмеген мәселелер енгізілуі мүмкін. Бөліктердің төрағалары Комиссияның отырысына өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес кеңесшілер мен сарапшыларды шақыруға құқылы.
5. Комиссияның отырысы хаттамамен ресімделеді.
6. Комиссияның қызметіне байланысты мәселелерді оның отырыстары арасындағы кезеңде Комиссия төрағалары немесе олардың тапсырмалары бойынша орынбасарлары мен хатшылары жұмыс тәртібімен талқылайды.
7. Комиссия жұмысының барысы ол белгілеген регламентте айқындалады.
8. Тараптар өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес Комиссияның қызметіне байланысты шығыстарды дербес көтереді.
7-бап
1. Осы Келісімнің ережелері Қазақстан Республикасы немесе Словакия Республикасы қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттардан, сондай-ақ халықаралық ұйымдарға олардың мүшелігінен туындайтын Тараптардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
2. 1995 жылғы 23 қаңтарда Брюссельде қол қойылған бір тараптан Қазақстан Республикасы және екінші тараптан Еуропалық Қоғамдастық және олардың мүше мемлекеттері арасындағы әріптестік және ынтымақтастық туралы келісім, оның барлық кейіннен енгізілетін өзгерістерімен және толықтыруларымен қоса, осы Келісімде реттелетін мәселелерге қатысты басым күшке ие болады.
3. Осы Келісімнің ережелері Словакия Республикасының оның Еуропалық Одаққа мүшелігінен туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
8-бап
Тараптардың өзара келісімі бойынша Осы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін ол Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын жекелеген хаттамалармен ресімделеді.
9-бап
1. Осы Келісім Тараптар оның күшіне енуіне қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынғаннан кейін отызыншы күні күшіне енеді.
2. Осы келісім айқындалмаған мерзімге жасалады. Тараптардың әрқайсысы осы Келісімнің қолданылуын мұндай ниеті туралы екінші Тарапты жазбаша нысанда хабардар ету арқылы тоқтата алады. Мұндай жағдайда осы Келісім Тараптардың бірі мұндай хабарлама алған күннен бастап алты ай өткен соң күшін жояды.
2007 жылғы 11 маусымда Братислава қаласында қазақ, словак және орыс тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде Тараптар арасында келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.
Қазақстан Республикасының Словакия Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін