Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Армения Республикасының Үкіметі арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Әділбек Рыскелдіұлы Жақсыбековке қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Армения Республикасының Үкіметі арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының | |
Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 4 маусымдағы № 743 қаулысымен мақұлданған |
Жоба
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Армения Республикасының Үкіметі арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастық туралы КЕЛІСІМ
(2016 жылғы 28 қазанда күшіне енді - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2016 ж., № 6, 105-құжат)
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Армения Республикасының Үкіметі,
Тараптар мемлекеттерінің халықтары арасындағы дәстүрлі достық қатынастарды басшылыққа ала отырып,
әскери-техникалық ынтымақтастықты дамытудағы Тараптар мемлекеттерінің мүдделілігін ескере отырып және ол үшін қолайлы жағдай қамтамасыз етуге ұмтыла отырып,
екіжақты әскери-техникалық ынтымақтастықты халықаралық құқық қағидаттары негізінде қолдау бойынша бірлескен күш-жігерді жүзеге асырудың маңыздылығын мойындай отырып,
Тараптар мемлекеттерінің қорғаныс қабілетін нығайту қажеттілігіне сүйене отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісімнің мақсаты Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес әскери-техникалық саладағы өзара тиімді ынтымақтастықты тең құқықтық және өзара қағидаттары негізінде жүзеге асыру болып табылады.
2-бап
Тараптар осы Келісім шеңберінде әскери-техникалық ынтымақтастықты мынадай бағыттарда жүзеге асырады:
1) қару-жарақты, әскери техниканы, құжаттаманы, жұмыстарды, қызмет көрсетуді, зияткерлік қызмет нәтижелерін, оның ішінде оларға ерекше құқықтарды (зияткерлік меншік) және әскери-техникалық саладағы ақпаратты, сондай-ақ ұлттық заңнамамен әскери мақсаттағы өнімге жатқызылатын кез келген басқа да өнімді қамтитын әскери мақсаттағы өнімді өзара жеткізу;
2) қару-жараққа және әскери техникаға қызмет көрсету мен оны жөндеу бойынша жұмыстарды орындау;
3) қару-жарақ пен әскери техниканы қайта жаңарту, жаңғырту және қайта жарақтандыру жөніндегі бірлескен жобаларды жүзеге асыру;
4) әскери мақсаттағы өнімді әзірлеу, шығару, жөндеу, жаңғырту және кәдеге жарату саласындағы бірлескен кәсіпорындар құру;
5) қару-жарақ пен әскери техниканы жетілдіру мүддесінде ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізу;
6) әскери мақсаттағы өнімді шығару кезінде қалыптасқан кооперациялық байланыстарды сақтау және дамыту;
7) әскери-техникалық кадрларды даярлау және оқыту;
8) қару-жарақ пен әскери техника көрмелерін өткізу.
Тараптардың өзара келісімі бойынша әскери-техникалық ынтымақтастықтың басқа да бағыттары айқындалуы мүмкін.
3-бап
Тараптар ынтымақтастықты мынадай нысандарда жүзеге асырады:
1) халықаралық шарттар жасасу, Тараптардың уәкілетті органдары арасында әскери-техникалық бағдарламаларды әзірлеу;
2) Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті органдары және/немесе Тараптар мемлекеттерінің кәсіпорындары мен ұйымдары арасында шарттар (келісімшарттар) жасасу;
3) консультациялар өткізу, әскери-техникалық ынтымақтастықтың нақты мәселелері жөнінде мамандарды шақыру, тәжірибе және ақпарат алмасу.
4-бап
Осы Келісімнің ережелерін іске асыру жөніндегі уәкілетті органдар:
1) Қазақстан тарапынан – Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі;
2) Армения тарапынан – Армения Республикасының Қорғаныс министрлігі болып табылады.
Уәкілетті органдардың атауы немесе функциялары өзгерген жағдайда Тараптар бұл туралы бір-бірін дипломатиялық арналар арқылы дереу хабардар етеді.
5-бап
Егер әрбір нақты жағдайда өзге тәртіп келісілмесе, Тараптар осы Келісімді іске асырумен байланысты шығыстарды Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларында көзделген қаражат шегінде дербес көтереді.
Болу мемлекетіндегі кездесулерді ұйымдастыру, делегацияларды қабылдау бойынша шығыстарды және көлік шығыстарын қабылдаушы Тарап көтереді.
Өз делегациялары мүшелерінің болу мемлекетіне жол жүру және қайту бойынша шығыстарды, сондай-ақ болу мемлекетінде оларды тамақтандыру мен тұруы бойынша шығыстарды жіберуші Тарап көтереді.
6-бап
Тараптар құпия ақпарат алмасуды құпия ақпаратты өзара қорғау туралы жекелеген екіжақты халықаралық шарт негізінде жүзеге асырады.
Тараптар ынтымақтастық барысында алған ақпаратты Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес қорғауды қамтамасыз етеді.
Тараптар ынтымақтастық барысында алған ақпаратты осындай ақпаратты берген Тарап залалына пайдаланбайды.
Тараптар ынтымақтастық барысында алған ақпаратты осы ақпаратты берген Тараптың жазбаша келісімінсіз үшінші тарапқа бермейді.
7-бап
Тараптар бір Тарап екінші Тарапқа жеткізген әскери мақсаттағы өнімді және ол бойынша ақпаратты оларды жеткізген Тараптың алдын ала жазбаша келісімінсіз үшінші тарапқа сатуға немесе беруге құқығы жоқ.
8-бап
Осы Келісімнің ережелері Тараптардың өз мемлекеттері қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
9-бап
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру немесе қолдану бойынша даулар туындаған жағдайда Тараптар оларды консультациялар және келіссөздер жолымен шешеді.
10-бап
Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын және осы Келісімнің 11-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
11-бап
Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және дипломатиялық арналар арқылы Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны алған күннен бастап күшіне енеді.
Тараптардың кез келгені алдын ала басқа Тарапты дипломатиялық арналар арқылы жазбаша нысында хабардар ете отырып, осы Келісімнің қолданысын мерзімінен бұрын тоқтата алады. Бұл жағдайда осы Келісім екінші Тарап осындай жазбаша хабарламаны алған күннен бастап алты ай өткеннен кейін өз қолданысын тоқтатады.
Осы Келісімнің қолданысын тоқтату оларға қатысты өзге де жазбаша уағдаластық болған жағдайлардан басқа, осы Келісім шеңберінде бұрын басталған шарттарды (келісімшарттарды), бағдарламалар мен жобаларды орындауға әсер етпейді.
2012 жылғы "___" _____________ ____________ қаласында әрқайсысы қазақ, армян және орыс тілдерінде екі данада жасалды, бұл ретте барлық мәтіндердің күші бірдей.
Тараптар осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда орыс тіліндегі мәтінге жүгінеді.
Қазақстан Республикасының | Армения Республикасының |
Үкіметі үшін | Үкіметі үшін |