Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Малайзия Үкіметі арасындағы жоғары білім саласындағы ынтымақтастық туралы өзара түсіністік туралы меморамдумның жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұловқа қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Малайзия Үкіметі арасындағы жоғары білім саласындағы ынтымақтастық туралы өзара түсіністік туралы меморамдумға қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2012 жылғы 17 сәуірдегі
№ 471 қаулысымен
мақұлданған
Жоба
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Малайзия Үкіметі
арасындағы жоғары білім саласындағы ынтымақтастық туралы өзара
түсіністік туралы меморандум
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Малайзияның Үкіметі (бұдан әрі жеке-жеке «Тарап» және бірге «Тараптар» деп аталатындар);
екі ел арасындағы қазіргі достық қарым-қатынастарды мойындай отырып;
екі ел арасындағы жоғары білім беру саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға және одан әрі дамытуға ниет білдіре отырып;
екі елдің мүддесінде берік және тиімді ынтымақтастықтың қажеттігіне сене отырып;
мұндай ынтымақтастық өздерінің ортақ мүдделеріне және жоғары білім мен екі ел халықтарының әлеуметтік дамуының нығаюына қызмет етеді деп сене отырып;
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Нысанасы
Тараптар осы Меморандумның және ұлттық заңнаманың, қағидалардың, нормалардың және әр елдегі саясаттың шарттарына сәйкес жоғары білім беру мен өмір бойы оқытуды интернационалдандыруды, оқытудағы шеберлік пен шығармашылықты арттыруды, оқу орындары жүргізетін оқу мен зерттеулерді қолдаудағы ынтымақтастықты нығайтуға, ілгерілетуге, дамытуға және екі ел арасында теңдік пен өзара пайда негізінде білім беру секторының кәсіби дамуына үлес қосуға келісті.
2-бап
Ынтымақтастық аясы
1. Әрбір Тарап өз елдеріндегі талқылау нысанасын реттейтін ұлттық заңнамаға, қағидаларға, нормалар мен саясатқа сәйкес мынадай салалардағы техникалық ынтымақтастықты ілгерілету және ынталандыру үшін қажетті шараларды қабылдауға ұмтылады:
a) екі Тарап үшін өзара пайдалы болып табылатын бағдарламалар бойынша Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен Малайзия Жоғары білім министрлігінің келісімімен жоғары оқу орындары арасында профессор-оқытушылық құраммен, оқытушылармен, тағылымдамашылармен, сарапшылармен және студенттермен алмасу. Мұндай алмасу нәтижелері бірлескен баяндамаларда, жарияланымдарда немесе оқу сапарларында орын алуы мүмкін оқу тапсырмаларын және/немесе зерттеулерді қамтуы мүмкін. Қабылдаушы Министрлікте мұндай алмасудың ұзақтығы мен шарттарын екі Тарап шешуі және өзара келісуі тиіс:
b) жоғары білім беру жүйесі мен құрылымы, реформалары мен жаңа білім беру технологиялары туралы ақпаратпен алмасу;
с) өндірістегі оқытуды қоса алғанда, оқу орындарының әкімшілері мен мұғалімдерін оқыту;
d) екі Тараптың танылған жоғары оқу орындарында одан әрі оқуға арналған стипендия;
е) екі Тарапқа өзара пайда әкелетін техникалық, кәсіптік және жоғары білім беретін танылған оқу орындары арасында екіжақты бағдарламаларды енгізу;
f) оқу әдебиеттерімен, оқу құралдарымен, ақпарат және көрсету материалдарымен алмасу, сондай-ақ тиісті көрмелер мен семинарлар ұйымдастыру;
g) мемлекеттік үлгідегі білім туралы құжаттарды өзара тану мүмкіндігін зерделеу;
h) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, техникалық және кәсіптік білім беру, математика және жаратылыстану ғылымдары салаларындағы өзара көмекті қолдау;
i) сондай-ақ Тараптар өзара келісетін жоғары білім беру саласындағы ынтымақтастықтың кез келген басқа да салалары.
3-бап
Құзыретті орган
Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан осы Меморандумды іске асыруға жауапты құзыретті орган Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, Малайзия Үкіметінің атынан – Малайзияның Жоғары білім министрлігі болып табылады.
4-бап
Бірлескен жұмыс тобы
1. Тараптар екі ел арасында осы Меморандумның жүзеге асырылуына мониторинг жүргізу үшін Қазақстан-Малайзия бірлескен жұмыс тобын (бұдан әрі «Бірлескен жұмыс тобы» деп аталады) құрады.
2. Бірлескен жұмыс тобын Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі және Малайзия Үкіметінің атынан Малайзия Жоғары білім министрлігінің бас хатшысы немесе екі елдің басқа да тиісті агенттіктерінің қатысуымен тағайындаған өкіл басшылық жасайды.
3. Бірлескен жұмыс тобы осы Меморандумда баяндалған, жоғарыда көрсетілген мақсаттарға жәрдемдесудің жолдары мен құралдарын қарайды. Бірлескен жұмыс тобы осы Меморандумның мақсаттарын ілгерілетуге бағытталған ұсыныстарды қабылдайды және қарайды. Сондай-ақ Бірлескен жұмыс тобы осы Меморандумның шеңберінде екі ел арасында жасалған барлық уағдаластықтардың іске асырылу барысын қарайды және уағдаластықтарды белсенді және уақтылы іске асыруды қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдайды.
4. Бірлескен жұмыс тобы екі (2) жылда бір рет кезекпен Қазақстан Республикасында және Малайзияда жиналады. Бірлескен жұмыс тобы Тараптардың өзара келісімі бойынша қосымша отырыстар өткізе алады.
5. Бірлескен жұмыс тобы отырыстарды қолайлы және Тараптардың өзара келісімі бойынша белгіленген күндерде өткізеді.
6. Бірлескен жұмыс тобының құрамы мен қызметінің тәртібі Тараптардың өзара келісімімен анықталады.
7. Бірлескен жұмыс тобының шешімдері мен басқа да қорытындылары кеңестердің келісілген хаттамаларында көрсетіледі.
5-бап
Іске асыру
Осы Меморандумды жүзеге асыру барысында Тараптар кез келген профессор-оқытушылық құраммен, студенттермен немесе материалдармен алмасу өзара міндетті еместігін мойындай отырып, кез келген іс-шаралардың бөлшектерін өзінің құзыретті органдары, атап айтқанда Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі және Малайзияның Жоғары білім министрлігі арқылы талқылауы қажет.
6-бап
Қаржылық шаралар
1. Осы Меморандум шеңберінде жүзеге асырылатын бірлескен қызмет шығыстарын жабуға арналған қаржылық шараларды қажетті қаражаттың болуына байланысты әрбір нақты жағдайда Тараптар өзара келіседі.
2. Бірлескен жұмыс тобының кеңестерін ұйымдастыру шығыстарын қабылдаушы Тарап өзі көтереді. Бірлескен жұмыс тобының отырыстарына қатысу үшін өз өкілдерін жіберетін Тарап өзінің жол жүруге және тұруға байланысты шығыстарын өтейді.
7-бап
Үшінші тараптардың қатысуы
Әрбір Тарап екінші Тараптың келісімі бойынша осы Меморандум шеңберінде жүзеге асырылатын бірлескен жобаларға және/немесе бағдарламаларға үшінші тараптың қатысуын ұсына алады. Осындай бірлескен жобалар мен бағдарламаларды өткізу кезінде қатысушылар үшінші тараптың осы Меморандумның ережелеріне сәйкес келуін қамтамасыз етеді.
8-бап
Зияткерлік меншік құқықтарын қорғау
1. Зияткерлік меншік құқықтарын қорғау екі елдің тиісті ұлттық заңдарына, қағидаларына, ережелеріне және халықаралық міндеттемелерге сәйкес орындалуы тиіс.
2. Тиісті Тараптың алдын ала жазбаша келісімінсіз кез келген жарияланымдарда және/немесе құжаттарда басқа Тараптың ресми атауын, рәмізін және/немесе эмблемасын пайдалануға тыйым салынады.
3. 1-тармақтың ережесіне қарамастан, төмендегідей жүзеге асырылған кез келген технологиялық дамытуға, өнімдер мен қызметтерді дамытуға қатысты зияткерлік меншік құқығы:
i) Тараптар бірлесіп немесе бірлескен күш-жігердің арқасында алынған зерттеулер нәтижелері өзара келісілген шарттарға сәйкес Тараптардың ортақ меншігі болып табылуы тиіс;
ii) тұтас және тараптардың кез келгені, Тараптардың ортақ және жеке алынған зерттеу нәтижелері толығымен мүдделі Тарапқа тиесілі болуы тиіс.
9-бап
Құпиялылық
1. Әрбір Тарап осы Меморандумды немесе осы Меморандумға сәйкес қабылданған кез келген басқа келісімдерді іске асыру кезеңінде басқа Тараптан алынған немесе ұсынылған құжаттардың, ақпараттың және өзге де деректердің таратылмауын және құпиялылығын сақтайды.
2. Екі Тарап осы баптың ережелері осы Меморандум қолданысының тоқтатылуына қарамастан, екі Тарап арасында өзінің қолданысын жалғастырады деп келіседі.
10-бап
Тоқтату
Әрбір Тарап ұлттық қауіпсіздік, мүдде, қоғамдық тәртіп немесе денсаулық ұғымдарына байланысты осы Меморандумның қолданысын толық немесе ішінара уақытша тоқтата тұру құқығын өзінде қалдырады, ондағы тоқтата тұру екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы хабарланғаннан кейін дереу күшіне енеді.
11-бап
Толықтырулар мен өзгерістер
1. Әрбір Тарап осы Меморандумның барлық немесе бір бөлігін қайта қарауды, оларға өзгерістер немесе толықтырулар енгізуді жазбаша нысанда талап ете алады.
2. Тараптар келіскен кез келген толықтырулар немесе өзгерістер жазбаша түрде жазылуы және осы Меморандумның ажырамас бөлігі болып табылуы тиіс.
3. Мұндай толықтырулар немесе өзгерістер Тараптар анықтайтын күннен бастап күшіне енеді.
4. Кез келген толықтырулар немесе өзгерістер осындай толықтырулар немесе өзгерістер күніне дейін осы Меморандумнан туындайтын немесе оған негізделетін құқықтар мен міндеттерді қозғамауы тиіс.
12-бап
Дауларды реттеу
Осы Меморандумның кез келген ережелерін түсіндіруге және/немесе іске асыруға қатысты Тараптар арасындағы кез келген келіспеушіліктер немесе даулар қандай да бір үшінші тарапқа немесе халықаралық трибуналға сілтеме жасалмастан, Тараптар арасында дипломатиялық арналар арқылы өзара консультациялар және/немесе келіссөздер негізінде бейбіт жолмен шешілуі тиіс.
13-бап
Күшіне енуі, қолданылу мерзімі және қолданысын тоқтату
1. Осы Меморандум қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді және бес (5) жыл бойы күшінде болады және автоматты түрде келесі бес жылдық кезеңге ұзартылады.
2. Осы баптың ережелеріне қарамастан, Тараптардың кез келгені дипломатиялық арналар арқылы осы Меморандумның қолданысын тоқтату ниеті туралы басқа Тарапқа осындай ниетті жүзеге асыруға дейін кемінде үш (3) ай бұрын жазбаша нысанда хабарлап, тоқтата алады.
3. Осы Меморандумның қолданысын тоқтату осы Меморандумның қолданысын тоқтату күніне дейін келісілген жобаларды және/немесе бағдарламаларды жүзеге асыруға әсер етпейді.
Осыны куәландыру үшін өз үкіметтері тиісті түрде уәкілеттік берген төменде қол қоюшылар осы Меморандумға қол қойды.
2012 жылғы 18 сәуірде Путраджайда әрқайсысы екі (2) түпнұсқа данада қазақ, ағылшын, малай және орыс тілдерінде жасалды, барлық мәтіндердің күші бірдей. Түсіндіру кезінде қандай да бір мәтіндер арасында келіспеушілік туындаған жағдайда ағылшын тіліндегі мәтінге басымдылық беріледі.
Қазақстан Республикасының Малайзия Үкіметі
Үкіметі үшін үшін