Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Малайзияның Үкіметі арасындағы туризм саласындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумның жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Өрентайұлы Исекешевке қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Малайзияның Үкіметі арасындағы туризм саласындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2012 жылғы 17 сәуірдегі
№ 473 қаулысымен
мақұлданған
жоба
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Малайзияның Үкіметі
арасындағы туризм саласындағы өзара түсіністік және
ынтымақтастық туралы меморандум
Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі мен Малайзия Үкіметі атынан Малайзияның Туризм министрлігі (бұдан әрі әрқайсысы «Тарап» деп және бірлесіп «Тараптар» деп аталатындар),
екі мемлекет арасында орын алған достық қатынастарды мойындай отырып,
екі мемлекет арасында туризм саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға және одан әрі дамытуға ниеттене отырып,
екі мемлекеттің мүдделерінде туризмді дамытуға мықты және тиімді жәрдемдесуді құру қажеттілігіне сенімді бола отырып,
осындай ынтымақтастық олардың ортақ мүддесіне қызмет ететіндігіне және екі мемлекет халықтарының экономикалық, мәдени және әлеуметтік дамуының нығаюына ықпал етеді деп есептей отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Мақсат
Тараптар осы Меморандумның шарттарына, өздерінің мемлекеттері қатысушылары болып табылатын өзге де халықаралық шарттарға, өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына, сондай-ақ Тараптар жүргізіп отырған ұлттық саясатқа сәйкес тең құқық және өзара пайда негізінде өз мемлекеттерінің арасында туризм саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға және дамытуға уағдаласты.
2-бап
Ынтымақтастық саласы
Тараптар заңдарға, нормаларға, қағидаларға және нысананы өз елдерінде реттейтін ұлттық саясатқа сәйкес мынадай салаларда туризм саласындағы ынтымақтастықты көтермелеу және дамыту үшін қажетті шараларды қабылдауға ұмтылады:
1. Зерттеулер мен әзірлемелер
Тараптар туристік қызметтегі бизнесті ұйымдастыруға, басқаруға және жүргізуге қатысты мәселелерде тәжірибе алмасатын болады, сондай-ақ туристік қызмет саласында жарияланымдар, зерттеулер және басқа ақпарат алмасатын болады;
2. Білім беру және оқыту
Тараптар сарапшылар және ақпарат алмасу, кадрлар даярлау, екі елдің мемлекеттік және жеке секторында даярлау және біліктілікті арттыру бағдарламалары туралы салыстырмалы зерттеулер жүргізу жолымен техникалық көмек көрсетуге және жоғары білікті мамандармен қамтамасыз етуге жәрдемдесетін болады.
3. Жарнамалық және ақпараттық материалдар
Әрбір Тарап туризм саласындағы жарнамалық материалдар, жарияланымдар және аудиокөрнекі таспалар сияқты өз елінің туристік жарнамалық материалын екінші Тарапқа және үшінші елдерге тарататын болады.
4. Кездесулер, конгрестер және көрмелер (MICE)
Тараптар MICE-туризмді дамытуда екі ел арасында бағдарлама алмасу жолымен ынтымақтасатын болады.
5. Туризмнің жеке секторы арасындағы ынтымақтастық
Тараптар туристік ұйымдар, туристік агенттіктер, жеке сектор немесе екі елдің туризммен байланысты кез келген басқа ұйымдары арасындағы барынша тығыз ынтымақтастыққа жәрдемдесетін болады.
6. Инвестициялар
Тараптар екі елдің мемлекеттік және жеке меншік секторларының туристік инвестициялық бағдарламаларға қатысуына және туризмді дамытуға арналған бірлескен кәсіпорын негізінде туристік аймақтарды дамытуға жәрдемдесетін болады.
7. Тараптар өзара келісуі тиіс туризм саласындағы ынтымақтастықтың кез келген басқа салалары.
3-бап
Уәкілетті орган
Осы Меморандумның ережелерін орындауға жауапты уәкілетті органдар мыналар:
Малайзия үшін – Малайзияның Туризм министрлігі;
Қазақстан Республикасы үшін – Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі болып табылады.
4-бап
Іске асыру
Тараптар 2-бапта айтылған ынтымақтастық нысандары Тараптар айқындаған шарттарда қосымша келісімге, уағдаластыққа немесе ынтымақтастық туралы бағдарламаға сәйкес өз мемлекеттерінің аумағында не кез келген аумақта жүзеге асырылатынын келісті. Меморандумның одан әрі іс-қимылы және іске асыруды консультациялар арқылы Тараптар айқындайды және Тараптардың өзара келісімі бойынша әзірленіп, ресімделетін болады.
5-бап
Қаржы тетіктері
Осы Өзара түсіністік туралы меморандум шеңберінде жүзеге асырылатын бірлескен қызметтің шығыстарын жабуға арналған үшін қаржы тетіктері қаражат пен ресурстардың бар болуына қарай, әрбір жекелеген жағдай үшін Тараптар бірлесіп шешетін болады.
6-бап
Өзгерістер
1. Тараптардың кез келгені осы Меморандумның барлық немесе бір бөлігінің өзгергені туралы жазбаша нысандағы өтінішпен жүгіне алады.
2. Тараптар келіскен кез келген өзгеріс белгіленген тәртіппен осы Меморандумның ажырамас бөлігі болып табылатын жекелеген хаттамалармен ресімделуі тиіс.
3. Мұндай өзгеріс Тараптар белгілеген күннен бастап күшіне енеді.
7-бап
Үшінші тараптың қатысуы
Тараптардың әрбірі үшінші тарапты осы Меморандумға сәйкес Тараптардың кез келгенінің жазбаша келісімі бойынша іске асырылатын бірлескен жобаларға және/немесе бағдарламаларға қатысуға шақыра алады. Тараптар осы Меморандумның шарттарына сәйкес үшінші тараптың осындай бірлескен жобаларды және/немесе бағдарламаларды іске асыратынына кепілдік береді.
8-бап
Өзара түсіністік туралы меморандумның қолданылуы
1. Осы Өзара түсіністік туралы меморандум қатысушылардың ниеттері туралы куәлік ретінде ғана болады және қатысушы елдердің тиісінше құқығы немесе халықаралық құқығы болып табылмайды немесе құрмайды және міндеттеме жасауға немесе беруге арналмаған және сот процесі үшін себеп болмайды және айқын білдірілген немесе тұспалданған міндеттемелерді орындауға ешқандай заңды түрде міндеттейтін немесе міндетті болып саналмайды.
2. Осы Өзара түсіністік туралы меморандум қатысушылар арасында жасалған екі жақты келісімдердің кез келгенінде көзделген құқықтар мен міндеттемелерді қозғамайды.
9-бап
Басқа құқықтар мен мүдделер
Осы Меморандумның ережелерін түсіндіру немесе қолдану кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, ұлттық қауіпсіздік, ұлттық және қоғамдық мүдде немесе қоғамдық тәртіп, зияткерлік меншік құқығын қорғау, құжаттардың, ақпараттың және деректердің құпиялылығы және құпиялығы мәселелеріне қатысты Тараптар олардың құқықтары мен мүдделерінің қорғалғандығына көз жеткізу үшін оларды келіссөздер немесе консультациялар жолымен шешеді.
10-бап
Меморандумның күшіне енуі, ұзақтығы және аяқталуы
1. Осы Меморандум қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді және бес (5) жыл бойы қолданылады. Осы Меморандумның қолданысы келесі бес (5) жылға автоматты түрде ұзартылады.
2. Осы бапта кез келген көрсетілгендерге қарамастан, Тараптардың кез келгені екінші Тарапқа оны жасау ниетіне дейін кемінде алты (6) ай ішінде дипломатиялық арналар арқылы жазбаша нысанда осы Өзара түсіністік туралы меморандумның қолданысын тоқтату ниеті туралы хабарлай отырып, осы Өзара түсіністік туралы меморандум қолданысын тоқтата алады.
3. Осы Меморандумның қолданысын тоқтату оның қолданысы барысында басталған, осы Өзара түсіністік туралы меморандумның қолданысы тоқтатылған күнге дейін Тараптар келіскен іс-шараларды орындауға әсер етпейді.
4. Алдыңғы жазбалар онда аталған мәселелер бойынша Малайзияның Үкіметі мен Қазақстан Республикасының Үкіметі арасындағы қол жеткізілген келісімдерді білдіреді.
201__ жылғы "____" ____________ __________ қаласында екі түпнұсқа данада, әрқайсысы қазақ, орыс, малай және ағылшын тілдерінде жасалды, әрі барлық мәтіндер тең түпнұсқалы болып табылады.
Осы Меморандумның ережелерін түсіндіру немесе қолдану кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.
Қазақстан Республикасының Малайзия Үкіметі
Үкіметі үшін үшін