Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған 2012 жылғы 7 маусымда Рим қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Италия Республикасының Үкіметі арасындағы әскери ынтымақтастық туралы келісім бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі С. Ахметов
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Италия Республикасының
Үкіметі арасындағы Әскери ынтымақтастық туралы
КЕЛІСІМ
(2015 жылғы 10 тамызда күшіне енді - Қазақстан Республикасының
халықаралық шарттары бюллетені, 2015 ж., № 6, 57-құжат)
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Италия Республикасының Үкіметі,
1997 жылғы 5 мамырдағы Қазақстан Республикасы мен Италия Республикасы арасындағы Достық пен ынтымақтастық туралы шарттың ережелері негізінде іс-қимыл жасай отырып,
халықаралық құқық нормалары мен екі мемлекеттің халықаралық міндеттемелерін негізге ала отырып,
екі мемлекет арасындағы әскери ынтымақтастықты кеңейтуге және осы саладағы өзара түсіністікті тереңдетуге ұмтыла отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісімнің мақсаты Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына және Италия тарапы үшін еуропалық заңнама нормаларына сәйкес тең құқықтық пен өзаралық принциптерінде әскери саладағы өзара тиімді ынтымақтастықты жүзеге асыру болып табылады.
2-бап
1. Тараптар әскери ынтымақтастықты мынадай салаларда жүзеге
асырады:
1) қорғаныс саясаты;
2) әскери білім беру және даярлық;
3) қару-жарақ пен әскери техниканы импорттау және экспорттау;
4) тылдық қамтамасыз ету;
5) әскери заңнама және қарулы күштердегі заң қызметі;
6) әскери медицина;
7) халықаралық бітімгершілік қызметі;
8) мәдениет және спорт;
9) өзара мүддедегі басқа да салалар.
2. Ынтымақтастықты іске асыру барысында Тараптар ынтымақтастықтың жаңа салаларын айқындайды және дамытады.
3. Ынтымақтастықтың нақты салаларын іске асыру мақсатында Тараптар жекелеген келісімдер немесе хаттамалар жасасуы мүмкін.
3-бап
Тараптар арасындағы ынтымақтастық мынадай нысандарда жүзеге асырылады:
1) Тараптар делегацияларының ресми сапарлары мен жұмыс кездесулері;
2) консультациялар мен жұмыс кездесулері шеңберінде тәжірибе алмасу;
3) конференциялар мен семинарларға қатысу;
4) әскери оқу орындарында оқыту;
5) оқу жобаларына, тағылымдамалар мен курстарға қатысу;
6) әскери оқу-жаттығуларға байқаушылардың қатысуы;
7) ынтымақтастық салалары бойынша ақпарат және құжаттама алмасу;
8) спорттық және мәдени іс-шараларға қатысу;
9) өзара келісім бойынша басқа да нысандар.
4-бап
1. Тараптар қару-жарақ пен әскери техниканың тиісті компоненттерін қоса алғанда, мынадай салаларда оларды импорттауда және экспорттауда бір-біріне жәрдемдеседі:
- авиация;
- әскери-теңіз;
- қару-жарақпен қамтамасыз ету (атыс қаруы, ауыр қару-жарақ пен тиісті оқ-дәрілер).
2. Үшінші елдерге кері экспорттау тек екінші Тараптың алдын ала келісімімен жүзеге асырылады.
5-бап
1. Қабылдаушы Тарап мемлекетінің құзыретті органдары жіберуші Тарап өкілдері қабылдаушы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасын бұзған жағдайда заңды құзырын жүзеге асыруға құқылы.
2. Қабылдаушы Тарап мемлекетінің аумағындағы қызметтік міндеттерін орындау кезінде жіберуші Тарап өкілдері оның ұлттық заңнамасын бұзған жағдайда жіберуші Тарап мемлекеті өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес өзінің заңды құзырын жүзеге асыруға құқылы.
3. Егер қабылдаушы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасы жіберуші Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасындағыдан өзге жауапкершілік шараларын көздейтін болса, Тараптардың құзыретті органдары Тараптардың мемлекеттері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға және Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес жіберуші Тарап өкілдерінің құқықтарын қамтамасыз ету үшін дипломатиялық арналар арқылы келісілген шаралар қабылдайды.
6-бап
Мыналар Тараптардың осы Келісімді іске асыру жөніндегі уәкілетті органдары болып табылады:
- Қазақстан Тарапынан - Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі;
- Италия Тарапынан - Италия Республикасы Қорғаныс министрлігі.
7-бап
1. Жыл сайын Тараптардың уәкілетті органдары келесі жылға арналған Әскери ынтымақтастық жоспарын әзірлейді, ол ағымдағы жылғы 15 қарашаға дейін келісіледі және қабылданады.
2. Әскери ынтымақтастық жоспары іс-шаралар атауларын, оларды жүзеге асыру нысандарын, өткізу мерзімдері мен орындарын, жауапты органдарды, қаржыландыру көздерін және іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізуге байланысты басқа да мәселелерді қамтитын болады.
8-бап
1. Егер осы Келісімде немесе әрбір нақты жағдайда өзге тәртіп белгіленбеген немесе келісілмеген болса, Тараптар осы Келісімді орындауға байланысты барлық шығыстарды дербес көтереді. Бұл ретте осы Келісім шеңберіндегі іс-шараларды іске асыру Тараптардың бюджеттік жоспарлауына және қаражатының болуына байланысты болады.
2. Қабылдаушы Тарап өз мемлекетінің аумағында жіберуші Тарап делегациясының мүшелеріне шұғыл медициналық көмек көрсетуді және көліктік қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді.
3. Жіберуші Тарап:
1) өз делегациясы мүшелерінің қабылдаушы Тарап мемлекетінің аумағындағы сапар орнына бару және қайту жол ақысы;
2) Қабылдаушы Тарап мемлекетінің аумағына кіру үшін қажетті құжаттарды ресімдеу;
3) Қабылдаушы Тарап мемлекетінің аумағында тұру мен тамақтану шығыстарын көтереді.
9-бап
Тараптар құпия ақпаратты өзара қорғау туралы халықаралық шарт жасасқаннан кейін ғана құпия ақпарат алмасуды жүзеге асыратын болады.
10-бап
Осы Келісімнің ережелері Тараптардың өз мемлекеттері қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелеріне қатысты болмайды.
11-бап
Осы Келісімді түсіндіру немесе қолдану жөнінде даулар туындаған жағдайда Тараптар оларды консультациялар және келіссөздер жолымен шешетін болады.
12-бап
Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша оның ажырамас бөліктері болып табылатын жекелеген хаттамалармен ресімделетін және осы Келісімнің 13-бабында көзделген тәртіпте күшіне енетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
13-бап
1. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады, оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді.
2. Осы Келісім Тараптардың бірі дипломатиялық арналар арқылы осы Келісімнің қолданылуын тоқтату ниеті туралы екінші Тараптан жазбаша хабарлама алған күнінен бастап алты ай өткен соң қолданылуын тоқтатады.
3. Осы Келісімнің қолданылуы тоқтатылған жағдайда ол қолданыста болған кезеңде іске асырыла бастаған іс-шаралар олар толық орындалғанға дейін күшінде қалады.
Осыны растау үшін өз мемлекеттерінің Үкіметтері тиісті түрде уәкілеттік берген, төменде қол қойған өкілдер осы Келісімге қол қойды.
2012 жылғы 7 маусымда Рим қаласында әрқайсысы қазақ, италия, орыс және ағылшын тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды, бұл ретте барлық мәтіндердің күші бірдей.
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.
Қазақстан Республикасының Италия Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
2012 жылғы 7 маусымда Рим қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Италия Республикасының Үкіметі арасындағы Әскери ынтымақтастық туралы келісімнің бұл көшірмесінің дәлдігін куәландырамын.
Қазақстан Республикасының
Сыртқы істер министрлігі
Халықаралық құқық
департаментінің
Басқарма бастығы Д. Есентаев
РҚАО-ның ескертпесі!
Бұдан әрі Келісімнің италия тіліндегі мәтіні берілген.