Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің үкіметтері арасындағы мемлекетаралық ғылыми-техникалық ақпарат алмасу саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаевқа Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің үкіметтері арасындағы мемлекетаралық ғылыми-техникалық ақпарат алмасу саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К.Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2014 жылғы 21 мамырдағы
№ 524 қаулысымен
мақұлданған
жоба
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің
үкіметтері арасындағы мемлекетаралық ғылыми-техникалық ақпарат
алмасу саласындағы ынтымақтастық туралы
КЕЛІСІМ
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің үкіметтері
осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің ынтымақтастығын дәйекті түрде тереңдету, мемлекетаралық ғылыми-техникалық ақпарат алмасуды кеңейту, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының ақпараттық және инновациялық кеңістігін дамыту үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында,
ғылыми-техникалық ақпараттың ұлттық жүйелерін одан әрі дамытудың, ақпараттық ресурстарды бірлесіп және өзара тиімді пайдаланудың қажеттілігін сезіне отырып,
инновация саласындағы осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің мемлекетаралық бағдарламалары мен жобаларын ғылыми-ақпараттық қамтамасыз етудің және ақпараттық-талдамалық сүйемелдеудің маңыздылығын ескере отырып,
ғылыми-ақпараттық ресурстарға осы Келісімге қатысушы мемлекеттер пайдаланушыларының қол жеткізуін кеңейту үшін жағдайды қамтамасыз етуге ниет білдіре отырып,
ғылыми-ақпараттық және ғылыми-баспа қызметінде әдіснамалық және практикалық ынтымақтастықты дамытуға ұмтыла отырып,
осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің халықаралық міндеттемелері мен заңнамасын басшылыққа ала отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Ғылыми-техникалық ақпарат алмасуды жетілдіру және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының (бұдан әрі – ТМД) ортақ ғылыми-технологиялық кеңістігін құру мақсатында Тараптар ғылыми-техникалық ақпараттың ұлттық жүйелерін дамытуды қамтамасыз етеді, ең жаңа ақпараттық-телекоммуникациялық технологияларды пайдалану арқылы ақпараттық ресурстарға жылдам қол жеткізу тетігін құруға және қолдануға ықпал етеді, ғылыми-техникалық ақпарат саласында бірлескен бағдарламалар мен жобаларды дайындауға және іске асыруға қатысады.
2-бап
Мемлекетаралық ғылыми-техникалық ақпарат алмасу ерікті негізде жүзеге асырылады әрі ақпараттық ресурстарды бірлесіп қалыптастыруды және пайдалануды, нақты, жаратылыстану және техникалық ғылымдар саласында, оның ішінде ғылыми-техникалық дамудың мемлекетаралық жобалары мен бағдарламалары шеңберіндегі іргелі және қолданбалы зерттеулерді, инновациялық әзірлемелерді ақпараттық қамтамасыз етуді, сондай-ақ осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің ғалымдары мен мамандарына ғылыми-ақпараттық қызмет көрсетуді қамтиды.
3-бап
Мемлекетаралық ғылыми-техникалық ақпарат алмасуды ТМД шеңберінде, ғылыми-техникалық ақпараттың мемлекетаралық жүйесін дамыту мақсатында өз мемлекеттерінде аталған қызмет саласын ынтымақтастықтың келісілген қағидаттары мен қағидаларында үйлестіретін осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің ғылыми-техникалық ақпарат орталықтары жүзеге асырады.
4-бап
Ғылым және білім саласындағы халықаралық интеграциялық процестерді тереңдету мақсатында Тараптар осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің барлық ғылыми-техникалық ақпарат орталықтарының бірлесіп құрылатын ақпараттық ресурстарға ашық және тең құқықты қол жеткізуін қамтамасыз етеді.
Тараптар ұлттық заңнамаға сәйкес осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастық нәтижесінде алынған қолжетімділігі шектеулі ақпаратты қорғау үшін қажетті шаралар қабылдайды.
5-бап
Тараптар ғылыми-техникалық ақпараттың ұлттық жүйелерінің мүдделерін ескере отырып, олар әзірлейтін регламенттеуші және әдістемелік құжаттарға сәйкес Ғылыми-техникалық ақпарат жөніндегі мемлекетаралық үйлестіру кеңесі бекітетін ғылыми-техникалық ақпаратпен мемлекетаралық алмасу саласындағы бірлескен бағдарламалар мен жобаларды қалыптастырады.
6-бап
Мемлекетаралық ғылыми-техникалық ақпарат алмасу саласындағы осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің бірлескен бағдарламалары мен жобаларын іске асыру бойынша іс-шараларды қаржыландыру осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің ұлттық бюджеттерінде тиісті министрліктер мен ведомстволардың өз функцияларын орындауға жыл сайын көзделетін қаражат шеңберінде жүзеге асырылады.
7-бап
Мемлекетаралық ғылыми-техникалық ақпарат алмасудың тиімділігін арттыру мақсатында Тараптар ғылыми-техникалық ақпарат саласындағы кадрларды даярлауға және олардың біліктіліктерін арттыруға ықпал етеді.
8-бап
Осы Келісім шеңберінде ынтамақтастықты жүзеге асыру үшін орыс тілі жұмыс тілі болып табылады.
9-бап
Осы Келісім өз мемлекеті қатысушысы болып табылатын басқа халықаралық шарттардан Тараптардың әрқайсысы үшін туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
10-бап
Тараптардың өзара келісуі бойынша Осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын тиісті хаттамамен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
11-бап
Осы Келісімді қолдану және түсіндіру кезінде туындайтын Тараптар арасындағы даулы мәселелер мүдделі Тараптардың консультациялары мен келіссөздері немесе Тараптармен келісілген өзге де рәсімдер арқылы шешіледі.
12-бап
Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді оған қол қойған Тараптардың орындағаны туралы үшінші жазбаша хабарламаны депозитарийдің алған күнінен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
Мемлекетішілік рәсімдерді кешірек орындаған Тараптар үшін осы Келісім депозитарийдің тиісті құжаттарды алған күнінен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
13-бап
Осы Келісім күшіне енгеннен кейін депозитарийге қосылу туралы құжатты беру арқылы оның мақсаттары мен қағидаттарын бөлісетін кез келген мемлекеттің қосылуы үшін ашық.
Осы Келісім ТМД-ға қатысушы мемлекет үшін қосылу туралы құжатты депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
Осы Келісім ТМД-ға қатысушы болып табылмайтын мемлекет үшін оған қол қойған немесе оған қосылған мемлекеттің осындай қосылуға келісімі туралы соңғы хабарламаны депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
14-бап
Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады. Тараптардың әрқайсысы осы Келісімнен шыққанға дейін 6 айдан кешіктірмей өзінің осындай ниеті туралы депозитарийге жазбаша хабарламаны жіберіп және осы Келісімнің қолданылуы уақытында туындаған міндеттемелерді реттей отырып осы Келісімнен шығуға құқылы.
15-бап
Осы Келісімге қатысушы мемлекеттер арасындағы қатынастарды оның күшіне енген күнінен бастап 1992 жылғы 26 маусымдағы Ғылыми-техникалық ақпаратпен мемлекетаралық алмасу туралы келісімнің қолданылуы тоқтатылады.
_________ жылғы _________________________ қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды. Түпнұсқа дана Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол оның расталған көшірмесін осы Келісімге қол қойған әрбір мемлекетке жібереді.
Әзербайжан Республикасының Ресей Федерациясының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Армения Республикасының Тәжікстан Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Беларусь Республикасының Түрікменстан
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Қырғыз Республикасының Украина Үкіметі үшін
Үкіметі үшін
Молдова Республикасының
Үкіметі үшін