Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
«Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу және Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілерінің күші жойылды деп тану туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
жоба
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ «Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі туралы»
Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар
енгізу және Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық
актілерінің күші жойылды деп тану туралы
1-бап. «Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі туралы» 2008 жылғы 17 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2008 ж., № 20, 80-құжат, 2010 ж., № 24, 153-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
1) 2-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Кеңес:
1) судьялардың тәуелсіздігі мен оларға ешкімнің тиіспеу кепілдіктерін қамтамасыз етеді;
2) конкурстық негізде жергілікті және басқа сот судьясының бос орнына кандидатты іріктеуді жүзеге асырады;
конкурстың қорытындылары бойынша жергілікті және басқа сот судьясының бос орнына тағайындау үшін кандидатты Қазақстан Республикасының Президентіне ұсынады;
3) Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуы бойынша жергілікті және басқа соттар төрағалары мен сот алқалары төрағаларының, Жоғарғы Соттың сот алқалары төрағаларының бос орнына кандидатураларды қарайды;
жергілікті және басқа соттар төрағалары мен сот алқалары төрағаларының, Жоғарғы Соттың сот алқалары төрағаларының бос орнына қызметке тағайындау үшін кандидаттарды Қазақстан Республикасының Президентіне ұсынады;
4) Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуы бойынша Жоғарғы Сот судьясының бос орнына кандидатураны қарайды;
Жоғарғы Сот судьясының бос орнына кандидатты Парламент Сенатына ұсыну үшін Қазақстан Республикасының Президентіне ұсынады;
5) Жоғарғы Сот Төрағасының бос орнына кандидатураны қарайды;
Жоғарғы Сот Төрағасының бос орнына кандидатты Парламент Сенатына ұсыну үшін Қазақстан Республикасының Президентіне ұсынады;
6) Жоғарғы Сот Төрағасының, сот алқалары төрағалары мен судьяларының, жергілікті және басқа соттар төрағаларының, сот алқалары төрағалары мен судьяларының өкілеттіктерін тоқтату мәселелерін орнынан түсу, орнынан түсуді тоқтату нысанында қарайды;
сот қайта ұйымдастырылған, таратылған, тиісті сот судьяларының саны өзгертілген, өкілеттік мерзімдері аяқталған жағдайда, егер олар басқа соттағы судьяның бос орнына орналасуға келісім бермесе, сондай-ақ жергілікті және басқа соттар судьяларының жалпы саны қысқартылған жағдайда жергілікті және басқа соттардың төрағаларын, сот алқаларының төрағалары мен судьяларын атқаратын қызметтерінен босату мәселелерін қарайды;
Жоғарғы Сот судьяларының жалпы саны қысқартылған, өкілеттік мерзімдері аяқталған жағдайда, егер олар басқа соттағы судьяның бос орнына орналасуға келісім бермесе, Жоғарғы Соттың сот алқалары төрағалары мен судьяларын атқаратын қызметтерінен босату мәселелерін қарайды;
тәртіптік теріс қылықтар жасағаны үшін, кәсіби жарамсыздығына орай немесе «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының талаптарын орындамағаны үшін Сот жюриінің шешімдеріне негізделген Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуы бойынша, сондай-ақ судьялар өкілеттіктерін өз еркімен тоқтатқан, судья басқа қызметке тағайындалған, сайланған және оны басқа жұмысқа ауыстырған, зейнеткерлік немесе судья қызметінде болудың шекті жасына жеткен жағдайда Жоғарғы Соттың сот алқаларының төрағалары мен судьяларын, жергілікті және басқа соттардың төрағаларын, сот алқалары төрағалары мен судьяларын атқаратын қызметтерінен босату мәселесін қарайды;
медициналық қорытындыға сәйкес кәсіби міндеттерін одан әрі орындауға кедергі келтіретін денсаулық жағдайы бойынша, әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп тану туралы не оған медициналық сипатта мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы сот шешімі заңды күшіне енуіне, соттың айыптау үкімі күшіне енуіне, Қазақстан Республикасының азаматтығы тоқтатылуына, судьяның қайтыс болуына не оны қайтыс болды деп жариялау туралы сот шешімі заңды күшіне енуіне байланысты судьяның өкілеттіктері тоқтатылған жағдайда Жоғарғы Соттың сот алқаларының төрағалары мен судьяларын, жергілікті және басқа соттардың төрағаларын, сот алқалары төрағалары мен судьяларын атқаратын қызметтерінен босату мәселесін қарайды;
Қазақстан Республикасының Президентіне жергілікті және басқа соттардың төрағаларын, сот алқалары төрағалары мен судьяларын, Жоғарғы Соттың сот алқаларының төрағаларын қызметтерінен босатуды ұсынады;
Парламент Сенатына Жоғарғы Сот Төрағасы мен судьяларын қызметтерінен босату туралы ұсыныс енгізу үшін Қазақстан Республикасының Президентіне ұсынымдар енгізеді;
судьяның шекті жасқа толуына байланысты оның судья қызметінде болуын бес жылдан аспайтын мерзімге ұзартуға Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының келісім беруі туралы мәселені қарайды;
7) Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуы бойынша Жоғарғы Соттың, жергілікті және басқа да соттардың қызметін ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның басшысы қызметіне кандидатты тағайындауға және оны қызметтен босатуға келісім беру туралы мәселені заңнамада белгіленген тәртіппен қарайды;
8) судья болып жұмыс істеуге ниет білдірген азаматтардан біліктілік емтихандарын қабылдауды ұйымдастырады;
9) судьяны тұтқынға алуға келісім беру, оны күштеп алып келу, оған сот тәртібімен салынатын әкімшілік жазаны қолдану, судьяны қылмыстық жауапқа тарту мәселесін шешу үшін Қазақстан Республикасының Президентіне қорытынды ұсынады;
10) сот жүйесі мен заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсынымдар мен ұсыныстарды тұжырымдайды және оны Қазақстан Республикасының Президентіне енгізеді;
11) судья корпусының сапалы құрамын жақсарту, кадрларды даярлау жүйесін жетілдіру, судьялардың біліктілігін арттыру жөнінде шаралар қабылдайды;
12) Кеңес регламентін бекітеді;
13) судья қызметіне орналасу үшін біліктілік емтихандарын тапсырған, соттарда тағылымдамадан өткен және облыстық және оған теңестірілген соттардың жалпы отырыстарының оң қорытындысын алған адамдардың, сондай-ақ мамандандырылған магистратураны бітірген адамдардың есебін жүргізеді;
14) судьялардың жалпы штат санын, әрбір жергілікті және басқа соттың судьялар санын анықтауға келісім беру туралы мәселені қарайды;
15) осы Заңнан, заңнамалық актілерден және Кеңестің регламентінен туындайтын өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.»;
2) 7-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«7-бап. Кеңес отырыстары
1. Кеңес отырыстары қажеттілігіне қарай өткізіледі. Кеңес мүшелері жалпы санының кемінде үштен екісі қатысқан жағдайда Кеңестің отырысы заңды болып есептеледі.
2. Кеңес отырысы ашық және жариялы түрде өткізіледі. Отырысқа мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері шақырылуы мүмкін. Қажет болған жағдайларда Кеңес жабық отырыстар өткізуге құқылы.
3. Кеңес материалдарды олар келіп түскен күннен бастап үш ай мерзімнен кешіктірмей қарайды.»;
3) 8-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Кеңес Төрағасының шешімі бойынша Кеңес отырысында материалдарды қарау тиісті қызметтерге орналасуға үміткер немесе атқаратын қызметтерінен босатылатын адамдардың қатысуымен жүргізіледі. Егер оның тікелей қатысуы талап етілмесе, отырыстың өткізілетін уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабардар етілген адамның болмауы мәселені мәні бойынша қарауға кедергі болмайды.»;
4) 9-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Кеңес шешімдері жазбаша нысанда баяндалады және олардың шығарылған күні мен орны, мәселені қараған Кеңестің құрамы қамтылуға тиіс. Шешімдерге төрағалық етуші мен Кеңес хатшысы қол қояды.»;
5) 11-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Комиссия біліктілік емтихандарын қабылдау жөніндегі өзінің отырыстарын қажеттілігіне қарай өткізеді.»;
6) 12-бапта:
3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Теріс себептермен судья қызметінен босатылған адамдарды қоспағанда, бұрын кемінде үш жыл тұрақты судья болып жұмыс істеген және босатылған күннен бастап бес жыл ішінде судья қызметіне қайтадан орналасуға ниет білдірген адамдар біліктілік емтиханын тапсырудан босатылады.»;
мынадай мазмұндағы 3-1-тармақпен толықтырылсын:
«3-1. Мамандандырылған магистратураны оқып бітірген адамдар мамандандырылған магистратурада оқуын аяқтаған күннен бастап бес жыл бойы біліктілік емтиханын тапсырудан босатылады.»;
7) 14 және 15-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
«14-бап. Судья қызметiне конкурс
1. Кеңестiң жергiлiктi және басқа да соттың судьясы қызметiне тағайындау туралы ұсынымы конкурстық қараудың нәтижелерi бойынша берiледi.
2. Конкурс жариялау туралы шешімді Кеңес Төрағасы қабылдайды.
3. Жоғарғы Соттың, жергілікті және басқа да соттардың қызметін ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның Кеңес Төрағасына енгізген судья қызметіне бос орынның ашылғаны туралы ұсынысы Кеңестің конкурсты жариялауы үшін негіз болып табылады.
4. Жергілікті және басқа соттың судьясы бос орнына орналасуға конкурс туралы Кеңестің хабарландыруын Жоғарғы Соттың, жергілікті және басқа да соттардың қызметін ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті орган Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына таралатын мерзімді баспа басылымдарында конкурсқа дейін кемінде бір ай бұрын қазақ және орыс тілдерінде жариялайды.
5. Жергілікті және басқа соттың судьясы қызметіне конкурсқа қатысу үшін Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына таралатын мерзімді баспа басылымдарында хабарландыру жарияланған күннен бастап бір айдың ішінде Кеңес аппаратына өтініш және тізбесі Кеңес регламентімен белгіленген басқа да құжаттарды беру қажет.»;
15-бап. Жергілікті және басқа соттың судьясы қызметіне
конкурсқа қатысушылар
1. Аудандық және оған теңестірілген соттың судьясы қызметіне Кеңестің ұсынымын алу үшін конкурсқа «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 29-бабы 1-тармағының талаптарына сай келетін азаматтар, ал жұмыс істейтін судьялар болып табылатын кандидаттар - «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 28-бабы мен 29-бабы 1-тармағының талаптарына сай келсе, қатыса алады.
2. Облыстық және оған теңестірілген соттың судьясы қызметіне Кеңестің ұсынымын алу үшін конкурсқа «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының талаптарына сай келетін, заң мамандығы бойынша кемінде он бес жыл жұмыс өтілі немесе кемінде бес жыл судьялық жұмыс өтілі бар және тиісті облыстық соттың жалпы отырысының оң қорытындысын алған азаматтар қатыса алады.
Тиісті облыстық соттың жалпы отырысының теріс қорытындысына Жоғарғы Соттың жалпы отырысына шағым берілуі мүмкін.
Тиісті облыстық соттың және Жоғарғы Соттың жалпы отырыстарының қорытындысын кандидат Кеңеске ұсынады.»;
8) 16-бапта:
2-тармақтың 3) тармақшасында «басымдық беріледі» деген сөздер алып тасталып, 4) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«4) ғылыми дәрежесі немесе ғылыми атағы бар адамдарға басымдық беріледі.»;
3-1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«3-1. Кеңес облыстық және оған теңестірілген сот судьяларының бос орындарына кандидатураларды тиісті облыстық соттың жалпы отырысының қорытындысы болған кезде қарайды.»;
9) 17-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«17-бап. Жоғарғы Соттың сот алқалары төрағалары мен
судьяларының, жергілікті және басқа соттар
төрағалары мен сот алқалары төрағаларының
бос орындарына кандидатураларды қарау тәртібі
1. Облыстық және оларға теңестірілген соттар төрағалары мен сот алқалары төрағаларының, Жоғарғы Соттың сот алқалары төрағалары мен судьяларының бос қызмет орындарына кандидатураларды Кеңес Жоғарғы Сот Төрағасының Жоғарғы Соттың жалпы отырысының шешімі негізінде енгізген ұсынуы бойынша балама негізде қарайды.
2. Аудандық және оған теңестірілген сот төрағасының бос қызмет орнына кандидатураны Кеңес Жоғарғы Сот Төрағасының тиісті облыстық соттың жалпы отырысының шешімі негізінде енгізген ұсынуы бойынша балама негізде қарайды.»;
10) 7-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
«7-тарау. Төрағаны, сот алқасының төрағасын және судьяны қызметінен босату туралы материалдарды қарау тәртібі»;
11) 19-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«19-бап. Төраға, сот алқасының төрағасы және судья
қызметінен босату туралы, не босатудан
бас тарту туралы мәселені қарау үшін негіздер
1. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуы Кеңестің төрағаны, сот алқасының төрағасын және судьяны қызметінен босату туралы мәселені қарауы үшін негіз болып табылады. Судьяны тәртіптік теріс қылықтар жасағаны үшін, кәсіби жарамсыздығына орай немесе «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының талаптарын орындамағаны үшін қызметтен босату жөніндегі ұсынуды Жоғарғы Сот Төрағасы Кеңеске Сот жюриі шешімінің негізінде енгізеді.
2. Кеңес материалдарды алғаннан кейін, регламентте белгіленген тәртіппен ондағы мәліметтерді төрағадан, сот алқасының төрағасынан, судьядан және басқа адамдардан жазбаша түсініктеме алу, тиісті құжаттарды талап етіп алдыру және олармен танысу, мемлекеттік органдардан, ұйымдар мен азаматтардан өзге де ақпараттарды алу арқылы тексереді.»;
12) 20-бап алып тасталсын;
13) 21-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«21-бап. Төрағаны, сот алқасының төрағасын
және судьяны қызметінен босату туралы мәселені қарау
1. Кеңес төрағаны, сот алқасының төрағасын және судьяны қызметінен босату туралы мәселені қараған кезде Жоғарғы Сот Төрағасының оған қатысты ұсынуы алынған судьяның түсініктемесін тыңдайды. Төрағаның, сот алқасы төрағасының және судьяның Кеңес отырысына дәлелсіз себептермен келмеуі мәселені қарауға кедергі болмайды. Отырыста судьяның, Кеңес хатшысының өтініші бойынша шақырылған басқа адамдардың хабарламалары тыңдалуы, құжаттар жария етілуі және өзге де материалдар қаралуы мүмкін.
2. Кеңестің судья қызметінен босатуға ұсыным беруден бас тартуы Сот жюриінің өзі шығарған шешімінің күшін жою және оларды қайта қарау үшін негіз болып табылады.».
2-бап. Қазақстан Республикасының мынадай заңнамалық актілерінің күші жойылды деп танылсын:
1) «Қазақ КСР соттары судьяларының біліктілік алқалары туралы ережені бекіту туралы» Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының
1990 жылғы 11 қаңтардағы Жарлығы (Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1990 ж., № 3, 13-құжат);
2) «Қазақ КСР соттары судьяларының және халық заседательдерінің тәртіптік жауапкершілігі, кері қайтару және мерзімінен босату туралы ережені бекіту туралы» Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының
1990 жылғы 11 қаңтардағы Жарлығы (Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1990 ж., № 3, 14-құжат);
3) «Қазақ КСР судьяларының және халық заседательдерінің анты туралы» Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1990 жылғы
11 қаңтардағы Жарлығы (Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1990 ж., № 3, 15-құжат);
4) «Қазақстан Республикасының аудандық (қалалық) халықтық соттарында әкімшілік және атқарушылық іс жүргізу жөніндегі судьялардың саны туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1992 жылғы 2 қаңтардағы № 1090-ХІІ қаулысы (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы,1992 ж., № 3, 53-құжат);
5) «Қазақстан Республикасының төрелік соты судьяларының тәртіптік жауапкершілігі, кері қайтару және мерзімінен бұрын босату туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1992 жылғы 5 наурыздағы № 1242-ХІІ қаулысы (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы,1992 ж., № 7, 168-құжат);
6) «Қазақстан Республикасының судьяларына сыныбы және еңбек сіңірген жылдары үшін біліктілік сыныптары, үстемақылары туралы уақытша ережені бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңес Президиумының 1993 жылғы 1 ақпандағы қаулысы;
7) «Қазақстан Республикасы төрелік соттарының штат санын және оларды қаржыландыруға, материалдық-техникалық қамтамасыз етуге және қызмет көрсетуге қаржы мөлшерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 1992 жылғы 4 маусымдағы № 1525-ХІІ қаулысы (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы,1992 ж., № 16,
405-құжат);
8) «Қазақстан Республикасының Бас прокурорына, прокурор-тергеу қызметкерлеріне лауазымдық жалақы белгілеу және Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының, Жоғары Төрелік Сотының, төмен тұрған және әскери соттардың, прокуратура органдары қызметкерлерінің лауазымдық жалақыларына еңбек сіңірген жылдары үшін үстемақы төлеу тәртібі туралы ережені бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 1994 жылғы 14 шілдедегі қаулысы (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы,1994 ж., № 9-10, 150-құжат).
3-бап. Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті