Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына енгiзiлсiн.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі С. Ахметов
Жоба
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне
мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы
1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
1. 2007 жылғы 15 мамырдағы Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2007 ж., № 9, 65-құжат; № 19, 147-құжат; № 20, 152-құжат; № 24, 178-құжат; 2008 ж., № 21, 97-құжат; № 23, 114-құжат; 2009 ж., № 8, 44-құжат; № 9-10, 50-құжат; № 17, 82-құжат; № 18, 84-құжат; № 24, 122, 134-құжаттар; 2010 ж., № 5, 23-құжат; № 10, 48-құжат; № 24, 146, 148-құжаттар; 2011 ж., № 1, 2, 3-құжаттар; № 11, 102-құжат; № 16, 128-құжат; 2012 ж., № 3, 26-құжат; № 4, 32-құжат; № 5, 41-құжат; № 6, 45-құжат; № 13, 91-құжат; № 14, 92-құжат; № 15, 97-құжат):
26-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Мемлекеттік қызметті тоқтатқаннан кейін, адамға, егер мемлекеттік қызметті тоқтатар алдындағы соңғы жылда мемлекеттік функцияларды орындау кезеңінде өзінің лауазымдық өкілеттіктеріне орай осы коммерциялық ұйымның қызметін тексеру нысанында бақылауды тікелей жүзеге асырған болса не осы коммерциялық ұйымның қызметі аталған адамның құзыретіне сәйкес онымен тікелей байланысты болған болса, мемлекеттік ұйымдарды, мемлекеттің қатысу үлесі бар ұйымдарды, жарғылық капиталындағы мемлекеттiң үлесi ұлттық басқарушы холдингтерге, ұлттық холдингтерге, ұлттық даму институттарына, ұлттық компанияларға берiлген ұйымдарды, сондай-ақ олардың еншiлес ұйымдарын қоспағанда, коммерциялық ұйымға жұмысқа орналасуға бір жыл бойы жол берілмейді.».
2. «Мемлекеттік қызмет туралы» 1999 жылғы 23 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1999 ж., № 21, 773-құжат; 2001 ж., № 13-14, 170-құжат; 2003 ж., № 4, 24-құжат; № 18, 142-құжат; 2005 ж., № 14, 61-құжат; 2007 ж., № 9, 67-құжат; № 17, 140-құжат; № 19, 147-құжат; 2009 ж., № 24, 122, 126-құжаттар; 2010 ж., № 24, 148-құжат; 2011 ж., № 11, 102-құжат; № 20, 158-құжат; 2012 ж., № 5, 36-құжат; № 13, 91-құжат):
1) 1-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«1-бап. Негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) «А» корпусы - Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын кадр резервіне іріктеудің және конкурстық іріктеудің ерекше тәртібі, сондай-ақ, арнайы біліктілік талаптары көзделген басқарушылық деңгейдегі мемлекеттік әкімшілік лауазымдар;
2) ауысу - Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік қызметшіні бос не уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымға бір мезгілде оны атқарып отырған лауазымынан босата отырып, тағайындау рәсімі;
3) «Б» корпусы - «А» корпусына енгізілмеген мемлекеттік әкімшілік лауазымдар;
4) бiлiктiлiк талаптары - мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымға орналасуға үмiткер азаматтарға олардың кәсiптiк даярлығының деңгейiн, құзыреттiлiгiн және нақты әкiмшiлiк лауазымға сай келуiн айқындау мақсатында қойылатын талаптар;
5) лауазымды адам - тұрақты, уақытша немесе арнайы өкiлеттiк бойынша билiк өкiлiнiң функцияларын жүзеге асыратын не мемлекеттiк органдарда ұйымдық-өкiмшілік немесе әкiмшiлiк-шаруашылық функцияларды орындайтын адам;
6) лауазымдық өкiлеттiк - мемлекеттiк қызметшiлер өз қызметiн жүзеге асыратын мемлекеттiк органдардың алдында тұрған мақсаттар мен мiндеттерге сай келетін нақты мемлекеттiк лауазымға орай көзделген құқықтар мен мiндеттер;
7) мансаптық жоспарлау – «А» корпусы мемлекеттік әкімшілік қызметшісінің лауазымдық ауысуы және кәсіби дамуы кезеңдерін айқындауға бағдарланған процесс;
8) мемлекеттік әкімшілік қызметтің кадр резерві - бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға орналасуға үміттенген Қазақстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен түзілген бiрыңғай жүйеленген тізімі;
9) мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшi - осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кәсіби қызметін тұрақты негізде жүзеге асыратын мемлекеттiк қызметшi;
10) мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазым санаты - бірыңғай үлгілік біліктілік талаптары бар мемлекеттік әкiмшiлiк лауазымдар жиынтығы;
11) мемлекеттiк қызмет - мемлекеттiк билiктiң мiндеттерi мен функцияларын iске асыруға бағытталған лауазымдық өкiлеттiктердi атқару жөнiндегi мемлекеттiк қызметшiлердiң мемлекеттiк органдардағы қызметi;
12) мемлекеттiк қызметшi - мемлекеттiк органда заңнамада белгiленген тәртiппен республикалық немесе жергiлiктi бюджеттерден не Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң қаражатынан ақы төленетiн лауазымды атқаратын және мемлекеттiң мiндеттерi мен функцияларын iске асыру мақсатында лауазымдық өкiлеттiктi жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының азаматы;
13) мемлекеттік қызметшілердің қызмет этикасы - осы Заңда, мемлекеттік органдардың актілерінде белгiленген және жалпы қабылданған моральдық-этикалық нормаларға негізделген мемлекеттік қызметшілер мінез-құлқының қағидалары;
14) мемлекеттiк лауазым - нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген лауазымдық өкiлеттiктер және лауазымдық мiндеттер аясы жүктелген мемлекеттiк органның құрылымдық бiрлiгi;
15) мемлекеттiк саяси қызметшi - тағайындалуы (сайлануы), босатылуы және қызметi саяси-айқындаушы сипатта болатын және саяси мақсаттар мен мiндеттердi iске асыру үшiн жауапты болатын мемлекеттiк қызметшi;
16) мүдделер қақтығысы - мемлекеттiк қызметшiнiң жеке басының мүддесі өзінің лауазымдық өкiлеттiктерiн тиiсiнше атқармауына әкеп соғуына ықпал ететін мемлекеттiк қызметшiнiң жеке басының мүддесі мен оның лауазымдық өкiлеттiктерi арасындағы қайшылық;
17) ротация - осы Заңға сәйкес «А» корпусындағы мемлекеттік қызметшілерді мансаптық жоспарлау шеңберінде лауазымдық ауыстыру;
18) тағылымдама - тұрақты жұмыс орнынан тыс жерде мемлекеттік қызметшілердің, сондай-ақ мемлекеттік әкімшілік қызметтің кадр резервіне алынған адамдардың мемлекеттік органдардың жолдамасы бойынша және мүдделер қақтығысын болдырмау жағдайында кәсіби білім алуы мен тәжірибе жинақтауы;
19) тәлімгер - мемлекеттік қызметке алғаш рет қабылданған адамға бекітілген, оның кәсіби дайындығына практикалық көмек көрсететін мемлекеттік қызметші;
20) уақытша бос мемлекеттік лауазым - аталған лауазымды атқаратын мемлекеттік қызметшінің әлеуметтік демалыста болуына, сондай-ақ аурудың салдарынан, егер оның ауруы Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген екі айдан астам еңбекке уақытша жарамсыздық мерзімі белгіленуі мүмкін ауру түрлерінің тізбесіне енген болса, оның жұмыс орнында болмауына байланысты уақытша бос мемлекеттік лауазым.»;
2) 5-баптың 1-тармағында:
4) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«4) мемлекеттiк қызмет персоналы жөнiндегi республикалық деректер қорын, оның ішінде бірыңғай автоматтандырылған деректер қорын қалыптастыруды қоса алғанда, мемлекеттік қызметтің кадр құрамы жай-күйінің және мемлекеттік лауазымдардың мониторингін жүргізу;»;
мынадай мазмұндағы 4-1) және 4-2) тармақшалармен толықтырылсын:
«4-1) мемлекеттiк әкiмшілiк қызметтің кадр резервін қалыптастыру;
4-2) мемлекеттік қызметшілер мен мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға орналасушы кандидаттарды тестілеу тәртібін, бағдарламаларды айқындау, сондай-ақ тестілеуді ұйымдастыру;»;
6) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«6) осы Заңға сәйкес мемлекеттік қызметшілер лауазымдарының тізілімін, сондай-ақ актілерді әзірлеу және Қазақстан Республикасының Президентіне бекітуге ұсыну;»;
мынадай мазмұндағы 9-1) тармақшамен толықтырылсын:
«9-1) мемлекеттік қызметшілердің қызмет этикасын сақтауына бақылауды жүзеге асыру;»;
3) 6 және 7-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
«6-бап. Персоналды басқару қызметі (кадр қызметі)
1. Персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) өз құзыреті шегінде:
1) мемлекеттік органда Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасының орындалуын үйлестіреді;
2) тәртіптік, аттестаттау және конкурстық комиссияларының қызметін ұйымдастырады;
3) аттестаттауды және конкурстық іріктеуді жүргізу, мемлекеттік қызметшілерді жоғарылату, мемлекеттік қызметшілерді тәртіптік жауапкершілікке тарту, мемлекеттік қызметшілерді қызметінен босату рәсімдерінің сақталуын қамтамасыз етеді;
4) кадрларды іріктеуді ұйымдастырады, мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік қызметтен өтуіне байланысты шешімдерді ресімдейді;
5) мемлекеттік қызметте болуына байланысты шектеулердің сақталуын қамтамасыз етеді;
6) тағылымдаманы, тәлімгерлікті, қызметті бағалауды, мемлекеттік қызметшілерді оқытуды, қайта даярлауды (қайта мамандандыруды) және олардың біліктілігін арттыруды ұйымдастырады, мемлекеттік қызметшілерді көтермелеу шараларын әзірлейді;
7) мемлекеттік қызметшілердің дербес деректерінің, бағалау, аттестаттау және оқудан өту нәтижелері туралы мәліметтердің есебін жүзеге асырады;
8) заңнамада белгіленген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
2. Персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) мемлекеттік органның басқа құрылымдық бөлімшелерінен ұйымдық жағынан дербес болып табылады, жауапты хатшыға немесе аппарат басшысына, ал жауапты хатшы және аппарат басшысы лауазымы енгізілмеген мемлекеттік органдарда мемлекеттік органның басшысына тікелей бағынады.
3. Аудандарда, қалаларда, облыстарда тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің бюджетінен қаржыландырылатын атқарушы органдар үшін персоналды басқарудың бірыңғай қызметін (кадр қызметін) құруға жол беріледі. Жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын аудандық, қалалық, облыстық атқарушы органдардың персоналды басқарудың бірыңғай қызметі (кадр қызметі) осы атқарушы органдардың басшыларын тағайындауға құқығы бар адамның шешімімен құрылады.
Орталық мемлекеттік органның және оның ведомствосының аудандық (қалалық) аумақтық бөлімшелері үшін орталық мемлекеттік органның және оның ведомствосының өңіраралық немесе облыстық аумақтық бөлімшелерінде персоналды басқарудың бірыңғай қызметін (кадр қызметін) құруға жол беріледі. Аудандық (қалалық) аумақтық бөлімшелердің персоналды басқарудың бірыңғай қызметі (кадр қызметі) орталық мемлекеттік органның және оның ведомствосының өңіраралық немесе облыстық аумақтық бөлімшесі басшысының шешімімен немесе жоғары тұрған органның шешімімен құрылады.
4. Мемлекеттік органдардың персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) туралы үлгілік ережені Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісім бойынша уәкілетті орган бекітеді.
7-бап. Мемлекеттiк қызметшiлер лауазымдарын жіктеу
1. Мемлекеттiк қызметшiлер лауазымдарының құрамына мемлекеттiк қызметшiлердiң саяси және әкiмшiлiк лауазымдары кіредi.
2. Мемлекеттік қызметшілер лауазымдарының тізілімін уәкілетті органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
Мемлекеттік әкімшілік қызметшілер үшін лауазым санаттары белгіленеді. Мемлекеттік саяси қызметшілер үшін лауазым санаттары белгіленбейді.»;
4) 8-бапта:
мынадай мазмұндағы 8-1) тармақшамен толықтырылсын:
«8-1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік орган мемлекеттік тапсырыс аясында жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша оқуға немесе тағылымдамаға жіберген жағдайда жұмыс орнының (лауазымының) сақталуына;»;
10) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«10) сiңiрген еңбегi, бiлiктiлiгi мен қабілетi, өзiнiң қызметтiк мiндеттерiн адал орындауы ескеріле отырып, қызметi бойынша жоғарылауға;»;
мынадай мазмұндағы 11-1) тармақшамен толықтырылсын:
«11-1) өзіне белгілі болған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтың шынайы жағдайлары туралы өзі қызмет атқаратын мемлекеттік орган басшылығына немесе құқық қорғау органдарына хабарлаған жағдайда қорғалуға;»;
5) 9-бапта:
1-тармақта:
мынадай мазмұндағы 4-1) тармақшамен толықтырылсын:
«4-1) лауазымдық өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде бейтарап және саяси партиялардың, діни және өзге қоғамдық бірлестіктердің қызметінен тәуелсіз болуға;»;
7) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«7) қызмет этикасы нормаларын сақтауға;»;
11) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«11) мемлекеттiк меншiктiң сақталуын қамтамасыз етуге, өзіне сеніп тапсырылған мемлекеттiк меншiктi тек қызметтiк мақсатта пайдалануға;»;
13) тармақшадағы «арттыруға міндетті.» деген сөздер «арттыруға;» деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 14) тармақшамен толықтырылсын:
«14) мемлекеттік тапсырыс аясында жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша оқуды аяқтағаннан кейін оқуға жолдаған мемлекеттік органда тікелей, сондай-ақ мемлекеттік қызметте жұмысты өтеуге мiндеттi. Оқу және жұмыспен өтеу мерзімдері уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн Мемлекеттiк қызмет өткеру тәртібi туралы ережеде белгіленеді.»;
2-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«Қызметтік нұсқаулықтарды мемлекеттiк органның басшысы немесе ол уәкілеттік берген лауазымды адам, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда өзге де адамдар бекiтедi.»;
6) 10-бапта:
2-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Мемлекеттік қызметші лауазымға кіріскеннен кейін бір ай ішінде өзіне заңды түрде тиесілі ақшаны, сондай-ақ мүліктік жалдауға берілген мүлікті қоспағанда, коммерциялық ұйымдардың жарғылық капиталындағы өзінің меншігіндегі үлесті (акциялар пакеттерін) және пайдаланылуы табыс табуға алып келетін өзге де мүлікті мемлекеттік қызмет өткеру уақытына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сенімгерлік басқаруға беруге міндетті. Мүлікті сенімгерлік басқаруға беру шарты нотариалды куәландыруға жатады. Мемлекеттiк қызметшi мүлiктi сенiмгерлiк басқаруға беру шартының нотариалды куәландырылған көшiрмесiн нотариалды куәландырылған күнiнен бастап он күндік мерзiмде жұмыс орны бойынша персоналды басқару қызметіне (кадр қызметiне) табыс етеді. Мемлекеттiк қызметшiлердiң мүлiктi сенiмгерлiк басқаруға беру қағидаларын Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.»;
4-тармақта:
5) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«5) мемлекеттік қызметке кірер алдында үш жыл ішінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылған адамды қабылдауға болмайды. Бұл ретте сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін жұмыстан босатылған адам мемлекеттік қызметке жіберілмейді;»;
6) және 6-3) тармақшалар алып тасталсын;
мынадай мазмұндағы 7-1) тармақшамен толықтырылсын:
«7-1) ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған;»;
7) 12, 13 және 14-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
«12-бап. Мемлекеттік әкімшілік қызметке кіру
1. Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымға орналасуға құқығы бар.
Осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік әкімшілік лауазымға орналасу конкурстық негізде жүзеге асырылады.
Мемлекеттік әкімшілік лауазымға орналасуға конкурс Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттік қызметке тең қол жеткізу құқығын қамтамасыз етеді.
2. «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметінің кадр резервіне қабылданған азаматтардың «А» корпусының бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналасуға конкурстық іріктеуге қатысуға құқығы бар.
«А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметінің кадр резервіне іріктеу Қазақстан Республикасының Президентi айқындайтын тәртіппен жүргізіледі.
3. Өз өкілеттіктерін теріс себептермен тоқтатуды қоспағанда, өз өкiлеттiктерiн тоқтатқан, өз өкілеттіктерін кемінде алты ай атқарған және қойылатын біліктілік талаптарына сай келетін Парламент депутаттарының, тұрақты негiзде жұмыс iстейтiн мәслихат депутаттарының, мемлекеттiк саяси қызметшiлердің, судьялардың «Б» корпусының мемлекеттiк әкiмшілiк лауазымына конкурстық іріктеусіз орналасуға құқығы бар.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген адамдар Қазақстан Республикасы Президентінің шешімімен кадр резервіне іріктеуді және конкурстық іріктеуді жүргізбей «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға құқығы бар.
4. Мемлекеттiк қызметке кiру кезiнде жынысына, нәсiлiне, ұлттық тиесілілігіне, тiлiне, әлеуметтiк шығу тегiне, мүлiктiк жағдайына, тұрғылықты жерiне, дiнге қатынасына, сенiмiне, қоғамдық бiрлестiктерге қатыстылығына және кез келген өзге де мән-жайларға қарай тiкелей немесе жанама шектеулер белгілеуге жол берiлмейдi.
13-бап. Мемлекеттiк қызметке кiру кезiнде қойылатын талаптар
1. Мемлекеттiк қызметке кiретiн адамдар мынадай талаптарға сай келуге:
1) Қазақстан Республикасының азаматы болуға;
2) егер Қазақстан Республикасының заңнамасында тиiстi лауазымдарға қатысты өзгеше белгiленбесе, жасы он сегiз жастан кем болмауға тиіс.
Мемлекеттiк әкімшілік қызметке кiретiн адамдар мынадай талаптарға сай келуге:
1) қажеттi бiлiмi, кәсiби даярлық деңгейi болуға және белгіленген бiлiктiлiк талаптарына сай келуге;
2) Қазақстан Республикасының заңында белгіленген зейнеткерлік жасқа толмаған болуға тиіс.
2. Азамат мемлекеттiк қызметке кiрген кезде салық қызметi органдарына салық салу объектiсi болып табылатын өзi алған табысы және өзiне меншiк құқығымен тиесiлi мүлкi туралы мәлiметтердi ұсынуға мiндеттi.
3. Мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымға орналасу арнайы тексерудің оң нәтижелері алынғаннан кейiн жүзеге асырылады.
Мемлекеттік құпияларға рұқсат беруге байланысты лауазымдарды қоспағанда, мемлекеттік орган азаматтарды мемлекеттік әкiмшiлiк лауазыммен көзделген мiндеттердi уақытша атқару үшiн арнайы тексерудің нәтижелерін алған күнге дейiн жұмысқа қабылдайды. Олармен еңбек қатынастары Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес реттеледi. Еңбек шарттары арнайы тексеру өткізу кезеңіне жасалады.
Арнайы тексеру жүргізу кезеңінде бұл адамдарға осы Заңның мемлекеттік қызметшілердің міндеттері мен жауапкершілігі, мемлекеттік қызметте болуына байланысты шектеулер бөлігіндегі ережелер қолданылады. Бұл адамдардың құқықтары еңбек шартымен белгіленеді.
4. Мемлекеттiк саяси қызметке кiру үшiн қойылатын қосымша талаптарды Қазақстан Республикасының Президентi айқындауы мүмкін.
5. «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына қойылатын біліктілік талаптары мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшелері қызметінің негізгі бағыттары, мемлекеттік әкімшілік қызметшілер жүзеге асыратын лауазымдық өкілеттіктері ескеріле отырып әзірленеді және оларды мемлекеттік орган лауазым санаттарына қойылатын үлгілік біліктілік талаптары негізінде уәкілетті органмен келісе отырып бекітеді.
«А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына қойылатын біліктілік талаптарын Қазақстан Республикасының Президентi айқындайтын тәртіппен уәкілетті орган бекітеді.
14-бап. Мемлекеттiк әкiмшілiк лауазымға орналасуға арналған конкурс.
1. «Б» корпусының бос және уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға арналған конкурсты мемлекеттік орган өткізеді.
Тестілеуден өткізу кезінде уәкілетті орган белгілейтін шекті мәннен төмен емес баға алған азаматтардың конкурсқа қатысуға құқығы бар.
2. Орталық мемлекеттік органдарда, ведомстволар мен олардың аумақтық бөлімшелерінде конкурс өткізілген кезде хабарландыру Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына таралатын мерзімді баспа басылымдарында, сондай-ақ орталық мемлекеттік органдар мен уәкілетті органның интернет-ресурстарында жарияланады.
Жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдарда конкурс өткізу туралы хабарландыру тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағына таралатын мерзімді баспа басылымдарында, сондай-ақ жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдар мен уәкілетті органның интернет-ресурстарында жарияланады.
Персоналды басқарудың бірыңғай қызметі (кадр қызметi) құрылған жағдайда, хабарландыру ол құрылымына кіретін мемлекеттік органның интернет-ресурсында жарияланады.
3. Егер конкурс «Б» корпусының уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымына өткізілетін болса, онда осы шарт конкурсты өткізу туралы хабарландыруда көрсетілуге тиіс.
4. Конкурсты өткізу және конкурстық комиссияны құру тәртібін уәкілетті орган белгілейді.
5. Аудандарда, қалаларда, облыстарда тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің бюджеттерінен қаржыландырылатын атқарушы органдар үшін бірыңғай конкурстық комиссия құруға жол беріледі. Жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын аудандық, қалалық, облыстық атқарушы органдардың бірыңғай конкурстық комиссиясы осы атқарушы органдардың басшыларын тағайындауға құқығы бар адамның шешімімен құрылады.
Орталық мемлекеттік органның және оның ведомствосының аудандық (қалалық) аумақтық бөлімшелері үшін орталық мемлекеттік органның және оның ведомствосының өңіраралық немесе облыстық аумақтық бөлімшесінде бірыңғай конкурстық комиссия құруға жол беріледі. Аудандық (қалалық) аумақтық бөлімшелердің бірыңғай конкурстық комиссиясы орталық мемлекеттік органның және оның ведомствосының өңіраралық немесе облыстық аумақтық бөлімшесі басшысының шешімімен немесе жоғары тұрған органның шешімімен құрылады.
6. Конкурстық комиссияның оң қорытындысын алған конкурсқа қатысушының «Б» корпусының мемлекеттiк әкiмшілiк лауазымына орналасуға құқығы бар.
7. Тағайындауға құқығы бар адам жарияланған лауазымға конкурстық комиссияның оң қорытындысын алған конкурс қатысушысын қабылдауға мiндеттi. Бұл ретте мемлекеттiк қызметке кiру үшiн Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген талаптар сақталуға тиiс.
8. Конкурстық комиссияның оң қорытындысын алмаған, бiрақ ол мемлекеттiк қызмет үшiн ұсынған конкурсқа қатысушының «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметінің кадр резервіне есепке алынуға құқығы бар.
Мемлекеттік органның конкурстық комиссиясының ұсынысы бойынша «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметінің кадр резервіне есепке алынған конкурсқа қатысушының есепке алынған күнінен бастап бір жыл ішінде сол мемлекеттік органда қосымша конкурстан өтпей біліктілік талаптарына сай келген жағдайда «Б» корпусының тиісті мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға құқығы бар.
9. Конкурстық комиссияның шешiмiне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен шағым жасауға болады.
10. «А» корпусының бос және уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға арналған конкурсты өткізудің тәртібін Қазақстан Республикасының Президентi айқындайды.»;
8) мынадай мазмұндағы 15-1-баппен толықтырылсын:
«15-1-бап. «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына ауысу тәртібімен орналасу
1. Мемлекеттік әкімшілік қызметшінің «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына өзі келiсiм берген, қойылған біліктілік талаптарына сай келген жағдайда және соңғы лауазымындағы қызметінің нәтижесі ескеріле отырып ауысу тәртібімен орналасуға құқығы бар.
Ауысудың өткізілу тәртібі уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн Мемлекеттiк қызмет өткеру тәртібi туралы ережеде реттеледi.
Мемлекеттiк қызмет өткеру тәртібi туралы ережеде көзделген жағдайларда «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына ауысу тәртібімен орналасу уәкілетті органның немесе оның аумақтық бөлімшесінің келісімімен жүзеге асырылады.
2. «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына ауысу тәртібімен орналасу мемлекеттік органның, оның ведомствосының ішінде, олардың аумақтық бөлімшелерін қоса алғанда, сондай-ақ олардың арасында жүзеге асырылады.
3. «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына басқа мемлекеттік органдардан, олардың ведомстволарынан және олардың аумақтық бөлімшелерінен ауысу тәртібімен орналасу Мемлекеттік қызмет өткеру тәртібі туралы ережеде айқындалған жағдайларда жүзеге асырылады.
4. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін мемлекеттік қызметшіге әкімшілік жаза қолдану туралы қаулының орындалуы аяқталған күннен бастап бір жыл ішінде немесе оның сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшiн алынбаған тәртiптiк жазасы бар болған кезде, «Б» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымына ауыстыру тәртiбiмен орналасуға жол берiлмейдi.»;
9) 16-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«16-бап. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң қызметін бағалау және оларды аттестаттау
1. Мемлекеттік органдар мемлекеттік әкімшілік қызметшілер жұмыстарының тиімділігін және сапасын айқындау үшін олардың қызметін жыл сайынғы бағалауды жүргізеді.
Мемлекеттік органда мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің қызметін бағалауды жүргізу жұмыстарын үйлестіруді персоналды басқару қызметі (кадр қызметi) жүзеге асырады.
2. Мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің қызметін жыл сайынғы бағалау нәтижелері сыйлықақы беру, көтермелеу, оқыту, мансаптық жоспарлау, ротация жөнінде шешімдер қабылдауға негіз болып табылады.
Мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің қызметін үш жыл бойы бағалаудың нәтижелері оларды аттестаттау жөнінде шешімдер қабылдауға негіз болып табылады.
3. Аттестаттау «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің кәсiби даярлығы деңгейін және олардың лауазымдық мiндеттерді орындау қабілетін айқындау жөніндегі рәсім болып табылады.
Аттестаттау тестілеуді және әңгімелесуді қамтиды. «Б» корпусының мемлекеттiк қызметте кемiнде он бес жыл жұмыс өтілі бар мемлекеттік әкiмшілік қызметшiлері тестiлеуге жатпайды.
4. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң қызметін бағалау және оларды аттестаттау тәртібін уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi.
«Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері аттестаттауға дәлелсіз себептермен келмеген жағдайда тәртіптік жауапкершілікке тартылады.
«Б» корпусының аттестаттауда теріс нәтижелер алған мемлекеттік әкімшілік қызметшілері қызметінен төмендетілуге не қызметінен босатылуға жатады.
Қызметінен төмендету «Б» корпусының төмен тұрған бос мемлекеттік әкімшілік лауазымы болған, «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшісі осы лауазымға қойылған біліктілік талаптарына сай келген жағдайда жүзеге асырылады.
«Б» корпусының қайта аттестаттауға жататын мемлекеттік әкімшілік қызметшілері қайта аттестаттау аяқталғанға дейін ауысу тәртібімен тең не жоғары тұрған лауазымдарға тағайындала алмайды.
5. Аудандарда, қалаларда, облыстарда тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің бюджеттерінен қаржыландырылатын атқарушы органдар үшін бірыңғай аттестаттау комиссиясын құруға жол беріледі. Жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын аудандық, қалалық, облыстық атқарушы органдардың бірыңғай аттестаттау комиссиясы осы атқарушы органдардың басшыларын тағайындауға құқығы бар адамның шешімімен құрылады.
Орталық мемлекеттік органның және оның ведомствосының аудандық (қалалық) аумақтық бөлімшелері үшін орталық мемлекеттік органның және оның ведомствосының өңіраралық немесе облыстық аумақтық бөлімшесінде бірыңғай аттестаттау комиссиясын құруға жол беріледі. Аудандық (қалалық) аумақтық бөлімшелердің бірыңғай аттестаттау комиссиясы орталық мемлекеттік органның және оның ведомствосының өңіраралық немесе облыстық аумақтық бөлімшесі басшысының шешімімен немесе жоғары тұрған органның шешімімен құрылады.»;
10) 18-1-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«18-1 бап. Ротация
Мемлекеттiк қызметте «А» корпусының мемлекеттiк әкімшілік қызметшiлерiн ротациялау мансаптық жоспарлау шеңберінде жүзеге асырылады. Ротация жүргізу кезінде мемлекеттік әкімшілік қызметшінің келісімі талап етіледі.
Ротация жүргізудің тәртiбiн уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi айқындайды.»;
11) 19-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«19-бап. Мемлекеттік қызмет өткерудің өзге мәселелері
1. Мемлекеттiк әкiмшілік лауазымдарға алғаш рет қабылданған адамдарға уәкілетті орган белгілейтін тәртіппен тәлімгерлер бекітіледі.
2. Мемлекеттік қызметшілерді және мемлекеттік әкімшілік қызметтің кадр резервіне алынған адамдарды тағылымдамадан өткізу уәкілетті органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті белгілейтін тәртіппен жүзеге асырылады.
3. Мемлекеттiк қызмет өткерудің осы Заңда реттелмеген өзге мәселелерi Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiмен, уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн Мемлекеттiк қызмет өткеру тәртібi туралы ережемен, сондай-ақ уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерімен реттеледi.»;
12) мынадай мазмұндағы 4-1-тараумен толықтырылсын:
«4-1-тарау. Мемлекеттік қызметшілердің қызмет этикасы
20-1-бап. Мемлекеттік қызметшілерге қызмет этикасы саласында қойылатын талаптар
1. Мемлекеттік қызметшілер:
1) қоғамның мемлекеттік қызметке, мемлекетке және оның институттарына сенімін сақтауға және нығайтуға;
2) жалпы қабылданған моральдық-этикалық нормаларды сақтауға;
3) азаматтармен қарым-қатынаста сыпайылық және әдептілік танытуға;
4) мемлекет мүддесіне залал тигізетін, мемлекеттік органдардың тиімді жұмыс істеуіне бөгет болатын іс-әрекеттерге қарсы тұруға;
5) Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздеріне құрмет көрсетудің үлгісі ретінде қызмет етуге;
6) заңдарда белгіленген шектеулер мен тыйымдарды сақтауға;
7) мемлекеттік органдардың тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында лауазымдық міндеттерін адал және жоғары кәсіби деңгейде атқаруға;
8) жеке және заңды тұлғаларға жөнсіз ықылас көрсетпеуге, лауазымдық міндеттерін атқару кезінде олардың ықпалынан тәуелсіз болуға;
9) өзінің қызметтік жағдайын жеке сипаттағы мәселелерді шешу кезінде мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, мемлекеттік қызметшілер мен өзге де адамдардың қызметіне ықпал ету үшін пайдаланбауға;
10) кадрларды туыстық, жерлестік және жеке басына берілгендік белгілері бойынша іріктеу мен орналастыру жағдайларына жол бермеуге;
11) бағынысты мемлекеттік қызметшілерден олардың қызметтік міндеттерінің шеңберінен тыс тапсырмалар орындауды талап етпеуге;
12) басқа адамдарды құқыққа қайшы теріс қылықтар немесе жалпыға бірдей моральдық-этикалық нормалармен үйлеспейтін іс-әрекеттер жасауға мәжбүр етпеуге;
13) басқа мемлекеттік қызметшілер тарапынан қызмет этикасы нормаларын бұзу фактілерін болдырмауға және жолын кесуге міндетті.
2. Мемлекеттік қызметшілер лауазымдық міндеттерін атқару кезеңінде ресми мінез-құлық нормаларын сақтауға тиіс.
3. Мемлекеттік қызметшілер қызметтік жағдайын және онымен байланысты мүмкіндіктерді қоғамдық бірлестіктердің, басқа да коммерциялық емес ұйымдардың мүддесіне орай, оның ішінде өзінің оларға қарым-қатынасын насихаттау үшін пайдаланбауға тиіс.
20-2-бап. Мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекеттері
1. Мемлекеттік қызметшілер сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы тұруға, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға не сыбайлас жемқорлықпен байланысқан немесе сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын әрекеттерге жол бермеуге тиіс.
2. Мемлекеттік қызметшілер басқа мемлекеттік қызметшілер тарапынан сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактілерінің жолын кесуге тиіс.
3. Егер сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық туралы шынайы ақпараты болса, мемлекеттік қызметші мұндай құқық бұзушылықты болдырмау және оны жою жөнінде қажетті шара қолдануға, оның ішінде жоғары тұрған басшыға, өзі жұмыс істейтін мемлекеттік органның басшылығына, уәкілетті мемлекеттік органдарға жазбаша түрде дереу хабарлауға тиіс. Мемлекеттік қызметші көрсетілген адамдар мен органдарға өзін басқа адамдардың сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға көндіру әрекеті туралы жазбаша түрде дереу хабарлауға тиіс.
Мемлекеттік органның басшылығы мемлекеттік қызметшінің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар, оны осы бұзушылықтарды жасауға көндіру жағдайлары туралы өтініштері бойынша ақпаратты алған күннен бастап бір ай мерзімде шара қолдануға, оның ішінде тексеру ұйымдастыруға және өтініштерді уәкілетті органдарға жолдауға міндетті.
4. Мемлекеттік органның басшылығы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың, оны осы бұзушылықтарды жасауға көндірудің шынайы жағдайлары туралы хабарлаған мемлекеттік қызметшіні оның құқықтарын, заңды мүдделерін кемсітетін қуғындаудан қорғау жөнінде шара қолдануға міндетті.
5. Мемлекеттік қызметшілер жеке және заңды тұлғалардың өз құқықтары мен мүдделерін іске асыруын қиындататын іс-әрекеттерге жол бермеуге тиіс.
6. Мемлекеттік қызметшіге сыбайлас жемқорлық жасады деген негізсіз жария айып тағылған жағдайда, ол осындай айып тағылған күннен бастап бір ай мерзімде оны теріске шығару жөнінде шара қолдануға тиіс.
20-3-бап. Жария сөйлеу
1. Мемлекеттік орган қызметінің мәселелері бойынша жария сөйлеуді оның басшысы немесе мемлекеттік органның уәкілетті лауазымды адамдары жүзеге асырады.
Мемлекеттік қызметшілер пікірсайысты әдепті түрде жүргізуге тиіс.
2. Мемлекеттік саясатты жүргізуге және мемлекеттік органның қызметіне байланысты емес мәселелер бойынша мемлекеттік орган атынан мемлекеттік қызметшілер жарияланымдарына жол берілмейді.
Педагогтік, ғылыми және өзге де шығармашылық қызмет жөнінде материалдар жариялауды мемлекеттік қызметші жеке тұлға ретінде өз атынан жүзеге асырады.»;
13) 23-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Мемлекеттiк қызметшiлер лауазымдық мiндеттерiн үлгiлi орындағаны, мiнсiз мемлекеттiк қызметi, ерекше маңызды және күрделi тапсырмаларды орындағаны үшiн және жұмыстағы басқа да жетiстiктерi үшiн, сондай-ақ олардың қызметін бағалаудың нәтижелері бойынша:
1) бiржолғы ақшалай сыйақы беру;
2) алғыс жариялау;
3) бағалы сыйлықпен марапаттау;
4) грамотамен марапаттау;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген көтермелеудiң өзге де нысандары, оның ішінде ведомстволық наградалармен және айырым төсбелгілерімен марапаттау арқылы көтермеленуi мүмкiн.»;
14) 24-баптың 4-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«4. Мемлекеттік орган таратылған (жойылған) жағдайда, кемінде үш жыл мемлекеттік қызмет өтілі бар мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге төрт орташа айлық жалақысы мөлшерінде жұмыстан шығу жәрдемақысы төленеді.
Мемлекеттік орган қайта ұйымдастырылған жағдайда, жаңадан құрылған мемлекеттік органның басшылығы қайта ұйымдастырылған мемлекеттік органның мемлекеттік әкімшілік қызметшілеріне олардың біліктілігіне сәйкес жұмыс ұсынады.
Басқа мемлекеттік органның функциялары, өкілеттіктері мен штаттық бірліктері берілген мемлекеттік орган осы берілген функциялар мен өкілеттіктерді орындаған және осы штаттық бірліктерде қызмет атқарған мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге олардың біліктілігіне сәйкес жұмыс ұсынады.
Мемлекеттік әкімшілік қызметшілер жұмысқа орналасудан бас тартқан жағдайда, олар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жұмыстан босатылады. Бұл ретте кемінде үш жыл мемлекеттік қызмет өтілі бар мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге төрт орташа айлық жалақысы мөлшерінде жұмыстан шығу жәрдемақысы төленеді.
Мемлекеттік органның штаттық саны қысқарған жағдайда, кемінде үш жыл мемлекеттік қызмет өтілі бар мемлекеттік қызметшіге төрт орташа айлық жалақысы мөлшерінде жұмыстан шығу жәрдемақысы төленеді.»;
15) 26-бапта:
3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Мемлекеттік саяси қызметшілер Конституцияда, осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасында белгіленген негіздерде және тәртіппен отставкаға шығу жөнінде өтініш береді және отставкаға шығады.»;
5-тармақ алып тасталсын;
16) 27-баптың 4-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«4. Мемлекеттiк саяси қызметшiлердiң, сондай-ақ мемлекеттік әкімшілік қызметші болып табылатын мемлекеттік органдар басшыларының ауысуы мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшілердiң жаңадан тағайындалған мемлекеттiк саяси және (немесе) мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің бастамасы бойынша атқарып отырған лауазымдағы мемлекеттiк қызметтi тоқтатуы үшiн негiз бола алмайды.»;
17) 28-бапта:
1-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Мемлекеттiк қызметшiлердiң өзiне жүктелген мiндеттердi орындамағаны және тиiсiнше орындамағаны, терiс себептермен жұмыстан босатуға әкеп соғатын тәртiптiк терiс қылық жасаған адамдарды өз еркiмен жұмыстан босатқаны, мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға адамдарды заңсыз тағайындағаны және (немесе) мемлекеттік әкімшілік лауазымдардан адамдарды заңсыз босатқаны, мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге тәртіптік жазаларды заңсыз қолданғаны, мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымды атқаруға арналған конкурстарды өткiзу тәртiбiн бұзғаны, тест тапсырмаларының және өзге де конкурс сұрақтарының мазмұнын жария еткені, мүдделер қақтығысын болғызбау және оны реттеу бойынша шара қолданбағаны, лауазымдық өкiлеттiгiн асыра пайдаланғаны, мемлекеттiк және еңбек тәртiбiн бұзғаны үшiн, сол сияқты осы Заңда белгiленген, мемлекеттiк қызметте болуға байланысты шектеулердi сақтамағаны үшiн мемлекеттiк қызметшiге тәртiптiк жазалар:»;
мынадай мазмұндағы 2-1-тармақпен толықтырылсын:
«2-1. Аудандарда, қалаларда, облыстарда тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің бюджеттерінен қаржыландырылатын атқарушы органдар үшін бірыңғай тәртіптік комиссия құруға жол беріледі. Жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын аудандық, қалалық, облыстық атқарушы органдардың бірыңғай тәртіптік комиссиясы осы атқарушы органдардың басшыларын тағайындауға құқығы бар адамның шешімімен құрылады.
Орталық мемлекеттік органның және оның ведомствосының аудандық (қалалық) аумақтық бөлімшелері үшін орталық мемлекеттік органның және оның ведомствосының өңіраралық немесе облыстық аумақтық бөлімшелерінде бірыңғай тәртіптік комиссия құруға жол беріледі. Аудандық (қалалық) аумақтық бөлімшелердің бірыңғай тәртіптік комиссиясы орталық мемлекеттік органның және оның ведомствосының өңіраралық немесе облыстық аумақтық бөлімшесі басшысының шешімімен немесе жоғары тұрған органның шешімімен құрылады.».
2-бап. Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті