Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы арасындағы Қазақстан Республикасының Алматы қаласында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының медициналық-санитариялық алғашқы көмек жөніндегі географиялық жағынан қашық орналасқан офисін ашу туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрi Салидат Зекенқызы Қайырбековаға Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы арасындағы Қазақстан Республикасының Алматы қаласында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының медициналық-санитариялық алғашқы көмек жөніндегі географиялық жағынан қашық орналасқан офисін ашу туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К.Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2014 жылғы 27 мамырдағы
№ 548 қаулысымен
мақұлданған
Жоба
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Дүниежүзілік денсаулық
сақтау ұйымы арасындағы Қазақстан Республикасының Алматы
қаласында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының
медициналық-санитариялық алғашқы көмек жөніндегі географиялық
жағынан қашық орналасқан офисін ашу туралы келісім
Ескерту. Келісім жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 19.12.2014 № 1353 қаулысымен.
Бұдан әрі бірлесіп «Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі (бұдан әрі – «Үкімет») және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (бұдан әрі – «ДДҰ»)
ұзақ мерзімді екіжақты ынтымақтастықты бекітіп беруге және кеңейтуге ниет білдіре отырып,
денсаулық сақтау қызметтерін ұсыну бойынша, атап айтқанда, медициналық-санитариялық алғашқы көмекті дамыту саласындағы жұмысты күшейту мақсатында ынтымақтастықты нығайтуға ниет білдіре отырып,
төмендегілер туралы уағдаласты:
1-бап. Анықтамалар
Осы Келісімнің мақсаттары үшін мынадай анықтамалар пайдаланылады:
і. «ДДҰ» – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы;
іі. «ДДҰ ЕӨБ» – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік бюросы;
ііі. «ГҚО» – Географиялық жағынан қашық орналасқан офис;
іv. «МСАК» – медициналық-санитариялық алғашқы көмек;
v. «Іссапардағы сарапшылар» – ДДҰ-ның атынан және соның тапсырмасы бойынша қызметтік іссапардағы, ДДҰ-ның лауазымды адамдарынан басқа адамдар;
vi. «МСАК жөніндегі ГҚО басшысы» – Медициналық-санитариялық алғашқы көмек жөніндегі географиялық жағынан қашық орналасқан офисті басқаратын ДДҰ-ның лауазымды адамы, ал ол болмаған жағдайда – оның тиісті түрде уәкілеттік берілген өкілі;
vii. «Қызметтік үй-жайлар» – МСАК жөніндегі ГҚО орналасатын барлық қызметтік үй-жайлар;
viii. «Бағдарламалық шығыстар» – МСАК жөніндегі ГҚО қызметін жүзеге асыруға байланысты шығыстар;
ix. «ДДҰ-ның лауазымды адамдары» – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының WHA 12.41 қарарына сәйкес жергілікті жерде сағат бойынша ақы төлеу шарттарымен жалданған адамдарды қоспағанда, азаматтығына қарамастан, ДДҰ-ның қағидалары мен ережелеріне сәйкес ДДҰ қабылдаған ДДҰ-ның барлық қызметкерлері;
x. «ДДҰ-ның мұрағаттары» – ДДҰ-ға тиесілі немесе оның иелігіндегі, пішіміне қарамастан жазбалар мен хат-хабарлар, құжаттар, файлдар, хабарламалар, оның ішінде электрондық түрдегілері, қолжазбалар, фототүсірілімдер және кино-бейнематериалдар, сондай-ақ дыбыстық жазбалар.
2-бап. Жалпы ережелер
1. Тараптар Қазақстан Республикасының Алматы қаласында ДДҰ-ның «Медициналық-санитариялық алғашқы көмек жөніндегі географиялық жағынан қашық орналасқан офис» деп аталатын техникалық географиялық жағынан қашық орналасқан офисін құру туралы уағдаласты.
2. Осы Келісім МСАК жөніндегі ГҚО үшін ұйымдастыру мәселелерін, оның ішінде қаржыландыруды және қызметтік үй-жайлар беруді реттейді.
3. Осы Келісімнің 17-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының уәкілетті органдары Келісімді уақытша қолдану мақсатында Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасын басшылыққа алады.
3-бап. МСАК жөніндегі ГҚО-ның негізгі қызмет саласы
1. МСАК жөніндегі ГҚО құрудың мақсаты денсаулық сақтау қызметтерін ұсыну бойынша, атап айтқанда, медициналық-санитариялық алғашқы көмекті дамыту саласындағы жұмысты күшейту болып табылады. МСАК жөніндегі ГҚО ДДҰ-ның Еуропалық өңірлік бюросының Денсаулық сақтау және қоғамдық денсаулықты сақтау жүйелері бөлімінің жедел бөлімшесі ретінде жұмыс істейтін болады.
2. МСАК жөніндегі ГҚО-ның негізгі міндеттері:
і. Инфекциялық емес және инфекциялық аурулар, қартаю және қосарлас аурулар ауыртпалығына тиісті, тиімді және инновациялық ден қою мақсатында адамдардың қажеттіліктері мен сұраныстарына бағдарланған денсаулық сақтау қызметтерін МСАК негізінде ұсынуға бағытталған денсаулық сақтау жүйелерін қайта құру жөніндегі Өңірлік бюро қызметіне жәрдемдесу және қолдау көрсету.
іі. Еуропа өңірінің мүше мемлекеттеріне олардың денсаулық сақтау қызметтерін МСАК негізінде әділ, қайырымды, нәтижелі және тиімді ұсынуға қатысты өңірлік және жаһандық деңгейде қабылданған міндеттемелерін орындау жөніндегі қызметіне белсенді түрде қолдау көрсету болып табылады.
3. Адамдардың қажеттіліктері мен сұраныстарына бағдарланған денсаулық сақтау қызметтері, медициналық көмек көрсетуде үйлестіруді, интеграциялауды және үзіліссіздікті қамтамасыз ету, стационарлардың қайта қаралған рөлі, емдеу-профилактикалық мекемелердің жұмысын үйлестіру, ұйымдастыру және басқару, пациенттерді және өмірдің әртүрлі кезеңдерінде ауру жағдайларының созылмалы жай-күйлерін ескере отырып және паллиативтік көмекті қоса алғанда, қадағалап қарау сияқты аспектілер бойынша, сондай-ақ мүше мемлекеттер денсаулық сақтау қызметтерімен жаппай қамтуды ұлғайту жөнінде күш салу барысында ұшырасатын басқа да өзекті проблемалар бойынша жоғары сапалы, функционалдық және инновациялық білімдер мен нақты деректерді беру.
4-бап. Жұмыс жоспары және жұмысты бағалау
1. МСАК жөніндегі ГҚО өз қызметін ДДҰ-ның екіжылдық жоспарлау цикліне сәйкес жүзеге асыратын болады. МСАК жөніндегі ГҚО-ның стратегиялық жоспары мен бюджеті ДДҰ ЕӨБ-нің жалпы стратегиялық бағдарламалық бюджетіне кіреді және оны ДДҰ-ның Еуропалық өңірлік комитеті бекітеді. Жұмыс жоспарын әзірлеу, іске асыру және оның орындалуын бағалау ДДҰ ЕӨБ-тің стандарттық рәсімдеріне сәйкес жүзеге асырылады.
2. МСАК жөніндегі ГҚО базасында бағдарламалар шеңберінде жүргізілетін жұмысты бағалау ДДҰ ЕӨБ-тің стандарттық рәсімдеріне сәйкес жүзеге асырылады. Бұдан басқа, МСАК жөніндегі ГҚО басшысы жұмыс барысы туралы жыл сайынғы есептерді жасайды және оларды тиісті әкімшілік арналар арқылы ДДҰ ЕӨБ директорының қарауына жібереді.
3. Осы Келісім күшіне енгеннен кейін әрбір бес жыл сайын және осы Келісімнің 17.1-бабында жазылған жалпы мерзімдер шеңберінде МСАК жөніндегі ГҚО қызметіне осы ақпарат негізінде орта мерзімді бағалау жүргізіледі.
5-бап. МСАК жөніндегі ГҚО-ның ұйымдық құрылымы
1. МСАК жөніндегі ГҚО-ның ұйымдық құрылымы және қызметі ДДҰ ЕӨБ-нің ажырамас бөлігі болып табылады және осыған орай, осы Келісім шеңберінде жүзеге асырылатын барлық қызмет ДДҰ Конституциясымен, Жарғысымен, қағидаларымен, ережелерімен және саясатымен реттеледі. ДДҰ ЕӨБ МСАК жөніндегі ГҚО жұмысының жалпы бағыты мен оған әдістемелік басшылық жасау үшін жауапты болады.
2. ДДҰ ЕӨБ директоры МСАК жөніндегі ГҚО басшысының лауазымына ДДҰ-ның жоғары буын қызметкерін тағайындайды немесе жібереді. Басшы осы мақсаттар үшін ДДҰ ЕӨБ белгілеген өкілеттіктердің қолданылу шеңберіне және берілуіне сәйкес әрекет етеді.
3. ДДҰ ЕӨБ-пен келісім бойынша және оның қалауы бойынша ғана МСАК жөніндегі ГҚО-ға ДДҰ-ның кез келген мүше мемлекетінен немесе ДДҰ-мен ынтымақтас кез келген өзге ұйымнан қызметкерлерді іссапарға жіберу жүзеге асырылады.
4. Қажет болуына қарай және ДДҰ-ның қағидаларына сәйкес ДДҰ ЕӨБ пен МСАК жөніндегі ГҚО арасында персоналмен алмасу жүзеге асырылуы мүмкін.
5. МСАК жөніндегі ГҚО-ның барлық қызметкерлері ДДҰ-ның персоналы туралы ережелер мен қағидаларға сәйкес ДДҰ-ның қызметкерлері болып табылады. Қызметкерлер ДДҰ-ның персоналының мәртебесін, құқықтарын, артықшылықтарын пайдаланады және олардың міндеттерін атқарады, сондай-ақ осы Келісімнің 8-бабында көзделген иммунитеттер мен артықшылықтарды қолдану мақсаты үшін ДДҰ-ның лауазымды адамдары ретінде болады.
6. МСАК жөніндегі ГҚО қызметкерлерін жалдау және олардың жұмыс шарттары ДДҰ-ның ережелерімен, қағидаларымен және рәсімдерімен айқындалады және осы немесе өзге адамдарды таңдау туралы түпкілікті шешімді ДДҰ ЕӨБ қабылдайды. Тағайындау мерзімін, сондай-ақ тағайындаудың әрбір ұзартылу мерзімін ДДҰ ережелеріне, қағидаларына және рәсімдеріне сәйкес ДДҰ ЕӨБ айқындайды.
6-бап. Құқықтық мәртебесі
1. ДДҰ және МСАК жөніндегі ГҚО қандай да болмасын қаржылық бақылаумен, қағидалармен немесе мораториймен шектелмегендіктен мыналарға:
і. Ақша қаражатына, алтынға және кез келген валютадағы шоттарға иелік етуге және оларды пайдалануға және өз иелігіндегі кез келген валютаны кез келген басқа валютаға айырбастауды жүргізуге.
іі. Өзінің ақша қаражатын, алтынын немесе валютасын бір елден басқа елге немесе Қазақстан Республикасының шегінде аударуға құқылы.
2. ДДҰ және МСАК жөніндегі ГҚО осы баптың 1-тармағына сәйкес өзінің құқықтарын пайдаланған кезде Үкімет тарапынан болатын кез келген ұсынуларға осындай ұсынуларды өздерінің мүддесіне нұқсан келтірместен қабылдауға болатындай шамада тиісінше көңіл бөледі.
3. МСАК жөніндегі ГҚО, оның активтері, кірісі және басқа да меншігі:
і. ДДҰ өзінің иммунитетінен бас тартатыны туралы тікелей мәлімдеген нақты жағдайлардан басқа, сот араласуының кез келген нысанынан иммунитетті пайдаланады. Алайда, сот шешімдерін орындау шараларына иммунитеттен ешқандай бас тарту қолданылмайды деп болжануда.
іі. Тікелей салық салудың кез келген нысанынан босатылады, алайда, ДДҰ іс жүзінде коммуналдық қызмет көрсетуге ақы төлеу ғана болып табылатын салық салудан босатуды талап етпейді деп болжануда.
4. ДДҰ Қазақстан Республикасының аумағында өзінің мақсаттарына қол жеткізу және өзінің функцияларын атқару үшін қаншалықты қажет болса, сондай шамада құқықтық қабілетке және әрекет қабілетіне ие.
5. Үкімет ДДҰ-ның заңды тұлға ретіндегі құқық субъектілігін және оның МСАК жөніндегі ГҚО арқылы келісімшарттар жасасуға, банк шоттарын ашуға, жылжымалы және жылжымайтын мүлікті сатып алуға және оларға билік етуге, сондай-ақ сот ісін жүргізуді қозғауға және оған қатысуға құқықтық қабілеттілігін таниды.
6. МСАК жөніндегі ГҚО-ның қызметтік үй-жайларына және МСАК жөніндегі ГҚО Басшысының резиденциясына қол сұғылмайды. ДДҰ-ның мүлкі, активтері, есеп шоттары және мұрағаты қай жерде және кімнің билігінде болмасын тінтуге, реквизициялауға, тәркілеуге, экспроприацияға, басып алуға және оларға атқарушылық, әкімшілік, сот, сондай-ақ заңнамалық әрекеттермен қандай да бір өзге нысанда араласуға жатпайды.
7. Үкімет және өзге де уәкілетті органдар тиісінше көңіл аудара отырып, МСАК жөніндегі ГҚО-ның, оның лауазымды адамдарының, сондай-ақ іссапардағы сарапшыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен қорғалуы жөніндегі және МСАК жөніндегі ГҚО-ның қауіпсіздігі мен қалыпты жұмыс жағдайы сырттан келген адамдар мен адамдар топтарының санкцияланбаған басып кіруі, сондай-ақ оған тікелей жақын жердегі қоғамдық тәртіп бұзушылық салдарынан бұзылмауын қамтамасыз ету жөніндегі барлық қажетті шараларды қолданады.
8. ДДҰ осы Келісімнің ережелеріне нұқсан келтірместен, МСАК жөніндегі ГҚО-ның өздеріне қарсы қылмыстық сот шешімі шығарылған немесе қылмыс жасау кезінде қудаланған немесе өздеріне қатысты құзыретті органдар қамауға алуға ордер немесе экстрадициялау, жер аудару немесе депортациялау туралы қаулы шығарған адамдарды сот төрелігінен қорғау үшін баспана болуына жол бермейді.
9. ДДҰ-ның өкілдігі болып табылатын МСАК жөніндегі ГҚО Қазақстан Республикасының аумағына ресми пайдалануға арналған тауарларды, оның ішінде өздерінің жарияланымдарына, фото түсірілімдеріне, кино- және бейнематериалдарына және дыбыс жазбаларына қатысты олардың электрондық немесе өзге де пішіміне қарамастан, кедендік алымдарды, салықтарды төлеуден босатылып және тарифтік емес реттеу шаралары, тыйым салулар мен шектеу шаралары қолданылмай, әкеле алады және одан әкете алады. Бұл ретте тауарлардың (заттардың) тізбесі кеден ісі саласындағы уәкілетті органға 30 күн бұрын жіберілетін болады деп болжанып отыр. Осындай босату шеңберінде әкелінетін тауарлар (заттар) Қазақстан Республикасының аумағында Үкіметпен келісілген шарттарда болмаса, сатуға жатпайды.
10. ДДҰ әдетте, жылжымалы және жылжымайтын мүлікті сатып алу кезінде сату бағасының бір бөлігін құрайтын акциздерден, баждар мен салықтардан босатуды талап етпесе де, МСАК жөніндегі ГҚО осындай акциздер мен салықтар салынған немесе салынуға жататын мүліктерді қызметтік мақсаттарда елеулі көлемде сатып алған жағдайларда, Үкімет, бұл мүмкін болған жағдайда, Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасына сәйкес акциз немесе салық төлеуден босату немесе төленген соманы қайтару жөнінде тиісті әкімшілік шараларды қолданады.
7-бап. Байланыс құралдары
1. МСАК жөніндегі ГҚО өзінің ресми байланысы үшін Қазақстан Республикасының аумағында Үкімет кез келген басқа үкіметке, оған қоса соңғысының дипломатиялық өкілдігіне ұсынатын басымдылыққа, пошта жөнелтілімінің, каблограммалардың, жеделхаттардың, радиограммалардың, телефотосуреттің, телефон және басқа да байланыс құралдарының тарифтері мен мөлшерлемелеріне, сондай-ақ баспа мен радиоға берілген ақпарат үшін мөлшерлемелерге қатысты жағдайлардан қолайлылығы кем емес жағдайларды пайдаланады.
2. ДДҰ-ның ресми хат-хабарлары мен басқа да ресми хабарламалары цензураға жатпайды.
3. ДДҰ шифрларды пайдалануға және хат-хабарды курьерлер мен мөрленген вализдер арқылы жіберуге және алуға құқылы, оларға да дипломатиялық курьерлер мен вализдерге сияқты иммунитеттер мен артықшылықтар қолданылады.
4. Осы баптағы еш нәрсе де Үкімет пен ДДҰ арасындағы келісіммен айқындалуы мүмкін тиісті алдын ала сақтық шараларын қабылдауды болдырмайтын ереже ретінде түсіндірілмеуге тиіс.
8-бап. Лауазымды тұлғалар
1. МСАК жөніндегі ГҚО-ның лауазымды адамдары мынадай артықшылықтар мен иммунитеттерге ие болады:
і. Лауазымды адамдар ретінде өздерінің айтқаны немесе жазғаны үшін және өздері жасаған барлық әрекеттер үшін сот арқылы жауаптылыққа жатпау. Мұндай иммунитет олардың ДДҰ-дағы жұмысы тоқтатылғаннан кейін де жалғасатын болады.
іі. Өздеріне ДДҰ немесе Біріккен Ұлттар Ұйымы төлейтін жалақыға және сыйақыларға салық салудың кез келген нысанынан босатылу.
ііі. Өздерін, өздерінің жұбайларын (зайыптарын) және өздерінің асырауындағы туыстарын шетелдіктердің көшіп келуі және тіркелуі жөніндегі шектеулерден босату.
iv. Өздерінің жұбайларымен (зайыптарымен) және өздерінің асырауындағы туыстарымен бірге халықаралық дағдарыс кезінде дипломатиялық миссиялардың салыстырмалы дәрежедегі лауазымды адамдары пайдаланатын репатриациялау мүмкіндіктерін пайдалану.
v. Мемлекеттік борыштар атқарудан босатылу.
vi. Қазақстан Республикасында лауазымға алғашқы рет тағайындалған жағдайда өздерінің жеке пайдалануы үшін автокөлік құралдарын қоса алғанда, өзінің жиһазы мен мүлігін әкелу бойынша кедендік баждарды, алымдарды және салықтарды, тыйым салуды және шектеуді төлемей әкелуге құқығы.
vii. Автокөлік құралдарын кедендік баждарды, алымдарды және салықтарды қолданыстағы мемлекеттік реттеуге сәйкес тиісті дәрежедегі дипломатиялық миссиялардың мүшелеріне қолданылатындай төлемей әкелу.
viii. Үкімет қажет болған жағдайда МСАК жөніндегі ГҚО лауазымды адамдарының виза алуын мүмкіндігінше қысқа мерзімде ұйымдастырады. Мұның іссапардағы сарапшылар үшін Қазақстан Республикасына келуді жеңілдететін құжаттарды ресімдеуге де қатысы бар.
2. Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын МСАК жөніндегі ГҚО-ның лауазымды адамдары осы Баптың 1-тармағының i) және ii) тармақшаларына сәйкес берілетін иммунитеттерді ғана пайдаланады.
3. МСАК жөніндегі ГҚО-ның лауазымды адамдары дипломатиялық миссиялардың құрамына кіретін салыстырмалы дәрежедегі лауазымды адамдарға берілетін, валюта айырбастауға қатысты артықшылықтарды пайдаланады.
4. Жоғарыда көрсетілген артықшылықтар мен иммунитеттерге қосымша, МСАК жөніндегі ГҚО басшысы өзіне, өзінің жұбайына (зайыбына) және өзінің асырауындағы туыстарына қатысты, әдетте, тиісті дәрежедегі дипломатиялық өкілдерге берілетін артықшылықтар мен иммунитеттерді, босатуларды және жеңілдіктерді пайдаланады. Сыртқы істер министрлігі осы мақсатта МСАК жөніндегі ГҚО басшысын Қазақстан Республикасында аккредиттелген дипломатиялық өкілдердің тізіміне енгізеді.
5. Осы Келісімде айтылатын артықшылықтар мен иммунитеттер ДДҰ мақсаттары мен міндеттеріне тиімді қол жеткізу мақсатында ғана беріледі. ДДҰ оның пікірінше иммунитет сот төрелігін іске асыруға кедергі жасаған және иммунитеттен бас тарту ДДҰ мүдделеріне нұқсан келтірілмей жүргізілген жағдайларда, кез келген қызметкерге берілген иммунитеттен бас тартуға құқылы және міндетті.
6. МСАК жөніндегі ГҚО мен ДДҰ сот төрелігінің тиісінше іске асырылуын жеңілдету, құқық қорғау органдары нұсқамаларының орындалуын қамтамасыз ету және осы Келісімде аталған артықшылықтарға, иммунитеттер мен жеңілдіктерге байланысты қандай да бір асыра пайдаланудың алдын-алу мақсатында Қазақстан Республикасының тиісті билік орындарымен тұрақты түрде ынтымақтастықта болады.
9-бап. Іссапардағы сарапшылар
1. Іссапардағы сарапшылар мынадай артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдаланады:
і. жеке ұстаудан және олардың жеке багажына тыйым салудан иммунитет.
іі. қызметтік міндеттерін атқару кезінде өздерінің айтқанына немесе жазғанына және жасаған барлық іс-әрекеттеріне қатысты кез келген түрдегі сот-процестік иммунитет.
ііі. уақытша қызметтік іссапардағы шетелдік үкіметтердің лауазымды тұлғаларына берілетін сияқты валютаны шектеуге және оны айырбастауға қатысты және олардың жеке багажына қатысты жеңілдіктер.
iv. барлық қағаздар мен құжаттарға қол сұғылмау.
v. ДДҰ-мен қатынастарда шифрды пайдалану және курьерлер арқылы немесе мөрленген вализдерде құжаттар мен хат-хабарды алу құқығы.
2. Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын іссапардағы сарапшылар осы Баптың 1-тармағының ii), iv) және v) тармақшаларына сәйкес берілетін иммунитеттерді ғана пайдаланады.
3. Іссапардағы сарапшыларға артықшылықтар мен иммунитеттер олардың жеке пайдасы үшін емес, ДДҰ мүдделері үшін беріледі. ДДҰ оның пікірінше иммунитет сот төрелігін іске асыруға кедергі жасайтын және одан бас тарту ДДҰ мүдделеріне нұқсан келтірмейтін әрбір жағдайда кез келген сарапшыға берілген иммунитеттен бас тартуға құқылы және міндетті.
10-бап. Артықшылықтарды асыра пайдалану
Егер Үкімет осы Келісімде көзделетін қандай да бір артықшылықты немесе иммунитетті асыра пайдалану орын алған деп тапса, осындай асыра пайдаланудың орын алғандығын не орын алмағандығын анықтау және ол расталған жағдайда асыра пайдаланудың қайталануына жол бермеу шараларын қабылдау үшін Үкімет пен ДДҰ арасында консультациялар жүргізіледі. Егер осындай консультациялардың нәтижелері Үкімет және ДДҰ үшін қанағаттанарлықсыз болса, артықшылықты немесе иммунитетті асыра пайдаланудың болғаны не болмағаны жөніндегі мәселе осы Келісімнің 16-бабында көзделген рәсімге сәйкес Халықаралық сотқа беріледі. Егер Халықаралық сот осындай асыра пайдалану орын алған деп тапса, Үкімет ДДҰ мен МСАК жөніндегі ГҚО-ға хабарлама жібергеннен кейін бұдан әрі асыра пайдаланудың нысанасы болып табылған артықшылықты немесе иммунитетті ұсынбауға құқылы.
11-бап. Рұқсаттама
1. Қазақстан Республикасының Үкіметі және басқа да уәкілетті органдары сапар жасау үшін ДДҰ-ның лауазымды адамдарына заңды құжат ретінде берілетін Біріккен Ұлттар Ұйымының рұқсаттамасын таниды және қабылдайды.
2. Біріккен Ұлттар Ұйымының рұқсаттамасын басқа да ұстаушылардан келіп түскен виза беруге арналған өтініш, бұл өтініштер осы тұлғалар ДДҰ істері бойынша келеді деген куәліктермен бірге болса, олар мүмкіндігінше қысқа мерзімде қаралады.
12-бап. Келу кезіндегі жеңілдіктер
Уәкілетті органдар Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасына сәйкес қызмет орны Қазақстан Республикасы болып табылатын МСАК жөніндегі ГҚО-ға жұмысқа жіберілген ДДҰ-ның лауазымды адамдарының жұбайларына жұмыс істеуге рұқсат береді.
13-бап. Қызметтік үй-жайлар
1. Үкімет ДДҰ ЕӨБ-да пайдаланылатын стандартқа сай келетін тиісті ғимарат пен офистік үй-жайларды ұсынады және осы Келісімнің қолданылу мерзімі ішінде оларды күтіп ұстау бойынша шығыстарды көтереді. Қазақстан Республикасы қызметтік үй-жайларды ДДҰ ЕӨБ стандарттарына толық сәйкес келетін, қажет болған жағдайда Үкімет пен ДДҰ ЕӨБ-ның өзара келісуі бойынша ауыстырылуы мүмкін компьютерлер мен телекоммуникация құралдарын қоса алғанда, жиһазбен, жарақтармен және жабдықпен жарақтайды, сондай-ақ олармен байланысты барлық шығыстарды жабады.
2. Үкімет ғимаратты, офистік үй-жайларды, жиһазды, жабдықтар мен тұрмыстық жайлылықтарды күтіп ұстауға, кеңсе керек-жарақтарымен және офис материалдарымен жарақтандыруға жауапты болады, олармен байланысты барлық шығыстарды, сондай-ақ тазалап жинау, күзет, энергиямен жабдықтау, сумен жабдықтау, пошта қызметтерін көрсету және телекоммуникация сияқты көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу жөніндегі шығыстарды және сақтандыру бойынша тиісті шығыстарды жабады. Егер Үкіметтің қажетті жөндеу-пайдалану жұмыстарын жүргізуді жедел қамтамасыз ету мүмкіндігі болмаған жағдайда, МСАК жөніндегі ГҚО осы Баптың 1-тармағына сәйкес ДДҰ ЕӨБ стандарттарына толық сәйкес келетін деңгейде компьютерлік және телекоммуникациялық жүйелерді күтіп ұстаудың қамтамасыз етілуін қоса алғанда, осы мақсатта мердігерлермен тікелей өзара іс-қимыл жасауға құқылы.
3. ДДҰ-ның туы мен эмблемасы Кодекске және ДДҰ-ның туы туралы қағидаларға, сондай-ақ тиісті қарарларға және директивалық ережелерге сәйкес пайдаланылады.
4. Егер Үкімет пен ДДҰ ЕӨБ бірлесіп МСАК жөніндегі ГҚО-ны көшіру және/немесе оның үй-жайларының алаңын (қызметкерлер санының ұлғаюы нәтижесінде) кеңейту туралы шешім қабылдаса, Үкіметтің осы Келісімде айтылған міндеттемелері жаңа орналасқан жерге және/немесе кеңейтілген үй-жайларға қатысты қолданылуын жалғастырады. Бұдан басқа, Үкімет көшірумен және/немесе кеңейтумен байланысты барлық шығыстарды төлейді.
14-бап. МСАК жөніндегі ГҚО-ны қаржыландыру
1. Үкімет жыл сайын ДДҰ ЕӨБ-ның билік етуіне персоналға арналған шығыстар мен МСАК жөніндегі ГҚО-ның бекітілген жоспарын іске асыру үшін қажетті, Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ассамблеясының 1981 жылғы мамырда қабылданған WHA 34.17 қарарына сәйкес бағдарламаларды қолдауға арналған 13 % шығыстарды қоса алғанда, бағдарламалық шығыстарға ақы төлеу үшін сомасы кемінде 2 000 000 АҚШ долларын ұсынады. Жыл сайынғы жарна кемінде 2 000 000 АҚШ долларын құраған жағдайда, ДДҰ ЕӨБ қаражатты жұмсауды осы Келісімнің 4-бабының 1-тармағына сәйкес жүзеге асыратын болады. Осы тармаққа сәйкес берілетін қаржылық үлес осы Келісімді уақытша қолдану кезеңін де қамтиды.
2. Бұдан басқа, Үкімет МСАК жөніндегі ГҚО-мен байланысты қызметті үйлестіру үшін Копенгагенге ДДҰ Еуропалық өңірлік бюросына іссапарға жіберу шартымен аға буын маманын (Р4 санатындағы немесе одан жоғары) тарту бойынша жауапкершілікті өзіне алады. Қазақстан Республикасы жылына кемінде 279 675 АҚШ доллары сомасында іссапарға жіберумен байланысты барлық шығыстарды төлейді.
3. Персоналға арналған шығыстарды және бағдарламалық шығыстарды жабу үшін Үкімет төлейтін барлық ақшалай қаражат ДДҰ ЕӨБ-ның арнайы банк шотына немесе чекпен АҚШ долларымен аударылады.
4. Үкімет қызметке арналған ақшалай қаражатты бүкіл жыл бойы әр жылдың бірінші тоқсаны ішінде ДДҰ ЕӨБ шотына орналастыруға тиіс.
5. Осы Келісім шеңберінде ДДҰ ЕӨБ міндеттемелерін орындау үшін жоғарыда көрсетілген ережелерге сәйкес қаражатты тұрақты түрде алдын ала алу шарт болып табылады.
6. Үкімет денсаулық сақтау вице-министрі деңгейіндегі аға буынның лауазымды адамын тағайындайды, ол осы Келісім шеңберінде Үкімет міндеттеме алатын әкімшілік және қаржылық аспектілермен байланысты барлық өзара іс-қимылға жауап береді.
7. Үкімет осы Келісім шеңберінде өзінің міндеттемелерін орындамаған жағдайда ДДҰ Үкіметті 6 ай бұрын хабардар етіп, осы Келісімді бұзуға құқылы. Осы Келісімнің тараптары алған міндеттемелер ол бұзылғаннан кейін қызметті тиісінше аяқтау, персоналды атқаратын лауазымынан босату немесе кері шақырып алу, пайдаланылмаған қаражатты және мүлікті қайтару, шоттарға ақы төлеу, қызметкерлер, қосалқы мердігерлер, консультанттар мен өнім берушілер алдындағы барлық шарттық міндеттемелер бойынша есеп айырысу үшін қаншалықты қажет болса, сондай шамада сақталады.
15-бап. Ақшалай қаражатты әкімшілендіру
1. МСАК жөніндегі ГҚО персоналы мен қызметіне алынған ақшалай қаражатқа қатысты ДДҰ ЕӨБ:
i. өзінің қаржылық және өзге де ережелеріне, қағидаларына және саясатына сәйкес ақшалай қаражатты әкімшілендіруді жүзеге асырады.
ii. барлық түсімдерді және шығыстарды көрсете отырып, МСАК жөніндегі ГҚО үшін ақшалай қаражатқа арналған жеке шотты жүргізеді.
iii. ақшалай қаражат есебіне жазылған кез келген пайыздар ДДҰ-ның қаржылық ережелеріне, қағидаларына және саясатына сәйкес есептеледі және кіріс баптарына енгізіледі.
iv. жыл сайын 1 сәуірден кешіктірмей алдыңғы күнтізбелік жылға қаржылық басқару есебін және екі жылда бір рет сертификатталған қаржылық есепті ұсынады.
2. Ақшалай қаражат бойынша барлық қаржылық есептілік АҚШ долларымен жүргізіледі. Басқа валютамен жүргізілген кірістер мен шығыстар транзакция күніне Біріккен Ұлттар Ұйымының айырбас бағамы бойынша АҚШ долларына айырбасталады.
3. Ақшалай қаражатқа қатысты қаржылық операциялар:
i. ДДҰ-да қолданылатын қаржылық ережелердің, қағидалардың және саясаттың негізінде кешенді ішкі бақылау рәсімдері шеңберінде тексеріледі және ДДҰ-ның ішкі ревизиясына жатады.
ii. қатаң түрде ДДҰ-ның қолданыстағы қаржылық ережелеріне, қағидаларына және саясатына сәйкес жүзеге асырылады.
4. ДДҰ ЕӨБ шоттары Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясы тағайындаған сыртқы ревизорлардың күшімен одан әрі мұқият тексеруге жатады және жататын болады. Ақшалай қаражатқа арналған жеке шот ДДҰ қаржылық есептілігінің ажырамас бөлігі болып табылады және осыған орай, аудиторлық қорытындыда және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясы үшін ДДҰ сыртқы ревизорының есебінде көрсетілген. Сыртқы ревизия ДДҰ қаржысы туралы ережеге және оның «ДДҰ сыртқы ревизиясын жүргізуді айқындайтын жүргізудің қосымша шеңбері» деген қосымшасына сәйкес жүзеге асырылады.
16-бап. Дауларды шешу
Тараптар келіспеушіліктерді өзге жолмен шешуге келіскен жағдайларды қоспағанда, осы Келісімді түсіндіруден немесе қолданудан туындайтын барлық келіспеушіліктер Халықаралық Сотқа беріледі. Келіспеушіліктер туындаған жағдайда Жарғының 96-бабына және Сот Статутының 65-бабына сәйкес осы келіспеушілікпен байланысты кез келген заңдық мәселе бойынша консультациялық қорытынды сұратылады. Соттың шешімін тараптар түпкілікті деп қабылдайды.
17-бап. Қорытынды ережелер
1. Осы Келісім оның күшіне енуіне қажетті рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап күшіне енеді және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына қайшы келмейтін бөлігінде оған қол қойылған күннен бастап уақытша қолданылады.
2. Осы Келісім 10 жыл мерзімге жасалды және, егер ол төменде айтылған тәртіппен бұзылмаса, келесі 10 жылдық кезеңдерге автоматты түрде ұзартылады. Сонымен бірге, кез келген Тарап кез келген уақытта Келісімді бұза алады және бұл жағдайда бір Тараптың осы Келісімнің қолданылуын өзінің тоқтату ниеті туралы екінші Тараптың жазбаша хабарламасын алғаннан кейін 9 айдан соң өзінің қолданылуын тоқтатады.
3. Осы бапқа сәйкес Келісім бұзылған жағдайда, Тараптардың міндеттемелері ол бұзылғаннан кейін қызметті тиісінше аяқтау, персоналды атқаратын лауазымынан босату немесе кері шақырып алу, пайдаланылмаған қаражатты және мүлікті қайтару, шоттарға ақы төлеу, қызметкерлер, қосалқы мердігерлер, консультанттар мен өнім берушілер алдындағы барлық шарттық міндеттемелер бойынша есеп айырысу үшін қаншалықты қажет болса, сондай шамада сақталады.
4. Осы Келісім Тараптардың жазбаша келісуі бойынша толықтырылуы немесе өзгертілуі мүмкін. Толықтырулар мен өзгерістер осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылады, Хаттама түрінде ресімделеді және осы Баптың 1-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енеді.
5. Осы Келісім әрқайсысы қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде екі данада жасалды, бұл ретте барлық мәтіндер тең түпнұсқалы болып табылады. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.
Осыны куәландыру үшін төменде қол қойғандар, тиісінше Тараптардың уәкілеттік берілген өкілдері осы Келісімге қол қойды.
2014 жылы «___» ____________ ______________ қаласында жасалды.
Қазақстан Республикасының |
Дүниежүзілік денсаулық |