Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Индонезия Республикасының Үкіметі арасындағы дипломаттық және қызметтік паспорттардың иелерін визалардан босату туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ержан Хозеұлы Қазыхановқа қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, ол Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Индонезия Республикасының Үкіметі арасындағы дипломаттық және қызметтік паспорттардың иелерін визалардан босату туралы келісімге қол қойсын.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К.Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2012 жылғы 11 сәуірдегі
№ 445 қаулысымен
мақұлданған
Жоба
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Индонезия Республикасының
Үкіметі арасындағы дипломаттық және қызметтік паспорттардың
иелерін визалардан босату туралы
келісім
Бұдан әрі «Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Индонезия Республикасының Үкіметі,
Қазақстан Республикасы мен Индонезия Республикасы арасындағы достық қарым-қатынастарды нығайту мүмкіндігін қарастыра отырып,
Қазақстан Республикасы мен Индонезия Республикасының азаматтары жарамды дипломаттық және қызметтік паспорттар иелерінің екі мемлекет арасындағы өзара сапарларын өзара негізде жеңілдетуге ниет білдіре отырып,
Тараптар мемлекеттерінің қолданыстағы заңдары мен нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес әрекет ете отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Визалардан босату
Тараптар мемлекеттерінің азаматтары, жарамды дипломаттық және қызметтік паспорттар иелері екінші Тарап мемлекетінің аумағына келген күннен бастап 30 (отыз) күнге дейінгі мерзімге визасыз кіре алады, шыға алады және транзитпен өте алады, оның қолданыс мерзімі ұзартылмайды.
2-бап
Паспорттардың қолданылу мерзімі
Тараптардың әрқайсысы мемлекеттері азаматтарының дипломаттық және қызметтік паспорттарының қолданылу мерзімі екінші Тарап мемлекетінің аумағына кіруге дейін кемінде 6 (алты) ай болуы тиіс.
3-бап
Визаны шектеу
Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес қауіпсіздік, сондай-ақ көші-қон, кеден саласындағы және санитария саласындағы жарамды дипломаттық және қызметтік паспорттар иелеріне қатысты қолданылуы мүмкін шектеулерді қоспағанда, Тараптар мемлекеттерінің азаматтары, жарамды дипломаттық және қызметтік паспорттар иелері халықаралық қатынастар үшін ашылған кез келген өткізу пункттері арқылы екінші Тарап мемлекетінің аумағына/аумағынан қандай да бір шектеулерсіз келе алады және кете алады.
4-бап
Дипломатиялық өкілдіктердің немесе консулдық
мекемелердің мүшелеріне арналған визалар
Екінші Тарап мемлекетінің аумағында аккредиттелген дипломатиялық өкілдікке немесе консулдық мекемеге тағайындалған Тараптар мемлекеттерінің азаматтары, жарамды дипломаттық және қызметтік паспорт иелері, олардың отбасы мүшелерін қоса алғанда, визалық тәртіптен босатылмайды және екінші Тарап мемлекетінің дипломатиялық өкілдігінде немесе консулдық мекемесінде тиісті кіру визаларын келгенге дейін алуы тиіс.
5-бап
Билік өкілеттіктері
Тараптардың әрқайсысы егер қолайсыз деп танылса, екінші Тарап мемлекеті азаматтарының, жарамды дипломаттық және қызметтік паспорттары иелерінің өз мемлекетінің аумағына келуіне рұқсат беруден бас тарту немесе болу мерзімін тоқтату құқығын өзінде сақтайды.
6-бап
Паспорттардың үлгілері
Тараптар осы Келісім күшіне енгенге дейін өздерінің жарамды дипломаттық және қызметтік паспорттар үлгілерімен дипломатиялық арналар арқылы алмасады. Дипломаттық және қызметтік паспорттарға кез келген өзгерістер енгізілген жағдайда, паспорттар қолданысқа енгізілгенге дейін Тараптар жаңа паспорттардың үлгілерін қоса бере отырып, бұл туралы дипломатиялық арналар арқылы бір-бірін жазбаша хабардар етуге міндетті.
7-бап
Тоқтата тұру
1. Әрбір Тарап ұлттық қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті немесе қоғамдық саулықты қамтамасыз ету мақсатында, осы Келісімнің қолданысын уақытша, ішінара немесе толық тоқтата тұра алады.
2. Осы баптың 1-тармағына сәйкес осы Келісімнің қолданысын тоқтата тұрудың басталуы мен аяқталуы туралы екінші Тарап дипломатиялық арналар арқылы тиісті түрде алдын-ала хабардар етіледі.
8-бап
Дауларды реттеу
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру немесе қолдану кезінде туындаған кез келген келіспеушіліктер немесе даулар Тараптар арасындағы консультациялар немесе келіссөздер жолымен шешіледі.
9-бап
Өзгерістер мен толықтырулар енгізу
Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге аталған Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін және осы Келісімнің 10-бабының 1-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енеді.
10-бап
Күшіне енуі, қолданыс мерзімі және тоқтату
1. Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күнінен бастап 30 (отыз) күн өткен соң күшіне енеді.
2. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және Тараптардың бірі екінші Тараптың оның қолданысын тоқтату ниеті туралы тиісті жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап 2 (екі) ай өткенге дейін күшінде қалады.
Осыны куәландыру үшін тиісті үкіметтері тиісінше уәкілеттік берген төменде қол қоюшылар осы Келісімге қол қойды.
201_ жылғы «__»___________ ___________қаласында әрқайсысы қазақ, индонезия және ағылшын тілдерінде 2 (екі) түпнұсқа данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.
Қазақстан Республикасының Индонезия Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін