Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 27.10.2023 № 950 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Ұлттық ғылыми кеңестер туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 16 мамырдағы № 519 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2011 ж., № 38, 468-құжат) мынадай өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Ұлттық ғылыми кеңестер туралы ереже осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының | |
Премьер-Министрі | С. Ахметов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 18 маусымдағы № 619 қаулысына қосымша Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 16 мамырдағы № 519 қаулысымен бекітілген |
Ұлттық ғылыми кеңестер туралы ереже
1. Жалпы ережелер
1. Осы Ұлттық ғылыми кеңестер туралы ереже (бұдан әрі – Ереже) "Ғылым туралы" 2011 жылғы 18 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және ұлттық ғылыми кеңестер (бұдан әрі – кеңестер) қызметінің құқықтық және ұйымдастырушылық негіздерін айқындайды.
2. Кеңестер ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтің даму бағыттары бойынша алқалы органдар болып табылады.
3. Кеңестер Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының мемлекеттік басымдықтарына сәйкес ғылым бағыттары бойынша құрылады.
4. Кеңестердің жұмысын ұйымдастыратын мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама ұлттық орталығы (бұдан әрі – сараптама орталығы) кеңестердің жұмыс органы болып табылады.
2. Кеңестердің құрамы
5. Кеңестердің құрамы үш жыл мерзімге бекітіледі және мүшелердің тақ санынан құралуы тиіс.
6. Кеңестердің құрамдарын ғылым саласындағы уәкілетті орган салалық уәкілетті органдардың, ғылыми ұйымдардың, жоғары оқу орындары мен ғылыми-қоғамдық бірлестіктердің ұсыныстары мен ұсынымдары бойынша қазақстандық және шетелдік құзыретті ғалымдардың, мемлекеттік органдардың, ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық даму институттарының, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің өкілдері қатарынан қалыптастырады және оларды Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
7. Кеңестердің құрамына сайланатын қазақстандық ғалымдардың мамандығы бойынша кемінде 10 жыл жұмыс өтілі және соңғы 5 жылда мамандығы бойынша кемінде 2 Хирша индексі бар болуы тиіс. Гуманитарлық, қоғамдық, саяси және әлеуметтік ғылымдар саласында мамандандырылған ғалымдарға соңғы 5 жылда мамандығы бойынша кемінде 2 Хирша индексінің болу талабы қолданылмайды.
8. Қазақстандық ғалымдарды кеңестердің құрамына іріктеу ғылым саласындағы уәкілетті орган құрастырған, соңғы 5 жыл ішіндегі ғалымдардың Хирша индексі бойынша ранжирленген жарияланымдары тізімінің негізінде жүргізіледі. Бұл ретте кеңестердің құрамына осы тізімге сәйкес көбірек Хирша индексі бар ғалымдар іріктеледі.
9. Кеңестер құрамының жиырма пайыздан аспайтын, бірақ әрбір кеңесте бір мүшеден кем емес бөлігі әлемдегі жетекші ғылыми немесе ғылыми-білім беру ұйымдарының өкілдері болып табылатын, ағылшын тілін еркін меңгерген және соңғы 5 жылда кемінде 10 Хирша индексі бар шетелдік ғалымдар қатарынан қалыптасады.
10. Кеңестер құрамының жиырма пайыздан аспайтын бөлігі мемлекеттік органдардың (ғылым саласындағы уәкілетті орган өкілдерін қоспағанда), ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық даму институттарының, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялар мен жеке кәсіпкерлік субъектілерінің өкілдерінен қалыптасады.
11. Кеңес құрамының жиырма пайыздан астамын құрайтын бір ұйымның қызметкерлері және кеңестің басқа мүшесінің тікелей бағынысындағы адамдар кеңес құрамына сайланбайды.
12. Әрбір кеңесте қазақстандық ғалымдар ішінен төраға және төрағаның орынбасары сайланады.
13. Кеңес төрағасы оның қызметін басқарады, кеңестердің отырыстарында төрағалық етеді, кеңестің жұмысын жоспарлайды және өз қызметі шеңберінде мемлекеттік органдармен, сондай-ақ басқа да ұйымдармен өзара іс-қимыл жүргізу кезінде кеңестің атынан өкілдік етеді.
14. Төраға болмаған жағдайда оның функцияларын орынбасары атқарады.
15. Төраға кеңес мүшелерінің арасынан хаттаманы ресімдеуге жауап беретін кеңестің хатшысын айқындайды. Кеңестің хатшысы кеңес шешімдер қабылдаған кезде дауыс беру құқығына ие.
3. Кеңестердің міндеттері, функциялары және құқықтары
16. Кеңестердің негізгі міндеттері:
1) Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссия (бұдан әрі – ЖҒТК) айқындаған басымдықтарға сәйкес мамандандырылған ғылыми бағыттарды қалыптастыру;
2) ғылыми зерттеулер жүргізу үшін бөлінетін қаржыландырудың нысандары мен көлемін айқындау;
3) ұсынылатын ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалардың ғылыми жаңашылдығын, ғылыми-техникалық деңгейін, перспективалығын, әзірлену дәрежесін, сұралып отырған қаржыландыру көлемінің экономикалық негізділігін бағалау;
4) Қазақстан Республикасының жаңа ғылыми бағыттарға қажеттіліктерін бағалау;
5) мемлекеттік бюджеттен қаржыландыруға ұсынылатын іргелі және қолданбалы зерттеулер бойынша ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларға конкурстық іріктеуді жүзеге асыру;
6) жүргізілетін ғылыми зерттеулердің іске асырылу барысын, оның ішінде жұмыс орнына бару арқылы мониторингілеу болып табылады.
17. Кеңестердің негізгі функциялары:
1) гранттық қаржыландыру көлемін айқындау бойынша ұсынымдар әзірлеу;
2) ғылым саласындағы уәкілетті орган немесе салалық уәкілетті органдар бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға ұсынған нысаналы ғылыми, ғылыми-техникалық бағдарламалар бойынша ЖҒТК-ға ұсынымдар әзірлеу;
3) ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық қызметтің тиісті бағыттары бойынша орындалатын ғылыми зерттеулер жөнінде ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтің аралық және қорытынды есептерін қабылдау.
18. Кеңестер өз қызметін жүзеге асыру кезінде:
1) өз қызметін Қазақстан Республикасының салалық уәкілетті органдарымен, ғылыми ұйымдарымен және жоғары оқу орындарымен өзара іс-қимылда жүзеге асыруға;
2) мемлекеттік органдардан өз қызметін жүзеге асыру үшін ақпараттық-талдамалық және анықтамалық деректер алуға;
3) кадрларды даярлауды, қаржылық қамтамасыз ету және ғылымның материалдық-техникалық базасын дамытуды қоса алғанда, ғылыми-техникалық даму жөніндегі ұсыныстарды ғылым саласындағы уәкілетті органға, салалық уәкілетті органдарға, ұлттық және салалық ғылым академияларына енгізуге;
4) ғылыми-техникалық әлеуетті дамыту мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерді өзгерту және жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды әзірлеуге және белгіленген тәртіппен енгізуге;
5) гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға жататын, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет туралы қаралып жатқан есептер бойынша отырыстарға қосымша түсініктемелер беру үшін ғылыми жетекшілерді шақыруға;
6) ғылым саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша кеңеске ұсынылған материалдарды жан-жақты, толық және объективті қарауды қамтамасыз ету мақсатында консультациялар мен түсініктемелер алу үшін нақты ғылым саласы бойынша сарапшылар мен мамандарды тарту арқылы мамандандырылған секцияларды құруға құқылы.
4. Кеңестер қызметін ұйымдастыру
19. Кеңес қызметінің негізгі нысаны ол қабылдайтын шешімдердің жариялылығы мен объективтілігін қамтамасыз ететін кеңестің ашық отырысы болып табылады.
20. Кеңестің отырысы кеңес мүшелерін тікелей шақыру немесе нақты уақыт режиміндегі интернет-конференция арқылы өткізіледі.
Отырысқа тікелей қатысу мүмкіндігі болмаған жағдайда кеңес мүшесі кеңес отырысына нақты уақыт режимінде интернет ресурстарын пайдалану және хатшыға хаттаманы ресімдеу үшін отырыс мәселелері бойынша дауыс беру нәтижелері бар бюллетеньді тапсыру арқылы қатысады.
21. Кеңес отырыстары қажеттілігіне қарай, бірақ жылына кемінде екі рет өткізіледі.
22. Жыл сайын бірінші отырыста кеңес қызметінің жылдық жұмыс жоспары және отырыстарының кестесі ғылым саласындағы уәкілетті органның келісуімен бекітіледі, сондай-ақ сараптама орталығының интернет ресурсында жарияланады.
Кеңес қызметінің жылдық жұмыс жоспарына және отырыстарының кестесіне өзгерістер ғылым саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша жылына 2 реттен аспай енгізіле алады.
23. Кеңес отырысының күн тәртібін кеңестің жұмыс органы қалыптастырады және ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық жобалармен, бағдарламалармен (бұдан әрі – сараптама объектілері) және МҒТС нәтижелермен бірге отырыстың басталуына дейін жеті жұмыс күнінен кешіктірмей кеңестің мүшелеріне жібереді.
24. Барлық қарастыратын мәселелер бойынша кеңес отырысы күнтізбелік отыз күннен аспай өткізіледі.
25. Егер отырыста кеңес мүшелерінің, оның ішінде нақты уақыт режимінде қатысқан мүшелердің кемінде үштен екісі болса, кеңес отырысы заңды болып табылады.
26. Қажет болған жағдайларда сараптама объектілері бойынша толық мәліметтер болмаған кезде кеңес сараптама орталығынан МҒТС нәтижелері бойынша қосымша түсініктемелер, негіздемелер мен ақпаратты сұратады, ол жауапты екі жұмыс күнінен аспайтын мерзімде жібереді.
27. Ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық жобалар мен бағдарламаларды конкурстық іріктеу мәселесі бойынша отырыс барысында кеңес сараптама объектілерін Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 25 мамырдағы № 575 қаулысымен бекітілген Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті базалық, гранттық, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру қағидасында белгіленген тәртіппен қарайды.
28. Кеңестің шешімі кеңестің отырысқа қатысып отырған мүшелерінің жалпы санының ашық дауыс беруі арқылы қарапайым көпшілік даусымен қабылданады және хаттамамен ресімделеді.
29. Кеңес отырысының хаттамасына отырысқа қатысқан кеңестің барлық мүшелері отырысты өткізу аяқталған күннен бастап жеті жұмыс күнінен аспайтын мерзімде қол қояды және ол мыналарды қамтуы тиіс:
1) кеңестің толық атауы және құрамы;
2) отырысты өткізуді бастау және аяқтау күндері;
3) отырысқа қатысқан тұлғалар туралы мәліметтер;
4) отырыстың күн тәртібі;
5) отырыстың күн тәртібіндегі мәселелер бойынша кеңес мүшелерінің барлық талқылаулары;
6) дауыс беруге қойылған мәселелер және кеңес отырысының күн тәртібіндегі әрбір мәселе бойынша кеңестің әрбір мүшесінің дауыс беру нәтижесі көрсетілуімен олар бойынша дауыс беру қорытындылары;
7) кеңес мүшелерінің бағалау парақтары;
8) қабылданған шешімдер және олардың негіздемелері;
9) кеңес шешімі бойынша басқа да мәліметтер. Дауыс беруге шығарылған мәселе бойынша кеңес мүшесінің ерекше пікірі болса, кеңес хатшысы хаттамаға тиісті жазба енгізеді.
30. Кеңес отырыстарын сараптама орталығы аудио және бейне жазбаға түсіруге тиіc. Кеңес отырыстарының хаттамалары, аудио және бейне жазбалары сараптама орталығында сақталады.
5. Кеңестердің шешімдері
31. Кеңестер мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен:
1) ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық және технологиялық жұмыстардың жобалары мен бағдарламаларын;
2) ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық және технологиялық жұмыстар бөлігіндегі басқа да бағдарламаларды;
3) Қазақстан Республикасы ғылыми мекемелерінің, ұйымдары мен кәсіпорындарының қатысуымен іске асырылатын мемлекетаралық ғылыми-техникалық бағдарламалардың жобаларын;
4) инновациялық жобаларды гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру (қаржыландыруды тоқтату) туралы шешімдерді ғана қабылдайды.
32. Кеңес қабылдаған шешімдерді сараптама орталығы хаттамадан үзінділер түрінде ғылым саласындағы уәкілетті органға және қажет болған жағдайда салалық уәкілетті органға шешім қабылданған күннен бастап он жұмыс күні мерзімінен кешіктірмей береді.
33. Кеңестердің шешімдерін ғылым саласындағы уәкілетті орган және салалық уәкілетті органдар міндетті түрде орындауы тиіс.
34. Кеңестер өздері қабылдаған шешімдердің орындалуына мониторингті жүзеге асырады.
6. Кеңес мүшелеріне сыйақылар беру
35. Нақты жобаға, бағдарламаға (олар бойынша есепке) сараптама, ғылыми жұмыстардың орындалу мониторингін жүргізгені үшін сыйақыны, сондай-ақ қазақстандық және шетелдік ғалымдардың іссапар шығыстарын қоса алғанда, кеңестердің қызметін қамтамасыз етуді сараптама орталығы мемлекеттік бюджет қаражатынан жүргізеді.
7. Кеңес мүшелерінің жауапкершілігі
36. Кеңестердің мүшелері нақты мәселелерді қарау кезінде өздеріне мәлім болған мүдделер қақтығысы туралы кеңесті хабардар етеді және кеңес қабылдайтын шешімдердің объективтілігі мен негізділігіне жауапты болады.