Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
«Телерадио хабарларын тарату туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Жоба
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ Телерадио хабарларын тарату туралы
Осы Заң телерадио хабарларын тарату саласындағы қоғамдық қатынастарды, телерадио хабарларын тарату субъектілерінің құқықтары мен міндеттерін реттейді.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда қолданылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі пайдаланылады:
1) абонент – телерадио хабарларын таратушы оператормен телерадио хабарларын тарату қызметін көрсетуге шарт жасасқан жеке немесе заңды тұлға;
2) дара жерсеріктік және эфирлік қабылдау құрылғы – жерсеріктік теле-, радиосигналды дара қабылдауға арналған жабдық;
3) дыбыстық сүйемелдеуді көпарналы тарату – абонентке көру кезінде тілдерді таңдауға мүмкіндік беретін телебағдарламада бір немесе бірнеше дыбыстық сүйемелдеулерді беру;
4) еркін қол жетімді теле-, радиоарна – көрсетілім құқығы үшін төлемақы алынбай адамдардың шектеусіз тобы үшін цифрлық эфирлік және жерсеріктік телерадио хабарларын тарату арқылы таратылатын теле-, радиоарна;
5) көпарналы хабар тарату – теле-, радиоарналар пакеттерін таратуға арналған телекоммуникациялық жүйе;
6) міндетті теле-, радиоарна – Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында көпарналы хабар тарату арқылы тарату үшін міндетті тиісті тізбеге кіретін теле-, радиоарна;
7) отандық теле-, радиоарна – Қазақстан Республикасындағы қолданыстағы теле-, радиокомпаниялар қалыптастыратын теле-, радиобағдарламалардың және дыбыс-бейне туындыларының, сюжеттер мен материалдардың жиынтығынан тұратын және хабар тарату торабына сәйкес кейіннен трансляцияланатын және/немесе ретрансляцияланатын бұқаралық ақпарат құралы;
8) отандық теле-, радиобағдарламалар – Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген және өз қызметін Қазақстан Республикасының аумағында және одан тысқары жерлерде жүзеге асыратын теле-, радиокомпаниялар мен өзге де заңды тұлғалар жасаған теле-, радиобағдарламалар;
9) ретрансляция - телекоммуникациялардың техникалық құралдарын қолдану арқылы теле-, радиоарналарды, теле-, радиобағдарламаларды қабылдау және бір мезгілде немесе жазып алып тарату;
10) субтитрлер – телебағдарламаның түпнұсқа тілінің дыбыстық мәтіндік сүйемелдеудің қайталануын сипаттайтын телебағдарлама арқылы берілетін ақпаратты тарату тәсілі;
11) телевизиялық абоненттік қосымша құрал – абоненттің цифрлық телевизиялық сигналды қабылдауына арналған жеке техникалық құрал;
12) теле-, радиоарна – кейіннен трансляциялау және/немесе ретрансляциялау үшін хабар тарату торына сәйкес қалыптастырылған теле-, радиобағдарламалар мен дыбыс-бейне туындыларының, сюжеттер мен материалдардың жиынтығын білдіретін бұқаралық ақпарат құралы;
13) теле-, радиоарналар топтамасы – көпарналы хабар тарату арқылы тарату үшін қалыптастырылған теле-, радиоарналардың жиынтығы;
14) теле-, радиоарналарды тарату – телекоммуникациялардың техникалық құралдарын пайдалана отырып тұтынушыға теле-, радиобағдарламаларды жеткізу;
15) теле-, радиобағдарлама – тиісті атауы, хабар тарату көлемі бар және теле,- радиоарнаның басқа бөліктеріне қарамастан пайдаланылуы мүмкін теле-, радиоарнаның мазмұны жағынан аяқталған бөлігі;
16) теле-, радиокомпания – теле-, радиоарнаның меншік иесі болып табылатын және теле-, радиоарнаны есепке қою туралы куәлік алған жеке немесе заңды тұлға;
17) телерадио хабарларын тарату – телекоммуникациялардың техникалық құралдарын пайдалана отырып, теле-, радиоарналарды, теле-, радио бағдарламаларды ашық немесе кодталған түрде тұтынушылар жаппай қабылдау үшін қалыптастыру және/немесе тарату;
18) телерадио хабарларын тарату қызметі – бұл теле-, радиобағдарламаны абонентке дейін қабылдау, өңдеу, сақтау, жолдау, жеткізу;
19) телерадио хабарларын тарату операторы – теле-, радиоарналарды тарату бойынша қызметпен айналысуға лицензия алған жеке немесе заңды тұлға;
20) телерадио хабарларын таратудың техникалық құралдары – теле-, радиоарналар мен теле-, радиобағдарламалар жасауды, қалыптастыруды, таратуды және/немесе қабылдауды қамтамасыз ететін радиоэлектрондық құралдар мен қабылдайтын-беретін техникалық құрылғылардың жиынтығы;
21) телерадио хабарларын тарату саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – телерадио хабарларын тарату саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
22) трансляция – телекоммуникациялардың техникалық құралдарын пайдалана отырып теле-, радиоарналардың сигналын бастапқы тарату;
23) телерадио хабарларын таратудың ұлттық желісі – мемлекет меншігіндегі, Қазақстан Республикасының аумағында телерадиосигналдарын таратуды қамтамасыз ететін техникалық құралдар мен байланыс арналарының жүйесі;
24) хабар тарату торы – теле-, радиобағдарламалардың нақты кезеңіне хабар таратудың бағдарламалық тұжырымдамасының негізгі бағыттарын көрсететін теле-, радиобағдарламалардың тізбесі, дәйектілігі, атауы, эфирге шығу уақыты;
25) шартты түрде қол жеткізудің теле-, радиоарнасы – Қазақстан Республикасының аумағында телерадио хабарларын тарату операторлары тұлғалардың шексіз тобына көру құқығы өтеулі шарт негізінде қамтамасыз етіліп, таратылатын теле-, радиоарна;
26) шетелдік теле-, радиоарнаны есепке қою туралы куәлік – шетелдік теле-, радиокомпанияның уәкілетті органы беретін және оның теле-, радиоарнасының Қазақстан Республикасының аумағында таратылуына рұқсат беретін белгіленген нысандағы құжат.
2-бап. Осы Заңның әрекет ету саласы
1. Осы Заңның күші Қазақстан Республикасының аумағында телерадио хабарларын тарату саласында өз қызметін жүзеге асыратын заңды және жеке тұлғаларға қолданылады.
2. Осы Заңның қағидалары Қазақстан Республикасының аумағында телерадио хабарларын тарату саласында өз қызметін жүзеге асыратын шетелдік жеке және заңды тұлғаларға да қолданылады.
3-бап. Қазақстан Республикасының телерадио хабарларын
тарату туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының телерадио хабарларын тарату туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
2-тарау. Телерадио хабарларын тарату саласындағы
мемлекеттік реттеу
4-бап. Телерадио хабарларын тарату саласындағы
мемлекеттік реттеудің негізгі қағидаттары
Телерадио хабарларын тарату саласындағы қызметті мемлекеттік реттеудің негізгі қағидаттары:
1) азаматтардың ақпаратты еркін алу құқықтарын жүзеге асыруды қамтамасыз ету және оларды мемлекеттік шекараға қарамастан негізде тарату, еркін пікір білдіру, олардың мәдени, білім алу, рухани және өзге де қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін жағдай жасау;
2) телерадио хабарларын тарату қызметтерін пайдалану кезінде тұлғаның, қоғам мен мемлекеттің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
3) жеке және заңды тұлғалардың телерадио хабарларын тарату саласындағы қызметке қатысу құқықтарының теңдігі;
4) телерадио хабарларын тарату қызметтерін тұтынушылардың, телерадио хабарларын тарату саласындағы қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау;
5) меншік нысанына қарамастан телерадио хабарларын тарату саласын дамытуға тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуді білдіретін адал бәсекелестік;
6) Қазақстан Республикасының аумағында телерадио хабарларын тарату саласындағы мемлекеттік стандарттар негізінде телерадио хабарларын тарату саласының қауіпсіздігін, сенімділігін және сапасын қамтамасыз ету;
7) отандық теле-, радиоарналарды дамыту, отандық теле-, радиобағдарламаларды жасау және трансляциялау үшін жағдай жасау;
8) телерадио хабарларын тарату саласындағы қызметтің жариялылығы және айқындығы болып табылады.
5-бап. Телерадио хабарларын тарату саласындағы
мемлекеттік реттеу және бақылау
1. Телерадио хабарларын тарату саласындағы мемлекеттік реттеу құқықтық қамтамасыз ету, лицензиялау, есепке қою және Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуын бақылау арқылы жүзеге асырылады.
2. Телерадио хабарларын тарату саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылау осы Заңның 24-бабының 2-тармағы 5) тармақшасында, 31-бабында көзделген уәкілетті орган іске асыратын бақылауды қоспағанда, талаптарды сақтау жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады.
3. Телерадио хабарларын тарату саласындағы мемлекеттік бақылау «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес тексеру нысандарында жүзеге асырылады.
4. Телерадио хабарларын тарату саласындағы заңнаманың сақталуын бақылауды мемлекеттік техникалық қызметті тарта отырып, уәкілетті орган жүзеге асырады.
6-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) телерадио хабарларын тарату саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі даму бағыттарын әзірлейді;
2) телерадио хабарларын тарату саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың дамуын қамтамасыз етеді;
3) телерадио хабарларын тарату саласындағы қызметті лицензиялау кезінде қойылатын біліктілік талаптарды бекітеді;
4) Телерадио хабарларын таратуды дамыту мәселелері жөніндегі комиссияның ұсынымы бойынша міндетті теле-, радиоарналардың тізбесін бекітеді;
5) Телерадио хабарларын таратуды дамыту мәселелері жөніндегі комиссияның ұсынымы бойынша ұлттық оператор тарататын еркін қол жетімді теле-, радиоарналардың тізбесін бекітеді;
6) міндетті теле-, радиоарналардың тізбесін қалыптастыру бойынша конкурс өткізу ережелерін бекітеді;
7) телерадио хабарларын таратудың ұлттық операторы тарататын еркін қол жетімді теле-, радиоарналардың тізбесін қалыптастыру бойынша конкурс өткізу ережелерін бекітеді;
8) телерадио хабарларын тарату мақсаты үшін жиіліктердің белдеулерін, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) бөлу жөнінде конкурс өткізу ережелерін бекітеді;
9) Телерадио хабарларын таратуды дамыту мәселелері жөніндегі комиссияның қағидасы мен құрамын бекітеді;
10) халыққа адамдардың өміріне, денсаулығына төнген қатер және бейбіт уақыттағы төтенше жағдайлар кезінде қалыптасқан ахуалда іс-қимыл жасау тәртібі туралы халыққа хабарлау үшін, сондай-ақ қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік және құқықтық тәртіпті сақтау мүддесі үшін телерадио хабарларын тарату желілерін пайдалану ережелерін бекітеді;
11) телерадио хабарларын тарату саласындағы мемлекеттік техникалық қызметті айқындайды;
12) цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуға толығымен өту мерзімін бекітеді;
13) телерадио хабарларын тарату саласындағы ұлттық операторды анықтайды;
14) Қазақстан Республикасының Конституциясында, заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
7-бап. Уәкілетті органның құзыреті
Уәкілетті орган:
1) телерадио хабарларын тарату саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді және оның іске асырылуын қамтамасыз етеді;
2) телерадио хабарларын тарату мәселелері бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметін үйлестіреді;
3) телерадио хабарларын тарату саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуын бақылауды және мониторингін жүзеге асыру жөніндегі жергілікті атқарушы органдардың қызметін үйлестіреді;
4) телерадио хабарларын таратудың ұлттық операторының қызметін үйлестіреді;
5) мемлекеттік техникалық қызметтің іс-қимылын үйлестіреді;
6) телерадио хабарларын тарату мақсаты үшін жиіліктердің белдеулерін, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) бөлу бойынша конкурстарды ұйымдастырады және өткізеді;
7) міндетті теле-, радиоарналардың тізбесін қалыптастыру бойынша конкурстарды ұйымдастырады және өткізеді;
8) телерадио хабарларын таратудың ұлттық операторы тарататын еркін қол жетімді теле-, радиоарналардың тізбесін қалыптастыру бойынша конкурстарды ұйымдастырады және өткізеді;
9) телерадио хабарларын тарату сапасының техникалық өлшемдерінің және телерадио хабарларын таратудың мемлекеттік стандарттарының сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
10) «Лицензиялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен телерадио хабарларын таратуды ұйымдастыру жөніндегі қызметті лицензиялауды жүзеге асырады;
11) лицензиаттың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды сақтауын бақылауды жүзеге асырады;
12) Қазақстан Республикасында қабылданатын жоспарлар мен бағдарламаларға сәйкес мемлекеттік стандарттарды әзірлеу жөніндегі жұмысты ұйымдастырады;
13) Қазақстан Республикасының аумағында таратылатын шетелдік теле-, радиоарналарды есепке қоюды жүзеге асырады;
14) Қазақстан Республикасының аумағында есепке қойылған және таратылатын отандық және шетелдік теле-, радиоарналардың тізілімін жүргізеді және оларды интернет-ресурста жариялайды;
15) өз құзыреті шегінде телерадио хабарларын тарату саласында нормативтік құқықтық және нормативтік техникалық актілерді, оның ішінде телерадио хабарларын тарату жүйесін техникалық пайдалану ережесін, телерадио хабарларын тарату құралдарының өлшемдеріне бақылау өлшеулерін жүргізу қағидасын, теле-, радиокомпаниялардың техникалық құралдарын телерадио хабарларын тарату операторларының желілеріне қосу ережесін телерадио хабарларын тарату операторларының қызмет көрсету ережелерін бекітеді;
16) телерадио хабарларын тарату құралдарына теникалық талаптарды сақтау және телерадио хабарларын тарату операторларының осы Заңның 19-бабына сәйкес есепке қою ресімінен өткен шетелдік теле-, радиоарналарды тарату бөлігіндегі Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
17) телерадио хабарларын таратудың ұлттық желісін басқару жөніндегі жұмысты ұйымдастырады;
18) «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес міндетті ведомстволық есептіліктің, тексеру парақтарының нысандарын, тәуекел дәрежесін бағалау критерийлерін, жыл сайынғы тексерулер жоспарларын әзірлейді және бекітеді;
19) көп арналы таратылуына байланысты сәйкес міндетті теле-, радиоарналардың санын айқындайды;
20) телерадио хабарларын тарату саласындағы қызметтер нарықтарына басым жағдайға ие нарық субъектілерінің қызметтеріне бағаны реттейді;
21) отандық теле-, радиоарналарды есепке қоюды жүзеге асырады;
22) Қазақстан Республикасының Конституциясында, заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
8-бап. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың,
астананың) жергілікті өкілді және атқарушы
органдарының құзыреті
1. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті өкілді органдары облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдарының ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген техникалық регламентке сәйкес тиісті әкімшілік-аумақ бірлігінің аумағында дара жерсеріктік және эфирлік қабылдау құрылғыларын, тұрғынүй кешеніндегі кәбілдік коммуникацияны орналастыру бойынша талаптарды белгілейді.
2. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте телерадио хабарларын тарату саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуын бақылауды жүзеге асырады.
9-бап. Мемлекеттік техникалық қызмет
1. Мемлекеттік техникалық қызмет - Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын, ақпараттық инфрақұрылымды техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асыратын заңды тұлға.
2. Мемлекеттік техникалық қызмет радиожиiлiк спектрiнiң және радиоэлектрондық құралдардың мониторингi бойынша жұмыстарды техникалық қамтамасыз ету, радиоэлектрондық құралдардың және радиожиiлiктi иелікке берудiң тiзiлiмiн (деректер базасын) жүргiзу, сондай-ақ радиоэлектрондық құралдардың электромагниттiк үйлесiмдiлiгiнiң есебiн жүргiзу жөніндегі қызметті көрсету саласындағы қызметті жүзеге асырады.
3.Мемлекеттік техникалық қызмет мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) радиобақылауды жүргізу мен радиоқабылдауды индустриялық кедергілерден қорғауды техникалық қамтамасыз ету;
2) бекітілген халықаралық келісімдерге сәйкес әрекет ететін халықаралық ұйымдар мен шетел мемлекеттерінің радиоэлектронды құралдарын қоса алғанда, радиоэлектронды құралдарға радиобөгеуілдер көздерін анықтау және жою бойынша іс-шаралар;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жиілік, радиожиілік (радиожиілік арналарын) іріктеу бойынша жұмыстарды уәкілетті органның жүргізуіне техникалық сүйемелдеу;
4) уәкілетті органның теле-, радиоарналарды халықтың қабылдауының сапасын бақылауды өткізу кезінде жұмыстарды техникалық қамтамасыз ету;
5) телерадио хабарларын тарату саласындағы заңнаманы сақтау бойынша бақылау жасауды техникалық қамтамасыз ету.
10-бап. Теле-, радиобағдарламалардың тілі
1. Отандық теле-, радиоарналардың теле-, радиобағдарламалары қазақ және басқа тілдерде таратылады.
2. Қазақ тіліндегі теле-, радиобағдарламалардың апта сайынғы көлемі уақыты жағынан басқа тілдердегі теле-, радиобағдарламалардың жиынтық көлемiнен кем болмауы тиiс.
Әрбірінің ұзақтығы жергілікті уақыттың нөл сағатынан бастап есептелетін алты сағаттық уақыт аралығында қазақ тіліндегі теле-, радио бағдарламалардың көлемі басқа тілдердегі теле-, радиобағдарламалардың жиынтық көлемiнен кем болмауы тиiс.
Телеарналарда тарату кезінде субтитр түріндегі телебағдарламалар мен фильмдердің аудармасы қазақ тіліндегі телебағдарламалардың көлеміне кірмейді.
3. Дыбыстық сүйемелдеудің көпарналы таратуын қолданатын телеарналар бір дыбыстық сүйемелдеуді қазақ тілінде қолдануы қажет.
4. Осы баптың талаптары осы Заңның 19-бабына сәйкес есепке қою рәсімінен өткен шетелдік теле-, радиоарналарға қолданылмайды.
11-бап. Телерадио хабарларын таратуды дамыту мәселелері
жөніндегі комиссия
1. Телерадио хабарларын тарату саласындағы қоғамдық мүдделерді есепке алу және қорғау, сондай-ақ халықтың теле-, радиоарналарға қажеттілігін қанағаттандыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі жанынан консультативтік-кеңесші орган – Телерадио хабарларын таратуды дамыту мәселелері жөніндегі комиссия құрылады.
Телерадио хабарларын таратуды дамыту мәселелері жөніндегі комиссияның қызметі оның құзыретіне кіретін мәселелерді талқылау және шешу кезінде айқындылық пен ашықтық негізінде жүзеге асырылады. Телерадио хабарларын таратуды дамыту мәселелері жөніндегі комиссияның ұсынымдары бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайтын барлық шешімдер мен қорытындылар ресми бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға жатады.
2. Телерадио хабарларын таратуды дамыту мәселелері жөніндегі комиссияның негізгі функциялары:
1) телерадио хабарларын тарату саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөнінде ұсынымдар мен ұсыныстар әзірлеу;
2) көпарналы хабар таратуда еркін қол жетімді теле-, радиоарналардың тізбесін қалыптастыру бойынша конкурсқа қатысуға үміткерлердің өтінімдерін қарау және жеңімпаздарды айқындау жөнінде ұсынымдар әзірлеу;
3) көпарналы хабар таратуда міндетті теле-, радиоарналардың тізбесін қалыптастыру бойынша конкурсқа қатысуға үміткерлердің өтінімдерін қарау және жеңімпаздарды айқындау жөнінде ұсынымдар әзірлеу;
4) телерадио хабарларын тарату мақсаты үшін жиіліктердің белдеулерін, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) бөлу жөніндегі конкурсқа қатысуға үміткерлердің өтінімдерін қарау және олардың техникалық және қаржылық ұсыныстарын ескере отырып, жеңімпаздарды айқындау жөнінде ұсынымдар әзірлеу;
5) ұлттық операторды тыңдау қорытындысы бойынша ұсынымдар әзірлеу.
3. Телерадио хабарларын таратуды дамыту мәселелері жөніндегі комиссия қабылдаған ұсынымдар мен ұсыныстар тиісті шешім қабылдау үшін Қазақстан Республикасының Үкіметіне жолданады.
4. Телерадио хабарларын таратуды дамыту мәселелері жөніндегі комиссия туралы ережені және оның құрамын уәкілетті органның ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
5. Телерадио хабарларын таратуды дамыту мәселелері жөніндегі комиссияның жұмыс органы болып Комиссия жұмысын ұйымдастыру-техникалық қамтамасыз етуді іске асыратын уәкілетті орган табылады.
12-бап. Міндетті теле-, радиоарналардың тізбесін
қалыптастыру
1. Азаматтардың ақпаратқа және сөз бостандығына пікірлерді білдіру мен пікірлердің әр алуандығын дамыту құқықтарын қамтамасыз ету, сондай-ақ Қазақстан Республикасының бірыңғай ақпараттық кеңістігін сақтау және қамтамасыз ету, республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуы саласындағы мемлекеттік саясатты жариялау, елдің мәдени мұрасын сақтау және дамыту мақсатында мәдени, ғылыми-білім алу, танымдық-ағарту және басқа да әлеуметтік маңызы бар ақпараттың жиынтығын білдіретін және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таралуы міндетті теле-, радиоарналардың тізбесі қалыптастырылады.
2. Міндетті теле-, радиоарналардың тізбесі көпарналы хабар таратуда таралуына байланысты Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіпте конкурстық негізде қалыптастырылады.
3. Міндетті теле-, радиоарналардың тізбесін қалыптастыру жөніндегі конкурсты өткізу туралы шешімді уәкілетті орган қабылдайды. Аталған шешім ресми бұқаралық ақпарат құралдарында және уәкілетті органның интернет-ресурсында жарияланады.
4. Теле-, радио компаниялардың конкурсқа қатысу өтінімдерін қарауды және міндетті теле-, радиоарналардың тізбесін қалыптастыру жөнінде ұсыныстар әзірлеуді Телерадио хабарларын таратуды дамыту мәселелері жөніндегі комиссия жүзеге асырады.
5. Телерадио хабарларын таратуды дамыту мәселелері жөніндегі комиссияның ұсынымдары бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі міндетті теле-, радиоарналардың тізбесін бекітеді.
6. Міндетті теле-, радиоарналардың тізбесін қалыптастыру үш жылда бір рет жүзеге асырылады.
13-бап. Еркін қол жетімді теле-, радиоарналардың тізбесін
қалыптастыру
1. Телерадио хабарларын таратудың ұлттық операторы тарататын еркін қол жетімді теле-, радиоарналардың тізбесі:
1) осы Заңның 41-бабының 4-тармағына сәйкес цифрлық эфирлік телерадио хабарларын тарату телеарна пакеттеріне енгізілген теле-, радиоарналардан;
2) осы баптың 2-тармағына сәйкес қалыптастырылған телеарналардан қалыптасады.
2. Телерадио хабарларын таратуды дамыту мәселелері бойынша комиссияның ұсынымы бойынша телерадио хабарларын таратудың ұлттық операторы тарататын еркін қол жетімді теле-, радиоарналардың тізбесін қалыптастыру:
1) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен конкурстық негізде жүзеге асырылады;
2) еркін қол жетімді теле-, радиоарналардың тізімін қалыптастыру бойынша конкурсты өткізу туралы шешімді уәкілетті орган қабылдайды;
3) үміткерлердің конкурсқа қатысу өтінімдерін қарауды және жеңімпаздарды анықтау бойынша ұсыныстар енгізуді, Телерадио хабарларын таратуды дамыту мәселелері бойынша комиссия жүзеге асырады.
3. Телерадио хабарларын таратуды дамыту мәселелері бойынша комиссияның ұсынымдары бойынша құрамына осы баптың 2 тармақтарында көрсетілген теле-, радиоарналар енетін еркін қол жетімді теле-, радиоарналардың тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
4. Телерадио хабарларын тарату операторлары теле-, радиокомпаниялармен жасаған шарттары негізінде еркін қол жетімді теле-, радиоарналарды таратуға құқылы.
14-бап. Телерадио хабарларын тарату саласындағы қызметті
лицензиялау
1. Телерадио хабарларын тарату саласындағы қызметті лицензиялауды «Лицензиялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес уәкілетті орган жүзеге асырады.
2. Телерадио хабарларын тарату желілері телекоммуникация қызметтерін (деректерді беру, Интернет желісіне қол жетімділік, телематиялық қызмет көрсету, жергілікті телефон байланысы қызметін көрсету және басқалар) тарату үшін пайдаланған жағдайда, көрсетілген желілердің меншік иесі өз қызметін байланыс саласындағы лицензия негізінде жүзеге асырады.
15-бап. Телерадио хабарларын тарату мақсаты үшін
радиожиілік спектрін пайдалану
1. Телерадио хабарларын тарату мақсаты үшін жиіліктердің белдеулерін, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) бөлу конкурстық негізде жүзеге асырылады.
2. Телерадио хабарларын тарату мақсаты үшін бос жиіліктерді, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) бөлу жөнінде конкурс өткізу туралы шешімді уәкілетті орган қабылдайды. Конкурс өткізу туралы шешім ресми бұқаралық ақпарат құралдарында, сондай-ақ уәкілетті органның интернет-ресурсында жариялануы тиіс.
3. Конкурсқа қатысуға үміткерлердің өтінімдерін қарастыруды және жеңімпаздарды айқындау жөнінде ұсынымдар әзірлеуді Телерадио хабарларын таратуды дамыту мәселелері жөніндегі комиссия жүзеге асырады.
4. Конкурс өткізу тәртібін уәкілетті органның ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
5. Телерадио хабарларын тарату мақсаты үшін жиіліктердің белдеулерін, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) пайдалануға рұқсатты Телерадио хабарларын таратуды дамыту мәселелері жөніндегі комиссия шешімінің негізінде уәкілетті орган береді.
Телерадио хабарларын тарату мақсаты үшін жиіліктердің белдеулерін, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) пайдалану рұқсатында техникалық құралдардың орналасқан жері, оның ішінде үлгілері, географиялық координаттары, сондай-ақ пайдаланылатын таратушы радиоэлектрондық құралдардың нақты қуаты көрсетілген антенна құрылғыларының орналасуы көрсетілуі тиіс.
6. Телерадио хабарларын тарату мақсаты үшін есептерді, радиожиілік органдарымен келісуді және радиожиіліктерді халықаралық үйлестіруді уәкілетті орган жүргізеді.
16-бап. Телерадио хабарларын тарату саласындағы қызмет
көрсетуге арналған тарифтер
1. Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмеген жағдайда, көпарналы хабарлар таратуда теле-, радиоарналарды тарату қызметтерiне тарифтерді телерадио хабарларын тарату операторлары негізделген шығындар негізінде дербес белгiлейдi.
2. Уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес телерадио хабарларын тарату саласындағы қызметтер нарығында басым немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектiлерiнiң қызметтеріне бағаны реттейдi.
3-тарау. Қазақстан Республикасында шетелдік теле-, радиоарналарды тарату
17-бап. Отандық теле-, радиоарналарды есепке қою, қайта
есепке қою
1. Қазақстан Республикасының аумағында әрекет ететiн теле-, радиоарна уәкiлеттi органда мiндеттi түрде есепке қойылуға жатады.
2. Есепке қою, қайта есепке қою үшiн теле-, радиоарнаның меншiк иесi не оның уәкiлеттiк беруi бойынша әрекет ететiн тұлға осы Заңның 18-бабының талаптарына сай келетiн өтiнiш бередi.
3. Теле-, радиоарнаны есепке қойған кезде, сондай-ақ теле-, радиоарнаны есепке қойылғанын куәландыратын құжаттың телнұсқасын алған кезде Қазақстан Республикасының Салық кодексiнде айқындалатын тәртiппен алым алынады.
4. Теле-, радиоарнаны есепке қою, қайта есепке қою туралы өтiнiш түскен күнiнен бастап он бес күн iшiнде қаралуы тиiс. Өтiнiштi қараудың қорытындылары бойынша уәкiлеттi орган теле-, радиоарнаның меншiк иесiне есепке қою туралы куәлiк бередi не мынадай негiздер бойынша:
1) егер уәкiлеттi орган бұрын сол атпен және сол аумаққа таралатын не оның аты бұрын құрылған теле-, радиоарнаның атымен айырғысыз дәрежеде ұқсас есепке қойғаны туралы куәлiк берген болса;
2) егер өтiнiштiң мазмұны осы Заңның 18-бабының талаптарына сай келмейтiн болса;
3) егер теле-, радиоарнаны есепке қойғаны үшiн алым төленбесе;
4) егер меншiк иесiнiң ауысуына орай теле-, радиоарнаны қайта есепке қою туралы өтiнiшке меншiк құқығын басқа тұлғаға берудi растайтын шарттың нотариалды түрде куәландырылған үзiндi көшiрмесi қоса тiркелмесе;
5) егер шығарылуын бұрын сот тоқтатқан аты (атының бiр бөлiгi) бiрдей және тақырыптық бағыты тап сондай теле-, радиоарнасы есепке қоюға мәлiмделген болса немесе аты мен тақырыптық бағытын қайталайтын теле-, радиоарнасы мәлiмделген болса, сондай-ақ шығарылуы сот шешiмiмен тоқтатылған теле-, радиоарнаның меншiк иесi немесе бас редакторы (редакторы) соттың шешiмi заңды күшiне енген күннен бастап үш жыл iшiнде өтiнiш берген жағдайда есепке қоюдан бас тартады.
5. Теле-, радиоарнаның меншiк иесi есепке қою туралы куәлiктi алған күннен бастап алты ай iшiнде теле-, радиобағдарламаларды таратуға кiрiсу құқығын сақтайды.
Теле-, радиоарнаның шығарылуын сот тоқтата тұрған жағдайларды қоспағанда, теле-, радиоарнаның өнiмiн шығару мерзiмiн өткiзiп алған, сондай-ақ теле-, радиоарнаның өнiмiн шығару үш ай бойы тоқтап қалған жағдайда, уәкiлеттi органның шешiмiмен теле-, радиоарнаны есепке қою туралы куәлiктiң күшi жойылды деп танылады.
6. Теле-, радиоарнаның меншiк иесi ауысқан не ұйымдық-құқықтық нысаны, атауы, сондай-ақ аты өзгерген жағдайларда қайта есепке алынуға жатады.
18-бап. Отандық теле-, радиоарнаны есепке қою туралы
өтiнiш
1. Теле-, радиоарнаны есепке қою туралы өтiнiште:
1) Теле-, радиоарна меншiк иесiнiң атауы, орналасқан жерi, ұйымдық-құқықтық нысаны;
2) жеке және ретрансляцияланатын теле-, радио бағдарламалардың хабар таратудың орташа тәулiктiк көлемi көрсетiлген тұжырымдамасы және хабар тарату кестесi;
3) бекітілген тәртіпке сәйкес жабдықтардың барлығы туралы міндеттеме;
4) алты ай көлеміндегі трансляцияланатын және ретрансляцияланатын теле-, радиобағдарламаларды таспаға басу және сақтау туралы міндеттеме;
5) объектiге немесе оны жалға алуға меншiк иесiнiң мүлiктiк құқықтарын нотариалды расталған құқық белгiлейтiн құжаттармен, өз алдына жеке кiретiн есiгi бар үй-жайлар мен орындардың, оның iшiнде:
телерадио хабарларын таратудың жұмыс iстеуi үшiн қажеттi техникалық құралдарды орналастыратын және пайдаланатын арнайы үй-жайлардың (студиялық, аппараттық, қосымша);
шығармашылық персоналына (редакциялық) арналған үй-жайлардың;
әкiмшiлiк-басқару персоналына арналған үй-жайлардың болуы шарт.
2. Өтiнiшке:
1) жеке тұлғалар үшiн – кәсiпкерлiк қызметпен айналысу құқығын растайтын құжаттың нотариалды түрде куәландырылған көшiрмесi;
2) заңды тұлғалар үшiн – заңды тұлғаны мемлекеттiк тiркеу (қайта тiркеу) туралы куәлiктiң, құрылтай құжаттарының нотариалды түрде куәландырылған көшiрмелерi;
3) теле-, радиоарнаны есепке қою үшiн бюджетке алым төленгенiн растайтын құжат қоса тiркеледi.
3. Бұқаралық ақпарат құралын есепке қою кезiнде өзге талаптар қоюға тыйым салынады.
19-бап. Уәкілетті органда шетелдік теле-, радиоарналарды
есепке қою
1. Қазақстан Республикасының аумағына телерадио хабарларын тарататын операторлар тарататын шетелдік теле-, радиоарналар уәкілетті органда міндетті есепке қоюға жатады.
2. Шетелдік теле-, радиоарналарды есепке қою шетелдік теле-, радиокомпаниялардың өкілдері осы Заңның 20-бабының талаптарына жауап беретін есепке қою туралы куәлік алуға өздері берген өтініштері негізінде жүзеге асырады.
3. Шетелдік теле-, радиоарналарды есепке қою туралы куәлік алуға арналған өтініш келіп түскен күнінен бастап он бес күнтізбелік күн ішінде қарастырылуы тиіс. Өтінішті қарау қорытындылары бойынша уәкілетті орган өтініш берушіге шетелдік теле-, радиоарнаны есепке қою туралы куәлік береді.
4. Діни бағыттағы шетелдік теле-, радиоарнаны есепке қою Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізілетін дінтану сараптамасынан кейін жүзеге асырылады.
5. Осы Заңның 42-бабының 7-тармағында көрсетілген шетелдік теле-, радиоарналарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында есепке қойылмаған шетелдік теле-, радиоарналардың қызметін жүзеге асыруға тыйым салынады.
20-бап. Шетелдік теле-, радиоарнаны есепке қою туралы
өтiнiш
1. Шетелдік теле-, радиоарнаны есепке қою туралы өтiнiште:
1) теле-, радиокомпанияның атауы, орналасқан жерi, ұйымдық-құқықтық нысаны;
2) теле-, радиобағдарламалардың тiлi (тiлдерi);
3) теле-, радиоарнаның хабарларды тарату торы;
4) теле-, радиоарнаның негізгі тақырыптық бағыты;
5) теле-, радиоарна бас редакторының (редакторының) тегi, аты, әкесiнiң аты;
6) теле-, радиокомпанияның заңды мекенжайы;
7) теле-, радиокомпанияның Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтау туралы міндеттемесі көрсетілуі тиiс.
Өтiнiшке:
1) жеке тұлғалар үшiн – теле-, радиоарнаның иесі болып табылатын шетелдік жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын паспорт немесе басқа құжаттың көшірмесі, мемлекеттік және орыс тілдерінде аудармасы нотариалды түрде куәландырылған кәсіпкерлік кәсіпкерлік қызметпен айналысуға құқығын растайтын құжаттың көшірмесі;
2) заңды тұлғалар үшiн – сауда реестрінен заңдастырылған тізілімінен көшірме немесе құрушысы – шетелдік заңды тұлға шетелдік мемлекет заңнамасы бойынша заңды тұлға болып табылатынын куәландыратын басқа заңдастырылған құжат, мемлекеттік және орыс тілдерінде аудармасы нотариалды түрде куәландырылған құрылтай құжаттарының көшірмесі;
3) теле-, радиоарнаны есепке қою үшiн бюджетке алым төленгенiн растайтын құжат қоса беріледі.
2. Теле-, радиоарнаны есепке қою кезiнде өзге талаптар қоюға тыйым салынады.
21-бап. Шетелдік теле-, радиоарнаны есепке қоюдан бас
тарту және шетелдік теле-, радиоарнаны есепке қою
туралы кәулікті қайтарып алу негіздері
1. Уәкілетті орган шетелдік теле-, радиокомпания өкіліне шетелдік теле-, радиоарналарды есепке қою туралы куәлік беруден, егер:
1) өтініш мазмұны осы Заңның 20-бабының талаптарына сәйкес келмейтін болса;
2) теле-, радиоарнаны есепке қою туралы төлем төленбеген болса;
3) шетелдік теле-, радиоарнаның материалдары Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертудi, тұтастығын бұзуды, мемлекет қауiпсiздiгiне нұқсан келтiрудi, соғысты, экстремизмдi немесе лаңкестікті, қатыгездiк пен зорлық-зомбылықты, әлеуметтiк, нәсiлдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық астамшылықты насихаттауды және үгiттеуді, ұлтаралық және конфессияаралық араздықты қоздыруға бағытталған ақпаратты, сондай-ақ порнографиялық және арнайы жыныстық-эротикалық сипаттағы кино- және бейнеөнiмдердi көрсетуді қамтитын болса;
4) діни сараптама нәтижесі бойынша теріс қорытынды болса;
5) шетелдік теле-, радиоарна өнімдеріне қатысты Қазақстан Республикасының аумағында оны таратуға тыйым салу туралы сот шешімі болса бас тартады.
2. Шетелдік теле-, радиоарнаны есепке қоюдан бас тарту кезінде шетелдік теле-, радиокомпания өкіліне жазбаша дәлелді түрде бас тартылады.
3. Қазақстан Республикасының заңнамасы бұзылған жағдайда уәкілетті орган сот тәртібімен шетелдік теле-, радиоарнаны есепке қою туралы куәлікті қайтарып алуға құқылы.
4. Сот шетелдік теле-, радиоарналар тарататын ақпаратты осы Заңның және Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актілерінің талаптарына қайшы келеді деп таныса, уәкілетті мемлекеттік орган, телерадио хабарларын таратушы операторлар Қазақстан Республикасының аумағында шетелдік теле-, радиоарнаның таратылуын тоқтата тұруға не тоқтатуға міндетті.
4-тарау. Телерадио хабарларын таратуды ұйымдастыру
22-бап. Телерадио хабарларын тарату субъектілері
Теле-, радиокомпаниялар, телерадио хабарларын таратушы және өндіруші операторлар Қазақстан Республикасында телерадио хабарларын тарату субъектілері болып табылады.
23-бап. Теле-, радиокомпания
1. Теле-, радиокомпания теле-, радиоарналарды қалыптастыру бойынша, оларды телерадио хабарлар жүйесінде әрі қарай таратуды жүзеге асырады.
2. Теле-, радиокомпаниялар:
1) уәкілетті органда теле-, радиоарнаны бұқаралық ақпарат құрал ретінде есепке қоюды жүзеге асырады;
2) мемлекеттік телерадио хабарларын тарату стандарттарының талаптарына сәйкес қалыптасатын теле-, радиобағдарламалардың техникалық үйлесімін қамтамасыз етеді;
3) теле-, радиокомпаниялардың техникалық құралдарын телерадио хабарларын таратушы операторлардың желілеріне қосу ережелеріне сәйкес теле-, радиобағдарламаларды беру сапасының деңгейін қамтамасыз етеді;
4) Қазақстан Республикасының сәйкестік сертификаттары бар
теле-, радиобағдарламаларды қалыптастырудың техникалық құралдарын пайдаланады.
24-бап. Телерадио хабарларын таратушы операторлар
1. Телерадио хабарларын таратушы операторлар эфирлік және көпарналы хабар тарату (цифрлық эфирлік, кәбілдік, жерсеріктік телерадио хабарларын тарату) арқылы теле-, радиоарналарды таратуды қамтамасыз етеді.
2. Телерадио хабарларын таратушы операторлар:
1) теле-, радиоарналар пакеттерін трансляциялауды және/немесе ретрансляциялауды жүзеге асырады;
2) Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес құқық иеленуші теле-, радиокомпаниялармен жасалған шарттар негізінде теле-, радиоарналарды трансляциялауды және/немесе ретрансляциялауды оның жүзеге асырады;
3) телерадио хабарларын тарату жүйелерін техникалық пайдалану ережелеріне және телерадио хабарларын тарату мемлекеттік стандарттарының талаптарына сәйкес трансляциялау және/немесе ретрансляциялау сапасының деңгейін қамтамасыз етеді;
4) егер телерадио хабарларын таратушы операторлар мен теле-, радиоарнаның құқық иеленушісі арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, теле-, радиоарналарды трансляциялауды және/немесе ретрансляциялауды оның теле-, радиобағдарламаларының мазмұнын өзгертпестен жүзеге асырады;
5) Осы Заңның 19-бабына сәйкес телерадио хабарларын таратушы оператор және шетелдік теле-, радиокомпания арасында қол қойылған шарттардың негізінде тіркеу рәсімінен өткен шетелдік теле-, радиоарналарды трансляциялайды және/немесе ретрансляциялайды;
6) міндетті теле-, радиоарналарды, еркін және шартты түрде шартты түрде қолжетімді теле-, радиоарналарды трансляциялайды және/немесе ретрансляциялайды;
7) техникалық құралдарды Қазақстан Республикасының сәйкестік сертификаттары бар теле-, радиоарналарды тарату үшін пайдаланады.
25-бап. Телерадио хабарларын таратушы ұлттық оператор
1. Телерадио хабарларын таратушы ұлттық оператор - Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен құрылған жекеменшік иесі болып табылатын мемлекет атынан ұлттық телерадио хабарларын тарату жүйесінің мазмұны бойынша міндеттері және дамуы бойынша міндеттер жүктелген заңды тұлға.
2. Телерадио хабарларын таратушы ұлттық оператор:
1) теле-, радиокомпаниялар мен телерадио хабарларын таратушы операторларға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес теле-, радиокомпаниялар және телерадио хабарларын таратушы операторлармен жасалған шарттардың негізінде ұлттық телерадио хабарларын тарату желісін пайдалануға тең құқық береді;
2) ұлттық телерадио хабарларын тарату желісінің біртұтас мүліктік кешенінің сақталуын қамтамасыз етеді;
3) телерадио хабарларын таратудың ұлттық желісін тұтыну мен пайдалануды жүзеге асырады;
4) заманауи озық технологиялар негізінде телерадио хабарларын таратудың ұлттық желісін дамытуды және жаңғыртуды жүзеге асырады;
5) цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуға толық көшкеннен кейін жеке қаражаты есебінен теле-, радио хабарларын тарату жүйелерін әрі қарай дамытуды жүзеге асырады;
6) міндетті теле-, радиоарналарды және еркін қол жетімді теле-, радиоарналарды трансляциялауды іске асырады;
7) теле-, радиоарналарды тарату жөніндегі қызметтерге тарифтерді интернет-ресурста жариялайды.
26-бап. Телерадио бағдарламаларын өндіруші
1. Телерадио хабарларының бағдарламаларын өндіруші ретінде теле-, радиобағдарламаларды өндіруге маманданған жеке немесе заңды тұлға танылады.
2. Телерадио бағдарламаларын өндіруші және телерадиокомпаниялар арасындағы қарым-қатынас Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес реттеледі.
27-бап. Телерадио хабарларын тарату желілері
1. Телерадио хабарларын тарату желілері байланыс саласындағы заңнамаға сәйкес біртұтас телекоммуникация желісінің құрамдас бөлігі болып табылады және Қазақстан Республикасының және шет мемлекеттердің аумағында теле-, радиоарналарды тарату және трансляциялау үшін пайдаланылатын жердегі және жерсеріктік хабар тарату жүйелерінің біртұтас өндірістік-технологиялық кешенін құрайды.
2. Мемлекеттік теле-, радиоарналарды тарату және трансляциялау үшін телерадио хабарларын таратушы операторлардың техникалық құралдары мен арналарын пайдалана отырып, біртұтас телекоммуникация желісіне негізделген республикалық және өңірлік телерадио хабарларын тарату желілері құрылады.
3. Теле-, радиокомпаниялар өздерінің теле-, радиоарналарын тарату және трансляциялау үшін жасалған шарттың талаптарына сәйкес меншік, жұмыс жасап тұрған телекоммуникация желілерін пайдалануға құқылы.
4. Телерадио хабарларын тарату желілері өздерінің меншік нысандарына қарамастан, бейбіт уақыттағы төтенше жағдайлар қалыптасқан жағдайда адамдардың өміріне, денсаулығына қауіп төнгендігі және қалыптасқан жағдайдағы іс-қимылдар тәртібі туралы, сондай-ақ қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік және құқық тәртібін қорғау мүддесінде халыққа хабарлау үшін пайдаланылады. Телерадио хабарларын тарату желілерін көрсетілген мақсаттарда пайдалану тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
5. Бейбіт уақыттағы төтенше жағдайлар кезінде адамдардың өміріне, денсаулығына қауіп және қалыптасқан жағдайдағы іс-қимылдар тәртібі туралы, сондай-ақ қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік және құқық тәртібін қорғау мүддесінде халыққа хабарлауды теле-, радиокомпаниялар және телерадио хабарларын таратушы операторлар өздерінің меншік нысандарына қарамастан, міндетті түрде жүзеге асырады.
6. Егер техникалық жағдайлар мүмкіндік берсе, тұрғын үйлерде кәбілдік желілерді төсеу үшін инженерлік инфрақұрылым объектілері барлық кәбілдік телерадио хабарларын таратушы операторларға бірдей шарттармен беріледі.
28-бап. Ұлттық телерадио хабарларын таратудың мүдделерін
қорғау
1. Отандық теле-, радиоарналарының телерадио хабарларын таратудың апта сайынғы көлемінде қазақстандық авторлардың отандық теле-, радиобағдарламалары мен музыкалық шығармалары:
1) 2014 жылғы 1 қаңтардан бастап – отыз пайыздан кем емес;
2) 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап – қырық пайыздан кем емес;
3) 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап – елу пайыздан кем емес мөлшерді құрауы тиіс.
2. Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертудi, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауiпсiздiгiне нұқсан келтiрудi, соғысты насихаттау көрінісін қамтитын немесе үгiттейтін, экстремизмдi немесе лаңкестікті, қатыгездiк пен зорлық-зомбылықты дәріптеу, әлеуметтiк, нәсiлдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық басымдықты насихаттау, ұлтаралық және конфессияаралық араздықты қоздыруға бағытталған ақпаратты, сондай-ақ порнографиялық және арнайы жыныстық-эротикалық сипаттағы өнiмдердi көрсетуді қамтитын теле-, радиобағдарламаларды таратуға тыйым салынады.
29-бап. Телебағдарламаларды тарату кезінде балалар мен
жасөспірімдерді қорғау
1. «Мәдениет туралы» Қазақстан Республикасының Заңындағы «Е 18» индексіне сәйкес индекстелген фильмдер мен телебағдарламаларды жергілікті уақыт бойынша 06.00-ден 22.00-ге дейінгі кезеңде таратуға жол берілмейді.
2. Телерадио хабарларын таратушы операторлар шетелдік телеарналарды ретрансляциялау кезінде ұйымдастырушылық-техникалық іс-шаралар арқылы көрсетілген индекстегі фильмдер мен телебағдарламаларды көруге қол жетімділікті шектеу жөніндегі шараларды қабылдауы тиіс.
30-бап. Телебағдарламаларды тарату кезінде мүгедектердің
құқықтарын қорғау
1. Ақпараттық және жаңалық сипатындағы телебағдарламалар сурдоаудармамен немесе субтитрлер түріндегі аудармамен қамтамасыз етіледі.
2. Осы баптың талаптары осы Заңның 19-бабына сәйкес тіркеу рәсімінен өткен шетелдік телеарналарға қолданылмайды.
31-бап. Телерадио хабарларын таратудың техникалық
құралдарына қойылатын талаптар
1. «Техникалық реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес теле-, радиоарналарды қалыптастыру, трансляциялау, ретрансляциялау және/немесе қабылдаудың техникалық құралдары сәйкестігін растауға жатады.
2. Өзге радио таратушы және/немесе радио қабылдаушы байланыс құралдарына кедергі келтіретін және мәлімделген техникалық параметрлерге сәйкес келмейтін телерадио хабарларын тарату сигналын қабылдау және беру радиоэлектрондық құралдарын пайдалануға тыйым салынады.
32-бап. Қосымша ақпаратты тарату
1. Қосымша ақпарат мазмұны телерадио хабарларын тарату сигналының құрамында берілетін негізгі телебағдарламаның мазмұнына байланысты емес бір жиілікті және/немесе эфирлік уақытты пайдалана отырып, негізгі бағдарламамен бір уақытта трансляцияланатын әріптік, цифрлық, графикалық ақпаратты білдіреді.
2. Қосымша ақпараттың мөлшері кадр алаңының он бес пайызынан аспауы тиіс.
33-бап. Теле-, радиоарналарда жарнаманы орналастыру
Теле-, радиоарналарда жарнаманы, оның ішінде көпарналы хабарлар тарату арқылы ретрансляцияланатын жарнаманы орналастыру «Жарнама туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
34-бап. Теле-, радиоарналарды, теле-, радиобағдарламаларды
ретрансляциялау
1. Егер құқық иеленуші теле-, радиокомпаниямен жасалған шартта өзгеше көзделмесе, сондай-ақ осы бапта көзделген жағдайларды қоспағанда, теле-, радиоарнаны, теле-, радиобағдарламаны ретрансляциялау мазмұнына өзгерістер енгізбестен жүзеге асырылады.
2. Телерадио хабарларын таратушы операторлар Қазақстан Республикасының аумағында шетелдік теле-, радиоарналарды ретрансляциялау кезінде «Жарнама туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес келмейтін жарнаманың таратылуына жол бермеуі тиіс.
3. Теле-, радиоарнаны, теле-, радиобағдарламаларды ретрансляциялауға телерадио хабарларын таратушы оператор мен құқық иеленуші теле-, радиокомпания арасында жасалған шарттың негізінде ғана жол беріледі.
4. Теле-, радиоарналарды, теле-, радиобағдарламаларды ретрансляциялаумен байланысты құқықтық қатынастар Қазақстан Республикасының авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
5. Отандық теле-, радиоарналарынының телерадио хабарларын таратудың апта сайынғы көлемінде шетелдік теле-, радиоарналардың теле-, радиобағдарламаларын ретрансляциялау теле-, радиобағдарламалардың жалпы көлемінің жиырма пайызынан аспауы тиіс.
5-тарау. Телерадио хабарларын тарату түрлері
35-бап. Ұқсас эфирлік радиохабарларын тарату
1. Ұқсас эфирлік радиохабарларын тарату сигналды өңдеудің аналогтық әдістерін пайдалана отырып, радиоарналарды тарату жүйесін білдіреді.
2. Ұқсас эфирлік радиохабарларын тарату арқылы радиоарналарды тарату осы Заңның 15-бабына сәйкес берілген жиіліктер жолағын, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) пайдалануға рұқсат және аналогтік эфирлік радиохабарларын тарату құралдары арқылы радиоарналарды тарату жөніндегі қызметті жүзеге асыруға лицензия болған жағдайда жүзеге асырылады.
36-бап. Цифрлық эфирлік телерадио хабарларын тарату
1. Цифрлық эфирлік телерадио хабарларын тарату бірегей сигналды цифрлау (жинау) әдісін пайдалана отырып, жердегі хабар беруші станциялары арқылы теле-, радиоарналарды тарату жүйесін білдіреді.
2. Телерадио хабарларын таратушы операторлардың эфирлік цифрлық телерадио хабарларын тарату арқылы теле-, радиоарналарды таратуы осы Заңның 15-бабына сәйкес берілген жиіліктер белдеуін, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) пайдалануға рұқсаты және теле-, радиоарналарды тарату бойынша қызметпен айналысуға лицензиясы болған кезде жүзеге асырылады.
37-бап. Жерсеріктік телерадио хабарларын тарату
1. Жерсеріктік телерадио хабарларын тарату байланыс жерсеріктерінде орналастырылатын ретрансляторлар арқылы теле-, радиоарналарды тарату жүйесін білдіреді.
2. Жерсеріктік телерадио хабарларын тарату Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында телерадио хабарларын тарату сигналдарын таратуға арналған.
3. Телерадио хабарларын таратушы операторлардың жерсеріктік телерадио хабарларын таратуы арқылы теле-, радиоарналарды таратуы осы Заңның 15-бабына сәйкес берілген жиіліктер белдеуін, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) пайдалануға рұқсаты және теле-, радиоарналарды тарату бойынша қызметпен айналысуға лицензиясы болған кезде жүзеге асырылады.
38-бап. Кәбілдік телерадио хабарларын тарату
1. Кәбілдік телерадио хабарларын тарату Интернет жүйелеріне қол жетімділік қызметін көрсететін абоненттік желілерді қоспағанда кәбілдік және эфирлік-кәбілдік желілер арқылы теле-, радиоарналарды тарату жүйесін білдіреді.
2. Телерадио хабарларын таратушы операторлардың теле-, радиоарналарды телерадио хабарларын таратудың кәбілдік және эфирлік-кәбілдік желілері арқылы таратуы теле-, радиоарналарды тарату бойынша қызметті жүзеге асыруға берілген лицензия негізінде жүзеге асырылады.
3. Телерадио хабарларын таратушы операторлардың эфирлік-кәбілдік телерадио хабарларын тарату арқылы теле-, радиоарналарды таратуы осы Заңның 15-бабына сәйкес берілген жиіліктер белдеуін, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) пайдалануға рұқсат болған кезде жүзеге асырылады.
4. Кәбілдік телерадио хабарларын таратушы операторлар мен міндетті теле радиоарналар құқық иелері арасындағы өзара есепке жатқызу негізінде міндетті телерадиоарналардың трансляциясын және/немесе ретрансляциясын кәбілдік телерадио хабарларын таратушы операторлар жүзеге асырады.
39-бап. Дара жерсеріктік қабылдау
1. Жеке және заңды тұлғалардың дара жерсеріктік қабылдауы одан әрі ретрансляциялауға құқығынсыз жүзеге асырылады.
2. «Техникалық реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес телевизиялық сигналдың дара жерсеріктік қабылдауын қамтамасыз ету үшін сәйкестігін растаудан өткен дара жерсеріктік қабылдау құралдары пайдаланылуы тиіс.
Бұл норма осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін Қазақстан Республикасына әкелінген жеке жерсеріктік қабылдау құралдарына қолданылмайды.
3. Жергілікті атқарушы органдардың ұсынысы бойынша жергілікті өкілді органдар елді мекендерді абаттандыру, тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты), өзге де ғимараттар мен құрылыстарды күтіп ұстау саласындағы мемлекеттік және қоғамдық мүдделерді қамтамасыз ету мақсатында дара жерсеріктік және эфирлік қабылдаушы құрылғыларды және тұрғын үйлердегі кәбілдік коммуникацияны орналастыру бойынша талаптар Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген техникалық регламентке сәйкес белгіленеді.
40-бап. Теле-, радиоарналарды ұжымдық қабылдау жүйесі
1. Теле-, радиоарналарды ұжымдық қабылдау жүйесі - бір және/немесе бірнеше ғимарат шегінде теле-, радиоарналарды қабылдауды қамтамасыз ететін техникалық құралдар кешені.
2. Теле-, радиоарналарды ұжымдық қабылдау жүйесін ұйымдастыру жөніндегі коммерциялық мақсаттарды көздейтін қызмет кәбілдік телерадио хабарларын таратуға теңестіріледі және кәбілдік телерадио хабарларын тарату арқылы теле-, радиоарналарды тарату бойынша қызметпен айналысу үшін лицензиялауға жатады.
3. Коммерциялық мақсаттарды көздемейтін бір ғимарат шегінде ұжымдық қабылдау жүйесі ғимараттың меншік иесінің жазбаша келісімімен ғана орнатыла алады. Коммерциялық мақсаттарды көздемейтін бірнеше ғимараттар шегінде ұжымдық қабылдау жүйесі, егер осы ғимараттардың меншік иесі бір жеке немесе заңды тұлға болып табылса, орнатыла алады.
4. Ұжымдық қабылдау жүйесі телерадио хабарларын таратушы басқа операторлардың хабар тарату сапасына әсер етпеуі тиіс.
6-тарау. Қорытынды және өтпелі ережелер
41-бап. Осы Заңды бұзғаны үшін жауапкершілік
Телерадио хабарларын тарату саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауапкершілікке әкеп соғады.
42-бап. Өтпелі ережелер
1. Цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуға толық көшкенге дейін ұқсас эфирлік телерадио хабарларын тарату қамтамасыз етіледі.
2. Уәкілетті органның ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуға толық көшу мерзімін көшкенге дейін кемінде алты ай бұрын айқындайды. Цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуға толық көшу мерзімі ресми бұқаралық ақпарат құралдарында және уәкілетті органның интернет-ресурсында жарияланады.
Цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуға толық көшкенге дейін еркін қолжетімді мемлекеттік емес теле-, радиоарналарды тарату республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуға толық көшу Қазақстан Республикасында тұратын халықтың 95 % цифрлық эфирлік телерадио хабарларын тарату арқылы таратылатын теле-, радиоарналарды қабылдау мүмкіндігімен қамтамасыз етілген жағдайда жүзеге асырылады.
3. Цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуға толық көшкенге дейін телевизиялық хабарларды таратуды ұйымдастыру бойынша қызметпен айналысу үшін бұрын берілген лицензиялар және жиіліктер белдеуін, радиожиіліктер (радиожиілік арналарын) пайдалануға рұқсаттар қолданылады. Бұл ретте теле-, радиокомпаниялар осы Заңның талаптарына сәйкес цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуға толық көшкенге дейінгі бір жыл ішінде телеарналарды есепке қоюды жүзеге асыруға міндетті.
4. Цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуға көшу кезінде әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында ұқсас жиіліктер, радиожиіліктер белдеуі арқылы таратылатын телеарналар аталған жиіліктерді (радиожиілік арналарын) босатады және міндетті тәртіппен телерадио хабарларын таратудың ұлттық операторы цифрлық эфирлік телерадио хабарларын тарату пакетіне қосады.
5. Цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуға толық көшкеннен кейін ұқсас телерадио хабарларын тарату кезінде телеарналарға радиожиілік спектрін пайдалануға берілген рұқсаттар және телевизиялық хабарларды таратуды ұйымдастыру бойынша қызметпен айналысуға арналған лицензиялар өздерінің күшін тоқтатады.
6. Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында еркін қол жетімді теле-, радиоарналарды трансляциялауды қамтамасыз ету мақсатында теле-, радиохабарлар таратудың ұлттық операторына жиіліктер белдеулері, радиожиіліктер (радиожиілік арналары) конкурс өткізбей бөлінеді.
7. Осы Заң күшіне енгенге дейін Қазақстан Республикасының аумағында таратылатын шетелдік теле-, радиоарналарды осы Заң күшіне енген күнінен бастап бір жыл ішінде есепке қою жүзеге асырылады.
8. Осы Заң қолданысқа енгенге дейін телерадио хабарларын тарату қызметін көрсету жөніндегі іс-қимылды жүзеге асырушы телерадио хабарларын тарату операторлары осы Заң қолданысқа енген күнінен бастап бір жыл ішінде лицензиясын қайта ресімдеуге міндетті.
9. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуға толық көшкенге дейін халықтың әлеуметтік қорғалатын тобын Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіпте телевизиялық приставкалармен қамтамасыз етуді ұйымдастырады.
43-бап. Осы Заңның қолданысқа ену тәртібі
Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк отыз күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының
Президенті