Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
«Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі С. Ахметов
Жоба
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
ЗАҢЫ
Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы
Осы Заң мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау объектілерінде мемлекеттік аудитті және қаржылық бақылауды жүргізуге байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді және мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарын ұйымдастырудың, қызметінің және өкілеттіктерінің бірыңғай қағидаттарын белгілеуге бағытталған.
1-бөлім. Жалпы ережелер
1-тарау. Мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың негізгі ережелері
1-бап. Негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) Мемлекеттік аудиторлардың этика кодексі (Мемлекеттік аудиторлардың кәсіби этикасының қағидалары) (бұдан әрі – Этика кодексі) – мемлекеттік аудиторлардың этикалық мінез-құлық қағидаларының бірыңғай жиынтығы;
2) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау объектілері (бұдан әрі – мемлекеттік аудит объектілері) – мемлекеттік органдар, олардың ведомстволық бағынысты ұйымдары, мемлекеттік мекемелер, квазимемлекеттік сектор субъектілері;
3) электрондық мемлекеттік аудит – ақпараттық технологияларды және бағдарламалық құралдарды қолдану арқылы мемлекеттік аудитті жүзеге асыру;
4) бұзушылық – бюджет заңнамасының, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өзге нормативтік құқықтық актілерінің, оның ішінде квазимемлекеттік сектор субъектілерінің оларды іске асыру үшін қабылданған құқықтық актілерінің талаптары мен ережелеріне қайшы келетін әрекет (іс-әрекеттер немесе әрекетсіздік);
5) кемшіліктер – бұзушылықтарға жол беру мүмкіндігіне жағдай (бұзушылықтардың туындау тәуекелі) жасайтын іс-әрекеттер (әрекетсіздік);
6) бұзушылықтар жіктеуіші – бұзылған құқық нормалары және оларға Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тиiстi жауаптылық түрлерi көрсетiле отырып, мемлекеттік аудит объектілерінде анықталатын бұзушылық түрлерiнiң тiзбесiн және оларды жою тәсiлдерiн қамтитын құжат;
7) квазимемлекеттік сектор субъектілері – мемлекеттік кәсіпорындар, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, акционерлік қоғамдар, оның ішінде мемлекет қатысушысы немесе акционері болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар, сондай-ақ еншілес, тәуелді және Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiне сәйкес олармен аффилирленген болып табылатын өзге де заңды тұлғалар;
8) квазимемлекеттік сектордың республикалық субъектілері – құрылтайшысы, акционері, қатысушысы Қазақстан Республикасының Үкіметі, орталық мемлекеттік органдар немесе Қазақстан Республикасы Үкіметінің, орталық мемлекеттік органдардың атынан мемлекет қатысатын заңды тұлғалар болып табылатын квазимемлекеттік сектор субъектілері;
9) ішкі бақылау жүйесі – мемлекеттік аудит объектісінің басшылығы мемлекеттік аудит объектісін тиімді басқаруға қол жеткізу үшін қабылдайтын шаралар мен рәсімдер жүйесі;
10) тәуекелдерді бағалау – мемлекеттік аудит объектісінің өз мақсаттарына қол жеткізуіне әсер ететін тәуекелдерді анықтау және талдау процесі;
11) мемлекеттік аудитор – мемлекеттік аудитті және қаржылық бақылауды қамтамасыз ететін не жүзеге асыратын әкімшілік мемлекеттік қызметші;
12) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының қызметкерлері – мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарында лауазымға ие және мемлекеттің міндеттері мен функцияларын іске асыру мақсатында лауазымдық өкілеттіктерін жүзеге асыратын мемлекеттік қызметшілер.
2-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік аудит және
қаржылық бақылау туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Қазақстан Республикасының мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан, сондай-ақ оның аумағынан тыс жерлерде әрекет ететін мемлекеттік аудит объектілеріне қолданылады.
3. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта өзге қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
3-бап. Мемлекеттік аудит
1. Мемлекеттік аудит – мемлекеттік аудит объектілерінің мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарында олардың алдына қойылған мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу жөніндегі қызметтерін, көрсетілетін мемлекеттік қызметтер, кадрлық, қаржы, табиғи және өзге ресурстарды басқаруын, сондай-ақ мемлекеттік аудит объектілерінің қызметін жетілдіруге бағытталған басқару процестерін оңтайландыру бойынша қабылданатын шараларды функционалдық талдау, бағалау және тексеру, сондай-ақ қорытындысы бойынша осы Заңның 22-бабында көзделген құжаттарды жасай отырып, мемлекеттік орган және квазимемлекеттік сектор субъектілері қызметінің экномиканың жеке саласының немесе мемлекеттік басқару саласының дамуына ықпалын кешенді және объективті бағалау.
2. Мемлекеттік аудиттің мақсаты тәуекелдерді басқару жүйесі негізінде мемлекеттік аудит объектісін басқарудың және мемлекеттік қаражатты, мемлекеттің және квазимемлекеттік сектордың активтерін пайдаланудың тиімділігін арттыру болып табылады.
3. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік аудит сыртқы және ішкі мемлекеттік аудит болып бөлінеді.
Сыртқы мемлекеттік аудит – халықтың өмір сүру жағдайлары сапасының серпінді өсуін және елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ұлттық ресурстардың (қаржылық, табиғи, өндірістік, еңбек, ақпараттық) тиімді және заңды пайдаланылуын бағалау, тексеру.
Ішкі мемлекеттік аудит – мемлекеттік органның мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарында көзделген тікелей және түпкілікті нәтижелерге қол жеткізуін, қаржылық және басқарушылық ақпараттың сенімділігі мен дәйектілігін; басқару қызметі мен процестерінің тиімділігін, көрсетілетін қызметтердің сапасын, активтердің сақталуын және Қазақстан Республикасының бюджет және өзге де заңнамасының, сондай-ақ мемлекеттің қаржы қаражаты мен активтерінің пайдаланылуын регламенттейтін нормативтік құқықтық және құқықтық актілер талаптарының сақталуын тәуелсіз және объективті бағалау, тексеру және талдау.
4. Мемлекеттік аудит мынадай типтерге бөлінеді:
1) қаржылық есептілік аудиті – аудит объектісінің қаржылық есептілігінің, есепке алу жүйесінің және қаржылық жағдайының дұрыстығын, негізділігін бағалау;
2) тиімділік аудиті – аудит объектісінің қызметін үнемділік, өнімділік және нәтижелілік тұрғысынан бағалау және талдау;
3) сәйкестік аудиті – аудит объектісінің Қазақстан Республикасының бюджет және өзге заңнамасының, қаржы қаражатын және мемлекет активтерін пайдалануды регламенттейтін нормативтік және құқықтық актілердің талаптарын сақтауын, сондай-ақ оның қызметін бағалау, тексеру.
4-бап. Мемлекеттік аудит көрсеткіштері
Мемлекеттік аудит типіне қарай мынадай көрсеткіштер ескеріледі:
1) тиімділік – алынған нәтижелердің оларға қол жеткізу үшін пайдаланылған ресурстарды ескере отырып жоспарланған нәтижелерге ара қатынасы;
2) үнемділік – ресурстар қызметінің бағаланатын нәтижелерінің тиісті сапасын сақтай отырып, осы нәтижелерге қол жеткізу үшін бөлінген құнды барынша азайту;
3) өнімділік – бөлінген ресурстардың санын, сапасын және мерзімдерін ескере отырып бөлінген ресурстарды пайдалана отырып, экономика немесе жекелеген басқару саласы үшін барынша пайдалы нәтиже алу;
4) нәтижелілік – әрбір қызмет бойынша белгіленген міндеттердің іске асырылу деңгейі және тиісті қызметтің жоспарлы (тікелей, түпкілікті) және іс жүзіндегі нәтижелердің ара қатынасы;
5) мәнділік – мемлекеттік аудит кезіндегі қатенің барынша жоғары рұқсат етілетін, қаржылық есептілікте көрсетілген баптардың 10 %-ынан аспайтын мөлшері.
5-бап. Мемлекеттік қаржылық бақылау
1. Мемлекеттік қаржылық бақылау – мемлекеттік аудит объектісінің қызметінде салдарын жоюды және кінәлі адамдарды жауаптылыққа тартуды талап ететін Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтар анықталған кезде ден қою шаралары.
2. Мемлекеттік қаржылық бақылауды өз құзыретіне сәйкес мемлекеттік аудит объектілері анықтаған бұзушылықтарды жою мақсатында мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары жүзеге асырады.
Мемлекеттік аудит барысында мемлекеттік аудит объектілері ішкі аудит қызметтерін қоспағанда, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары бұзушылықтарды анықтаған кезде мемлекеттік қаржылық бақылаудың ден қою шаралары қолданылады.
3. Мемлекеттік қаржылық бақылаудың ден қою шаралары:
1) анықталған бұзушылықтарды аудиторлық есепте тіркеу және көрсету;
2) анықталған бұзушылықтарды жою және оларға жол берген адамдардың жауапкершілігін қарау туралы нұсқама шығару;
3) Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген құзырет шегінде әкімшілік іс жүргізуді қозғау;
4) мемлекеттік аудит объектісі лауазымды адамдарының
іс-әрекеттеріндегі қылмыстар немесе әкімшілік құқық бұзушылықтар белгілері анықталған жағдайларда, мемлекеттік аудит материалдарын құқық қорғау органдарына немесе әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қозғауға және (немесе) қарауға уәкілеттік берілген органдарға беру;
5) анықталған бұзушылықтар сомасын бюджетке өтеуді және нұсқаманы орындауды қамтамасыз ету мақсатында сотқа талап-арызды жіберу болып табылады.
4. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ішкі аудит қызметін (бұдан әрі – ішкі аудит қызметтері) қоспағанда, ішкі аудит қызметтері осы баптың 3-тармағының 1), 4) тармақшаларында көзделген мемлекеттік қаржылық бақылау шараларын жүргізеді.
6-бап. Бұзушылықтар жіктеуіші
1. Анықталған бұзушылықтарды жіктеу, сондай-ақ олардың нәтижелері туралы есептілікті қалыптастыру кезінде бірыңғай көзқарасты қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары бұзушылықтар жіктеуішін қолданады.
Бұзушылықтар жіктеуішін ішкі аудит жөніндегі уәкілетті органмен келісім бойынша Қазақстан Республикасы республикалық бюджетінің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті (бұдан әрі – Есеп комитеті) әзірлейді және бекітеді.
2. Бұзушылықтар жіктеуіші бұзушылықтардың мынадай түрлерін қамтиды:
1) қаржылық бұзушылықтар – бюджетті бекітуді қоспағанда, бюджет қаражатын, мемлекет активтерін, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің активтерін, байланысты гранттарды, мемлекет кепілдік берген қарыздарды пайдалану кезінде негізсіз жұмсауға әкеп соққан, мемлекет кепілгерлік берумен, оның ішінде бюджеттің атқарылуымен байланысты басқа да қызмет кезіндегі бюджеттік процестердің бұзушылықтар, сондай-ақ нормативтік құқықтық және құқықтық актілердің, оның ішінде квазимемлекеттік сектор субъектілерінің іске асыруы үшін қабылданған актілерінің ережелерін бұзушылық;
2) рәсімдік сипаттағы бұзушылықтар – бюджетті бекітуді қоспағанда, бюджет қаражатын, мемлекет активтерін, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің активтерін, байланысты гранттарды, мемлекет кепілдік берген қарыздарды негізсіз жұмсауға әкеп соқпаған, мемлекет кепілгерлік берумен байланысты, оның ішінде бюджеттің атқарылуымен байланысты басқа да қызмет кезіндегі бюджеттік процестердің бұзушылықтары, сондай-ақ нормативтік құқықтық және құқықтық актілердің, оның ішінде квазимемлекеттік сектор субъектілерінің іске асыру үшін қабылданған актілерінің ережелерін бұзушылық.
3. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау нәтижелері бойынша анықталған қаржылық бұзушылықтардың сомасы жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету, тауарларды беру және (немесе) есепке алу бойынша көрсету арқылы тиісті бюджеттің кірісіне қайтарылуға, қалпына келтірілуге жатады.
Бюджетке қайтару мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органының нұсқамасы және (немесе) сот шешімі негізінде жүзеге асырылады.
7-бап. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау қағидаттары
Мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың негізгі қағидаттары:
1) тәуелсіздік және объективтілік – мемлекеттік аудит және қаржылық бақылауды жүргізу кезінде мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының тәуелсіздігіне қол сұғатын араласуға жол бермеу, сондай-ақ мемлекеттік аудитті және қаржылық бақылауды қатаң Қазақстан Республикасының заңнамасына, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау стандарттарына сәйкес жүргізу, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының мемлекеттік аудит және қаржылық бақылауды жүргізу кезінде алаламау және турашылдық тәсілдерін қолдануы;
2) кәсіби құзыреттілік – мемлекеттік аудиторлардың мемлекеттік аудитті және қаржылық бақылауды білікті және сапалы жүргізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін білім мен дағдының қажетті көлеміне ие болуы, сондай-ақ кәсіби борыш пен Этика кодексін негізге алуы;
3) құпиялылық – Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау барысында алатын немесе өздері жасайтын құжаттарды үшінші тұлғаларға беру не онда қамтылған мәліметтерді ауызша жариялау құқығынсыз сақтау бойынша міндеттемесі;
4) дәйектілік – мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау нәтижелерін бухгалтерлік, банк немесе өзге құжаттармен растау;
5) ашықтық – мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау нәтижелерін баяндау анықтығы;
6) жариялылық – құпиялылық, қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияның режимін қамтамасыз етуді ескере отырып, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау нәтижелерін жариялау;
7) мемлекеттік аудит нәтижелерін өзара тану – мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының бекітілген мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау стандарттарын сақтаған жағдайда бір-бірінің мемлекеттік аудит нәтижелерін тануы.
8-бап. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау стандарттары
1. Мемлекеттік аудитке және қаржылық бақылауға қойылатын бірыңғай талаптар мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау стандарттарында айқындалады.
2. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау стандарттары былайша бөлінеді:
1) мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың жалпы стандарты (бұдан әрі – Жалпы стандарт) – ол халықаралық стандарттардың негізінде әзірленеді және мемлекеттік аудит пен қаржылық бақылау органдарының қызметіне қойылатын негізін қалайтын талаптарды қамтиды.
Жалпы стандартты Есеп комитеті әзірлейді және Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді;
2) мемлекеттік аудитті тікелей жүргізуге (рәсіміне, тетігіне және әдістеріне) қойылатын негізін қалайтын талаптарды қамтитын мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың рәсімдік стандарттары.
Сыртқы мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың рәсімдік стандарттарын Есеп комитеті әзірлейді және бекітеді. Сыртқы мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау рәсімдік стандарттарының тізілімін және оларды әзірлеу тәртібін Есеп комитеті анықтайды.
Қаржылық есептілік мемлекеттік аудитінің рәсімдік стандарттарын, ішкі мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау рәсімдік стандарттарын Есеп комитетімен келісім бойынша ішкі аудит жөніндегі уәкілетті орган әзірлейді және Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
3. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау стандарттары мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының, мемлекеттік аудит жүргізуге тартылған адамдардың (ұйымдардың) орындауы үшін міндетті.
4. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде ішкі аудит Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
2-тарау. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының
жүйесі және олардың құзыреті
9-бап. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүйесін
мемлекеттік реттеу
Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүйесін мемлекеттік реттеуді Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасының Үкіметі, Есеп комитеті және ішкі аудит жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.
10-бап. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының
жүйесі
1. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының жүйесін:
1) мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың тәуелсіз жоғары органы болып табылатын Есеп комитеті;
2) облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың есеп комиссиялары (бұдан әрі – есеп комиссиялары);
3) ішкі аудит жөніндегі уәкілетті орган;
4) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі ішкі аудитінің қызметін, облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімдері аппараттарын қоспағанда, орталық мемлекеттік органдардың ішкі аудит қызметтері;
5) көзделген штат саны шеңберінде бірінші басшының қалауы бойынша құрылатын орталық мемлекеттік органдардың ведомстволарының ішкі аудит қызметтері құрайды.
2. Есеп комитеті және есеп комиссиялары сыртқы мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың уәкілетті органдары болып табылады.
Ішкі аудит жөніндегі уәкілетті орган және ішкі аудит қызметтері ішкі мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары болып табылады.
3. Ішкі аудит қызметтері дербес заңды тұлғалар болып табылмайды.
11-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) ішкі аудит жөніндегі уәкілетті органды анықтайды;
2) ішкі мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың рәсімдік стандарттарын бекітеді;
3) қаржылық есептіліктің ішкі мемлекеттік аудитінің рәсімдік стандарттарын бекітеді;
4) ішкі аудит қызметтері туралы үлгілік ережені бекітеді;
5) Ішкі мемлекеттік аудитті және қаржылық бақылауды жүргізу қағидаларын бекітеді;
6) Қаржылық есептіліктің ішкі мемлекеттік аудитін жүргізу қағидаларын бекітеді;
7) өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясымен, заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды атқарады.
12-бап. Есеп комитетінің құзыреті
1. Есеп комитеті мемлекеттік аудит типтеріне сәйкес мемлекеттік аудитті және қаржылық бақылауды жүргізу арқылы:
1) республикалық бюджеттің, оның ішінде Қазақстан Республикасының бюджет жүйесінің қағидаттарына сәйкес тиісті қорытындыларды дайындай отырып, қалыптастырылуын және атқарылуын;
2) республикалық бюджетті атқару және мемлекет активтерін пайдалану бөлігінде, ал Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмалары бойынша өзге де бағыттар бойынша мемлекеттік аудит объектілері қызметінің тиімділігін, мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының іске асырылуын;
3) ұлттық холдингтердің даму стратегияларының іске асырылуын;
4) квазимемлекеттік сектордың республикалық субъектілері қызметінің экономиканың немесе экономиканың жеке саласының, әлеуметтік және мемлекеттік басқарудың басқа да салаларының дамуына әсер етуін;
5) мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген борышты қалыптастыруды және басқаруды, мемлекеттің жалпы сыртқы борышының мониторингін жүргізу жөніндегі қызметті;
6) байланысты гранттарды, бюджеттік инвестицияларды, мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыздарды, мемлекет кепілгерліктерін және активтерін пайдалану тиімділігін;
7) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының қызметін;
8) тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға бөлінген (жұмсалған) ұлттық қаржы ресурстарының мөлшері мен сатып алынған тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің нарықтық құны арасындағы айырмашылықты бағалауды қоса алғанда, мемлекеттік органдардың және квазимемлекеттік сектордың республикалық субъектілерінің тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуын, баға белгілеу тәртібін жоспарлау негізділігін, іске асырылуын және жүзеге асыру тиімділігін;
9) квазимемлекеттік сектор субъектілерінің активтерін басқару тиімділігін;
10) ұлттық табиғи ресурстарды басқаруды және пайдалануды бағалауды жүзеге асырады.
2. Есеп комитеті мемлекеттік аудит типтеріне сәйкес мемлекеттік аудитті және қаржылық бақылауды жүргізу арқылы:
1) мемлекеттік аудит объектісінің бухгалтерлік есеп пен есептілікті жүргізу дәйектілігін және дұрыстығын, оның ұлттық ресурстарды пайдалану бойынша қызметінің Қазақстан Республикасының бюджет және өзге заңнамасының талаптарына сәйкестігін;
2) мемлекеттік органдар мен республикалық бюджеттен қаржыландырылатын квазимемлекеттік сектор субъектілері сатып алатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің мерзімі, көлемі, бағасы, саны және сапасы бойынша шарт талаптарының орындалуын;
3) республикалық бюджетке түсетін түсімдердің толықтығы мен уақтылылығын, бюджетке түсетін түсімдердің алынуын, сондай-ақ республикалық бюджеттен түсетін түсімдер сомасын қайтару дұрыстығын, қате (артық) төленгенін, салықтық және кедендік әкімшілендіру тиімділігін;
4) мемлекеттік төтенше бюджеттің атқарылуын;
5) республикалық бюджет қаражатын, оның ішінде нысаналы трансферттер мен кредиттерді, байланысты гранттарды, мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыздарды, сондай-ақ мемлекеттің кепілгерліктерін, активтерін, оның ішінде республикалық мемлекеттік мүлікті пайдаланудың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкестігін;
6) Қазақстан Республикасы Ұлттық қоры қаражатының қалыптастырылуын және пайдаланылуын;
7) қаржылық есептілік аудитін қоспағанда, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі активтерінің Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің келісімімен ғана немесе тапсырмасы бойынша пайдаланылуын;
8) квазимемлекеттік сектор субъектілерінің өздеріне бөлінген бюджет қаражатын пайдалануын қаржы-экономикалық негіздемеге сәйкестігі тұрғысынан тексеруді жүзеге асырады.
3. Есеп комитеті:
1) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін қоспағанда, республикалық бюджеттің шоғырландырылған қаржылық есептілігінің аудитін, бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері мен мемлекеттік мекемелердің қаржылық есептіліктерінің аудитін, шарттардың тиімділігі аудитін, қоршаған орта, ақпараттық технологиялар салаларындағы тиімділік аудитін жүргізеді;
2) өз құзыреті шегінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдар бойынша шараларды қамтамасыз етеді;
3) Қазақстан Республикасының Үкіметінен, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінен, мемлекеттік органдардан, жеке және заңды тұлғалардан ведомстволық ақпараттық жүйелер деректерінің құрамы және форматы туралы мәліметтерді, сондай-ақ сыртқы мемлекеттік аудитті жоспарлау мен жүргізуге, республикалық бюджеттің атқарылуы туралы, оның ішінде құпиялылық, қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпия режимінің сақталуын ескере отырып, мемлекеттік аудит саласында зерттеулер жүргізу үшін есептерді дайындауға қатысты мәселелер бойынша қажетті құжаттаманы және ақпаратты ауызша және (немесе) жазбаша нысанда сұратады және алады;
4) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес мемлекеттік аудит жүргізу үшін қажетті мемлекеттік ақпараттық жүйелерге, оның ішінде бюджетті қалыптастыру және атқару бойынша мемлекеттік функцияларды уақтылы және сапалы орындауға бағытталған ақпараттық жүйелерге рұқсат алады;
5) мемлекеттік органдардан, мемлекеттік аудит объектілерінен тиісті материалдарды (дәлелдемелерді): анықтамаларды, ауызша және жазбаша түсініктемелерді жоспарлауға байланысты мәселелер бойынша – кемінде бес жұмыс күні мерзімінде, сыртқы мемлекеттік аудитті және қаржылық бақылауды жүргізуге байланысты мәселелер бойынша – кемінде бір жұмыс күні мерзімінде кедергісіз алады;
6) мемлекеттік аудит объектілерінің лауазымды адамдарының сыртқы мемлекеттік аудитті жүргізумен байланысты мәселелер бойынша тиісті есептерін тыңдайды;
7) мемлекеттік аудит және сараптау-талдамалық іс-шаралар барысында анықталған (анықталатын) бұзушылықтарды жою жөніндегі, сондай-ақ ұсынылған өкілеттіктер шегінде қаржы-экономикалық саладағы ұлттық қауіпсіздікке төнетін қатерді анықтау, талдау, бағалау және болжамдау жөніндегі шаралар қабылдайды;
8) мемлекеттік аудит қорытындылары бойынша тиісті мемлекеттік органдарға, Қазақстан Республикасының Президентіне немесе лауазымды адамдарды тағайындаған тұлғаларға оларды тәртіптік жауаптылыққа тарту туралы ұсыныстар енгізеді;
9) Қазақстан Республикасының Үкіметіне, мемлекеттік органдар мен мемлекеттік аудит объектілеріне жіберілген ұсынымдар мен тапсырмалардың орындалу мониторингін жүргізеді;
10) құпиялылық режимін, қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге құпияны сақтауды ескере отырып, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының аудиторлық есептерін сұратады және талдайды және мемлекеттік аудит сапасын арттыру жөнінде ұсынымдар береді;
11) талдау және ғылыми зерттеулер жүргізеді, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау саласында әдіснамалық басшылықты жүзеге асырады, мемлекеттік аудит саласында оқыту бағдарламаларын іске асырады;
12) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының қызметкерлерін қайта даярлау мен олардың біліктілігін арттыруды ұйымдастырады.
4. Есеп комитеті мыналарды:
1) Сыртқы мемлекеттік аудитті және қаржылық бақылауды жүргізу қағидаларын;
2) Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын, ұлттық холдингтерді дамыту стратегияларын бағалауды жүргізу қағидаларын;
3) Есеп комитетінің Корпоративтік кадрлық саясат қағидаларын;
4) Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының қызметкерлерін қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру қағидаларын;
5) Сыртқы мемлекеттік аудиторлардың білімін растау қағидаларын;
6) ішкі аудит жөніндегі уәкілетті органмен бірлесіп Тәуекелдерді басқару жүйесіне бірыңғай қағидаттар мен тәсілдерді;
7) сыртқы мемлекеттік аудитті жоспарлау және жүргізу кезінде қолданылатын Тәуекелдерді басқарудың үлгілік жүйесін;
8) ішкі аудит жөніндегі уәкілетті органның келісуі бойынша Этика кодексін;
9) сыртқы мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың рәсімдік стандарттарын;
10) Сыртқы мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың рәсімдік стандарттарының тізілімін және Сыртқы мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың рәсімдік стандарттарын әзірлеу қағидаларын;
11) мемлекеттік аудит қорытындылары бойынша қабылданатын актілердің нысандарын, тиісті нысандарда пайдаланылатын Есеп комитетінің және есеп комиссияларының логотипін;
12) Есеп комитетінің регламентін;
13) Есеп комиссиялары туралы үлгілік ережені;
14) Мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың бірыңғай деректер базасын қалыптастыру мен жүргізудің және оның деректерін пайдаланудың қағидаларын;
15) Сертификатталған мемлекеттік аудиторлар тізілімін жүргізу қағидаларын;
16) Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының Үйлестіру Кеңесі туралы ережені;
17) мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның келісімімен «Б» корпусының әкімшілік мемлекеттік қызметшілері болып табылатын сыртқы аудит органдарының мемлекеттік аудиторларына қойылатын үлгілік біліктілік талаптарын әзірлейді және бекітеді.
5. Есеп комитеті мыналарды:
1) Мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың жалпы стандартын;
2) Республикалық бюджет шығыстарының негізгі бағыттары бойынша оның жобасын алдын ала бағалауды жүргізу қағидаларын;
3) Есеп комитеті туралы ережені әзірлейді және оларды Қазақстан Республикасының Президентіне бекітуге енгізеді.
6. Есеп комитеті:
1) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ішкі аудит қызметін қоспағанда, ішкі аудит жөніндегі уәкілетті органның, ішкі аудит қызметтерінің тәуекелдерді басқару жүйесін үйлестіреді;
2) басқа бақылау және қадағалау органдарымен, өзге де мемлекеттік органдармен, мемлекеттік аудит объектілерімен ақпарат алмасу, сондай-ақ электрондық мемлекеттік аудит жүргізу мақсатында Мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың бірыңғай деректер базасының дамуын, жұмыс істеуін және оған қолжетімділікті қамтамасыз етеді;
3) бюджет және Қазақстан Республикасының өзге, оның ішінде ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы заңнамасын жетілдіру жөніндегі ұсынымдарды енгізеді, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және келіседі;
4) сыртқы мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының жұмысын үйлестіру үшін, оның ішінде басқа мемлекеттік органдармен (ұйымдармен) өзара іс-қимыл жасау бойынша құқықтық актілерді қабылдайды;
5) Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларды, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге құпияны қорғау туралы заңнамасының талаптарын ескере отырып, өз қызметі туралы ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдарында тұрақты түрде орналастырып отырады;
6) мемлекеттік органдардың тиісті мамандарын, оның ішінде есеп комиссияларын, сондай-ақ қажет болған кезде аудиторлық ұйымдарды, сарапшыларды олардың қызметіне республикалық бюджеттен ақы төлей отырып, сыртқы мемлекеттік аудитті және қаржылық бақылауды жүргізуге тартады;
7) есеп комиссияларына әдістемелік көмек көрсетеді;
8) өздері қабылдаған актілердің мерзімді жинақтарын, бюллетеньдерді, журналдарды және басқа да басылымдарды шығарады.
13-бап. Есеп комиссиясының құзыреті
1. Есеп комиссиясы тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің шегінде мыналарды:
1) жергілікті бюджеттің, оның ішінде Қазақстан Республикасының бюджет жүйесінің қағидаттарына сәйкес тиісті қорытындылар дайындай отырып, атқарылуын;
2) аумақтарды дамыту бағдарламалары мен бюджеттік бағдарламаларға қол жеткізілуін және олардың іске асырылуын;
3) байланысты гранттарды, бюджеттік инвестицияларды, жергілікті атқарушы органдардың қарыздарын және мемлекет активтерін пайдалану тиімділігін;
4) жергілікті мемлекеттік орган және квазимемлекеттік сектор субъектілері қызметінің экономиканың немесе жекелеген экономика саласының, мемлекеттік басқарудың әлеуметтік және басқа да салаларының дамуына ықпалын;
5) тиісті бюджеттің атқарылуы мен мемлекет активтерінің пайдаланылуы бөлігінде, ал Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмалары бойынша өзге де бағыттар бойынша мемлекеттік аудит объектілері қызметінің, аумақтарды дамыту бағдарламаларын іске асыруының тиімділігін;
6) тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға бөлінген (жұмсалған) жергілікті қаржы ресурстарының мөлшері мен сатып алынған тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің нарықтық құны арасындағы айырманы бағалауды қоса алғанда, тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуды, баға белгілеу тәртібін жоспарлаудың, іске асырудың және жергілікті мемлекеттік органдардың және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жүзеге асыруы тиімділігінің негізділігін;
7) квазимемлекеттік сектор субъектілері активтерін, мемлекетке тиесілі акцияларды (қатысу үлестерін) басқару тиімділігін;
8) табиғи ресурстардың басқарылуын және пайдаланылуын бағалауды жүзеге асырады.
2. Есеп комиссиясы тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің шегінде мыналарды:
1) мемлекеттік аудит объектілерінің есеп пен есептілікті жүргізу дәйектілігін және дұрыстығын, олардың қызметінің Қазақстан Республикасының бюджет және өзге заңнамасының талаптарына сәйкестігін;
2) жергілікті мемлекеттік органдардың және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алынатын тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер мерзімі, көлемі, бағасы, саны мен сапасы бойынша шарт талаптарын орындауын;
3) жергілікті бюджетке түсетін түсімдердің толықтығы мен уақтылылығын, бюджетке түсетін түсімдердің алынуын, сондай-ақ жергілікті бюджеттен түсетін түсімдердің қате (артық) төленген сомасын қайтару, есепке жатқызу дұрыстығын, салықтық әкімшілендіру тиімділігін;
4) жергілікті бюджеттің, оның ішінде жоғары тұрған бюджеттен төмен тұрған бюджетке нысаналы трансферттер және бюджеттік кредиттер түрінде бөлінген қаражатын, байланысты гранттарды, жергілікті атқарушы органдардың қарыздарын, мемлекет активтерін, оның ішінде коммуналдық мемлекеттік мүлікті пайдаланудың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкестігін;
5) квазимемлекеттік сектор субъектілерінің өздеріне бөлінген жергілікті бюджеттің қаражатын пайдалануын қаржы-экономикалық негіздемеге сәйкестігі тұрғысынан тексеруді жүзеге асырады.
3. Есеп комиссиясы тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің шегінде мыналарды:
1) жергілікті бюджеттің шоғырландырылған қаржылық есептілігінің аудитін, бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері мен жергілікті деңгейдегі мемлекеттік мекемелердің қаржылық есептіліктерінің аудитін жүргізеді;
2) әкімдіктен, мемлекеттік органдардан, жеке және заңды тұлғалардан ведомстволық ақпараттық жүйелер деректерінің құрамы және форматы туралы мәліметтерді, сондай-ақ сыртқы мемлекеттік аудитті және қаржылық бақылауды жоспарлау мен жүргізуге, құпиялылық, қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпия режимінің сақталуын ескере отырып, жергілікті бюджеттердің атқарылуы туралы есептерді дайындауға қатысты мәселелер бойынша қажетті құжаттаманы және ақпаратты ауызша және (немесе) жазбаша нысанда сұратады және алады;
3) мемлекеттік органдардан және мемлекеттік аудит объектілерінен тиісті материалдарды (дәлелдемелерді): анықтамаларды, ауызша және жазбаша түсініктемелерді сыртқы мемлекеттік аудитті жоспарлаумен байланысты мәселелер бойынша – кемінде бес жұмыс күні мерзімінде, сыртқы мемлекеттік аудитті және қаржылық бақылауды жүргізумен байланысты мәселелер бойынша – кемінде бір жұмыс күні мерзімінде кедергісіз алады;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті жергілікті бюджеттің атқарылуы жөніндегі мемлекеттік аудитті жүргізу үшін қажетті мемлекеттік ақпараттық жүйелерге, оның ішінде бюджеттің атқарылуы жөніндегі мемлекеттік функцияларды уақтылы және сапалы орындауға бағытталған ақпараттық жүйелерге рұқсат алады;
5) мемлекеттік аудит объектілерінің лауазымды адамдарының сыртқы мемлекеттік аудитті жүргізумен байланысты мәселелер бойынша тиісті есептерін тыңдайды;
6) ұсынылған өкілеттіктер шегінде мемлекеттік аудит және сараптау-талдамалық іс-шаралар барысында анықталған (анықталатын) бұзушылықтарды жою жөніндегі, сондай-ақ қаржы-экономикалық саладағы ұлттық қауіпсіздікке төнетін қатерді анықтау, талдау, бағалау және болжау жөніндегі шаралар қабылдайды;
7) лауазымды адамдардың Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін сақтамауының айқындалған фактілері бойынша, сондай-ақ тиімділік аудитінің нәтижелері бойынша мәслихатқа ұсыныстар енгізеді;
8) әкімдікке, жергілікті мемлекеттік органдарға, орталық мемлекеттік органдар ведомстволарының аумақтық бөлімшелеріне және мемлекеттік аудит объектілеріне жіберілген ұсынымдар мен тапсырмалардың орындалу мониторингін жүргізеді;
9) Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларды, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны қорғау туралы заңнамасының талаптарын ескере отырып, бұқаралық ақпарат құралдарында өз қызметі туралы ақпарат орналастырып отырады.
14-бап. Ішкі аудит жөніндегі уәкілетті органның құзыреті
1. Ішкі аудит жөніндегі уәкілетті орган:
1) ішкі аудит қызметтерінің жұмысын үйлестіреді;
2) ішкі аудит қызметтеріне әдіснамалық және консультациялық, оның ішінде мемлекеттік аудит объектілері үшін тәуекелдерді басқару жүйесін құру жөнінде көмек берілуін қамтамасыз етеді;
3) мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның келісімімен «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшісі болып табылатын ішкі аудит қызметтерінің мемлекеттік аудиторларына қойылатын үлгілік біліктілік талаптарын әзірлейді және бекітеді;
4) ішкі аудит қызметтері туралы үлгілік ережені әзірлейді;
5) Есеп комитетімен келісім бойынша Ішкі мемлекеттік аудитті және қаржылық бақылауды жүргізу қағидаларын әзірлейді;
6) Есеп комитетімен келісім бойынша Қаржылық есептіліктің ішкі мемлекеттік аудитін жүргізу қағидаларын әзірлейді;
7) Есеп комитетімен бірлесіп Тәуекелдерді басқару жүйесіне бірыңғай қағидаттар мен тәсілдерді бекітеді;
8) ішкі мемлекеттік аудитті жоспарлау және жүргізу кезінде қолданылатын Тәуекелдерді басқарудың үлгілік жүйесін әзірлейді және бекітеді;
9) ішкі мемлекеттік аудиторлардың білімдерін растау қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
10) оқыту, даярлау және біліктілігін арттыру бойынша ішкі мемлекеттік аудиторлардың қызметін ұйымдастырады;
11) жүргізілген мемлекеттік аудит және олар бойынша қабылданған шаралар бойынша ішкі аудит қызметтерінің есепті ақпаратына талдау жүргізеді;
12) ішкі аудит қызметтері жұмысының тиімділігіне бағалау жүргізеді;
13) ішкі аудит қызметтерінің жұмысы туралы жыл сайынғы есепті дайындайды және Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсынады;
14) ішкі аудит қызметтерінің мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау стандарттарының және Ішкі мемлекеттік аудитті және қаржылық бақылауды жүргізу қағидаларының сақталуына бақылауды жүзеге асырады;
15) Есеп комитетімен келісім бойынша ішкі мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың рәсімдік стандарттарын, қаржылық есептіліктің ішкі мемлекеттік аудитінің рәсімдік стандарттарын әзірлейді;
16) мемлекеттік органдардың басшыларына ішкі аудит қызметтерінің басшыларына, мемлекеттік аудиторларына қатысты жауаптылығын қарау туралы ұсыныстар енгізеді;
17) мыналардың:
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін қоспағанда, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың;
мемлекеттік мекемелердің;
қызметтері Қазақстан Республикасының аудиторлық қызмет туралы заңнамасында реттелетін ұйымдарды қоспағанда, мемлекеттік ұйымдардың қаржылық есептілік аудитін жүргізеді;
18) Үкімет құрылымына кіретін мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігіне, оның ішінде жыл сайынғы бағалау жүйесінің шеңберінде жүргізілетін талдау негізінде кешенді аудит жүргізеді;
19) Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының сақталуын бақылауды жүзеге асырады.
2. Сәйкестік аудиті арқылы мыналарды:
1) Қазақстан Республикасының Үкіметі резервінің пайдаланылуын;
2) бюджеттік инвестициялық жобалардың сметалық құнының ұлғаюына (қымбаттауына) байланысты шығыстарды;
3) республикалық және жергілікті бюджеттерге түсетін салықтық емес түсімдердің есептелуі мен аударылуының негізділігіне, толықтығына, уақтылылығы мен дәйектілігіне қатысты мәселелер бойынша;
4) республикалық және жергілікті бюджеттер қаражатын, кредиттерді, байланысты гранттарды, мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыздарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің тапсырмалары бойынша мемлекет пен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің кепілгерліктерді, активтерді пайдалануын;
5) Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің ақпараттық жүйелері деректерінің мониторингі нәтижелері бойынша;
6) Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік, бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік, аудиторлық қызмет саласындағы заңнамасының сақталуы мәселелері бойынша тексеруді жүзеге асырады.
3. Ішкі аудит жөніндегі уәкілетті орган:
1) халықаралық келісімдерде көзделген жағдайларда мемлекеттік қарыздарды беру, пайдалану шарттары мен рәсімдерінің сақталуына бақылауды жүзеге асырады;
2) мемлекеттік аудит объектілеріне жіберілетін нұсқамалар мен мемлекеттік аудит нәтижелері бойынша қабылданған шешімдердің орындалуына бақылауды жүзеге асырады;
3) анықталған бұзушылықтар сомасының бюджетке өтелуін қамтамасыз ету мақсатында сотқа қуынымдар жібереді;
4) мемлекеттік аудит объектілерінен, басқа мемлекеттік органдардан, жеке және заңды тұлғалардан қажетті құжаттарды, анықтамаларды, ауызша және жазбаша түсініктемелерді: ішкі мемлекеттік аудитті жоспарлаумен байланысты мәселелер бойынша – кемінде бес жұмыс күні мерзімінде, ішкі мемлекеттік аудитті және қаржылық бақылауды жүргізумен байланысты мәселелер бойынша – кемінде бір жұмыс күні мерзімінде сұратады және алады;
5) Қазақстан Республикасының заңдарына және Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілеріне сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
15-бап. Ішкі аудит қызметінің құзыреті
1. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін қоспағанда, ішкі аудит қызметтері барлық орталық мемлекеттік органдарда және облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімдері аппараттарында құрылады.
Мемлекеттік органның бірінші басшысының қарауы бойынша ведомстволарда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітілген штат саны шегінде ішкі аудит қызметтері құрылады.
2. Ішкі аудит қызметі:
1) қаржылық есептілік аудитін жүргізуге қатысады;
2) Ішкі мемлекеттік аудитті және қаржылық бақылауды жүргізу қағидаларында белгіленген тәртіппен мемлекеттік органда, оның аумақтық бөлімшелерінде, ведомстволық бағынысты ұйымдары мен мекемелерінде олардың қызметтерінің барлық бағыттары бойынша тиімділік аудитін жүргізеді;
3) ішкі процестердің (бизнес-процестердің) тәуекелдерін басқару жүйесінің негізінде мемлекеттік органда, оның аумақтық бөлімшелері мен ведомстволық бағынысты ұйымдарында ішкі бақылау және басқару жүйесінің жұмыс істеуіне бағалауды жүзеге асырады;
4) бюджет шығыстарымен өзара байланыста мемлекеттік органның стратегиялық жоспарының және аумақтарды дамыту бағдарламаларының мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізуді талдайды;
5) мемлекеттік органда және оның ведомстволық бағынысты ұйымдары мен мекемелерінде сәйкестікке, оның ішінде мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшелері, оның ведомстволық бағынысты ұйымдары мен мекемелері қызметінің нормативтік құқықтық актілерге, көрсетілген функцияларға және бекітілген қызмет жоспарларына сәйкестік аудитін жүргізеді;
6) шарттар талаптарының орындалуына, оның ішінде сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің мерзімі, көлемі, бағасы, саны және сапасы бойынша сәйкестік аудитін жүргізеді;
7) объектіге шығу құқығымен, нысаналы даму трансферттерін іске асыруды қоса алғанда, бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бюджеттік инвестицияларын іске асыруын бақылауды жүзеге асырады;
8) мемлекеттік аудит объектілерінен қажетті құжаттарды, анықтамаларды, ауызша және жазбаша түсініктемелерді: ішкі мемлекеттік аудитті жоспарлаумен байланысты мәселелер бойынша – кемінде бес жұмыс күні мерзімінде, ішкі мемлекеттік аудитті және қаржылық бақылауды жүргізумен байланысты мәселелер бойынша – кемінде бір жұмыс күні мерзімінде сұратады және алады;
9) құпиялылық режимінің, қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияның сақталуын ескере отырып, мемлекеттік аудит объектілерінің мемлекеттік аудит мәселелеріне жататын құжаттамасымен кедергісіз танысады;
10) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес республикалық және (немесе) жергілікті бюджеттердің қаражатын пайдалану кезінде бұзушылықтардың жолын кесу, оларға жол бермеу жөніндегі, анықталған кемшіліктерді жою, мемлекеттік орган қызметінің ішкі процестерін басқару жүйесін жақсарту жөніндегі ұсынымдармен бірге ішкі мемлекеттік аудит нәтижелері туралы есепті мемлекеттік органның басшысына енгізеді;
11) жүргізілген мемлекеттік аудит, іс-шаралар және қабылданған шаралар бойынша есептер мен ақпаратты ішкі аудит жөніндегі уәкілетті органға жібереді;
12) тиісті мемлекеттік орган басшысы бекітетін ішкі мемлекеттік аудитті жүргізудің перспективалық және жылдық жоспарларын әзірлейді;
13) тиісті органның басшысы үшін жыл сайынғы жоспарлардың орындалу мониторингінің тоқсан сайынғы есептерін жасайды;
14) мемлекеттік органның басшысы мен ішкі аудит жөніндегі уәкілетті органның алдында жасалған жұмыс туралы жыл сайын есеп береді.
16-бап. Мемлекеттік аудит және тәуекелдер жөніндегі кеңес
Ішкі мемлекеттік аудит, тәуекелдерді басқару шеңберінде тиімді өзара іс-қимылды ұйымдастыру мақсатында, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін қоспағанда, мемлекеттік органның ішінде мемлекеттік органның бірінші басшысы басқаратын консультативтік-кеңесші орган – Мемлекеттік аудит және тәуекелдер жөніндегі кеңес құрылады.
Мемлекеттік аудит және тәуекелдер жөніндегі кеңестің негізгі міндеттері, қызметін ұйымдастыру тәртібі, құрамы ішкі мемлекеттік аудитті және қаржылық бақылауды жүргізу қағидаларында айқындалады.
3-тарау. Мемлекеттік аудиттің рәсімдік негіздері
17-бап. Мемлекеттік аудитті жүргізу рәсімі
1. Мемлекеттік аудит мынадай өзара байланысты:
1) егер осы Заңда өзгеше белгіленбесе, тәуекелдерді басқару жүйесінің негізінде мемлекеттік аудитті ұйымдастыруды көздейтін жоспарлау;
2) жеке мемлекеттік аудитті жоспарлау және оны жүргізу жөніндегі тікелей қызметті білдіретін мемлекеттік аудит рәсімдерін қолдану;
3) есептілік жасау және жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындылары бойынша шешімдер қабылдау кезеңдерінен тұрады.
2. Мемлекеттік аудит кезеңдері мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың рәсімдік стандарттарында регламенттеледі.
3. Мемлекеттік аудитті жүргізу мерзімін мемлекеттік аудиттің типі мен түріне, алдағы жұмыстардың көлемдеріне, мемлекеттік аудитпен қамтылатын қаражат көлемдеріне, бақылау объектілерінің санына қарай, мемлекеттік аудитті және қаржылық бақылауды жүргізудің тиісті қағидаларында көзделген шеңберде мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органының басшысы белгілейді, сондай-ақ ол жоспарланған жұмыс көлемін орындау үшін оңтайлы болуға тиіс.
4. Мемлекеттік аудитті жүргізу мерзімі, ол аяқталғанға дейін кемінде 5 күн бұрын мемлекеттік аудит органының басшысы оны жүргізу үшін жауапты лауазымды тұлғаның жазбаша өтініші бойынша жұмыс жоспарына тиісті өзгерістер енгізумен ұзартылуы мүмкін.
5. Мемлекеттік аудит шеңберінде мынадай тексерулер жүргізіледі:
1) қарсы тексеру – тексеріліп отырған мәселе шеңберінде негізгі мемлекеттік аудит объектісімен өзара қатынастар мәселелері бойынша ғана үшінші адамдарға тексеру жүргізу. Үшінші адамдар ретінде бюджетке түсетін түсімдерді қалыптастыруда қатысатын және (немесе) бюджет қаражатын, байланысты гранттарды, мемлекет активтерін, квазимемлекеттік сектор активтерін, мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор кепілдендірген қарыздарды пайдаланатын, сондай-ақ мемлекеттік мүлікті басқару мен пайдалануды жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар болуы мүмкін;
2) бірлескен тексеру – мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарымен және (немесе) мемлекеттік органдармен, оның ішінде басқа елдердің жоғарғы мемлекеттік аудит органдарымен келісілген мерзімде бірыңғай бағдарлама және мемлекеттік аудит тобы шеңберінде бірлесіп жүргізілетін аудит, оның нәтижелері бойынша бірыңғай қорытынды құжат қабылданады;
3) қосарлас тексеру – басқа мемлекеттік органдармен кейіннен нәтижелерімен алмаса отырып, оның ішінде басқа елдердің жоғары мемлекеттік аудит органдарымен бірге келісілген мәселелер мен жүргізу мерзімдері бойынша дербес жүргізілетін тексеру.
6. Осы Заңда көзделген өкілеттіктер шегінде электрондық мемлекеттік аудит жүргізуге жол беріледі.
18-бап. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының
қызметін жоспарлау
1. Жоспарлау тәуекелдерді басқару жүйелері – мемлекеттік аудит объектілерін мемлекеттік аудитпен барынша қамту мақсатында оларды белгілі тәуекелдер тобына жатқызу туралы шешім қабылдауға негіз болатын мемлекеттік аудит объектілерінің қызметін бағалаудың сандық және сапалық көрсеткіштері негізінде жүзеге асырылады.
Тәуекелдерді басқару жүйесі Есеп комитеті мен ішкі аудит жөніндегі уәкілетті органның бірлескен бұйрығымен белгіленетін бірыңғай қағидаттар мен тәсілдерге негізделеді.
2. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының қызметі оларға жүктелген міндеттер мен өкілеттіктердің іске асырылуын қамтамасыз ету мақсатында олардың бірінші басшылары бекітетін жылдық жоспарға сәйкес жүзеге асырылады.
Мыналардың:
1) Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмаларын және Есеп комитеті Төрағасының бастамасын қоспағанда, Есеп комитетінің;
2) Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмаларын, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, тиісті мәслихаттардың тапсырмалары мен есеп комиссиясы төрағасының бастамаларына негізделген Есеп комитетінің сұрау салуларын қоспағанда, есеп комиссияларының жұмыс жоспарларына өзгерістер енгізуге жол берілмейді.
3. Есеп комитетінің жылдық жұмыс жоспарын қалыптастыру кезінде Қазақстан Республикасы Президентінің, ол уәкілеттік берген Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі тұлғаларының тапсырмалары міндетті түрде қаралуға және есепке алынуға жатады.
Есеп комиссиясының жылдық жұмыс жоспарын қалыптастыру кезінде Қазақстан Республикасы Президентінің, ол уәкілеттік берген Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі тұлғаларының, Есеп комитетінің тапсырмалары міндетті түрде қаралуға және есепке алынуға жатады.
4. Есеп комитетінің және есеп комиссиясының жылдық жұмыс жоспарын қалыптастыру кезінде құқық қорғау органдарының ұсыныстарына талдау жасалады, олар орындылығы мен өзектілігін қарастыру үшін Есеп комитетінің немесе тиісті есеп комиссиясының отырысына талқылауға шығарылады.
Ішкі аудит жөніндегі уәкілетті органның жылдық жұмыс жоспарын қалыптастыру кезінде Қазақстан Республикасы Президентінің, ол уәкілеттік берген Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі тұлғаларының, Қазақстан Республикасы Үкіметінің тапсырмалары, депутаттық сауалдар, прокуратура және қылмыстық қудалау органдарының сұрау салулары міндетті түрде қаралуға және есепке алынуға жатады.
5. Ішкі аудит жөніндегі уәкілетті органның жоспардан тыс аудиті:
1) Қазақстан Республикасы Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің тапсырмалары бойынша;
2) бюджеттік инвестициялық жобалардың сметалық құнының ұлғаюына (қымбаттауына) байланысты мәселелер бойынша;
3) Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің ақпараттық жүйелері деректерінің мониторингі нәтижелері бойынша жүргізіледі.
6. Есеп комиссиясының жылдық жұмыс жоспары, есептік жылда олардың әкімшілік-аумақтық бірлігінде сыртқы мемлекеттік аудитті жүзеге асыру үшін облыстық бюджеттен, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджетінен, оның ішінде тиісті облыстың құрамына кіретін аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың бюджеттерінен қаржыландырылатын мемлекеттік аудит объектілерін, сондай-ақ салық органдары мен жергілікті бюджетке түсетін түсімдердің толық және уақытылы түсуін қамтамасыз ететін басқа да уәкілетті мемлекеттік органдарды қамтиды.
7. Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді және (немесе) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған таратылуы шектеулі қызметтік ақпаратты қамтитын мәліметтерді қоспағанда, бекітілген жылдық жұмыс жоспарлары мен оларға өзгерістер бекітілген күнінен бастап, күнтізбелік бес күн ішінде тиісті мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органының ресми сайтында орналастырылуға, ал ішкі мемлекеттік аудит органдарының жұмыс жоспарлары құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі уәкілетті органға да жіберілуге жатады.
8. Есеп комитеті, есеп комиссиясы, ішкі аудит жөніндегі уәкілетті орган мемлекеттік аудитті жүргізу үшін мемлекеттік органдардың тиісті мамандарын (олармен келісе отырып), сондай-ақ қажет болған кезде аудиторлық ұйымдарды, сарапшыларды олар көрсететін қызметтеріне тиісті бюджеттен бөлінген қаражат шегінде ақы төлей отырып, тартуға құқылы.
9. Мемлекеттік аудитті және сараптамалық–талдамалық іс-шараларды жүргізуді тиімді жоспарлау мақсатында мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары бірыңғай деректер қорында мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау материалдарын, есептілікті орналастыруға, сондай-ақ келісілген мерзімде жоспарлар бекітілгенге дейін олар туралы ақпарат алмасуды жүзеге асыруға міндетті.
Тексерулердің қайталануын болдырмау мақсатында мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары тексеру жоспарлары мен тексеру жоспарларына өзгерістерді өздердің арасында келісуге міндетті.
10. Ішкі аудит қызметтерін қоспағанда, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі уәкілетті органда тексерулерді тіркеуді жүзеге асырады.
19-бап. Мемлекеттік аудит нәтижелерін тану
1. Егер басқа мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының мемлекеттік аудит нәтижелері Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасына сәйкес сот тәртібімен дауланбаса, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары оларды таниды.
2. Есеп комитеті мыналардың:
1) есеп комиссияларының, ішкі аудит жөніндегі уәкілетті органның мемлекеттік аудит нәтижелерін тану үшін олардың мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау стандарттарын сақтауын бақылауды жүргізеді;
2) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ішкі аудит қызметтерін қоспағанда, ішкі аудит қызметтерінің мемлекеттік аудит нәтижелерін тану үшін, егер ішкі аудит қызметтері ішкі аудит жөніндегі уәкілетті орган тарапынан тиісті бақылауға ұшырамаса, мемлекеттік аудит жүргізу шеңберінде олардың мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау стандарттарын сақтауын бақылауды жүргізеді.
3. Егер іріктеп бақылауда аудиторлық есептердің мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау стандарттарына сәйкестігі анықталса, ішкі аудит жөніндегі уәкілетті орган ішкі аудит қызметтері жүргізген мемлекеттік аудит нәтижелерін таниды.
4. Егер Есеп комитеті мен есеп комиссиялары жүргізген мемлекеттік аудит нәтижелерін Есеп комитеті мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау стандарттарына сәйкес емес деп танымаса, ішкі аудит жөніндегі уәкілетті орган оларды таниды.
5. Егер Есеп комитеті жүргізген мемлекеттік аудит нәтижелерін Есеп комитеті мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау стандарттарына сәйкес емес деп танымаса, есеп комиссиясы оларды таниды.
6. Егер ішкі аудит және қаржылық бақылау органдарының жұмыс қорытындылары бойынша мемлекеттік аудит нәтижелерін Есеп комитеті немесе ішкі аудит жөніндегі уәкілетті орган мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау стандарттарына сәйкес емес деп танымаса, есеп комиссиялары оларды тануды жүзеге асырады.
7. Мемлекеттік аудит нәтижелері танылған жағдайларда мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары басқа органдар жүргізген мемлекеттік аудит материалдарын негізге ала отырып, мемлекеттік аудит көлемін қысқартады.
8. Осы Заңда айқындалған тәртіппен мемлекеттік аудитор тарапынан басқа мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының мемлекеттік аудит нәтижелерін танымауы Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасына сәйкес тәртіптік жазаға әкеп соғады.
9. Басқа мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының мемлекеттік аудит нәтижелерін танымау фактісі туралы мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органы мемлекеттік аудит объектісін хабардар етеді.
20-бап. Аудиторлық дәлелдемелер
1. Мемлекеттік аудит нәтижелері бойынша анықталатын бұзушылықтар мен кемшіліктер фактілері құжаттық аудиторлық дәлелдемелерге және (немесе) өзге құжаттар мен ақпаратқа негізделеді.
2. Аудиторлық дәлелдемелер мемлекеттік аудиторлардың жұмыстағы бұзушылықтардың немесе кемшіліктердің болуын немесе болмауын анықтауына негіз болатын заңды түрде алынған нақты деректер,
сондай-ақ аудиторлық есепте жазылған фактілерді растайтын өзге материалдар болып табылады.
3. Мемлекеттік аудит нәтижелері бойынша қорытындылар, ұсынымдар мен тапсырмалар қалыптастыруға негіз болатын аудиторлық дәлелдемелер оның мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес, объективті, дәйекті және жеткілікті болуға тиіс.
4. Аудиторлық дәлелдемелердің негізі тікелей мемлекеттік аудит объектісінде жиналған, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтай отырып, басқа да дәйекті көздерден алынған құжаттар (материалдар мен ақпарат) болып табылады.
5. Құжаттарда жазбаша, сол сияқты өзге де нысанда тіркелген мәліметтер қамтылуға мүмкін. Құжаттарға, оның ішінде түсініктемелер, қаржылық және өзге де құжаттар, түгендеу актілері, анықтамалар, бақылау өлшемдерінің актілері, сондай-ақ электрондық ақпаратты, фотосуреттерді қамтитын материалдар жатады.
6. Аудиторлық дәлелдемелерді жинау кезінде мемлекеттік аудиторлар Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына қайшы келмейтін аудиторлық дәлелдемелерді жинаудың барлық қолжетімді құралдарын пайдаланады. Аудиторлық дәлелдемелерді жинау жалпылама немесе іріктеу әдісімен жүзеге асырылады.
21-бап. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының
талаптары
1. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының өз құзыреті шегінде берген талаптары мемлекеттік органдардың, мемлекеттік аудит объектісінің лауазымды, жеке және заңды тұлғаларының орындауы үшін міндетті.
2. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының талабы бойынша тиісті органдар, лауазымды, жеке және заңды тұлғалар:
1) сұралатын және қажетті материалдарды, ведомстволық ақпараттық жүйелер деректерінің құрамы мен форматтары туралы мәліметтерді, сондай-ақ мемлекеттік аудитті және қаржылық бақылауды жоспарлау және жүзеге асыру, бюджеттің атқарылуы туралы есептерді даярлау үшін, оның ішінде құпиялылық режимін, қызметтік, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге құпияларды сақтауды есепке ала отырып, мемлекеттік аудит саласында ғылыми зерттеулер жүргізу үшін қажет құжаттаманы және ақпаратты өтеусіз беруге;
2) мемлекеттік аудитті және қаржылық бақылауды жоспарлау және жүргізу кезінде қажетті құжаттар мен материалдарды (дәлелдемелерді): анықтамаларды, мемлекеттік аудитті және қаржылық бақылауды жүргізуге байланысты мәселелер бойынша ауызша және жазбаша түсініктемелер беруге;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сыртқы мемлекеттік аудит органдары және ішкі аудит жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асыратын мемлекеттік аудитті және қаржылық бақылауды жүргізу үшін қажетті мемлекеттік ақпараттық жүйелерге қолжетімділік беруге;
4) мемлекеттік аудитке қатысу және қорытынды беру үшін мамандар бөлуге міндетті.
3. Талап етілетін ақпарат мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарына сұратылған нысандарда, тәртіппен, сондай-ақ осы Заңда белгілеген мерзімде беріледі.
4. Кеден органдары «Қазақстан Республикасындағы кеден ісі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 16-бабына сәйкес Есеп комитетінің сұрау салуы бойынша сыртқы мемлекеттік аудитті жүргізу үшін қажетті ақпаратты беруге міндетті.
5. Салықтық құпияны құрайтын мәліметтер сыртқы мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының сұрау салуы бойынша сыртқы мемлекеттік аудитті жүргізу шеңберінде ғана беріледі.
Сыртқы мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарына салық қызметінің ақпараттық жүйелеріне қолжетімділік сыртқы мемлекеттік аудит жүргізу кезінде ғана беріледі.
Есеп комитеті мен есеп комиссияларының салықтық құпияны құрайтын мәліметтерге қолжетімділігі бар лауазымды адамдарының тізбесін Есеп комитеті бекітеді.
Салықтық құпияны құрайтын мәліметтердің тізбесін және оны Есеп комитеті мен есеп комиссияларына ұсыну тәртібін салықтың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласындағы басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органмен бірлесе отырып Есеп комитеті бекітеді.
6. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін қоспағанда, бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органдар, құқық қорғау органдары мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарына олардың міндеттерін орындауға жәрдем көрсетеді, олардың сұрау салуы бойынша құпиялылық режимін қызметтік, коммерциялық немесе заңнамада белгіленген тәртіппен заңмен қорғалатын өзге де құпияларды сақтай отырып, олар жүргізген тексерулердің нәтижелері туралы ақпарат береді.
22-бап. Мемлекеттік аудит нәтижелері бойынша қабылданатын
актілер
Мемлекеттік аудит нәтижелері бойынша мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары мынадай құжаттарды береді:
1) аудиторлық есеп – мемлекеттік аудитті жүргізген тікелей мемлекеттік аудиторлар жасаған белгілі бір уақыт кезеңінде жүргізілген жұмыс нәтижелері туралы құжат;
2) аудиторлық қорытынды – Есеп комитетінің, есеп комиссиясының, ішкі аудит жөніндегі уәкілетті органның аудиторлық есептердің негізінде жасалатын, тұжырымдар мен ұсынымдарды қамтитын құжат;
3) нұсқама – Есеп комитеті, есеп комиссиясы, ішкі аудит жөніндегі уәкілетті орган қабылдайтын, ол арналған барлық мемлекеттік органдардың, ұйымдар мен лауазымды адамдардың орындауы үшін міндетті шешімдерді қамтитын құжат;
4) ішкі аудит нәтижелері туралы есеп – жұмыс тиімділігін арттыру, мемлекеттік аудит объектісі қызметінің тікелей және түпкілікті нәтижелеріне қол жеткізу мақсатында ішкі рәсімдерді, қағидаларды, процестерді жақсарту жөніндегі ұсынымдарды қамтитын ішкі аудит қызметі жасаған, мемлекеттік органның бірінші басшысы мен ішкі аудит жөніндегі уәкілетті органға ұсынылатын құжат.
23-бап. Қаржылық есептілік жөніндегі аудиторлық есеп
1. Орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың қаржылық есептілік жөніндегі аудиторлық есебі – қаржылық есептіліктің дәйектілігі, сондай-ақ бухгалтерлік есепті жүргізу мен қаржылық есептілікті жасау тәртібінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкестігі туралы жазбаша нысанда білдірілген пікірді қамтитын құжат.
2. Шоғырландырылған немесе жекелеген қаржылық есептілік аудитінің нәтижелері бойынша мыналар:
1) елеулі қателер болмаған кезде – оң аудиторлық есеп;
2) елеулі қателер анықталған кезде – ескертпесі бар аудиторлық есеп беріледі.
3. Мемлекеттік аудит объектісінде бухгалтерлік есеп жүргізілмеген не бухгалтерлік құжаттар жоғалған жағдайларда, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органының басшысы мемлекеттік аудит объектісінің басшысына және мемлекеттік аудит объектісіне басшылықты немесе оны басқаруды жүзеге асыратын жоғары тұрған органға осы жұмыстың аяқталу мерзімін анықтай отырып, мемлекеттік аудит объектісінде бухгалтерлік есепті қалпына келтіру туралы талаппен нұсқама жібереді және жұмыс жоспарына тиісті өзгерістерді енгізе отырып, мемлекеттік аудитті уақытша тоқтата тұру туралы шешім қабылдайды. Бұл ретте жекелеген қаржылық есептілік аудитінің нәтижелері бойынша аудитор пікірін білдіруден бас тарта отырып есеп береді.
24-бап. Сапаны бақылау
1. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының басшылары осы органдардың мемлекеттік аудиторларының аудиторлық есептерін мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүргізудің тиісті қағидаларында белгіленген тәртіпте мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау стандарттарына сәйкестігі тұрғысынан жүйелі түрде тексеру жүргізу арқылы сапасына бақылауды ұйымдастыруды қамтамасыз етеді.
2. Сапасын бақылауға мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының аудиторлық, сараптамалық-талдамалық қызметінің барлық бағыттары, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары қызметкерлерінің бүкіл қызметі, сондай-ақ жүргізілген мемлекеттік аудиттің жекелеген бағыттары жатады.
3. Сапасына бақылау жүргізу қажеттілігі мен кезеңділігі, оның ішінде мемлекеттік аудит нәтижелерін қайта тексеру қажеттілігі, сондай-ақ сапаны бақылау жеделдігі мен нәтижелілігін қамтамасыз ету мақсатында оны жүргізу мерзімі мен ұзақтығы мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүргізудің тиісті қағидаларына сәйкес белгіленген тәртіпте анықталады.
25-бап. Мемлекеттік аудит нәтижелері бойынша қабылданатын
актілердің орындалуын қамтамасыз ету
1. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары өздері берген ұсынымдардың, тапсырмалардың және міндетті түрде орындалуға бағытталған нұсқамалардың орындалу мониторингін жүйелі негізде жүзеге асырады.
2. Ұсынымдардың, тапсырмалардың және нұсқамалардың орындалуы туралы ақпаратты мемлекеттік аудит объектісі және өзге де мүдделі адамдар растаушы құжаттарын қоса бере отырып, тиісті мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органына тиісті құжаттарда көрсетілген мерзімде жіберуге міндетті.
3. Мемлекеттік аудит объектісі мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының нұсқамаларын орындамағаны үшін Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы заңнамасына сәйкес жауапты болады.
4. Қазақстан Республикасы Үкіметінің, әкімнің атына жіберілген ұсынымдарды, тапсырмалар мен нұсқамаларды қарау және орындау туралы ақпарат тиісінше Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі немесе әкім қол қоя отырып, жіберіледі. Тиісті міндетті Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі өзге де лауазымды адамдарға немесе уәкілетті мемлекеттік органдарға жүктеуі мүмкін.
4-тарау. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары
қызметінің өзге де бағыттары
26-бап. Сараптамалық-талдамалық қызмет
1. Сараптамалық-талдамалық қызмет алдын ала, ағымдағы және кейіннен бағалау түрінде жүзеге асырылады.
2. Есеп комитеті республикалық бюджетке қатысты сараптамалық-талдамалық қызметті жүзеге асырады, сондай-ақ шоғырландырылған бюджеттің атқарылуына бағалау жүргізу үшін жергілікті бюджеттердің атқарылуы туралы ақпаратты қорытындылайды.
3. Есеп комиссиялары өздері аумағында жұмыс істейтін облыстық бюджетке, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджетіне, сондай-ақ тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте құрылған аудандардың (облыстық маңызы бар қаланың) бюджеттеріне қатысты сараптамалық-талдамалық қызметті жүзеге асырады.
4. Сараптамалық-талдамалық іс-шараларды жүргізу үшін Есеп комитеті бюджеттен бөлінген қаражат шегінде ғылыми зерттеулер жүргізу үшін үшінші тұлғаларды тартуға құқылы.
27-бап. Алдын ала бағалау
1. Есеп комитеті Президент айқындайтын тәртіппен республикалық бюджет жобасын алдын ала бағалауды оның шығыстарының негізгі бағыттары бойынша жүзеге асырады.
2. Республикалық бюджет жобасын, оның шығыстарының негізгі бағыттары бойынша алдын ала бағалау республикалық бюджет жобасы шығыстарының елдің әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтарына, республикалық бюджет шығыстарының басым бағыттарына, мемлекеттік бағдарламалар мен орталық мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының бағалау нәтижелеріне, өткен қаржы жылындағы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің есебіне Есеп комитеті берген тұжырымдар мен ұсынымдарға сәйкестігі тұрғысынан жүзеге асырылады.
3. Алдын ала бағалаудың нәтижелері республикалық бюджеттің жобасы Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне енгізілгенге дейін Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсынылады және ол ұсынымдық сипатта болады.
28-бап. Ағымдағы бағалау
1. Ағымдағы бағалау Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасының Парламенті, Қазақстан Республикасының Үкіметі, мәслихаттар мен әкімдер үшін тиісті бюджеттің атқарылуы туралы жедел ақпаратты қалыптастыру мақсатында жүзеге асырылады.
Есеп комитеті мен есеп комиссиялары бюджеттерді атқару процесінде тиісті бюджет кірісіне салықтық және салықтық емес түсімдердің толықтығын және уақтылылығын, тиісті бюджет туралы заңның (мәслихат шешімінің) бекітілген көрсеткіштерімен салыстыра отырып, бюджет қаражатының іс жүзінде жұмсалуын талдайды, ауытқу себептерін және олармен байланысты бұзушылықтарды, заңнаманың жетілмегендігін анықтайды, оларды жою жөнінде ұсыныстар енгізеді.
2. Ағымдағы бағалауды жүргізу кезінде жүргізілген мемлекеттік аудиттің материалдары, сондай-ақ жедел есептілікті өңдеу және талдауға негізделген талдамалық ақпарат пен тиісті уәкілетті органдар, бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері және квазимемлекеттік сектор субъектілерімен электрондық түрде, оның ішінде:
1) нысаналы трансферттер бойынша нәтижелер туралы келісімдер, бөлінген нысаналы трансферттерді пайдалану есебінен қол жеткізілген тікелей және түпкілікті нәтижелер туралы есептер;
2) міндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспары, түсімдер және төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспары;
3) бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің міндеттемелері мен төлемдері бойынша қаржыландыру жоспарлары;
4) мемлекеттік мекемелердің міндеттемелері мен төлемдері бойынша қаржыландырудың жеке жоспарлары;
5) осындай енгізілген өзгерістердің негіздемелерімен бірге жоғарыда көрсетілген құжаттар;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген барлық қаржылық есептілік нысандары мемлекеттік аудит және қаржылық бақылаудың интеграцияланған ақпараттық деректер қоры арқылы Есеп комитеті мен есеп комиссияларына ұсынатын ақпарат пайдаланылады.
3. Ағымдағы бағалау нәтижелері тәуекелдерді басқару жүйесін қалыптастыру кезінде ескеріледі.
29-бап. Кейіннен бағалау
1. Есепті қаржы жылындағы бюджет туралы заңның (шешімдердің) атқарылуының мемлекеттік аудиті барысында бюджеттерді атқарудың іс жүзіндегі көрсеткіштерінің бюджет туралы тиісті заңмен (шешімдермен) бекітілген көрсеткіштерге сәйкестігін айқындау мақсатында бюджет көрсеткіштерін атқарудың толықтығы мен уақтылы болуына, бюджеттердің атқарылуы туралы жылдық есептердің, бюджеттік бағдарламалардың әкімшілерінің бюджеттік есептіліктерінің сыртқы мемлекеттік аудиті барысында бюджеттерді атқарудың заңдылығын, есеп пен есептіліктердің дәйектілігін, бюджет қаражатын, мемлекет активтерін пайдаланудың тиімділігін айқындау мақсатында Есеп комитеті мен есеп комиссиялары кейіннен бағалауды жүргізеді.
2. Кейіннен бағалауды жүргізу қорытындылары бойынша тиісті бюджеттің атқарылуы туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің есебіне немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органның тиісті бюджетті атқару туралы есебіне қорытынды дайындалады, оларды ұсыну және қарау Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес жүзеге асырылады. Қорытындының құрылымына және мазмұнына қойылатын талаптар мемлекеттік аудит және қаржылық бақылаудың тиісті рәсімдік стандарттарында айқындалады.
3. Қорытынды өзіне:
1) бюджеттің негізгі параметрлерін орындауды:
бюджет түсімдері мен шығыстарын;
салық және кедендік әкімшілендіру тиімділігін;
2) мемлекеттік органдардың өз стратегиялық жоспарларында көзделген тікелей және түпкілікті нәтижелеріне қол жеткізу, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруды, олардың ішінде алдыңғы кезеңдерге және бюджеттік бағдарламаларды;
3) бюджет қаражатын, оның ішінде нысаналы трансферттер және кредиттерді, байланысты гранттарды, мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыздарды, концессиялық жобалар бюджетінен бірлесіп қаржыландыруды, сондай-ақ мемлекет кепілгерліктері мен активтерін пайдалануды;
4) квазимемлекеттік сектор субъектілерінің өздеріне бөлінген бюджет қаражатын қаржылық-экономикалық негіздемеге, бюджеттік инвестициялар тиімділігіне, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің активтерін, мемлекетке тиесілі (қатысу үлестері) акцияларын тиімді басқаруға сәйкес пайдалануды;
5) мемлекеттік аудит объектілерінің есеп пен есептілікті жүргізу дәйектілігі мен дұрыстығын қамтиды.
30-бап. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау нәтижелерін
талдау
Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары жүргізген мемлекеттік аудит және қаржылық бақылаудың қорытындыларын жүйелі түрде талдайды, қорытындылайды және бюджетті атқару, мемлекет пен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің активтерін пайдалану процесінде анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктердің себептері мен салдарларын зерделейді.
Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары жүргізілген талдау қорытындылары бойынша бюджеттік заңнаманы жетілдіру және Қазақстан Республикасының қаржы жүйесін дамыту жөнінде ұсыныстар әзірлейді және оларды тиісті уәкілетті органдардың қарауына ұсынады.
31-бап. Халықаралық ынтымақтастық
Есеп комитеті, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметі ұсынған өкілеттіктер шегінде ішкі аудит жөніндегі уәкілетті орган басқа мемлекеттердің тиісті органдарымен және олардың халықаралық бірлестіктерімен өзара іс-қимылды жүзеге асырады, ынтымақтастық туралы келісімдер жасасады, бірлескен (қатарлас) аудиторлық және сараптамалық-талдамалық іс-шараларды өткізуге қатысады, өз атынан көрсетілген халықаралық бірлестіктердің құрамына кіреді.
32-бап. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау бойынша
бірыңғай деректер қоры
1. Мемлекеттік аудитті жүргізген кезде басқару процестерін оңтайландыру, қайталауды болдырмау және мемлекеттік аудит нәтижелерін тануды қамтамасыз ету үшін «электрондық үкімет» жүйесімен және мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен ықпалдастырылған мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау бойынша бірыңғай деректер қоры (бұдан әрі – Бірыңғай деректер қоры) жұмыс істейді.
2. Бірыңғай деректер қоры мемлекеттік аудиттің жоспарлары, нәтижелері, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының сараптамалық-талдамалық қызметтері бойынша бүкіл ақпаратты, сондай-ақ мемлекеттік аудит жүргізу үшін қажетті өзге де ақпаратты қамтиды. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарына Бірыңғай деректер қорына тиісті қолжетімділік деңгейі беріледі.
3. Тәуекелдерді басқару жүйесін қалыптастыру үшін мемлекеттік аудит объектілері, оның қаржылық және өзге де көрсеткіштері жөніндегі ақпарат Бірыңғай деректер қорына шоғырландырылады.
Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары Бірыңғай деректер қорына мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау материалдарын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімдерде орналастыруға міндетті.
Мемлекеттік аудит объектілері Бірыңғай деректер қорын толықтыру үшін қажетті, сұратылған ақпаратты ұсынуға міндетті.
Бірыңғай деректер қорын Есеп комитеті әкімшілендіреді, оның тиімді жұмыс істеуі, ондағы орналастырылған ақпараттың сақталуы мен қауіпсіздігі үшін жауапты болады.
Мемлекеттік аудит объектілері Бірыңғай деректер қорын қалыптастыру үшін ұсынылатын деректердің дәйектілігі, толықтығы мен жеделдігі үшін жауапты болады.
5-тарау. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылауға
қатысушылардың құқықтары мен міндеттері
33-бап. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары
лауазымды адамдарының құқықтары мен міндеттері
1. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының лауазымды адамдары мемлекеттік аудитті жүргізу кезінде:
1) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүргізу шеңберінде қызметтік куәлікті және құқықтық статистика органында тіркеу туралы белгі бар тексеруді тағайындау туралы актіні көрсеткен кезде құпиялылық режимінің, қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияның сақталуын ескере отырып, аудит объектісінің меншік нысанына қарамастан, оның аумағына және үй-жайларына кедергісіз кіруге рұқсат алуға;
2) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылаудың міндеттері мен нысанасына сәйкес аудиторлық есепті дайындау үшін өздерінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша қажетті құжаттаманы, ақпаратты, сондай-ақ ақпараттық жүйелерге рұқсатты, жазбаша және ауызша түсініктемелерді және өзге де ақпаратты, оның ішінде құпиялылық режимінің, қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияның сақталуын ескере отырып, мемлекеттік және өзге де заңмен қорғалатын құпияны құрайтын ақпаратты осы Заңда белгіленген мерзімдерде сұратуға және алуға, оның ішінде электрондық жеткізгіштерде алуға;
3) бақылау-қадағалау органдары жүргізген бақылау (қадағалау) нәтижелері бойынша қабылданған актілерді, сондай-ақ аудиторлық есептерді сұратуға;
4) өз құзыреті шегінде мемлекеттік аудит объектілерінің басшылары мен басқа да лауазымды адамдарынан мемлекеттік аудитті жоспарлау және жүргізу кезінде анықталған бұзушылық фактілері бойынша жазбаша түсініктемелерді, сондай-ақ қажетті құжаттардың белгіленген тәртіппен расталған көшірмелерін талап етуге;
5) мемлекеттік аудит объектілерінің лауазымды адамдарының мемлекеттік аудитті жүргізу кезінде сұратылған құжаттар мен материалдарды ұсынбауы немесе уақтылы ұсынбауы фактілері бойынша актілер жасауға;
6) Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы заңнамасында көзделген жағдайларда хаттамалар жасауға;
7) осы Заңда көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.
2. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының лауазымды адамдары:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасын, мемлекеттік аудит объектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін сақтауға;
2) мемлекеттік аудит объектісінің белгіленген жұмыс режиміне кедергі жасамауға;
3) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген талаптарды бұзудың алдын алу, оны анықтау және оның жолын кесу бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес берілген өкілеттіктерді уақтылы және толық орындауға;
4) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылауды қатаң түрде мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың бағдарламалары мен стандарттарына сәйкес жүргізуге;
5) Этика кодексінің, Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің ар-намыс кодексінің (Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік этикасы қағидаларының) талаптарын сақтауға;
6) мемлекеттік аудитті және қаржылық бақылауды жүргізу кезінде мемлекеттік аудит объектілерінің басшысына (лауазымды адамдарына) кедергі жасамауға, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау нысанасына қатысты мәселелер бойынша түсініктер беруге;
7) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау нәтижесінде алынған құжаттар мен мәліметтердің сақталуын қамтамасыз етуге, оның ішінде мемлекеттік құпияларға, қызметтік, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияға жататын мәліметтерді жария етпеуге;
8) мемлекеттік аудитті және қаржылық бақылауды жүргізу барысында шешім қабылдау кезінде бейтарап болуға;
9) мүдделердің қақтығысына ықпал ететін жағдайлар туралы хабарлауға;
10) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау нәтижелерін мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау барысында алынған ақпаратқа және жиналған нақты деректерге ғана негіздеуге;
11) осы Заңда көзделген өзге де міндеттерді орындауға міндетті.
34-бап. Мемлекеттік аудит объектісі басшысының құқықтары мен
міндеттері
1. Мемлекеттік аудит объектісі басшысының:
1) мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың мақсатын, уақытын, ұзақтығын, оның нәтижелерін, тұжырымдары мен ұсынымдарын білуге;
2) мемлекеттік аудитті және қаржылық бақылауды жүргізуге құқық беретін тиісті құжатты ұсынбаған мемлекеттік аудиторларды мемлекеттік аудитке және қаржылық бақылауға жібермеуге;
3) мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың нәтижелерімен келіспеген жағдайда, оған қарсылықты қол қойылған аудиторлық есеп берілген күннен бастап, он жұмыс күнінен аспайтын мерзімде мемлекеттік аудит және қаржылық бақылаудың тиісті органына жіберуге;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органының іс-қимылдарына шағымдануға құқығы бар.
2. Мемлекеттік аудит объектісінің басшысы:
1) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органының мемлекеттік аудиторларын жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге;
2) берілетін деректердің дәйектілігі, уақтылығы, объективтілігі мен толықтығы үшін жауапты болуға;
3) егер осы Заңда не Қазақстан Республикасының өзге заңдарында өзгеше көзделмесе, мемлекеттік аудитті және қаржылық бақылауды жүргізу кезеңінде тексерілетін құжаттарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілуіне жол бермеуге;
4) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органы мемлекеттік аудиторларының іс-қимылдарына араласпауға және оның жүргізілуіне кедергі жасамауға;
5) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының заңды талаптарын орындауға;
6) аудиторлық есепте, қорытынды мен нұсқамада көрсетілген бұзушылықтар мен кемшіліктерді толық жою туралы ақпаратты уақтылы беруге;
7) бюджетте негізсіз пайдаланылған қаражаттың орнын толтыруға не оны есеп бойынша қалпына келтіруге міндетті.
35-бап. Мүдделер қақтығысы
1. Объективтілік пен тәуелсіздікті қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының:
1) мемлекеттік аудит объектісі басшысының, жауапты хатшысының немесе олардың өкілеттігін жүзеге асыратын өзге де адамының, құрылтайшысының немесе қатысушысының жақын туысы, жекжаты немесе сенім білдірген адамы болып табылатын;
2) мемлекеттік аудит объектісінде жұмыс істеген не тексерілетін кезеңде аудит объектісі басшысының, жауапты хатшысының немесе олардың өкілеттігін жүзеге асыратын өзге де адамының жақын туысы, жекжаты немесе сенім білдірген адамы болып табылатын;
3) мемлекеттік аудит объектісінің онда жеке мүліктік мүдделері бар қызметкерлері, қатысушылары, лауазымды адамдары арасынан шыққан лауазымды адамдарының мемлекеттік аудитті және қаржылық бақылауды жүргізуіне тыйым салынады.
2. Мүдделер қақтығысы туындаған жағдайда мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының лауазымды адамдары бұл туралы мемлекеттік аудитті тағайындаған басшыға жазбаша хабарлауға тиіс.
3. Осы баптың 1, 2-тармақтарында көрсетілген жағдайларда мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органының басшысы мүдделер қақтығысын жою жөнінде шаралар қолданады.
36-бап. Мемлекеттік аудиторларды сертификаттау
1. Мемлекеттік аудиторлардың кәсіби, іскерлік қасиеттері мен ықтимал мүмкіндіктерінің жан-жақты және объективті сипаттамасын алу мақсатында оларды сертификаттау жүргізіледі.
2. Сертификаттауды Мемлекеттік аудиторларды сертификаттау жөніндегі Ұлттық комиссия (бұдан әрі – Ұлттық комиссия) жүргізеді, оның құрамына Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Есеп комитетінің, ішкі аудит жөніндегі уәкілетті органның өкілдері, депутаттар кіреді.
Есеп комитеті Ұлттық комиссияның жұмыс органы болып табылады, ол берілген ұсыныстар негізінде саны кемінде жеті адам болатын комиссияның дербес құрамын бекітеді.
3. Сертификаттауға сыртқы мемлекеттік аудиторларды жіберу үшін Есеп комитеті айқындаған тәртіппен білімін растау негіз болып табылады.
Сертификаттауға ішкі мемлекеттік аудиторларды жіберу үшін ішкі аудит жөніндегі уәкілетті орган айқындаған тәртіппен білімін растау негіз болып табылады.
4. Мемлекеттік аудитті қамтамасыз ететін не жүзеге асыратын мемлекеттік аудиторлар Мемлекеттік аудиторларды сертификаттау жөніндегі ұлттық комиссияда аттестатталған және «мемлекеттік аудитор» біліктілігі берілгені туралы біліктілік куәлігін алған болуға тиіс.
Сертификаттауға жататын мемлекеттік аудитті қамтамасыз ететін не жүзеге асыратын лауазымдар тізбесін тиісті мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары бекітеді.
5. Сертификаттау сыртқы және ішкі мемлекеттік аудиторлар үшін деңгейлік жүйе бойынша жүргізіледі. Мемлекеттік аудиторларды сертификаттаудан өткізу қағидаларын, Ұлттық комиссия туралы ережені ішкі аудит жөніндегі уәкілетті органмен келісім бойынша Есеп комитеті бекітеді.
6. Ұлттық комиссияның жұмыс органы Сертификатталған мемлекеттік аудиторлардың тізілімін Сертификатталған мемлекеттік аудиторлардың тізілімін жүргізу қағидаларына сәйкес тәртіппен және нысан бойынша жүргізеді.
2-бөлім. Есеп комитеті
1-тарау. Есеп комитетінің қызметін ұйымдастыру және оның
лауазымды адамдарының өкілеттіктері
37-бап. Есеп комитетінің құрамы және оған мүшелікке
кандидаттарға қойылатын талаптар
1. Есеп комитеті басшылығының құрамы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес қызметке тағайындалатын Есеп комитетінің төрағасы мен оның сегіз мүшесінен тұрады.
2. Отставкаға шығу туралы өтініш беру түрінде Есеп комитеті мүшесінің өкілеттіктері мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда, Есеп комитетінің мүшесі Есеп комитетінің төрағасын кемінде бір ай бұрын жазбаша хабардар етуге міндетті.
38-бап. Есеп комитетіне мемлекеттік қызметке кіру
1. Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен штат санының лимиті шегінде Есеп комитетінің үздiксiз қызметін ұйымдастыру үшін Есеп комитетінің төрағасы тағайындайтын, аппарат басшысы басқаратын Есеп комитетінің аппараты құрылады.
2. Есеп комитетінің аппаратына мемлекеттік қызметке кіру Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Есеп комитетіне мемлекеттік қызметке кірген адамдар Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасына сәйкес тағылымдамадан өтеді.
39-бап. Есеп комитетінің қызметінде қабылданатын актілер
1. Есеп комитеті өз қызметін іске асыру кезінде осы Заңның 23-бабында көрсетілген актілерден басқа, нормативтік қаулылар мен қаулылар қабылдайды.
2. Есеп комитетінің нормативтік қаулылары Қазақстан Республикасының барлық аумағында орындалуға міндетті және қолданылатын нормативтік құқықтық актілер болып табылады. Есеп комитетінің нормативтік қаулылары міндетті түрде Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде тіркелуге жатады.
Нормативтік қаулылар мемлекеттік аудит жүргізу тәртібін, мемлекеттік аудит органдары жұмысының негіздерін және өзара іс-қимылын регламенттеу үшін, сондай-ақ осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде көзделген өзге де жағдайларда қабылданады.
3. Қаулылар Есеп комитетінің отырыстарында қаралған мәселелер бойынша қабылданған шешімдерді тіркейтін, аудиторлық қорытындыны бекітетін, сондай-ақ Есеп комитетінің ағымдағы қызметін регламенттейтін құқықтық актілер болып табылады.
Есеп комитетінің қаулылары Есеп комитеті мен оның қызметкерлерінің қызметіне қолданылады.
4. Есеп комитетінің ағымдағы қызметін қамтамасыз ету мақсатында Есеп комитетінің төрағасы өз құзыреті шегінде бұйрықтар шығарады.
5. Мемлекеттік аудит және сараптау-талдау қызметінің қорытындылары бойынша осы Заңда көзделген өзге де актілер қабылданады.
40-бап. Есеп комитетінің отырысы
1. Есеп комитеті қызметінің негізгі нысаны оның отырыстары болып табылады.
2. Егер отырыста Есеп комитеті басшылық құрамының кемінде үштен екісі қатысса, ол заңды болады.
3. Отырыстарды қажеттігіне қарай Есеп комитетінің төрағасы, ал ол болмаған кезде оның міндетін атқаратын Есеп комитетінің мүшесі шақырады.
4. Есеп комитетінің отырысында Қазақстан Республикасының Президентіне және Қазақстан Республикасының Парламентіне ұсынылатын ақпарат пен есептердің құрылымы, мазмұны мақұлданады, мемлекеттік аудит қорытындылары, жоспарлау, әдіснама мәселелері, алқалы шешімді талап ететін өзге де мәселелер қаралады.
5. Есеп комитетінің отырыстары ашық немесе жабық нысанда өтеді.
Есеп комитетінің шешімдері отырысқа қатысқан Есеп комитеті басшылық құрамы жалпы санының көпшілік дауысымен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда, төрағалық етуші дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі.
6. Есеп комитетінің отырыстарын өткізу тәртібі, жұмысты ұйымдастыру мәселелері және мемлекеттік аудитті қамтамасыз ету жөніндегі басқа да мәселелер Есеп комитетінің Регламентімен айқындалады.
41-бап. Есеп комитеті мен оның лауазымды адамдары
тәуелсіздігінің кепілдігі
1. Есеп комитетінің лауазымды адамдары өз қызметін жүзеге асыру кезінде мемлекеттік аудит объектісінен тәуелсіз болады.
2. Есеп комитетінің қызметіне мемлекеттік органдардың және өзге де ұйымдардың заңсыз араласуына жол берілмейді.
3. Есеп комитетінің мемлекеттік аудиторларын және басқа да қызметкерлерін мемлекеттік органдардың сұрау салулары бойынша оның жұмыс жоспарларында көзделмеген тексерулерді жүргізу үшін тартуға жол берілмейді.
4. Мемлекеттік органдар есеп комитетінің қаржылық қызметін тексеруді (бақылауды, қадағалауды) Қазақстан Республикасы Президентінің келісімімен немесе оның тапсырмасы бойынша жүзеге асырады.
2-тарау. Есеп комитетінің мемлекеттік лауазымды адамдармен және
мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау негіздері
42-бап. Есеп комитетінің жүргізілген мемлекеттік аудит
қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасының
Президентімен өзара іс-қимылы
1. Есеп комитеті Қазақстан Республикасының Президентіне Есеп комитетінің есепті кезеңдегі жұмысы туралы ақпаратты тоқсан сайын ұсынады. Егер Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде өзгеше талаптар белгіленбесе, ұсынылатын ақпараттың нысаны мен құрылымы мемлекеттік аудит пен қаржылық бақылаудың тиісті рәсімдік стандартында регламенттеледі.
2. Жүргізілген мемлекеттік аудиттің нәтижелері бойынша Есеп комитеті Қазақстан Республикасының Президентіне мемлекеттік аудит объектілері лауазымды адамдарының Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін сақтамауының анықталған фактілері бойынша, сондай-ақ лауазымды адамдарды тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы тиісті мемлекеттік органдарға немесе оларды тағайындаған адамдарға ұсыныстар енгізеді.
3. Жыл қорытындылары бойынша Есеп комитеті осы баптың 1-тармағында көрсетілген ақпараттан басқа, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары жұмысының көрсеткіштері туралы ақпаратты ұсынады.
43-бап. Есеп комитетінің Қазақстан Республикасының
Парламентімен өзара іс-қимылы
Есеп комитеті есептік жылдан кейінгі жылдың 15 мамырынан кешіктірмей Қазақстан Республикасының Парламентіне есептік қаржы жылындағы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есепті қарау және бекіту үшін енгізеді, ол өзінің мазмұны бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің тиісті есебіне қорытынды болып табылады.
44-бап. Есеп комитетінің Қазақстан Республикасының Үкіметімен
өзара іс-қимылы
1. Есеп комитеті бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган өткен қаржы жылы үшін шоғырландырылған қаржылық есептілікті ұсынғаннан кейін екі ай ішінде белгіленген мерзімде Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсынылған ақпараттың объективтілігі бойынша қорытындыны ұсынады.
2. Қорытындыда бүкіл шоғырландырылған есептілік бойынша, сол сияқты жекелеген бюджеттік бағдарламалар әкімшілері бойынша да қорытындылар мен ұсынымдар көрсетілуі мүмкін.
45-бап. Есеп комитетінің мемлекеттік аудит және қаржылық
бақылау органдарымен өзара іс-қимылы
Өз қызметін үйлестіру мақсатында мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау саласында құқық қолдану практикасын, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау стандарттарын сақтау мәселелерін қарау үшін Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының үйлестіру кеңесін құрады.
Үйлестіру кеңесін қалыптастыру және оның қызметін ұйымдастыру Есеп комитеті бекітетін Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының үйлестіру кеңесі туралы ережемен айқындалады.
46-бап. Есеп комитетінің өзге де ұйымдармен өзара іс-қимылы
Есеп комитеті жоғары мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының халықаралық ұйымдарының мүшесі болуға құқылы.
3-бөлім. Есеп комиссиялары
1-тарау. Есеп комиссияларының қызметін ұйымдастыру және олардың
лауазымды адамдарының өкілеттіктері
47-бап. Есеп комиссиясының құрамы мен оны қалыптастыру тәртібі
1. Есеп комиссиясы басшылығының құрамы бес жыл мерзімге қызметке тағайындалатын төраға мен оның төрт мүшесінен тұрады.
2. Есеп комиссиясының төрағасын Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасына сәйкес тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мәслихаты қызметке тағайындайды және қызметінен босатады.
3. Есеп комиссиясының мүшелерін тиісті есеп комиссиясының төрағасы Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасына сәйкес қызметке тағайындайды және қызметінен босатады.
4. Есеп комиссиясының төрағасы немесе мүшесі болып мемлекеттік басқару, экономика, қаржы, құқық саласында жоғары білімі бар, сондай-ақ мемлекеттік басқару, экономика, қаржы, құқық саласында кемінде жеті жыл жұмыс өтілі бар Қазақстан Республикасының азаматы тағайындалуы мүмкін.
5. Есеп комиссиясы төрағасының және оның мүшелерінің өкілеттіктері Есеп комиссиясы туралы ережеде айқындалады.
48-бап. Есеп комиссиясы төрағасының, есеп комиссиясы
мүшелерінің өкілеттіктері
1. Есеп комиссиясының төрағасы:
1) жалпы басшылықты жүзеге асырады және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген есеп комиссиясына жүктелген міндеттер мен функцияларды орындауға жауапты болады;
2) есеп комиссиясының жылдық және тоқсандық жұмыс жоспарларын бекітеді;
3) есеп комиссиясы мен есеп комиссиясының аппараты мүшелерінің жұмысын ұйымдастырады;
4) бекітілген штат саны мен жергілікті бюджетте көзделген қаражат шегінде есеп комиссиясы аппаратының құрылымы мен штаттық кестесін бекітеді.
Есеп комиссиясы төрағасының шешімі бойынша облыс бюджетінің, республикалық маңызы бар қала, астана бюджетінің атқарылуы туралы жылдық есепті қоспағанда, тиісті мәслихатқа аудан (облыстық маңызы бар қалалар) бюджетінің атқарылуы туралы жылдық есепті беру есеп комиссиясы мүшелерінің біріне жүктелуі мүмкін.
2. Есеп комиссиясының мүшелері:
1) есеп комиссиясының бақылау, сараптау-талдау, ақпараттық және өзге де қызметін ұйымдастырады және жүзеге асырады;
2) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылықта болады.
3. Есеп комиссиясының аппараты әкімшілік мемлекеттік қызметшілер болып табылатын қызметкерлерден тұрады, оны есеп комиссиясының төрағасы тағайындайтын аппарат басшысы басқарады.
Есеп комиссиясының аппараты есеп комиссиясының бақылау іс-шараларын, ақпараттық-талдамалық, құқықтық, консультативтік, ұйымдастырушылық және өзге де қызметін жүргізуді қамтамасыз етеді.
4. Есеп комиссиясы аппаратының қызметкерлері біліктілігін арттырудан өтуге міндетті, оның нәтижелері бойынша біліктілігін растау туралы сертификат беріледі.
Кейіннен сертификаттаумен біліктілігін арттыру Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитеті айқындайтын тәртіппен үш жылда бір рет жүзеге асырылады.
49-бап. Есеп комиссияларының қызметін ұйымдастыру
1. Есеп комиссияларының қызметі есеп комиссиясының төрағасы бекітетін жылдық және тоқсандық жоспарларға сәйкес жүзеге асырылады.
Есеп комиссияларының бақылау қызметін жоспарлау тәуекелдерді басқару жүйесі негізінде жүзеге асырылады.
2. Есеп комитетінің сұрау салуы бойынша есеп комиссиялары жергілікті бюджеттердің атқарылуы туралы, сондай-ақ жұмыстардың бекітілген жоспарларына енгізілген өзгерістер туралы ақпаратты табыс етеді.
3. Есеп комиссияларының қызметін қаржыландыру облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттері есебінен жүзеге асырылады.
4. Есеп комиссиясының өкілеттіктері мен жұмыс тәртібі осы Заңда, Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында, Есеп комиссиясының ережесінде және регламентінде айқындалады.
Есеп комиссиясы туралы ережені есеп комиссиялары туралы үлгі ереже негізінде тиісті мәслихат бекітеді.
Есеп комиссиясының регламентін есеп комиссиясы бекітеді.
50-бап. Есеп комиссиясы және оның лауазымды адамдары
тәуелсіздігінің кепілдіктері
1. Есеп комиссиясының лауазымды адамдары өз қызметін жүзеге асыру кезінде мемлекеттік аудит объектісінен тәуелсіз болады.
2. Есеп комиссиясының қызметіне мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардың заңсыз араласуына жол берілмейді.
3. Мемлекеттік органдардың сұрау салуы бойынша мемлекеттік аудиторларды және есеп комиссиясының басқа да қызметкерлерін оның жұмыс жоспарында көзделмеген тексерулерді жүргізу үшін тартуға жол берілмейді.
4. Жергілікті бюджет қаражатының пайдаланылуын Есеп комиссиясының тексеруі (бақылауы, қадағалауы) мәслихат шешімі бойынша жүзеге асырылады.
2-тарау. Есеп комиссиясының мемлекеттік лауазымды адамдармен
және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасасу
негіздері
51-бап. Есеп комиссиясының мәслихаттармен өзара іс-қимылы
1. Есеп комиссиясы мәслихаттың қарауына:
облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мәслихатына ағымдағы жылдың 20 мамырына дейiн;
тиісті облысқа кіретін аудан (облыстық маңызы бар қала) мәслихатына ағымдағы жылдың 20 сәуiріне дейiн жергілікті бюджеттің атқарылуы туралы есепті ұсынады, ол өзінің мазмұны бойынша жергілікті атқарушы органның тиісті есебіне қорытынды болып табылады.
2. Аудан (облыстық маңызы бар қала) мәслихаты облыстың есеп комиссиясынан жүргізілген мемлекеттік аудит, тиісті аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетінің атқарылу мәселелері бойынша сараптамалық-талдамалық іс-шаралары туралы ақпаратты сұратуға құқылы.
52-бап. Есеп комиссиясының Есеп комитетімен өзара іс-қимылы
1. Есеп комиссиясы тоқсан сайын Есеп комитетіне өзінің есепті кезеңдегі жұмысы туралы ақпаратты ұсынады. Ұсынылатын ақпараттың нысаны мен құрылымы мемлекеттік аудит пен қаржылық бақылаудың тиісті рәсімдік стандартында регламенттеледі.
2. Есеп комиссиясы Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің келісуі бойынша Есеп комитетімен қатар (бірлескен) тексеру жүргізуге қатысуға құқылы.
3. Есеп комитеті бөлінген бюджет қаражаты шегінде кезең-кезеңді негізде есеп комиссиясы қызметкерлерінің біліктілігін арттыруды (қайта даярлауды) жүзеге асырады.
4-бөлім. Ішкі аудит жөніндегі уәкілетті орган
53-бап. Ішкі аудит жөніндегі уәкілетті органның лауазымды
адамдарына қойылатын талаптар
1. Ішкі аудит жөніндегі уәкілетті орган мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның келісімімен «Б» корпусының әкімшілік мемлекеттік қызметшілері болып табылатын уәкілетті органның лауазымды адамдарына қойылатын біліктілік талаптарын бекітеді.
2. Мемлекеттік лауазымға тағайындау кезінде біліктілік талаптарына сәйкес болмау ішкі аудит жөніндегі уәкілетті органның мемлекеттік аудиторлары лауазымындағы мемлекеттік қызметті атқаруын тоқтату үшін негіз болып табылады.
54-бап. Ішкі аудит жөніндегі уәкілетті органның прокуратура
және қылмыстық қуғындау органдарымен өзара іс-қимылы
1. Прокуратура немесе қылмыстық қуғындау органдарының сұрау салуы келіп түскен кезде ішкі аудит жөніндегі уәкілетті орган:
1) егер мемлекеттік аудит органдарының және аудиттің қаржылық бақылауының бұрын жүргізген аудитінің нәтижелерінде сұрау салуда қойылған мәселелер көрініс тапқан жағдайда, қайтадан тексеру жүргізбей, бұрын жүргізген тексерулерінің нәтижелерін береді;
2) егер мемлекеттік аудит органдарының және аудиттің қаржылық бақылауының бұрын жүргізген аудитінің нәтижелерінде сұрау салуда қойылған мәселелер көрініс таппаған жағдайда, аталған мәселелер ішкі бақылау жөніндегі уәкілетті органның келесі жылға арналған жұмыс жоспарында ескеріледі.
2. Ішкі бақылау жөніндегі уәкілетті органның лауазымды адамдары мамандар ретінде тексеруге қатысуға және өз құзыреттері шегінде қорытынды беруге тиісті талап ету немесе сұрау салу бойынша прокуратура органының қарамағына, сондай-ақ қозғалған қылмыстық іс шеңберінде шығарылған тиісті қаулы бойынша қылмыстық қуғындау органының қарамағына бөлінуі мүмкін.
55-бап. Ішкі аудит жөніндегі уәкілетті орган және оның
лауазымды адамдары тәуелсіздігінің кепілдіктері
1. Ішкі аудит жөніндегі уәкілетті органның лауазымды адамдары өз қызметтін жүзеге асыру кезінде мемлекеттік аудит объектісінен тәуелсіз болады.
2. Ішкі аудит жөніндегі уәкілетті орган қызметіне мемлекеттік органдардың және өзге де ұйымдардың заңсыз араласуына жол берілмейді.
3. Осы Заңның 57-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, ішкі аудит жөніндегі уәкілетті органның мемлекеттік аудиторларын және басқа да қызметкерлерін мемлекеттік органдардың сұрау салулары бойынша оның жұмыс жоспарларында көзделмеген тексерулерді жүргізу үшін тартуға жол берілмейді.
5-бөлім. Ішкі аудит қызметтері
56-бап. Ішкі аудит қызметтерінің жұмысын ұйымдастыру
1. Ішкі аудит қызметтері орталық мемлекеттік органның бірінші басшысының, облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімінің шешімімен құрылады және осы Заң мен мемлекеттік органның бірінші басшысы бекіткен ішкі аудит қызметтері туралы ереже негізінде әрекет етеді.
Ішкі аудит қызметтері туралы ереже ішкі аудит жөніндегі уәкілетті орган бекіткен үлгі ереже негізінде әзірленеді.
2. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ішкі аудит қызметін ұйымдастыру және оның жұмыс істеуі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банк туралы заңнамасында реттеледі.
3. Ішкі аудит жөніндегі уәкілетті органның құзыретіне Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің аудитін реттеу және ішкі аудит қызметінің жұмыс істеуін ұйымдастыру мәселелері кірмейді.
57-бап. Ішкі аудит қызметтерінің мемлекеттік аудиторларына
қойылатын біліктілік талаптары
1. Мемлекеттік органдар мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның келісімімен ішкі аудит жөніндегі уәкілетті орган бекітетін Үлгі біліктілік талаптары негізінде ішкі аудит қызметтерінің мемлекеттік аудиторларына біліктілік талаптарын бекітеді.
2. Мемлекеттік лауазымға тағайындау кезінде біліктілік талаптарына сәйкес болмау ішкі аудит жөніндегі уәкілетті органның ішкі аудит қызметінің мемлекеттік аудиторлары функцияларын орындауды тоқтату туралы ұсыныстар енгізу үшін негіз болып табылады.
58-бап. Ішкі аудит қызметі тәуелсіздігінің кепілдіктері
1. Ішкі аудит қызметі ішкі аудитті жүргізу және мемлекеттік аудит қорытындылары бойынша есептер дайындауда тәуелсіз болады.
Ішкі аудит қызметі басқа құрылымдық бөлімшелерден тәуелсіз, мемлекеттік органның бірінші басшысына ғана бағынады және есеп береді.
Ішкі аудит қызметі мемлекеттік органның басқа құрылымдық бөлімшелерінің құзыретіне жататын жұмыстарға, сондай-ақ оның өкілеттіктеріне жатпайтын бағдарламалар мен жобаларды дайындауға немесе орындауға тартуға болмайды.
2. Ішкі аудит қызметі тиісті органға ведомстволық бағынысты ұйымдардағы ішкі мемлекеттік аудит жүйесін ұйымдастыру жөніндегі жұмысқа консультациялық қызмет көрсетуі мүмкін.
59-бап. Ішкі аудит жүйесі
1. Ішкі мемлекеттік аудит мемлекеттік органның ішкі бақылау жүйесін бағалауға және жетілдіруге бағытталған.
2. Мемлекеттік органның ішкі аудит жүйесі өзара байланысты мынадай құрамбөліктерден тұрады:
1) бақылау ортасы ішкі (корпоративтік) мәдениетті, ұйымдасқан құрылымды және мемлекеттік органның есептілігі сапасы мен қызметінің тиімділігін алдын ала айқындайтын саясаттар мен рәсімдердің ішкі жиынтығын қамтиды;
2) тәуекелдерді бағалау – мемлекеттік органның өз мақсаттарына қол жеткізуіне әсер ететін тәуекелдерді анықтау, талдау және олардың алдын алу процесі. Тәуекелдерді бағалау бақылау рәсімдерін жасау және ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі іс-шараларды жоспарлау үшін негіз болып табылады;
3) бақылау рәсімдері – қызметкерлердің (құрылымдық бөлімшелердің) өз функцияларын орындауы кезінде жүзеге асыратын бақылау рәсімдерінің (техникаларының) үйлесімі;
4) ақпарат пен байланыс – мемлекеттік орган қызметінің барлық салаларын, оларды тіркеуді және алмасуды қамтитын деректерді уақтылы және тиімді анықтау. Мемлекеттік орган ақпаратқа санкцияланбаған қол жеткізуден қорғау үшін шаралар қолданады;
5) ішкі бақылау жүйесі тиімділігінің мониторингі және оны бағалау – мемлекеттік органның мақсаттарға қол жеткізуіне және есептілігінің дәйектілігіне әсер ететін қателердің туындау ықтималдығын айқындау, бұл қателердің маңыздылығын анықтау және өзінің алға қойылған мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізуді қамтамасыз етуге ішкі бақылау жүйесінің қабілетін айқындау.
60-бап. Мемлекеттік орган басшысының ішкі аудит қызметімен
өзара іс-қимылы
Мемлекеттік органның басшысы ішкі аудит қызметімен өзара іс-қимыл жасауды:
1) жылдық және тоқсандық жұмыс, тексерулер жоспарларын және ішкі аудит қызметі үшін оқу жоспарларын бекіту;
2) Аудит және тәуекелдер жөніндегі кеңестің ұсынымдарын іске асыру туралы шешімді қарау және қабылдау;
3) ішкі мемлекеттік аудит қорытындылары бойынша жылдық есепті қарау арқылы жүзеге асырады.
6-бөлім. Өтпелі және қорытынды ережелер
61-бап. Осы Заңды бұзғаны үшін жауаптылық
1. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының, мемлекеттік аудит объектілері лауазымды адамдарының осы Заңның талаптарын бұзуы Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.
62-бап. Мемлекеттік аудит пен қаржылық бақылау органдарының
және олардың лауазымды адамдарының шешімдеріне,
іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдану тәртібі
Мемлекеттік аудит пен қаржылық бақылау органдарының және (немесе) олардың лауазымды адамдарының іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдер туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.
Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау нәтижелері бойынша актілерге және бюджет қаражатын мақсатсыз және негізсіз пайдаланудың анықталған фактілеріне байланысты мемлекеттік аудит пен қаржылық бақылау органдарының талаптарына шағымдану олардың орындалуын тоқтатпайды.
63-бап. Өтпелі ережелер
12-баптың 3-тармағы 1) тармақшасының шоғырландырылған қаржы есептілігінің аудиті бөлігіндегі және 44-баптың талаптары 2018 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі.
36-баптың 4-тармағының талаптары 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Осы Заңның 37-бабы 2-тармағының, 38-бабы 2-тармағының талаптары осы Заң қолданысқа енгізілген кезде Есеп комитетінде қызмет істеп жүрген мемлекеттік қызметшілерге қолданылмайды.
64-бап. Қорытынды ережелер
Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті