Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастығы және Өнеркәсіптік саясат жөнінде кеңес құру туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізу құқығымен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастығы және Өнеркәсіптік саясат жөнінде кеңес құру туралы келісімге қол қойылсын.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
ТМД қатысушы мемлекеттердің
өнеркәсіп саласындағы
ынтымақтастығы және
Өнеркәсіптік саясат жөнінде
кеңес құру туралы келісімге
қосымша
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің
өнеркәсіптік саясат жөніндегі кеңесі туралы
ЕРЕЖЕ
1. Жалпы ережелер
1. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына (бұдан әрі – ТМД) қатысушы мемлекеттердің өнеркәсіптік саясат жөніндегі кеңесі (бұдан әрі – Кеңес) 2012 жылғы 30 мамырдағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастығы және Өнеркәсіптік саясат жөнінде кеңес құру туралы келісімге (бұдан әрі – Келісім) сәйкес Келісімге қатысушы мемлекеттердің өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастығын (өнеркәсіптік саясат) үйлестіру мақсатында құрылады.
2. Кеңес өз қызметін өз өкілеттігі шегінде жүзеге асыратын және ТМД Үкімет басшыларының кеңесіне есеп беретін ТМД-ның салалық ынтымақтастық органы болып табылады.
3. Кеңес өз қызметінде ТМД жарғысын, ТМД шеңберінде қабылданған шарттар мен шешімдерді, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.
4. Кеңес өз қызметін ТМД Атқарушы комитетімен, сондай-ақ ТМД басқа да органдарымен тығыз өзара іс-қимылда жүзеге асырады.
2. Кеңестің міндеттері мен функциялары
Кеңестің негізгі міндеттері мен функциялары мыналар болып табылады:
1. Өнеркәсіпті дамыту (өнеркәсіптік саясат) мәселелері бойынша консультациялар өткізу және пікір алмасу.
2. Келісімге қатысушы мемлекеттердің өнеркәсіп салаларын дамыту әлеуетінің мониторингімен бағалауды және ұйымдастыру және өткізу әрі осы негізде Келісімге қатысушы мемлекеттердің нарықтарында шаруашылық жүргізуші субъектілердің бірлескен қызметі туралы ұсыныстар әзірлеу бойынша ұсыныстар дайындау.
3. Келісімге қатысушы мемлекеттердің өнеркәсіп салалары, сондай-ақ шаруашылық жүргізуші субъектілері арасында өзара тиімді кооперациялық байланыстарды қалыптастыру бойынша ұсыныстар дайындау.
4. Келісімге қатысушы мемлекеттердің экономикаларын инновациялық өнеркәсіптік дамыту үшін қолайлы жағдай қалыптастыру бойынша ұсыныстар әзірлеу, ғылыми-техникалық әзірлемелерді және инновациялық өнеркәсіптік жобаларды Келісімге қатысушы мемлекеттердің өнеркәсіп салаларына енгізуге және тиімді пайдалануға жәрдемдесу.
5. Келісімге қатысушы мемлекеттердің автомобиль, кеме жасау өнеркәсібінде, авиа және аспап жасау, медициналық техника жасау және басқа салаларда бірлескен өндірістер, трансұлттық компаниялар және қаржы-өнеркәсіптік топтар құру бойынша ұсыныстар дайындау.
6. Келісімге қатысушы мемлекеттердің өнеркәсіптік өнімдерін үшінші мемлекеттің нарықтарында кемсітушілік шектеулерге қарсы күрес тәжірибесі туралы ақпарат алмасу.
7. Келісімге қатысушы мемлекеттердің нарықтарында халықаралық сауда қағидаттары мен нормаларын бұзып жүргізілген экспорттық экспансияға қарсы іс-қимыл бойынша ұсыныстар әзірлеу.
8. Келісімге қатысушы мемлекеттердің өнеркәсіп салаларына мемлекеттік қолдау көрсету бойынша ұсыныстар дайындау.
9. Бірлескен бағдарламалар мен жобаларды іске асыру бойынша іс-қимылдарды үйлестіру.
10. Келісімге қатысушы мемлекеттерде өнеркәсіпті дамыту туралы баяндамалар және талдау материалдарын дайындау.
11. Келісімге қатысушы мемлекеттер өнеркәсіптерінің әртүрлі салаларында кадрлар даярлау және мамандардың біліктілігін арттыру (ИТЖ және жұмысшы мамандықтары) бойынша жұмыстарды ұйымдастыруға жәрдемдесу.
12. Өнеркәсіп обьектілері жұмыс істеген кезде туындайтын қоршаған ортаны қорғау мәселелерін шешуге келісілген тәсілдерді әзірлеу.
13. Көрмелер, семинарлар, конференциялар, симпозиумдар ұйымдастыруға жәрдемдесу.
14. Кеңес қойған мақсаттар мен міндеттерді іске асыру үшін өзге де функциялар.
3. Кеңестің құқықтары
Кеңес өз функцияларын іске асыру үшін:
1. Осы Ереженің 2-бөлімінде көрсетілген мәселелер бойынша құжаттардың жобаларын әзірлеуге және ТМД жоғары органдарының қарауына белгіленген тәртіппен енгізуге.
2. Келісімге қатысушы мемлекеттердің өнеркәсіп саласында мемлекеттік саясатты әзірлеуге және жүзеге асыруға жауапты мемлекеттік билік органдарынан, сондай-ақ ТМД салалық ынтымақтастық органдарынан белгіленген тәртіппен Кеңестің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша ақпарат сұратуға.
3. Қажет болған жағдайда уақытша немесе тұрақты негізде өнеркәсіптің жекелеген салалары (өнеркәсіптік саясат бағыттары) бойынша сарапшылардың жұмыс топтарын құруға.
4. Кеңестің жұмыс регламентін әзірлеуге және бекітуге, содай-ақ оған өзгерістер енгізуге құқылы.
4. Кеңесті қалыптастыру тәртібі
1. Кеңес Келісімге қатысушы мемлекеттердің өнеркәсіп саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыруға және жүзеге асыруға жауапты мемлекеттік билік органдарының басшыларынан құрылады (бұдан әрі – Кеңес мүшелері).
Келісімге қатысушы әрбір мемлекеттің Кеңесте бір дауысы бар. Кеңес отырысына Кеңес мүшелерін алмастыратын тұлғаларды жіберген жағдайда олардың өкілеттігі расталуға тиіс.
2. Кеңес құрамына кеңесші дауыс құқығымен Кеңес хатшылығының басшысы және ТМД Атқарушы комитетінің өкілі кіруі мүмкін.
3. Егер Кеңестің шешімімен өзгеше белгіленбесе, Кеңесте төрағалықты Кеңеске қатысушы әрбір мемлекет өзінің өкілі тұлғасында, ТМД-ға қатысушы мемлекеттер атауларының орыс алфавиті тәртібімен бір жылдан аспайтын мерзімде кезекпен жүзеге асырады.
Кеңестің алдыңғы және кейінгі төрағалары оның тең төрағалары болып табылады.
Кеңестің төрағасы уақытша болмаған жағдайда оның міндеттері тең төрағалардың біріне жүктеледі.
5. Жұмысты ұйымдастыру
1. Кеңес өз отырыстарын жылына кемінде бір рет өткізеді. Қажетіне қарай кезектен тыс отырыстар шақырылуы мүмкін.
2. Егер мұны Кеңес мүшелерінің көпшілігі қолдайтын болса, Кеңестің кезектен тыс отырыстары Келісімге қатысушы мемлекеттердің кез келгенінің ұсынысы бойынша өткізілуі мүмкін.
3. Егер отырыста Кеңес мүшелерінің кемінде үштен екісі қатысқан болса, Кеңестің шешімдері заңды болып табылады.
4. Отырыстарды өткізу орны Кеңес мүшелерінің алдын ала уағдаластығы бойынша айқындалады.
5. Кеңес өз жұмысын Кеңес әзірлейтін және бекітетін жылдық жұмыс жоспарлары негізінде ұйымдастырады, сондай-ақ жыл сайын ТМД Атқарушы комитетіне өз қызметі туралы ақпарат береді.
6. Кеңестің шешімі бойынша оның жұмысына бақылаушы ретінде Келісімге қатысушы болып табылмайтын мемлекеттердің мүдделі ведомстволарының және ұйымдарының, оның ішінде халықаралық ұйымдардың өкілдері қатыса алады.
7. Кеңестің шешімі бойынша оның жұмысына сарапшылар ретінде келісім бойынша Келісімге қатысушы мемлекеттердің шаруашылық жүргізуші субъектілерінің, олардың қауымдастықтары мен бірлестіктерінің өкілдері тартылуы мүмкін.
8. Егер Кеңес өзгеше белгілемесе, Кеңестің шешімдері оның отырысына қатысып отырған мүшелерінің қарапайым көпшілік дауысымен қабылданады.
Кеңестің кез келген мүшесі қандай да бір мәселеге өзінің мүдделі еместігі туралы мәлімдей алады, бұл Кеңес шешім қабылдаған кезде кедергі ретінде қаралмауы тиіс.
Шешіммен келіспейтін Кеңес мүшелері отырыс хаттамасына енгізілетін өзінің ерекше пікірін білдіре алады.
9. Кеңестің шешімдеріне Кеңестің төрағасы қол қояды.
10. Кеңестің отырыстары Кеңес бекіткен регламентке сәйкес жүргізіледі.
11. Кеңестің кезекті отырысына материалдар оның мүшелеріне ол өткізілетін күнге дейін 30 күн бұрын жіберіледі.
12. Кеңес қызметін ұйымдық-техникалық және ақпараттық қамтамасыз етуді оның хатшылығы жүзеге асырады.
13. Кеңес хатшылығының функциялары ТМД Атқарушы комитетінің құрылымдық бөлімшесімен бірге төрағалық ететін Келісімге қатысушы мемлекеттің мемлекеттік билік органына жүктеледі.
Кеңесте төрағалық ететін мемлекеттің мемлекеттік билік органының өкілі Кеңес хатшылығының басшысы, ал хатшылық басшысының орынбасары – ТМД Атқарушы комитетінің өкілі болып табылады.
14. Келісімге қатысушы қандай да бір мемлекеттің мүдделерін тікелей қозғайтын Кеңестің шешімдері оның өкілі болмағанда қабылданбайды.
15. Кеңес төрағаны бірінші отырыста сайлайды. Төраға Кеңестің жұмысын ұйымдастырады, оның отырыстарында төрағалық етеді, регламенттің сақталуын қамтамасыз етеді.
16. Кеңестің отырыстарында қабылданған құжаттар оның барлық мүшелеріне екі апта мерзімде таратылады.
17. Кеңестің жұмыс тілі орыс тілі болып табылады.
6. Қорытынды ережелер
1. Кеңестің отырыстарын ұйымдастыруға байланысты шығыстар Келісімге қатысушы қабылдайтын мемлекеттің тиісті мемлекеттік билік органдарының есебінен жүзеге асырылады.
Кеңес мүшелерін және отырыстың басқа қатысушыларын іссапарға жіберуге арналған шығыстарды жіберуші мемлекеттік билік органдары және Келісімге қатысушы мемлекеттердің ұйымдары жүзеге асырады.
2. Кеңесті тарату туралы мәселені ТМД Үкімет басшыларының кеңесі қарайды.
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2012 жылғы 29 мамырдағы
№ 696-1 қаулысымен
мақұлданған
Жоба
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің
өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастығы және Өнеркәсіптік саясат
жөнінде кеңес құру туралы келісім
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын осы Келісімге қатысушы мемлекеттерінің үкіметтері
2007 жылғы 5 қазандағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын (бұдан әрі – ТМД) одан әрі дамыту тұжырымдамасына сүйене отырып,
өнеркәсіптің экономикадағы және әлеуметтік дамудағы басым рөлін, сондай-ақ осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің өнеркәсіп салаларындағы проблемалық мәселелерді бірлесіп шешуге мүдделілігін ескере отырып,
осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің өнеркәсіптік өнім нарықтарында өзара пайдалы бәсекелі орта құру мақсатында
ерікті және өзара пайдалы кооперациялық байланыстар мен мемлекетаралық мамандандыру принциптеріне негізделген осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің өнеркәсіп салаларының үйлестірілген жұмысын қамтамасыз етудің маңыздылығын тани отырып,
осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің халықаралық міндеттемелерін және заңнамасын басшылыққа ала отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Үйлестірілген өнеркәсіптік саясатты жүргізу мақсатында Тараптар осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің аумақтарында мынадай негізгі бағыттар бойынша өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты жүзеге асырады:
өнеркәсіптік саясат саласындағы өзара келісілген шешімдерді әзірлеу;
өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастық мәселелері бойынша ТМД шеңберінде қабылданған халықаралық шарттарды және шешімдерді іске асыру;
өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты дамытудың негізгі бағыттарын келісу, осы Келісімге қатысушы мемлекеттер өнеркәсібінің жекелеген салалары бойынша ынтымақтастықтың басым бағыттарын айқындау, бірлескен бағдарламалар мен жобалар тізбесін қалыптастыру;
бәсекеге қабілеттілікті және өнеркәсіп салалары мен шаруашылық субьектілердің орнықты дамуын арттыруға бағытталған өнеркәсіп саласындағы бірлескен іс-қимылды үйлестіру;
осы Келісімге қатысушы мемлекеттер экономикаларының инновациялық өнеркәсіптік дамуы үшін қолайлы жағдайлар жасау;
бірлескен өндірістерді, трансұлттық компанияларды және қаржы-өнеркәсіптік топтарды құру;
өнеркәсіптік өнімдердің осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің нарықтарына халықаралық сауда принциптері мен нормаларын бұза отырып жүргізілетін экспорттық экспансиясына қарсы әрекет ету бойынша бірлескен іс-қимылды жүзеге асыру;
өнеркәсіп салаларының шаруашылық жүргізуші субьектілері арасында өзара пайдалы кооперациялық байланыстарды қалыптастыру;
бірлескен бағдарламалар мен жобаларды іске асыруды үйлестіру.
2-бап
Осы Келісімнің мақсаттары үшін «өнеркәсіп» термині тауарлар өндірумен және қызметтер көрсетумен байланысты салалардың жиынтығын білдіреді.
«Өнеркәсіптік саясат» термині осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің өнеркәсіптік өндірісті өсіруді ынталандыру (оның тиімділігін және бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету, техника-технологиялық процеске жәрдемдесу) мақсатында құрылым жасақтауға және өнеркәсіпті ұйымдастыруға қатысуын білдіреді.
3-бап
Тараптар өзара пайдалы ынтымақтастықты осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасы мен халықаралық шарттарын сақтай отырып, осы Келісімге сәйкес өнеркәсіп саласындағы мемлекеттік саясатты әзірлеуге және жүзеге асыруға жауапты өздерінің уәкілетті (құзыретті) органдары арқылы жүзеге асырады.
4-бап
Тараптар өздерінің уәкілетті (құзыретті) органдарының тізбесін айқындайды және бұл туралы осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің орындалғаны туралы хабарламаны тапсырған кезде депозитарийге хабарлайды. Уәкілетті (құзыретті) органдар тізбесінің өзгеруі туралы Тараптардың әрқайсысы мұндай шешім қабылданған күннен бастап бір ай ішінде жазбаша түрде дипломатиялық арналар арқылы депозитарийге хабарлайды.
5-бап
Тараптардың уәкілетті (құзыретті) органдары консультациялар өткізу, ақпарат алмасу, өзара келісілген бірлескен шешімдерді және іс-шараларды әзірлеу үшін осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің өнеркәсіп салаларын дамыту мәселелері бойынша ақпарат, пікір алмасу жолымен өнеркәсіп (өнеркәсіптік саясат) саласындағы ынтымақтастықты жүзеге асырады.
6-бап
Осы Келісімді іске асыру мақсаттарында Тараптар ТМД-ға қатысушы мемлекетттердің өнеркәсіптік саясаты жөнінде кеңес (бұдан әрі – Кеңес) құрады.
Кеңес өз қызметін Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын оның қосымшасына сәйкес ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің өнеркәсіптік саясаты жөніндегі кеңес туралы ереженің негізінде жүзеге асырады.
7-бап
Осы Келісім Тараптардың әрқайсысының өз мемлекеті қатысушысы болып табылатын басқа халықаралық шарттардан өзі үшін туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
8-бап
Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша оның ажырамас бөлігі болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізуге болады, олар тиісті хаттмамен ресімделеді және осы Келсімнің күшіне енуі үшін көзделген тәртіппен күшіне енеді.
9-бап
Осы Келісімді қолдану және түсіндіру кезінде туындайтын Тараптар арасындағы даулы мәселелер мүдделі Тараптардың консультациялары және келіссөздері жолымен немесе Тараптармен келісілген басқа рәсім арқылы шешіледі.
10-бап
Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді оған қол қойған Тараптардың орындағаны туралы үшінші жазбаша хабарламаны депозитарий алған күнінен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
Мемлекетішілік рәсімдерді кешірек орындаған Тараптар үшін осы Келісім депозитарий тиісті құжаттарды алған күнінен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
11-бап
Осы Келісім күшіне енгеннен кейін қосылу туралы құжатты депозитарийге беру жолымен ТМД-ға қатысушы кез келген мемлекеттің қосылуы үшін ашық.
Қосылатын мемлекет үшін Келісім депозитарий қосылу туралы құжатты алған күнінен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
12-бап
Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады. Тараптардың әрқайсысы шығу күніне дейін кемінде 6 ай бұрын депозитарийге өзінің осындай ниеті туралы жазбаша хабарлама жібере отырып, осы Келісімнен шығуға құқылы.
13-бап
Осы Келісімге қатысушы мемлекеттер үшін осы Келісім күшіне енген күннен бастап оларға қатысты 1994 жылғы 9 қыркүйектегі Химия және мұнай-химия саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің 1 және 2-баптары мен 1994 жылғы 9 желтоқсандағы Өзара байланысты негізде машина жасау саласындағы тауар айналымы және өндірістік кооперация туралы келісімнің 5-бабының екінші абзацы өз қолданысын тоқтатады.
2012 жылғы « » қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды. Түпнұсқа данасы Тәуелсіз ТМД Атқарушы комитетінде сақталады, ол оның расталған осы Келісімге қол қойған әр мемлекетке жібереді.
Әзірбайжан Республикасының Ресей Федерациясының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Армения Республикасының Тәжікстан Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Беларусь Республикасының Түрікменстан Үкіметі үшін
Үкіметі үшін
Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Қырғыз Республикасының Украина Үкіметі үшін
Үкіметі үшін
Молдова
Үкіметі үшін