Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған 1995 жылғы 26 мамырдағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Мәдени ынтымақтастық жөнiндегi кеңесін құру туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманың жобасы мақұлдансын.
2. Қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізу құқығымен 1995 жылғы 26 мамырдағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Мәдени ынтымақтастық жөнiндегi кеңесін құру туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттамаға қол қойылсын.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2011 жылғы 17 қазандағы
№ 1185 қаулысымен
мақұлданған
Жоба
1995 жылғы 26 мамырдағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына
қатысушы мемлекеттердің Мәдени ынтымақтастық жөнiндегi кеңесін
құру туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы
хаттама
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын 1995 жылғы 26 мамырдағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Мәдени ынтымақтастық жөнiндегi кеңесін құру туралы келісімге (бұдан әрі – Келісім) қатысушы мемлекеттердің үкіметтері,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Мәдени ынтымақтастық жөнiндегi кеңесі туралы ереженің жаңа редакциясы (қоса беріліп отыр) бекітілсін.
2-бап
Осы Хаттама оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді оған қол қойған Тараптардың орындағаны туралы соңғы хабарламаны депозитарий алған күнінен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
3-бап
Осы Хаттама күшіне енгеннен кейін депозитарийге қосылу туралы құжат тапсыру жолымен ТМД-ға қатысушы кез келген мемлекеттің қосылуы үшін ашық.
Қосылатын мемлекет үшін Хаттама депозитарий қосылу туралы құжатты алған күннен бастап 30 күн өткеннен кейін күшіне енеді.
________ қаласында орыс тіліндегі бір түпнұсқа дана жасалды. Түпнұсқа данасы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқару комитетінде сақталады, ол осы Хаттамаға қол қойған әрбір мемлекетке оның расталған көшірмесін жолдайды.
Әзірбайжан Республикасының Ресей Федерациясының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Армения Республикасының Тәжікстан Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Беларусь Республикасының Түрікменстан
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Қырғыз Республикасының Украинаның
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Молдова Республикасының
Үкіметі үшін
Жоба
1995 жылғы 26 мамырдағы
Тәуелсіз Мемлекеттер
Достастығына қатысушы
мемлекеттердің Мәдени
ынтымақтастық жөнiндегi
кеңесін құру туралы Тәуелсіз
Мемлекеттер Достастығы Үкімет
басшылары кеңесінің келiсiмімен
БЕКІТІЛГЕН
(____ жылғы ____ редакцияда)
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің
Мәдени ынтымақтастық жөнiндегi кеңесі туралы
ереже I. Жалпы ережелер
1.1. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Мәдени ынтымақтастық жөнiндегi кеңесі (бұдан әрі - Кеңес) ТМД-ның салалық ынтымақтастық органы болып табылады және өз құзыреті шегінде мәдениет саласындағы өзара іс-қимылды үйлестіруді қамтамасыз ету және мәселелерді шешу үшін құрылған.
1.2. Кеңес өз қызметінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Жарғысын, ТМД шеңберінде қабылданған шарттар мен шешімдерді және осы Ережені басшылыққа алады.
1.3. Кеңес ТМД Мемлекет басшылары кеңесі, Үкімет басшылары кеңесі, Сыртқы істер министрлерінің кеңесі және Экономикалық кеңесі қабылдаған Кеңестің құзыретіне қатысты шешімдердің орындалуын ұйымдастыруға және үйлестіруге арналған.
1.4. Кеңсе ТМД-ның Атқарушы комитетімен, ТМД-ның басқа органдарымен, қажет болған жағдайда – басқа халықаралық ұйымдардың хатшылықтарымен, сондай-ақ ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің мемлекеттік билік органдарымен өзара іс-қимыл жасайды.
1.5. Кеңес өз қызметінде ТМД Үкімет басшыларының кеңесіне есеп береді.
1.6. Кеңестің жұмысы туралы есеп белгіленген тәртіппен ТМД-ның Үкімет басшылары кеңесінің, Сыртқы істер министрлері кеңесінің, Экономикалық кеңесінің, Достастықтың жарғылық және басқа органдары жанындағы Достастыққа қатысушы мемлекеттердің тұрақты өкілетті өкілдері кеңесінің, сондай-ақ ТМД Экономикалық кеңесі жанындағы Экономикалық мәселелер жөніндегі комиссияның отырыстарында қаралады.
1.7. Кеңес жыл сайын ТМД-ның Атқарушы комитетіне өз қызметі туралы ақпарат ұсынады.
1.8. Кеңестің жұмыс тілі орыс тілі болып табылады.
II. Кеңестің функциялары
Кеңес өз құзыреті шегінде мынадай функцияларды орындайды:
2.1. ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Мәдени ынтымақтастығы мәселелерін қарау.
2.2. ТМД шеңберінде мәдени байланысты жүзеге асыратын мемлекеттік және қоғамдық құрылымдардың өзара іс-қимылын қоса алғанда мәдени ынтымақтастықты одан әрі дамытудың мүмкіндіктерін зерделеу, ТМД шеңберіндегі мәдениет саласындағы үдерістер мен үрдістердің ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің мүдделілігімен сәйкестігін зерделеу.
2.3. Көпжақты халықаралық шарттардың, кешенді бағдарламалар мен Кеңестің құзыретіне қатысты мәселелер бойынша басқа құжаттардың жобаларын әзірлеу, мәдениет саласындағы бірлескен іс-шаралар өткізу.
2.4. Мәдениет саласындағы келісілген іс-қимылдар әзірлеуде ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің мәдениет саласындағы мемлекеттік билік органдарына, қоғамдық ұйымдарына жәрдемдесу.
III. Кеңестің құқықтары
Кеңестің мынадай құқықтары бар:
3.1. ТМД-ға қатысушы мемлекеттерде және ТМД-ның салалық ынтымақтастық ұйымдарында белгіленген тәртіппен өзінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша ақпарат сұрату.
3.2. ТМД-ның Мемлекет басшылары кеңесінің және Үкімет басшылары кеңесінің қарауына белгіленген тәртіппен ұсыныстар енгізу.
3.3. Кеңестің құзыретіне жататын мәселелер бойынша құжаттардың жобаларын дайындау үшін тұрақты немесе уақытша жұмыс топтарын құру.
3.4. Өз құзыреті шегінде шешімдер мен ұсынымдар қабылдау.
3.5. Өз құзыретіне кіретін басқа да мәселелерді шешу.
IV. Кеңесті құру тәртібі
4.1. ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің мәдениет саласындағы мемлекеттік билік органдарының басшылары кеңестің мүшелері болып табылады.
Кеңестің отырысына Кеңес мүшелерін алмастыратын тұлғалар жіберілген жағдайда олардың өкілеттігі расталуы тиіс.
4.2. Кеңесте әрбір мемлекет бір дауысқа ие.
4.3. Кеңестің құрамына кеңесші дауыс құқығымен Кеңес хатшылығының жетекшісі, сондай-ақ ТМД Атқарушы комитетінің өкілі кіреді.
4.4. Кеңестің отырысына кеңесші дауыс құқығымен ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің мәдениет және өнер қайраткерлерінің халықаралық және ұлттық қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері қатыса алады.
4.5. Кеңестің отырысына ТМД құрамына кірмейтін мемлекеттердің өкілдері қатыса алады.
Осы Ереженің 4.4 және 4.5-тармақтарында көрсетілген тұлғаларға шақыруды Кеңестің төрағасы немесе оның тапсырмасы бойынша ТМД-ның Атқарушы комитеті жібереді.
V. Кеңестің жұмысын ұйымдастыру
5.1. Кеңестің отырыстары жылына кемінде бір рет өткізіледі.
Кеңестің кезектен тыс отырысы егер оны Кеңес мүшелерінің көпшілігі қолдаса, Кеңестің кез келген мүшесінің ұсынысы бойынша өткізілуі мүмкін.
5.2. Кеңестің отырысы егер оған оның мүшелерінің кемінде жартысы қатысса, заңды болып танылады.
5.3. Кеңестің кезекті отырысын өткізу Кеңес мүшелерінің уағдаласуы бойынша алдыңғы отырыста анықталады.
Кезекті отырыстың қалыптастырылған күн тәртібі Кеңес мүшелері енгізген өзге де мәселелермен толықтырылуы мүмкін.
5.4. Кеңестегі төрағалық ТМД-ға қатысушы әрбір мемлекеттің жауапты өкілі арқылы орыс әліппесінің ретінде кезекпен, тәртіп бойынша, бір жыл ішінде жүзеге асырылады.
Кеңестің алдыңғы және кейінгі төрағалары оның тең төрағалары болып табылады. Кеңестің төрағасы уақытша болмаған жағдайда оның міндеттері тең төрағалардың біріне жүктеледі.
5.5. Кеңестің төрағасы Кеңестің жұмысына жалпы басшылық етеді, Кеңестің отырыстарын өткізеді, Кеңестің қызметіне байланысты мәселелер бойынша белгіленген тәртіппен ТМД органдарында Кеңестің атынан өкілдік етеді, құжаттарға қол қояды және оларды Кеңестің атынан жолдайды, Кеңестің қызметін қамтамасыз етуге байланысты өзге де іс-қимылдар жасайды.
5.6. Кеңестің шешімдері оның отырысқа қатысып отырған мүшелерінің қарапайым көпшілік дауысымен қабылданады.
Кеңестің шешімдері ұсынымдық сипатқа ие.
Кеңестің кез келген мүшесі қандайда бір мәселеде өзінің мүдделі еместігін мәлімдей алады, бұл шешім қабылдауға кедергі ретінде қаралуы тиіс емес. Шешіммен келіспейтін Кеңес мүшелері отырыстың хаттамасына енгізілетін ерекше пікір білдіре алады.
Кеңестің отырысы хаттамамен рәсімделеді, оған Кеңес қабылдаған шешімдер енгізіледі. Хаттамаға Кеңестің төрағасы қол қояды.
Кеңес қабылдаған құжаттарды есепке алу мен сақтауды ТМД-ның Атқарушы комитетінің тиісті құрылымдық бөлімшесі жүзеге асырады.
5.7. Кеңес мүшелері қажет болған жағдайда Кеңес белгілеген мерзімде қабылданған шешімдердің іске асырылу туралы Кеңестің төрағасын хабардар етеді.
5.8. Кеңестің отырысында қарауға арналған материалдарды Кеңестің мүшелері де, Кеңестің шешімі бойынша құрылған жұмыс топтары да енгізуі мүмкін.
5.9. Жеке мәселелер бойынша Кеңестің шешімдері жұмыс тәртібімен қабылдануы мүмкін және олар Кеңестің кезекті отырысы хаттамасының мәтініне енгізіледі.
VI. Кеңестің Хатшылығы
6.1. Кеңес Хатшылығының функциялары басшысы Кеңесте төрағалық ететін ТМД-ға қатысушы мемлекеттің мәдениет саласындағы мемлекеттік билік органына ТМД-ның Атқарушы комитетінің құрылымдық бөлімшесіне бірлесіп жүктеледі.
6.2. Кеңес Хатшылығының жетекшісі басшысы Кеңесте төрағалық ететін ТМД-ға қатысушы мемлекеттің мәдениет саласындағы мемлекеттік билік органының өкілі, ал Хатшылық жетекшісінің орынбасары ТМД-ның Атқарушы комитетінің өкілі болып табылады.
6.3. Хатшылық Кеңес қызметінің ұйымдастыру-техникалық және ақпараттық қамтамасыз етуді жүзеге асырады.
6.4. Хатшылық Кеңестің кезекті отырысына қажетті материалдардың дайындалуын ұйымдастырады және олармен Кеңестің мүшелерін отырыстың өткізілу күніне дейін бір айдан кешіктірмей қамтамасыз етеді.
VII. Қаржыландыру
7.1. Кеңестің отырыстарын өткізуді қаржыландыруға байланысты шығыстар ТМД-ға қатысушы, қабылдаушы мемлекеттің тиісті мемлекеттік билік органдарының есебінен жүзеге асырылады.
7.2. Кеңестің мүшелерін және отырысқа қатысушыларды іссапарға жіберу шығыстарын ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің жіберуші мемлекеттік билік органдары мен ұйымдары жүзеге асырады.