Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасының Үкіметіне Қытай Халық Республикасы Үкіметінің өтеусіз көмек ретінде техникалық жәрдем көрсетуі туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасының Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Өрентайұлы Исекешевке қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасының Үкіметіне Қытай Халық Республикасы Үкіметінің өтеусіз көмек ретінде техникалық жәрдем көрсетуі туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2011 жылғы 23 қыркүйектегі
№ 1091 қаулысымен
мақұлданды
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық
Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасының
Үкіметіне Қытай Халық Республикасы Үкіметінің өтеусіз көмек
ретінде техникалық жәрдем көрсетуі туралы келісім
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі (бұдан әрі – Тараптар),
екі ел арасындағы достық байланыстарды одан әрі нығайту және техникалық-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мақсатында,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Келісімнің мақсаты
Қазақстан Республикасында жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды дамытуға техникалық жәрдем көрсету ретінде Қытай тарапы өтеусіз негізде Қазақстан тарапының меншігіне жел электрлік жабдықты және күн энергетикалық жабдықты (бұдан әрі – Жабдық) береді.
2-бап
Келісімді іске асыру жөніндегі операторлар
1. Осы Келісімді іске асыру мақсатында Тараптар Жобаларды іске асыру жөніндегі операторларды тағайындайды:
Қазақстан тарапынан – «Самұрық-Энерго» акционерлік қоғамы (бұдан әрі – «Самұрық-Энерго» АҚ);
Қытай тарапынан – ___________________________________, Қытай Халық Республикасының Коммерция министрлігі тағайындайтын шаруашылық субъектісі.
2. Жобаларды іске асыру жөніндегі операторлардың өзара іс-қимылы, осы Келісімге қол қойылған күннен бастап алты ай ішінде Тарап операторлары жасайтын қосымша келісімдермен реттеледі.
Қосымша келісімдер осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылады.
3-бап
Тараптардың міндеттемесі
Қытай Тарапы мыналарға:
1. Өтеусіз негізде өз қаражаты және күші есебінен Жабдықты жеткізуді, орнатуды және іске қосуды (бұдан әрі – Жобалар) жүзеге асыруға.
2. Жабдықтарды пайдалануға беруге байланысты қажетті зерттеулер жүргізуге және жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жобаларды іске асыру кезеңінде инженерлік-техникалық персоналдың қажетті санын Қазақстан Республикасына іссапарға жіберуге. Өз қаражаты және күші есебінен Жабдықты салуды, монтаждауды және іске қосуды жүзеге асыруға.
3. Жабдықтарды жөнелту пунктінен орналастыру пунктіне дейін көліктік шығыстарды есепке ала отырып, өз қаражаты және күші есебінен Жабдықты жеткізуді жүзеге асыруға міндеттенеді.
Қазақстан Тарапы мыналарға:
1. Қазақстан Республикасының заңнамасына және (немесе) Кеден Одағының кедендік заңнамасына сәйкес Қазақстан Тарапының операторы жүргізетін Жабдықтарды Қазақстан Республикасының аумағында кедендік декларациялауға кепілдік беруге.
2. Осы Келісімнің шеңберінде әкелінетін Жабдықты Қазақстан Республикасының заңнамасына және (немесе) Кеден Одағының кедендік заңнамасына сәйкес кедендік баждар мен салықтарды төлеуден босатуға. Бұл ретте, кедендік төлемдер мен салықтарды төлеуден босатылатын Жабдықтың тізбесі «Самұрық-Энерго» АҚ-ның Қазақстан Республикасының кеден ісі саласындағы уәкілетті органмен Жабдықты Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге дейін бір ай бұрын міндетті алдын ала келісілуге тиіс.
3. Қытай Тарапына Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Тарапының операторы тұлғасында Қытай Тарапының инженерлік-техникалық персоналын Қазақстан Республикасының аумағына келуі және болуына байланысты визалық қолдауға және тіркеуге жәрдем көрсетуге.
4. Қазақстан Тарапының операторы өз қаражаты және күші есебінен Жабдықты орналастыру пункттері аумағын сумен жабдықтауды, электрмен жабдықтауды қамтамасыз етуді орындауға кепілдік беруге, сондай-ақ Жобаны іске асыру үшін қажетті рұқсат беру құжаттарын алуға, визалық қолдау көрсетуге байланысты шығыстарды өтеуге міндеттенеді.
5. Жобаларды іске асыру мақсатында Жабдықты орналастырудың мынадай пункттерін:
күн энергетикалық жабдық үшін – Алматы қаласының Медеу ауданы Алатау кентінің аумағында орналасқан алаңы 1,25 га «Ақпараттық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының аумағындағы учаскіні;
жел электрлік жабдық үшін – Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында орналасқан алаңы 25 га учаскіні айқындауға міндеттенеді.
Тараптар мыналарға:
1. Қытай Тарапы операторының Жабдықты орналастыру пунктіне дейін жеткізу нәтижесі бойынша Тараптардың операторлары Жабдықты жеткізудің аралық актілеріне (жел электрлік жабдық және күн энергетикалық жабдық бойынша жеке-жеке) қол қоюға кепілдік беруге.
2. Жабдықты пайдалануға бергеннен кейін Тараптардың операторлары арасында Жабдықты қабылдау-беру актісіне (жел электрлік жабдық және күн энергетикалық жабдық бойынша жеке-жеке) қол қоюға кепілдік беруге міндеттенеді.
4-бап
Келісімнің іске асырылу мерзімі
Жобалардың іске асырылу мерзімі Тараптар операторлары арасындағы қосымша келісімде айқындалады, бұл ретте операторлар қосымша келісімге қол қойылғаннан кейін бір ай ішінде әрбір Тараптың тиісті уәкілетті органын хабардар етуге міндетті.
5-бап
Дауларды реттеу
Осы Келісімді және Жобаларды іске асыру кезінде Тараптар арасында туындайтын келіспеушіліктер мен даулар Тараптар және олардың операторлары арасындағы келіссөздер мен консультациялар арқылы шешіледі.
6-бап
Қорытынды
Осы Келісім Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алған күнінен бастап 30 (отыз) күн өткен соң күшіне енеді.
Осы Келісім Тараптар дипломатиялық арналар арқылы растайтын, Жобаларды іске асыру аяқталған күнінен бастап өз қолданысын тоқтатады.
20___жылғы «___» ________ _______ қаласында әрқайсысы қазақ, қытай, орыс және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінеді.
Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін