Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің ықпалдасқан валюта нарығын ұйымдастыру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қою туралы ұсыныс мынадай ескертпемен енгізілсін:
«Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің ықпалдасқан валюта нарығын ұйымдастыру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімде келтірілген «резидент-банк» терминін Қазақстан Республикасы Тараптардың бірінің заңнамасына сәйкес құрылған, осы Тараптың құзыретті органының арнайы рұқсатының (лицензиясының немесе өзге негіздемесінің) негізінде банк операцияларын жүзеге асыруға құқығы бар және оның заңнамасы бойынша банк деп танылған заңды тұлға деп түсінеді.».
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі С. Ахметов
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ықпалдасқан валюта нарығын ұйымдастыру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге Қазақстан Республикасының ескертпесі
«Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің ықпалдасқан валюта нарығын ұйымдастыру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімде келтірілген «резидент-банк» терминін Қазақстан Республикасы Тараптардың бірінің заңнамасына сәйкес құрылған, осы Тараптың құзыретті органының арнайы рұқсатының (лицензиясының немесе өзге негіздемесінің) негізінде банк операцияларын жүзеге асыруға құқығы бар және оның заңнамасы бойынша банк деп танылған заңды тұлға деп түсінеді.»
Қазақстан Республикасының
Президенті Н. Назарбаев
Жоба
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің ықпалдасқан валюта нарығын ұйымдастыру саласындағы ынтымақтастық туралы келісім
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер (бұдан әрі – ТМД)
Тараптардың ықпалдасқан валюта нарығын құруды басым міндет ретінде тани отырып,
ТМД үкіметтерінің басшылары кеңесінің 2003 жылғы 25 сәуірдегі шешімімен бекітілген ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ықпалдасқан валюта нарығын құрудың ұйымдық негіздері мен қағидаттарын назарға ала отырып,
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ықпалдасқан валюта нарығында шетел валюталарымен конверсиялық операциялар жасауға Тараптардың резидент-банктерінің тең құқылы және өзара тиімді қатысуы үшін жағдайлар жасау қажеттігін негізге ала отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісімде пайдаланылатын терминдер мынаны білдіреді:
ықпалдасқан валюта нарығы – жұмыс істеудің және мемлекеттік реттеудің ортақ қағидаттарымен біріктірілген Тараптардың ішкі валюта нарықтарының жиынтығы;
резидент-банк – өз мемлекетінің құзыретті органының арнайы рұқсаты (лицензиясы немесе өзге негіздемесі) негізінде тиісті Тараптың ұлттық заңнамасында көзделген банк операцияларын жүзеге асыруға құқығы бар заңды тұлға немесе өзге де құқықтық құрылым;
банкаралық конверсиялық операциялар – ықпалдасқан валюта нарығында резидент-банктер жүзеге асыратын шетел валютасын сатып алу-сату мәмілелері;
құзыретті органдар – Тараптардың орталық (ұлттық) банктері және Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес валюталық реттеуді және банктік қадағалауды жүзеге асыратын басқа да мемлекеттік органдары.
2-бап
Әрбір Тарап басқа Тараптардың өз мекемесі мемлекетінің заңнамасына сәйкес валюталық операцияларды жүзеге асыру құқығына ие резидент-банктерінің банкаралық конверсиялық операцияларды жүргізу үшін өзінің ұлттық валюта нарығына қолайлылығы осы Тараптың резидент-банктеріне ұсынылған жағдайлардан кем болмайтын жағдайларда кіруін қамтамасыз етеді.
3-бап
Банкаралық конверсиялық операцияларды жасаған кезде тең бәсекелік жағдайларды қамтамасыз ету мақсатында құзыретті органдардың осы Келісімді іске асыру жөніндегі іс-қимылын үйлестіру, сондай-ақ Тараптар заңнамасының ережелеріне және жалпыға ортақ халықаралық практикаға негізделген ықпалдасқан валюта нарығына қатысушыларға қойылатын талаптарды келісу ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің валюта-қаржы саласында өзара іс-қимыл жасауын жүзеге асыратын ТМД органына жүктеледі.
4-бап
Осы Келiсiм Тараптардың өздері қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттар бойынша құқықтары мен мiндеттемелерiн қозғамайды.
5-бап
Тараптардың өзара уағдаластығы бойынша осы Келiсiмге тиісті хаттамалармен ресiмделетін өзгерiстер мен толықтырулар енгiзілуі мүмкін.
6-бап
Осы Келiсiмдi қолдану және түсiндіру кезінде Тараптар арасында туындайтын даулы мәселелер мүдделi Тараптардың консультациялары және келiссөздерi жолымен шешiледi.
Даулы мәселелерді консультациялар және келiссөздер жолымен реттеу мүмкін болмаған жағдайда дау Тараптары мүдделі Тараптардың кез келгенінің бастамасы бойынша ТМД Экономикалық сотына немесе өзара келісім бойынша басқа рәсімге жүгінеді.
7-бап
Осы Келісімнің ережелері халықаралық шарттар (келісімдер) негізінде құрылған және әрекет ететін, осы Келісімге қатысушы мемлекеттер құрылтайшылары болып табылатын, осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің бірінде тұрақты орналасқан банктерге қолданылады.
8-бап
Осы Келiсiм оның күшiне енуi үшiн қажеттi мемлекетiшiлік рәсiмдердi оған қол қойған Тараптардың орындағаны туралы үшінші жазбаша хабарламаны депозитарий алған күнiнен бастап күшiне енедi.
Мемлекетiшiлік рәсiмдердi кешірек орындаған Тараптар үшін осы Келісім депозитарий тиісті құжаттарды алған күнінен бастап күшіне енеді.
9-бап
Осы Келісім өз күшіне енгеннен кейін ТМД-ға қатысушы кез келген мемлекеттің, сондай-ақ барлық Тараптардың келісімімен осы Келісімнің мақсаттары мен қағидаттарын бөлісетін кез келген басқа мемлекеттің депозитарийге қосылу туралы құжат беру жолымен қосылуы үшін ашық.
ТМД-ға қатысушы мемлекет үшін осы Келісім депозитарий қосылу туралы құжатты алған күнінен бастап күшіне енеді.
ТМД-ға қатысушы болып табылмайтын мемлекет үшін осы Келісім оған қол қойған немесе оған қосылған мемлекеттердің осындай қосылуға келісу туралы соңғы жазбаша хабарламасын депозитарий алған күнінен бастап күшіне енеді.
10-бап
Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады. Тараптардың әрқайсысы шыққанға дейін кемінде алты ай бұрын өзінің осындай ниеті туралы депозитарийге жазбаша хабарлама жібере отырып, осы Келісімнен шығуға құқылы.
2012 жылғы «___» «_________» «___________» қаласында орыс тілінде бір тұпнұсқа данада жасалды. Түпнұсқа данасы ТМД Атқарушы комитетінде сақталады, ол әрбір Тарапқа оның куәландырылған көшірмесін жолдайды.
Армения Республикасы үшін
Өзбекстан Республикасы үшін
Әзербайжан Республикасы үшін
Ресей Федерациясы үшін
Беларусь Республикасы үшін
Тәжікстан Республикасы үшін
Қазақстан Республикасы үшін
Түркіменстан үшін
Қырғыз Республикасы үшін
Украина үшін
Молдова Республикасы үшін