Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы табиғи газды сұйыту зауытын салу және пайдалану туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Мұнай және газ министрі Сауат Мұхаметбайұлы Мыңбаевқа қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы табиғи газды сұйыту зауытын салу және пайдалану туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі С. Ахметов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2013 жылғы 30 сәуірдегі
№ 419 қаулысымен
мақұлданған
Жоба
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық
Республикасының Үкіметі арасындағы табиғи газды сұйыту зауытын
салу және пайдалану туралы
келісім
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі
2012 жылғы 8 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы «Сарыбұлақ – Зимұнай» газ құбырын салу мен пайдаланудағы ынтымақтастық туралы келісімді басшылыққа ала отырып,
газ саласындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамытуға және қазақстандық көмірсутек шикізатын қайта өңдеу саласында өзара тиімді жағдайлар жасауға ықпал етуге ниет білдіре отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Тараптар жиынтықтаушы жүйесі бар табиғи газды сұйыту (бұдан әрі – ТГС зауыты) зауытын салуды және оны пайдалануды қолдауға келісті.
ТГС зауытын жобалау мен салуды жүзеге асыратын ұйым «Шыңжан Гуаньхэй Зимұнай ТГС даму» жауапкершілігі шектеулі қоғамы (бұдан әрі – Қытай ұйымы) болып табылады.
Қытай ұйымы Қазақстан Республикасының аумағында газ көздерінің жанынан қазіргі заманғы ТГС зауытын жобалау мен салуды қаржыландыруды өз мойнына алады.
Қазақстан Республикасының аумағындағы ТГС зауытының жұмыс істеу шарттары мен оны пайдалану тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалады.
Зауытты салу жөніндегі жобалау құжаттамасын әзірлеу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Осы зауытты салу орнын, сондай-ақ оны табиғи газбен қамтамасыз ету көзін Қазақстан Тарапынан құзыретті орган айқындайды. Ұсынылған деректерге негізделе отырып, Қытай ұйымы ТГС зауытын салудың техникалық-экономикалық негіздемесін (бұдан әрі – ТЭН) әзірлейді және зауытты салу жөніндегі жобаны іске асыруға кіріседі.
ТЭН-нің теріс қорытындысы болған жағдайда, Қазақстан Тарапының құзыретті органы ТГС зауытын салудың өзге орнын белгілейді.
Қазақстан Республикасында шетелдік жұмыс күшін тарту Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
2-бап
ТГС зауытын газбен қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Тарапы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес зауытты пайдалану кезеңінде газды жеткізу бойынша жәрдем көрсетеді.
ТГС зауытын басқаруды жүзеге асыратын Қытай ұйымы Қазақстан Республикасының ішкі нарығына газды ТГС зауытында өңделген газдың кемінде 50%-ы көлемінде жеткізуді қамтамасыз етеді.
Сұйытылған табиғи газды өткізу бағасы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгіленеді.
3-бап
Осы Келісімнің орындалуын үйлестіруді және бақылауды Тараптардың құзыретті органдары:
Қазақстан Тарапынан – Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігі;
Қытай Тарапынан – Қытай Халық Республикасының Энергетика жөніндегі мемлекеттік басқармасы жүзеге асырады.
Өздерінің құзыретті органдарын қайта атаған немесе өзгерткен жағдайда Тараптар бұл туралы бір-бірін дипломатиялық арналар арқылы хабардар етеді.
4-бап
Кез келген Тараптың осы Келісімді орындауына әсерін тигізетін мән-жайлар туындаған жағдайда, Тараптар осы Келісімді іске асыру мақсатында кедергілерді жою үшін қолайлы шараларды қабылдайды.
Тараптардың мемлекеттік құзыретті органдары арасындағы келіссөздерде жойылуы мүмкін болмайтын осы Келісімді түсіндіруге және/немесе қолдануға қатысты кез келген келіспеушіліктер Тараптар арасындағы келіссөздер арқылы шешіледі.
5-бап
Осы Келiсiм Тараптар қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын олардың құқықтары мен мiндеттемелерiн қозғамайды.
6-бап
Тараптар өзгеше уағдаласпаса, Тараптардың бірде-біреуі осы Келісімді іске асыру шеңберінде өздері алған ақпаратты үшінші тұлғаларға беруге құқылы емес.
7-бап
Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөліктері болып табылатын және жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер және/немесе толықтырулар енгізілуі мүмкін.
8-бап
Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күнінен бастап күшіне енеді.
2013 жылғы «__» ___________ ______________қаласында, әрқайсысы қазақ, қытай және орыс тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей. Түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда орыс тіліндегі мәтін басшылыққа алынады.
Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін