Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің қарулы күштерін топогеодезиялық және навигациялық қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаевқа Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің қарулы күштерін топогеодезиялық және навигациялық қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Жоба
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2014 жылғы 28 мамырдағы
№ 565 қаулысымен
мақұлданған
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің
қарулы күштерін топогеодезиялық және навигациялық қамтамасыз
ету саласындағы ынтымақтастық туралы
КЕЛІСІМ
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына (бұдан әрі – ТМД) қатысушы мемлекеттердің үкіметтері,
2010 жылғы 10 желтоқсандағы ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің 2015 жылға дейінгі әскери ынтымақтастығының тұжырымдамасын басшылыққа ала отырып,
Тараптардың ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің қарулы күштерін топогеодезиялық және навигациялық қамтамасыз ету құралдарын жасау және пайдалану кезінде бірыңғай ақпараттық кеңістікті дамытуға мүдделілігін назарға ала отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісімнің мақсаттары үшін пайдаланылатын терминдер мыналарды білдіреді:
1) топогеодезиялық қамтамасыз ету – басқаруды және өзара іс-қимылды ұйымдастыру кезінде жергілікті жерді зерделеу, бағалау және пайдалану үшін қолайлы жағдайлар жасау, сондай-ақ қару-жарақты, әскери және арнайы техниканы, әскерлерді автоматтандырылған басқару жүйелерін тиімді қолдану мақсатында топогеодезиялық ақпарат құралдарын жасау, әскери басқару органдары мен әскерлерді (күштерді) олармен қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар кешені (жүйесі), сондай-ақ әскери басқару органдары мен әскери бөлімдердің ұйымдастыру және іс жүзіндегі қызметі;
2) навигациялық қамтамасыз ету – әскерлердің (күштердің) орналасқан жерін, қозғалысының навигациялық параметрлерін және орын ауыстыруының оңтайлы бағдарларын (траекторияларын) айқындау жөніндегі іс-шаралар кешені;
3) топогеодезиялық қамтамасыз ету құралдары – әскери техниканың құрамдас бөлігі болып табылатын және геодезиялық, гравиметриялық, топографиялық, картографиялық, фотограмметриялық аспаптарды, аппаратураны, құрал-саймандарды, сондай-ақ топогеодезиялық мақсаттағы әртүрлі керек-жарақты қамтитын топогеодезиялық қамтамасыз ету кезінде арнайы жұмыстарды орындауға арналған техникалық құралдар;
4) жер үсті навигациясы құралдары – объектілердің жерүсті навигациясына арналған техникалық құралдар;
5) геокеңістіктік ақпарат – қызметтің әртүрлі салаларында пайдалану үшін қажетті жергілікті жер және Жер бетінде, Жер бетінің төменгі қабатында, Жер атмосферасы бетінің үстіңгі қабатында және жер маңындағы кеңістікте орналасқан объектілер туралы деректердің жиынтығы.
2-бап
Тараптар ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің қарулы күштерін топогеодезиялық және навигациялық қамтамасыз ету саласында әрбір Тарап айқындайтын уәкілетті органдар арқылы ынтымақтастық жасайды. Олар туралы мәліметтер осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы хабарламаны сақтауға тапсырған кезде депозитарийге беріледі.
Тараптардың әрқайсысы бір айдың ішінде уәкілетті органдардың өзгеруі туралы депозитарийді жазбаша түрде хабардар етеді.
3-бап
Тараптар мынадай негізгі бағыттар бойынша ынтымақтастықты жүзеге асырады:
1) ТМД- ға қатысушы мемлекеттер қарулы күштерінің топогеодезиялық және навигациялық қамтамасыз ету мәселелеріндегі өзара іс-қимылы;
2) топогеодезиялық және навигациялық қамтамасыз етудің ұйымдастыру және техникалық мәселелерін шешуге ортақ тәсілдерді пысықтау;
3) ғылыми әзірлемелерді жүргізу, топогеодезиялық және навигациялық қамтамасыз ету құралдарын жобалау, жасау, сатып алу және енгізу кезінде, оның ішінде топогеодезиялық және навигациялық қамтамасыз ету әдістерін жетілдіру жөніндегі бірлескен бағдарламаларды әзірлеу жолымен қызметті үйлестіру;
4) ТМД- ға қатысушы мемлекеттер қарулы күштерінің мүддесінде топогеодезиялық және навигациялық қамтамасыз ету саласындағы бірлескен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық қызметті дамытуға жәрдемдесу;
5) ТМД- ға қатысушы мемлекеттер қарулы күштерінің топографиялық қызметтері үшін кадрлар мен мамандарды даярлау;
6) геокеңістіктік ақпарат, топогеодезиялық және навигациялық қамтамасыз ету құралдарын стандарттау және біріздендіру саласындағы өзара іс-қимыл;
7) өзара мүдделілікті білдіретін топогеодезиялық және навигациялық қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастықтың басқа да мәселелері бойынша.
4-бап
Ынтымақтастықтың негізгі қағидаттары:
1) қабылданған шешімдерді тұжырымдаудағы және іске асырудағы тең құқықтық;
2) топогеодезиялық және навигациялық қамтамасыз ету міндеттерін орындау кезінде туындайтын проблемаларды ұжымдық талқылау және шешу;
3) ұлттық мүдделерді өзара құрметтеу болып табылады.
5-бап
Тараптар топогеодезиялық және навигациялық қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастықты мынадай нысандарда дамытады:
1) ТМД- ға қатысушы мемлекеттердің қарулы күштерін топогеодезиялық және навигациялық қамтамасыз ету саласындағы халықаралық шарттарды және ТМД органдарының шешімдерін дайындау және іске асыру;
2) топогеодезиялық және навигациялық қамтамасыз етудің ұйымдастыру және техникалық мәселелерін шешу;
3) топогеодезиялық және навигациялық техниканың мүмкіндіктері және оны дамыту мен жетілдірудің перспективалары туралы топографиялық қызметтер арасындағы өзара ақпарат алмасу;
4) геоақпараттық жүйелер мен дерекқорды жасау жөніндегі жұмыстарды жоспарлау және ұйымдастыру;
5) топографиялық қызметтерді қолдануға және олардың топогеодезиялық және навигациялық қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындауына келісілген тәсілдерді пысықтау;
6) бірлескен арнайы оқу-жаттығуларды өткізу;
7) топографиялық қызметтер бөлімшелерінің бірлескен жиындарын ұйымдастыру;
8) топогеодезиялық және навигациялық қамтамасыз ету құралдарын жасау саласында бірлескен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізу, сондай-ақ қосымша уағдаластықтарға сәйкес топогеодезиялық және навигациялық қамтамасыз ету міндеттерін шешу кезінде топографиялық қызметтердің топогеодезиялық әскери бөлімдерін қолдану тәсілдерін әзірлеу.
6-бап
Тараптардың топогеодезиялық қамтамасыз ету және жерүсті навигациясы, геокеңістіктік ақпарат құралдарын, оның ішінде жеңілдік шарттарында сатып алу және жеткізу жөніндегі немесе олар туралы ақпаратты жолдау жөніндегі ынтымақтастығы тиісті сұрау салуларды орындау арқылы жүзеге асырылады.
Егер ұсынылған топогеодезиялық қамтамасыз ету және жерүсті навигациясы, геокеңістіктік ақпарат құралдарын осы Тараптар үшін қызығушылық тудырады деп санауға негіздер болса, сатып алу және жеткізу мүмкіндігі туралы ақпарат Тараптарға бастама тәртібінде берілуі мүмкін.
Алынған ақпаратты нақтылау мақсатында Тараптар оны растауды немесе түсінік беруді сұратуы мүмкін.
Сұрау салу жазбаша түрде жолданады, уәкілетті органның басшысы қол қояды және тиісті түрде куәландырылады.
7-бап
Тараптар сұрау салуды толық, уақтылы және сапалы орындауды қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды.
Сұрау салу келісілген мерзімде сұрау салынған Тараптың ұлттық заңнамасында айқындалған тәртіппен орындалады.
Сұрау салушы Тараптың уәкілетті органы сұрау салу алынған күннен бастап 30 күннен аспайтын мерзімде оны орындауға кедергі жасайтын (кешіктіретін) мән-жайлар туралы хабардар етіледі.
Егер сұрау салуда көрсетілген мәліметтер оны орындау үшін жеткіліксіз болса, сұрау салынған Тараптың уәкілетті органы сұрау салуды тиісінше орындау үшін қажетті қосымша мәліметтерді сұратуға құқылы.
8-бап
Егер сұрау салынған Тарап сұрау салуды орындау мемлекеттің егемендігіне, қауіпсіздігіне нұқсан келтіруі мүмкін не ұлттық заңнамасына және/немесе халықаралық міндеттемелеріне қайшы келеді, сондай-ақ азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін бұзуға әкеп соқтырады деп санаса, онда сұрау салуды орындаудан толық немесе ішінара бас тартылуы мүмкін.
Сұрау салушы Тараптың уәкілетті органы бас тартудың негізделген себептерін көрсете отырып, сұрау салуды орындаудан толық немесе ішінара бас тартылғаны туралы дереу жазбаша түрде хабардар етіледі.
9-бап
Сұрау салуды орындау туралы мәліметтерді оларды ұсынған сұрау салынған Тараптың уәкілетті органының келісімінсіз сұрау салынғаннан және ұсынылғаннан өзге мақсаттарда пайдалануға болмайды.
Сұрау салушы Тараптың уәкілетті органы сұрау салудың орындалуы туралы мәліметтерді тек сұрау салынған Тараптың уәкілетті органының жазбаша келісімімен ғана өзге мақсаттарда пайдалана алады.
10-бап
Осы Келісімді іске асыру шеңберінде топогеодезиялық қамтамасыз ету және жерүсті навигациясы, геокеңістіктік ақпарат құралдарын жеткізу кезінде Тараптар мемлекеттердің ұлттық заңнамасына және халықаралық шарттарына сәйкес осындай жеткізілімдер үшін белгіленген жеңілдік тарифтерін қоса алғанда, әкелу, әкету немесе транзиттеу шарттарын қолданады.
11-бап
Тараптар осы Келісім шеңберінде жеткізілген топогеодезиялық қамтамасыз ету және жерүсті навигациясы, геокеңістіктік ақпарат құралдарын және оларға бағдарламалық қамтамасыз етуді жеткізуші Тараптың жазбаша келісімінсіз үшінші тарапқа, заңды және жеке тұлғаларға сатпайды және бермейді.
12-бап
Осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастық кезінде Тараптар арасында ақпарат алмасуды және оның қорғалуын Тараптар өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес қамтамасыз етеді.
Мемлекетаралық құпиялармен жұмыс істеу тәртібі және олардың қорғалуы 1993 жылғы 22 қаңтардағы Мемлекетаралық құпиялардың сақталуын өзара қамтамасыз ету туралы келісімге және құпия ақпаратты (мемлекеттік құпияларды) өзара қорғау (сақтау) туралы екіжақты шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.
Тараптардың бірі осы Келісімді іске асыру барысында алған ақпаратты басқа Тараптардың мүдделеріне нұқсан келтіру үшін пайдалана алмайды.
13-бап
Егер әрбір нақты жағдайда өзгеше тәртіп келісілмесе, Тараптар осы Келісімді орындау барысында туындауы мүмкін шығыстарды дербес көтереді.
Осы Келісімге сәйкес жеңілдік шарттарында топогеодезиялық қамтамасыз ету және жерүсті навигациясы, геокеңістіктік ақпарат құралдарын, сатып алу және жеткізу кезінде Тараптар екіжақты негізде есеп айырысу шарттары мен нысандарын айқындайды.
Тараптар уағдаластық бойынша өзара есеп айырысулардың әртүрлі нысандарын пайдалануға құқылы.
14-бап
Осы Келісімді қолдану және түсіндіру кезінде Тараптар арасында туындайтын даулы мәселелер мүдделі Тараптардың консультациялары және келіссөздері жолымен немесе Тараптар келіскен басқа да рәсім арқылы шешіледі.
15-бап
Осы Келісім Тараптардың әрқайсысының өз мемлекеті қатысушы болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан ол үшін туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
16-бап
Тараптардың келісімі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын, осы Келісімнің күшіне енуі үшін көзделген тәртіппен күшіне енетін тиісті хаттамамен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
17-бап
Осы Келісім оған қол қойған Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы үшінші хабарламаны депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
Мемлекетішілік рәсімдерді кешірек орындаған Тараптар үшін осы Келісім депозитарий тиісті құжаттарды алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
18-бап
Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады. Тараптардың әрқайсысы шығу күніне дейін алты ай бұрын депозитарийге өзінің осындай ниеті туралы жазбаша хабарлама жолдай отырып және Келісімнің қолданылуы кезінде туындаған қаржылық және өзге де міндеттемелерді реттей отырып, осы Келісімнен шығуға құқылы.
19-бап
Осы Келісім күшіне енгеннен кейін депозитарийге қосылу туралы құжатты беру арқылы ТМД-ға қатысушы кез келген мемлекеттің қосылуы үшін ашық. Қосылатын мемлекет үшін Келісім депозитарий қосылу туралы құжатты алған күнінен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
2014 жылғы «___» ____________ ____________ қаласында орыс тілінде бір төлнұсқа данада жасалды. Төлнұсқа данасы осы Келісімге қол қойған әрбір мемлекетке оның куәландырылған көшірмесін жолдайтын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады.
Әзербайжан Республикасының Ресей Федерациясының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Армения Республикасының Тәжікстан Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Беларусь Республикасының Түрікменстан
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Қырғыз Республикасының Украина
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Молдова Республикасының
Үкіметі үшін