Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған 2011 жылғы 21 мамырда Астана қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Босния және Герцеговина Министрлер Кабинеті арасындағы Дипломаттық және қызметтік паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісім бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен
Босния және Герцеговина Министрлер Кабинеті
арасындағы Дипломаттық және қызметтік паспорттардың
иелерін визалық талаптардан босату туралы
келісім
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Босния және Герцеговина Министрлер Кабинеті (бұдан әрі «Тараптар» деп аталатын),
екі мемлекеттің достық қарым-қатынасты нығайтуға деген ұмтылысын назарға ала отырып,
Тараптар мемлекеттерінің дипломаттық және қызметтік паспорттары бар азаматтарының өзара сапарларына ықпал етуге тілек білдіре отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Тараптардың әрқайсысы мемлекетінің азаматтары, жарамды дипломаттық немесе қызметтік паспорттардың иелері екінші Тарап мемлекетінің аумағына келу, онда болу немесе транзитпен өту үшін визалық талаптардан отыз (30) күннен аспайтын кезеңге босатылады.
2-бап
Тараптардың әрқайсысы мемлекетінің азаматтары, екінші Тарап мемлекетінің аумағында орналасқан дипломатиялық өкілдіктердің, консулдық мекемелердің немесе халықаралық ұйымдардың қызметкерлері болып табылатын жарамды дипломаттық немесе қызметтік паспорттардың иелері, сондай-ақ дипломаттық және қызметтік паспорттары бар және олармен бірге тұратын олардың отбасы мүшелері екінші Тарап мемлекетінің аумағына өздері тағайындалған мерзімде визасыз келуге, болуға және кетуге құқылы.
3-бап
Осы Келісім бір Тарап мемлекеті азаматтарының екінші Тарап мемлекетінің заңнамасын сақтау міндеттерін қозғамайды.
4-бап
1. Тараптардың әрқайсысы өз мемлекетінің аумағында болуы қолайсыз деп танылған екінші Тарап мемлекеті азаматының келуінен бас тарту немесе болу мерзімін қысқарту құқығын өзінде сақтайды.
2. Тараптардың бірі мемлекетінің азаматы/азаматшасы өзінің дипломаттық немесе қызметтік паспортын екінші Тарап мемлекетінің аумағында жоғалтқан жағдайда, ол болатын мемлекетінің құзыретті органдарына олар қажетті шаралар қабылдау үшін бұл туралы хабарлауға міндетті. Бұл ретте, осы азамат мемлекетінің дипломатиялық өкілдігі немесе консулдық мекемесі оған жаңа жол жүру құжатын береді және болатын мемлекетінің құзыретті органдарын бұл туралы хабардар етеді.
5-бап
1. Осы Келісімді орындау мақсатында Тараптар жарамды дипломаттық және қызметтік паспорттардың үлгілерімен, мұндай құжаттардың толық сипаттамасын қоса алғанда, осы Келісімге қол қойылған күннен бастап отыз (30) күн ішінде дипломатиялық арналар арқылы алмасады.
2. Әрбір Тарап сондай-ақ жаңа және өзгертілген паспорттардың үлгілерін, мұндай құжаттардың толық сипаттамасын қоса алғанда, олар қолданысқа енгізілгенге дейін отыз (30) күннен кешіктірмей дипломатиялық арналар бойынша бір-біріне жолдауға тиіс.
6-бап
1. Тараптардың әрқайсысы ұлттық қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті және қоғамдық саулықты қамтамасыз ету мақсатында осы Келісімнің қолданылуын уақытша тоқтата тұру, ішінара немесе толық тоқтату құқығын өзінде сақтайды. Осы Келісімнің қолданылуын тоқтата тұру, тоқтата тұруды алып тастау туралы шешім ол күшіне енгенге дейін жетпіс екі (72) сағаттан кешіктірмей дипломатиялық арналар арқылы екінші Тарапқа жеткізілуі тиіс.
2. Осы Келісімнің қолданылуын тоқтата тұру екінші Тарап мемлекетінің аумағында жүрген, осы Келісімнің 1 және 2-баптарында көрсетілген азаматтардың құқықтық жағдайына ықпал етпейді.
7-бап
Осы Келісімге Тараптардың өзара келісуі бойынша кез келген уақытта өзгерістер енгізілуі мүмкін. Тараптар келіскен кез келген өзгеріс осы Келісімнің 9-бабына сәйкес күшіне енеді.
8-бап
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және қолдануға қатысты даулар мен келіспеушіліктер Тараптар арасындағы консультациялар және келіссөздер жолымен шешіледі.
9-бап
1. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады.
2. Тараптардың әрқайсысы кез келген уақытта осы Келісімнің қолданылуын тоқтату ниеті туралы дипломатиялық арналар арқылы жазбаша түрде хабарлауға құқылы. Мұндай жағдайда Келісім Тараптардың бірі оның қолданылуын тоқтату ниеті туралы екінші Тараптың жазбаша хабарламасын алған күнінен бастап тоқсан (90) күн өткенге дейін күшінде қалады.
3. Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы дипломатиялық арналар арқылы соңғы жазбаша хабарлама алынған күнінен бастап отыз (30) күн өткен соң күшіне енеді.
Астана қаласында 2011 жылғы 21 мамырда әрқайсысы қазақ, босния, хорват, сербия, орыс және ағылшын тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды, әрі барлық мәтіннің күші бірдей.
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.
Қазақстан Республикасының Босния және Герцеговинаның
Үкіметі үшін Министрлер кабинеті үшін
2011 жылғы 21 мамырда Астана қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі Босния және Герцеговина Министрлер Кабинеті арасындағы Дипломаттық және қызметтік паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімнің куәландырылған көшірмесі екендігін растаймын.
Қазақстан Республикасының
Сыртқы істер министрлігі
Халықаралық-құқық
департаменті
Директорының орынбасары А. Исетов
РҚАО-ның ескертуі. Бұдан әрі Келісімнің босния, хорват, сербия және ағылшын тілдерінде берілген.