Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
«Инновациялық технологиялар паркі» инновациялық кластері туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі С. Ахметов
Жоба
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ «Инновациялық технологиялар паркі»
инновациялық кластері туралы
Осы Заң «Инновациялық технологиялар паркі» инновациялық кластерінің құқықтық мәртебесін және «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағын басқару ерекшеліктерін айқындайды.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағы - Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық аймақтар туралы заңнамасына сәйкес құрылған ақпараттық және инновациялық технологиялар саласындағы арнайы экономикалық аймақ;
2) дербес кластерлік қор (бұдан әрі - Қор) - құрылтайшысы Қазақстан Республикасының Үкіметі болып табылатын, «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының басқару органы болып табылатын, сондай-ақ осы Заңда көзделген өзге де функцияларды орындайтын коммерциялық емес ұйым;
3) «Инновациялық технологиялар паркі» инновациялық кластері (бұдан әрі - инновациялық кластер) - өзара іс-қимыл жасасу және қолда бар мүмкіндіктерді бірлесіп пайдалану, білім және тәжірибе алмасу, технологияларды тиімді беру, орнықты әріптестік байланыстарды жолға қою, ақпарат тарату арқылы индустриялық-инновациялық қызметті ынталандыруға бағытталған қатысушылар бірлестігі;
4) инновациялық кластер қатысушысының жобасы (бұдан әрі - қатысушы жобасы) - жаңа немесе жетілдірілген өндірістерді, технологияларды, тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді құруға бағытталған, белгілі бір уақыт мерзімі ішінде іске асырылатын іс-шаралар кешені;
5) инновациялық кластердің қатысушысы - Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық аймақтар туралы заңнамасына сәйкес «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының қатысушысы мәртебесін алған және «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының аумағында және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларда одан тыс жерлерде қызметтің басым түрлерін жүзеге асыратын «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының қатысушысы, сондай-ақ ғылыми ұйымдар, тәуекелдік инвестициялаудың акционерлік инвестициялық қорлары, білім беру ұйымдары, технологиялық парктер, салалық конструкторлық бюролар, коммерцияландыру орталықтары, ұлттық даму институттары, ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар.
2-бап. Қазақстан Республикасының инновациялық кластер туралы заңнамасы
1. Индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы, сондай-ақ арнайы экономикалық аймақтардың қызметін реттейтін Қазақстан Республикасының заңнамасы осы Заңда реттелмеген бөлікте инновациялық кластерге және «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағын басқару органына қолданылады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғандардан өзге қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
3-бап. Инновациялық кластер құрудың мақсаты
Инновациялық кластерді құру және оның жұмыс істеуін қамтамасыз ету жаңа технологияларды жеделдетіп дамыту, зерттеулер жүргізу және жаңа технологияларды әзірлеу үшін үйымдастыру, экономикалық және әлеуметтік жағдайларды одан әрі жетілдіру, инновациялық кластер қатысушыларының өзара іс-қимыл жасасуы жолымен қолда бар мүмкіндіктерді бірлесіп пайдалану, білім және тәжірибе алмасу, технологияларды тиімді беру, орнықты әріптестік байланыстарды жолға қою, ақпаратты тарату арқылы оларды одан әрі коммерцияландыруға жәрдем көрсету мақсатында жүзеге асырылады.
4-бап. Инновациялық кластер қызметінің қағидаттары
Инновациялық кластер қызметінің қағидаттары:
1) ғылымды, білімді және өндірісті интеграциялауға;
2) инновациялық кластер қатысушыларының ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған жобаларын қаржыландырудың басымдығына;
3) инновациялық кластер қатысушыларын қолдаудың экономикалық тиімділігі мен нәтижелілігіне;
4) іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулердің басым бағыттарын дамытуға;
5) қатысушылардың Қор қаржыландыратын жобалары сараптамасының объективтілігі мен тәуелсіздігіне;
6) халықаралық ынтымақтастықты дамытуға;
7) экономиканың басым секторларында технологияларды коммерцияландыруды ынталандыруға негізделеді.
2-тарау. Инновациялық кластердің құқықтық мәртебесі
5-бап. Инновациялық кластерді басқару
1. Инновациялық кластерді дамыту және оның жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында инновациялық кластерді басқаруды Қазақстан Республикасы Президентінің шешімі бойынша құрылатын инновациялық кластердің Қамқоршылық кеңесі жүзеге асырады.
2. Инновациялық кластердің Қамқоршылық кеңесінің ережесі мен құрамын Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
3. Қазақстан Республикасының Президенті инновациялық кластердің Қамқоршылық кеңесінің төрағасы болып табылады.
6-бап. Инновациялық кластердің Қамқоршылық кеңесі
1. Инновациялық кластердің Қамқоршылық кеңесінің функцияларына:
1) инновациялық кластерді дамытудың стратегиялық міндеттерін айқындау;
2) Қазақстан Республикасының аумағында әрекет ететін бизнес өкілдерін, кәсіпкерлік қауымдастықтар мен одақтарды шоғырландыру;
3) инновациялық кластер қатысушыларының шетелдік әріптестермен ынтымақтастығын дамыту жөнінде ұсыныстар тұжырымдау;
4) инновациялық кластердің қатысушыларымен бірлескен жобаларды іске асыру үшін әлеуетті инвесторларды іздестіру;
5) жүргізілген сараптама қорытындысы бойынша қаржыландырылуы Қор қаражаты есебінен жүзеге асырылатын қатысушылардың жобаларын айқындау;
6) Инновациялық кластердің Қамқоршылық кеңесі туралы ережеде көзделген өзге де функциялар жатады.
7-бап. Инновациялық кластердің қатысушылары
1. Инновациялық кластердің қатысушылары өз қызметін Қамқоршылық кеңес айқындаған стратегиялық міндеттерге қол жеткізу үшін жүзеге асырады.
2. Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық аймақтар туралы заңнамасына сәйкес «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының қатысушысы мәртебесін алған және «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының аумағында және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларда одан тыс жерлерде қызметтің басым түрлерін жүзеге асыратын «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының қатысушыларын қоспағанда, инновациялық кластер қатысушыларының тізбесін Қордың Басқарушы комитеті айқындайтын тәртіппен Қордың ұсынуы бойынша инновациялық кластердің Қамқоршылық кеңесі бекітеді.
3-тарау. «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағын басқару ерекшеліктері
8-бап. «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы
экономикалық аймағын басқару
1. «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағын басқаруды Қор жүзеге асырады. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қордың құрылтайшысы болып табылады. Қор өз қызметін Қор жарғысының негізінде жүзеге асырады.
2. Қор айқындайтын мамандықтар бойынша басшылар мен жоғары білімді мамандар лауазымдарына Қордың шетелдік қызметкерлерді тартуы шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат алмай жүзеге асырылады.
3. Қордың функцияларына Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық аймақтар туралы заңнамасына сәйкес «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағын басқару органының функциялары, сондай-ақ қатысушылардың инновациялық кластердің Қамқоршылық кеңесі айқындаған жобаларын қаржыландыру жатады.
Инновациялық кластердің Қамқоршылық кеңесінің қатысушылардың жобаларын қаржыландыру туралы шешімі қатысушылардың жобаларын сараптау қорытындысының негізінде қабылданады.
Қатысушылардың жобаларына сараптама жүргізу қағидаларын Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.
9-бап. Қордың басқару органдары
1. Басқарушы комитет Қордың жоғары басқару органы болып табылады. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Басқарушы комитеттің төрағасы болып табылады.
Қордың Басқарушы комитеті туралы ережені, сондай-ақ оның құрамын Басқарушы комитеттің төрағасы бекітеді.
2. Басқарушы комитеттің құзыретіне:
1) Қордың жарғысын бекіту, Қордың жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу, оны жаңа редакцияда бекіту;
2) Қордың жылдық және орта мерзімді бюджеттерін бекіту;
3) Қордың тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу қағидаларын бекіту;
4) Қордың сыртқы аудитін жүзеге асыратын аудиторлық ұйымды айқындау;
5) Қордың жарғысына сәйкес өзге де өкілеттіктер жатады.
3. Басқарушы комитеттің құрамына құрылтайшының өкілдері, ғылыми және педагог қызметкерлер, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, сондай-ақ өзге де тұлғалар кіреді. Қордың басқару органдарына тағайындалса, Қорды басқаруға мемлекеттік қызметшілер қатысады.
4. Қордың ағымдағы қызметіне басшылықты алқалы немесе жеке-дара болуы мүмкін оның атқарушы органы жүзеге асырады.
Қордың атқарушы органы Қордың Басқарушы комитетінің шешімдері негізінде және оларды орындау үшін жұмыс істейді және оған есеп береді.
Қордың атқарушы органының құрылымы, құзыреті, оны қалыптастыру тәртібі мен өкілеттіктерінің мерзімі Қордың жарғысында айқындалады.
5. Қордың атқарушы органы іс-әрекеттерімен және (немесе) әрекетсіздігімен келтірілген зиян және Қор шеккен шығыстар үшін Қордың алдында Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
6. Қорда оның жарғысына сәйкес өзге де органдар құрылуы мүмкін.
10-бап. Қордың мүлкі
1. Қордың мүлкі:
1) ерікті мүліктік жарналар мен қайырмалдықтар;
2) ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жыл сайын қаржыландыру жөніндегі міндеттемелерді орындау шеңберінде келісімшарттық қызмет бойынша жылдық жиынтық табыстың кемінде бір пайызы мөлшерінде жер қойнауын пайдаланушылар ұсынатын қаржыландыру;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларда тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізуден түсетін түсімдер (табыстар);
4) акциялар, облигациялар және салымдар (депозиттер) бойынша алынатын дивидендтер (табыстар, сыйақылар, мүдделер);
5) Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған басқа да көздер есебінен қалыптастырылады.
2. Осы бапқа сәйкес қалыптастырылған Қордың мүлкі оған меншік құқығына тиесілі.
Қор өз мүлкін тек қана «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының қызметі мен жұмыс істеуін қамтамасыз ету, сондай-ақ инновациялық кластердің Қамқоршылық кеңесі айқындаған қатысушылардың жобаларын қаржыландыру үшін пайдаланады.
3. Құрылтайшының Қор мүлкіне мүліктік құқығы жоқ.
Құрылтайшы Қордың міндеттемелері бойынша жауап бермейді, ал Қор құрылтайшының міндеттемелері бойынша жауап бермейді.
11-бап. Қорды қайта үйымдастыру, тарату
1. Қор осы Заңға, Қазақстан Республикасының заңнамасына және жарғыға сәйкес қайта ұйымдастырылуға, таратылуға жатады.
2. Қор таратылған кезде кредиторлардың талаптары қанағаттандырылғаннан кейін қалған мүлік Қордың құрылтай құжаттарында көрсетілген мақсаттарға жіберіледі.
4-тарау. Қорытынды және өтпелі ережелер
12-бап. Қазақстан Республикасының инновациялық кластер
туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының инновациялық кластер туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
13-бап. Қорытынды ережелер
1. Осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап алты ай ішінде құрылтайшы Қор құру, оның ішінде жарғылық капиталына мемлекет қатысатын тиісті заңды тұлғаларды қайта үйымдастыру жолымен құру туралы шешім қабылдайды.
2. «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының басқарушы компаниясы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен Қор ретінде қайта құрылғанға дейін ол «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағын басқару органының функцияларын орындайды.
3. Қордың Басқарушы комитеті Қордың жарғысын қабылдағанға дейін Қор өзінің құрылтайшысы бекітетін жарғының негізінде әрекет етеді.
14-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті