Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
«Иеліктен шығаруға жатпайтын объектілердің тізбесі туралы» Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы Иеліктен шығаруға жатпайтын объектілердің тізбесі туралы
«Мемлекеттік мүлік туралы» 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының 94-бабының 3-тармағына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса берiлiп отырған иеліктен шығаруға жатпайтын объектілердің тізбесі бекiтiлсiн.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі өз шешімдерін осы Жарлыққа сәйкес келтірсін.
3. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
1) «Жекешелендіруге жатпайтын мемлекеттік меншік объектілерінің тізбесі туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 28 шілдедегі № 422 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2000 ж., № 29, 354-құжат);
2) «Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 28 шілдедегі № 422 Жарлығына өзгеріс енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 10 ақпандағы № 1021 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2003 ж., № 7, 68-құжат).
4. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н. Назарбаев
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2011 жылғы «__» _____
№ __ Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН
Иеліктен шығаруға жатпайтын объектілердің тізбесі
1. Жер (Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген негіздерде, шарттарда және шектерде жеке меншікте болуы мүмкін жерден басқа), жер қойнауы, су, өсімдік және хайуанаттар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар.
2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жері, сондай-ақ жердің өзге санаттарының мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектілері тұрған жер учаскелері.
3. Қазақстан Республикасының Су кодексі 7-бабының 2-тармағында көрсетілген су қорының жерлері құрамындағы жер учаскелерінен басқа, су қорының жерлері, порттардың жағалау белдеуiнің акваториясы мен жерлері.
4. Мемлекеттiк орман қорының жерлерi.
5. 1992 жылғы 30 мамырға дейін қоймаға қойылған немесе минералдық ресурстардың мемлекеттік қорына қосылған техногендік минералдық түзілімдер.
6. Жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдары, кеме жүретiн су жолдары, шамшырақтар, кеме қатынасының қауiпсiздігін реттейтiн және оған кепiлдiк беретiн құрылғылар мен навигациялық белгiлер, шлюздер, халықаралық маңыздағы мәртебесі бар теңіз порттары, әуе қозғалысын басқару органдарының аэронавигациялық құрылғылары, әуе кемелерiнiң ұшу қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге байланысты инженерлiк желiлер, сондай-ақ метрополитен.
7. Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын ерекше стратегиялық маңызы бар су шаруашылығы құрылыстары.
8. Ұлттық әл-ауқат қорының акциялары.
9. Ауылда бастапқы медициналық-санитарлық көмек, мамандандырылған көмек көрсететiн (қан, ана мен баланы қорғау жөнiндегi, радиациялық медицина орталықтары, онкологиялық, туберкулез, АИТВ жұқтырғандарды және ЖИТС-пен ауыратын ауруларды және жұқпалы ауруларды, терi-венерологиялық, психикалық ауруларды емдеу жөнiндегi объектiлер), сондай-ақ облыстың, қаланың, ауданның қызмет көрсетiлетiн аумағындағы жалғыз мемлекеттiк медициналық ұйым болып табылатын медициналық ұйымдар.
10. Халықты әлеуметтік қорғау объектілері, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдары, сәбилер үйлері, балаларға, қарттарға, Ұлы Отан соғысының мүгедектеріне, қатысушыларына және оларға теңестірілген тұлғаларға арналған санаторийлер, интернаттар мен госпитальдар, сондай-ақ қарттарға, мүгедектерге, оның ішінде мүгедек балаларға арналған мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелер (ұйымдар).
11. Азаматтық қорғаныстың және Мемлекеттік өртке қарсы қызметтің объектiлерi мен мүлкi.
12. Пайдаланылмайтын әскери мүлiкті қоспағанда, мемлекеттік меншік болып табылатын, экономика салаларының ұйымдарына жедел басқару, шаруашылық жүргізу құқығында бекітіліп берiлген және қорғаныс мұқтажын қамтамасыз етуге және жұмылдыру тапсырмаларын орындауға арналған объектілер мен мүлiк.
13. Мемлекеттік меншіктегі Ұлттық мұрағат қорының құжаттары, сондай-ақ мемлекеттік мұрағаттар мен олардың филиалдарының ғимараттары, үй-жайлары мен жабдықтары.
14. Мемлекеттік меншіктегі геологиялық ақпарат.
15. Қазақстан Республикасы Ұлттық картографиялық-геодезиялық қорының мемлекеттiк меншiктегі құжаттары.
16. Бастауыш, негізгі орта, орта білім беретін (жалпы орта, техникалық және кәсіптік білім беретін), Қазақстан Республикасының аумағында азаматтардың білім алуға конституциялық құқықтарын қамтамасыз ететін мемлекеттік ұйымдар, сондай-ақ мектепке дейін тәрбиелейтін және оқытатын мемлекеттік ұйымдар.
17. Протездік-ортопедиялық салада тәжірибелік-эксперименталдық жұмыстарды жүргізуді жүзеге асыратын мемлекеттік ұйымдар.
18. Мемлекеттік мәдениет ұйымдары, мемлекет меншігіндегі ұлттық мәдени игілік объектілері, Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан және басқа субъектілерге тиесілі емес тарих пен мәдениет ескерткіштері.