Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттерде көшіп-қонушы еңбекші денсаулығының жай-күйі туралы медициналық қорытындыны өзара тану туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттерде көшіп-қонушы еңбекші денсаулығының жай-күйі туралы медициналық қорытындыны өзара тану туралы келісімге қол қойылсын.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі С. Ахметов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2013 жылғы 25 қаңтардағы
№ 39 қаулысымен
мақұлданған
Жоба
Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттерде көшіп-қонушы еңбекші денсаулығының жай-күйі туралы медициналық қорытындыны өзара тану туралы
К Е Л І С І М
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа (бұдан әрі – ЕурАзЭҚ) мүше мемлекеттердің үкіметтері,
2000 жылғы 10 қазандағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құру туралы шарт ережелерін негізге ала отырып,
ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің ұлттық мүдделерін негізге ала отырып, жұмыс күшінің олардың аумақтары арқылы жүріп-тұруы үшін қолайлы жағдайлар жасау қажеттігін түсіне отырып,
заңды еңбек көші-қоны Тараптар мемлекеттері экономикасының өсуі мен мәдени жақындасуының факторы болып табылатынын назарға ала отырып,
халықтың денсаулығын сақтау саласындағы өзара іс-қимылды одан әрі тереңдетуге жәрдемдесу мақсатында,
көшіп-қонушы еңбекшілерге медициналық көмек көрсету проблемаларын шешуде ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің күш-жігерін біріктірудің орындылығын түсіне отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісімнің мақсаттары үшін төменде келтірілетін терминдердің мынадай мағынасы бар:
көшіп-қонушы еңбекші – Тараптардың бірінің мемлекетінің азаматы болып табылатын, өзі азаматы болып табылмайтын және тұрақты тұрмайтын басқа Тарап мемлекетінің аумағында заңды негізде жүрген және заңды негізде еңбек қызметін жүзеге асыратын адам;
медициналық қорытынды – осы Келісімге 1-қосымша болып табылатын Тараптар мемлекеттерінің бәрі үшін бірыңғай нысандағы айналадағылар үшін қауіп төндіретін аурулардың тізбесінде көрсетілген аурулардың ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттің көшіп-қонушы еңбекшісінде жоқ екендігі туралы орыс тіліндегі құжат;
уәкілетті органдар – құзыретіне осы Келісімді орындауға байланысты мәселелер кіретін Тараптар мемлекеттерінің органдары.
2-бап
Мыналар:
Беларусь Республикасынан – Денсаулық сақтау министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Сыртқы істер министрлігі;
Қазақстан Республикасынан – Денсаулық сақтау министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Сыртқы істер министрлігі;
Қырғыз Республикасынан – Денсаулық сақтау министрлігі, Жастар, еңбек және жұмыспен қамту министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Сыртқы істер министрлігі;
Ресей Федерациясынан – Денсаулық сақтау министрлігі, Сыртқы істер министрлігі, Федералдық көші-қон қызметі;
Тәжікстан Республикасынан – Денсаулық сақтау министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Сыртқы істер министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Тәжікстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Көші-қон қызметі Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті органдары болып табылады.
Бір мемлекеттің уәкілетті органы көшіп-қонушы еңбекші денсаулығының жай-күйі туралы медициналық қорытынды беруге құқылы денсаулық сақтау мекемесін (ұйымын) айқындайды және еңбек қызметін жүзеге асыруға рұқсат беру құжаттарын ресімдеу кезінде Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті органдары танитын Көшіп-қонушы еңбекші денсаулығының жай-күйі туралы медициналық қорытынды беруге құқылы денсаулық сақтау мекемелерінің (ұйымдарының) бірыңғай тізбесін қалыптастыру үшін басқа Тараптың уәкілетті органдарына тиісті ақпарат жібереді.
Тараптар ұсыныстарының негізінде Тараптар мемлекеттерінің денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органдары еңбек қызметін жүзеге асыруға рұқсат беру құжаттарын ресімдеу кезінде Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті органдары танитын Көшіп-қонушы еңбекші денсаулығының жай-күйі туралы медициналық қорытынды беруге құқылы денсаулық сақтау мекемелерінің (ұйымдарының) бірыңғай тізбесін (бұдан әрі – бірыңғай тізбе) бекітеді.
Бірыңғай тізбеге өзгерістер мен толықтырулар Тараптар мемлекеттерінің денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органдарының өзара келісімі бойынша енгізіледі.
3-бап
ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттің көшіп-қонушы еңбекшісі денсаулығының жай-күйі туралы медициналық қорытынды бланкісінің (бұдан әрі – медициналық қорытынды бланкісі) осы Келісімге 2-қосымшаға сәйкес белгіленген есептік нысаны бар және логотипі, белгісі, елтаңбасы, нөмірі, медициналық қорытынды бланкісінің шығарылуын ұйымдастыруды жүзеге асырған ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттің атауы бар қорғалған полиграфиялық өнім болып табылады.
Көшіп-қонушы еңбекшіге медициналық қорытындыны осы Келісімнің 2-бабында көрсетілген бірыңғай тізбеге енгізілген денсаулық сақтау мекемесі (ұйымы) береді.
Медициналық қорытынды бланкілерін шығаруды ұйымдастыруды және оларды есепке алуды Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті органдары өздерінің функцияларын қамтамасыз ету үшін ұлттық бюджеттерде көзделген қаражат есебінен жүзеге асырады.
4-бап
Тараптар мемлекеттерінің денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органдары денсаулық сақтау мекемелері (ұйымдары) берген медициналық қорытындылардың тізілімін жүргізеді.
Бұл тізілімде қамтылған ақпаратқа Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті органдары қол жеткізе алады.
Тараптар мемлекеттерінің денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органдары берілген медициналық қорытындылардың тізілімінде қамтылған мәліметтер алмасуды апта сайын жүзеге асырады.
5-бап
Осы Келісімге 3-қосымшада қамтылған Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттерде көшіп-қонушы еңбекші денсаулығының жай-күйін медициналық куәландыру қағидаларына сәйкес берілген медициналық қорытынды осы құжат берілген күннен бастап үш ай ішінде жарамды.
6-бап
Бір Тарап мемлекетінің аумағында осы Келісімнің 2-бабында көрсетілген бірыңғай тізбеге енгізілген денсаулық сақтау мекемесі (ұйымы) берген медициналық қорытындыны басқа Тарап мемлекетінің уәкілетті органдары осы Тарап мемлекетінің аумағында еңбек қызметін жүзеге асыруға рұқсат беру құжаттарын ресімдеу үшін таниды.
7-бап
Көшіп-қонушы еңбекшіде осы Келісімге 1-қосымшада көрсетілген ауру анықталған жағдайда, жұмысқа орналасу мемлекетінің уәкілетті органдары осы көшіп-қонушы еңбекші азаматы болып табылатын немесе тұрақты тұратын Тарап мемлекетінің уәкілетті органдарына анықтаған ауру туралы дереу хабарлайды.
Егер жұмысқа орналасу мемлекетінің халықаралық шарттарында өзгеше көзделмесе, көшіп-қонушы еңбекшінің жұмысқа орналасу мемлекетінде одан әрі болуы мен медициналық қамтамасыз етілуі осы мемлекеттің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Егер жұмысқа орналасу мемлекетінде көшіп-қонушы еңбекшінің ауруы медициналық қорытынды берілген сәтке дейін пайда болғаны анықталған жағдайда (алынған медициналық қорытындының бұрмалану фактісі зерттеудің клиникалық-зертханалық, патоморфологиялық және басқа да құралдық әдістерімен расталады), онда жұмысқа орналасу мемлекетінің уәкілетті органы бұл туралы осы көшіп-қонушы еңбекші азаматы болып табылатын немесе тұрақты тұратын Тарап мемлекетінің уәкілетті органдарына дереу хабарлайды және хабарламаға бұрмалау фактісін растайтын материалдарды қоса береді.
Осы көшіп-қонушы еңбекші азаматы болып табылатын немесе тұрақты тұратын Тарап мемлекеттінің денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органы медициналық қорытындыны бұрмалау фактісі расталған кезде осы Келісімнің 2-бабында белгіленген тәртіппен осы медициналық қорытындыны ресімдеген денсаулық сақтау мекемесін (ұйымын) бірыңғай тізбеден алып тастайды.
8-бап
Осы Келісім мемлекеттері қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
9-бап
Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.
10-бап
Осы Келісімді түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты Тараптар арасындағы даулар консультациялар және келіссөздер жүргізу арқылы шешіледі.
Егер дау тараптарының бірі даудың екінші тарапына консультациялар және келіссөздер жүргізу туралы жазбаша ресми өтініш жіберген күнінен бастап дау тараптары дауды олар арқылы алты ай ішінде реттемесе, онда дау тараптарының арасында оны шешу тәсіліне қатысты өзгеше уағдаластық болмаған кезде, дау тараптарының кез келгені бұл дауды Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына қарау үшін бере алады.
11-бап
Осы Келісім оның күшіне енуіне қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны депозитарий алған күнінен бастап 30-шы күні күшіне енеді.
12-бап
Осы Келісім күшіне енген күнінен бастап ЕурАзЭҚ-қа мүшелікке қабылданған басқа мемлекеттердің қосылуы үшін ашық.
Қосылу туралы құжаттар депозитарийге сақтауға тапсырылады.
Қосылушы мемлекет үшін осы Келісім депозитарий қосылу туралы құжатты алған күнінен бастап күшіне енеді.
13-бап
Әрбір Тарап депозитарийді бұл туралы жазбаша хабардар ете отырып, осы Келісімнен шығуға құқылы. Мұндай Тарапқа қатысты осы Келісімнің қолданысы депозитарий тиісті хабарламаны алған күнінен бастап алты ай өткен соң тоқтатылады.
20__ жылғы «___» __________ ___________ қаласында орыс тілінде бір данада жасалды. Осы Келісімнің түпнұсқа данасы осы Келісімнің депозитарийі бола отырып, оның расталған көшірмесін Тараптарға жіберетін Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық комитетінде сақталады.
Беларусь Қазақстан Қырғыз
Республикасының Республикасының Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Ресей Тәжікстан
Федерациясының Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Еуразиялық экономикалық
қоғамдастыққа мүше
мемлекеттерде көшіп-қонушы
еңбекші денсаулығының жай-
күйі туралы медициналық
қорытындыны өзара тану туралы
келісімге
1-қосымша
Айналадағылар үшін қауіп төндіретін аурулар тізбесі
1. Нашақорлық
2. Психикалық аурулар
3. Туберкулез
4. Алапес (Гансен ауруы)
5. АИТВ инфекциясы
6. Негізінен жыныс жолдары арқылы берілетін инфекциялар (ЖЖБИ) – мерез, венерологиялық лимфогранулема (донованоз), шанкроид
Еуразиялық экономикалық
қоғамдастыққа мүше
мемлекеттерде көшіп-қонушы
еңбекші денсаулығының жай-
күйі туралы медициналық
қорытындыны өзара тану туралы
келісімге
2-қосымша
ЕурАзЭҚ ЛОГОТИПІ
Медициналық қорытынды
бланкісін шығаруды
ұйымдастыруды жүзеге асырған
ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттің
атауы
|
ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттің көшіп-қонушы еңбекшісі денсаулығының жай-күйі _____________________________________________ 1. Т.А.Ә. (толық)__________________________________ М.О. Ескертпе: |
Еуразиялық экономикалық
қоғамдастыққа мүше мемлекеттерде
көшіп-қонушы еңбекші
денсаулығының жай-күйі туралы
медициналық қорытындыны өзара
тану туралы келісімге
3-қосымша
Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттерде көшіп-қонушы еңбекші денсаулығының жай-күйін медициналық куәландыру қағидалары
Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттерде көшіп-қонушы еңбекші денсаулығының жай-күйін медициналық куәландыру ол азаматы болып табылатын мемлекеттің, тұрақты тұратын мемлекеттің немесе уақытша тұратын мемлекеттің Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттерде көшіп-қонушы еңбекші денсаулығының жай-күйі туралы медициналық қорытындыны өзара тану туралы келісімнің 2-бабында аталған бірыңғай тізбеге енгізілген денсаулық сақтау мекемелерінде (ұйымдарында) жүргізіледі.
Адамда туберкулездің бар (жоқ) екенін медициналық куәландыру
Фтизиатр-дәрігер осы аурудың рентгенологиялық зерттеу деректерімен расталған клиникалық белгілері болмаған кезде, адамда туберкулездің жоқ екені туралы қорытынды береді.
Көшіп-қонушы еңбекші ата-анасымен келген 12 жасқа дейінгі балаларға фтизиатр-дәрігер осы аурудың клиникалық туберкулинодиагностика әдісімен расталған белгілері болмаған кезде балада туберкулездің жоқ екені туралы қорытынды береді.
Адамдарда алапестің (Гансен ауруының) және негізінен жыныс жолдары арқылы берілетін инфекциялардың (мерез, венерологиялық лимфогранулема (донованоз), шанкроид) бар (жоқ) екенін медициналық куәландыру
Дерматовенеролог-дәрігер көрсетілген аурулардың иммундық-ферменттік талдау нәтижелерімен расталған клиникалық белгілері болмаған кезде алапестің (Гансен ауруының) және негізінен жыныс жолдарымен берілетін инфекциялардың (мерез, венерологиялық лимфогранулема (донованоз), шанкроид) жоқ екені туралы қорытынды береді.
Адамда АИТВ инфекциясының бар (жоқ) екенін медициналық куәландыру
Дерматовенеролог-дәрігер АИТВ инфекциясы бар деп күмән туғызуы мүмкін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДдСҰ) өлшемдеріне енгізілген иммундық-ферменттік талдау нәтижелерімен расталған симптомдары болмаған кезде адамда АИТВ инфекциясының жоқ екені туралы қорытынды береді.
Адамда психикалық аурулар белгілерінің, нашақорлық белгілерінің бар (жоқ) екенін медициналық куәландыру
Клиникалық тексеріп-қарауды психиатр-нарколог дәрігер және психиатр-дәрігер жүргізеді.
Айғақтар болған жағдайда, дәрігер адам ағзасында есірткі құралдарының, психотроптық заттардың және олардың метаболиттерінің бар-жоғына диагностика жүргізуге жолдама береді.
Адамда психикалық аурулар белгілерінің, нашақорлық белгілерінің жоқ екені туралы қорытынды көрсетілген аурулардың клиникалық белгілері болмаған кезде осы аурулар бойынша диспансерлік есепте тұрмайтын адамдарға беріледі.
Көшіп-қонушы еңбекші ата-анасымен 18 жасқа дейінгі бала келген жағдайда ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттің көшіп-қонушы еңбекшісі денсаулығының жай-күйі туралы медициналық қорытынды бланкісінің 6.1 – 6.5-тармақтары бойынша мәліметтер және бұрын жүргізілген АКДС, полиомелиетке, қызылшаға, қызамыққа, паротитке, «В» вирусты гепатитке, туберкулезге қарсы екпелер (ауырған аурулары) туралы мәліметтер, соңғы 3 жылдағы туберкулинодиагностика нәтижелері де ұсынылады.