Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
«Қазақстан Республикасының Антарктика туралы шартқа қосылуы туралы» Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасының Антарктика туралы шартқа қосылуы туралы
ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қазақстан Республикасы 1959 жылғы 1 желтоқсанда Вашингтонда қол қойылған Антарктика туралы шартқа қосылсын.
2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н.Назарбаев
АНТАРКТИКА ТУРАЛЫ ШАРТ
Аргентина, Австралия, Бельгия, Чили, Француз Республикасы, Жапония, Жаңа Зеландия, Норвегия, Оңтүстік Африка Одағы, Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы, Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігі және Америка Құрама Штаттары үкіметтері,
бүкіл адамзат мүддесі үшін Антарктика алдағы уақытта да әрқашан бейбіт мақсаттарда ғана пайдаланылуға тиіс екендігін және халықаралық келіспеушіліктердің алаңы немесе нысанасы болмауға тиіс екендігін түсіне отырып;
Антарктикада жүргізілген ғылыми зерттеулердегі халықаралық ынтымақтастықтың нәтижесінде ғылыми танымға қосылған қомақты үлесті мойындай отырып;
Антарктикада жүргізілетін ғылыми зерттеулер еркіндігі негізінде Халықаралық геофизика жылы барысында жүзеге асырылғандай ынтымақтастықты жалғастыру және дамыту үшін берік іргетас орнату ғылым мүддесіне және бүкіл адамзат прогресіне сай келетініне сенім білдіре отырып;
сондай-ақ Антарктиканы тек бейбіт мақсаттарда ғана пайдалануды және Антарктикада халықаралық келісімді жалғастыруды қамтамасыз ететін шарт Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының мақсаттары мен қағидаттарын жүзеге асыруға жәрдемдесетініне сенім білдіре отырып;
төмендегілер туралы келісті:
I бап
1. Антарктика тек бейбіт мақсаттарда ғана пайдаланылады. Атап айтқанда, әскери базалар мен бекіністер құру, әскери маневрлер өткізу, сондай-ақ кез келген қару түрлерін сынау сияқты әскери сипаттағы кез келген іс-шараларға тыйым салынады.
2. Осы Шарт әскери персоналды немесе жарақтарды ғылыми зерттеулер үшін немесе кез келген басқа да бейбіт мақсаттар үшін пайдалануға кедергі келтірмейді.
II бап
Антарктикада жүргізілетін ғылыми зерттеулер еркіндігі және осы мақсаттарда Халықаралық геофизика жылы барысында қолданылғандай ынтымақтастық осы Шарттың ережелеріне сәйкес жалғастырылатын болады.
III бап
1. Осы Шарттың II бабында көзделгендей, Антарктикада жүргізілетін ғылыми зерттеулердегі халықаралық ынтымақтастыққа жәрдемдесу үшін Уағдаласушы Тараптар барынша мүмкін болатын және іс жүзінде жүзеге асырылатындай дәрежеде:
а) қаражатты барынша үнемдеуді және жұмыстар тиімділігін қамтамасыз ету үшін Антарктикадағы ғылыми жұмыстардың жоспарларына қатысты ақпарат алмасуды жүргізуге;
b) экспедициялар мен станциялар арасында Антарктикадағы ғылыми персоналмен алмасуды жүргізуге;
с) Антарктикадағы ғылыми бақылаулардың деректерімен және нәтижелерімен алмасуды жүргізуге және оларға еркін қол жеткізуді қамтамасыз етуге келіседі.
2. Осы бапты орындау кезінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Антарктика ғылыми немесе техникалық тұрғыдан қызығушылық тудыратын мамандандырылған мекемелерімен және басқа да халықаралық ұйымдармен іскерлік ынтымақтастық қарым-қатынастар орнату барынша ынталандырады.
IV бап
1. Осы Шартта қамтылғанның ешқайсысы:
а) Уағдаласушы Тараптардың кез келгенінің Антарктикадағы аумақтық егемендікке бұрын мәлімдеген құқықтарынан немесе наразылықтарынан бас тартуы;
b) Уағдаласушы Тараптардың кез келгенінің Антарктикадағы аумақтық егемендікке наразылық үшін кез келген негізден бас тартуы немесе өзінің немесе оның азаматтарының Антарктикадағы қызметі нәтижесінде немесе басқа да себептермен алынатын осы негізді қысқартуы;
с) Уағдаласушы Тараптардың кез келгенінің Антарктикадағы аумақтық егемендікке кез келген басқа мемлекеттің наразылығы үшін құқығын немесе наразылығын немесе негізін мойындауға немесе мойындамауға, қатысты ұстанымына нұқсан келтіретін әрекет ретінде түсіндірілмеуге тиіс.
2. Осы Шарт күшінде болған кезде ешқандай іс-әрекеттер немесе қызметтер Антарктикадағы аумақтық егемендікке қандай да бір наразылықты мәлімдеуге, қолдауға немесе теріске шығаруға негіз болмайды және Антарктикадағы егемендіктің ешқандай құқықтарын қалыптастырмайды. Осы Шарт күшінде болған кезде Антарктикадағы аумақтық егемендікке ешқандай жаңа наразылық немесе бар наразылықты кеңейту мәлімделмейді.
V-бап
1. Антарктикада кез келген ядролық жарылыстар жасауға және осы ауданда радиоактивті материалдарды жоюға тыйым салынады.
2. Ядролық жарылыстарды және радиоактивті қалдықтарды жоюды қоса алғанда, ядролық энергияны пайдалануға қатысты IX бапта көзделген кеңестерге өкілдерінің қатысу құқығы бар барлық Уағдаласушы Тараптар қатысатын халықаралық келісімдер жасалған жағдайда, Антарктикада осындай келісімдерде белгіленген қағидалар қолданылатын болады.
VI бап
Осы Шарттың ережелері барлық қайраңдық мұздақтарды қоса алғанда, оңтүстік ендіктен 60 параллельдің оңтүстік ауданына қарай қолданылады, бірақ осы Шарттағы ешқайсысы осы ауданның шегінде ашық теңізге қатысты кез келген мемлекеттің құқығына немесе халықаралық құқықпен мойындалған осы құқықтарды жүзеге асыруға қысым жасамайды және оларды ешбір қозғамайды.
VII бап
1. Осы Шарттың IX бабында көзделген кеңестерге өкілдердің қатысу құқығы бар әрбір Уағдаласушы Тарап осы Шарттың мақсаттарына қол жеткізуге жәрдемдесу үшін және оның ережелерін сақтауды қамтамасыз ету үшін осы бапта көзделген кез келген инспекцияны өткізу үшін байқаушыларды тағайындау құқығы бар. Байқаушылар оларды тағайындайтын Уағдаласушы Тараптардың азаматтары болуға тиіс. Байқаушылардың тегі байқаушыларды тағайындау құқығы бар Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысына хабарланады; мұндай хабарлама оларды тағайындау мерзімі аяқталуы жөнінде де жасалады.
2. Осы баптың 1-тармағының ережелеріне сәйкес тағайындалған әрбір байқаушының Антарктиканың кез келген немесе барлық аймақтарына кез келген уақытта кіруге толық еркіндігі болады.
3. Антарктиканың барлық аудандарына, сол аудандардың барлық станцияларын, қондырғылары мен жабдықтарын қоса алғанда, сондай-ақ Антарктикада жүктерді немесе персоналды түсіру және тиеу пункттеріндегі барлық теңіз және әуе кемелері осы баптың 1-тармағының ережелеріне сәйкес тағайындалған кез келген байқаушылардың инспекциясын жүргізу үшін әрқашан ашық болады.
4. Байқаушыларды тағайындау құқығы бар әрбір Уағдаласушы Тарап Антарктиканың кез келген немесе барлық аудандарының үстінен кез келген уақытта әуеден байқау жүргізе алады.
5. Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы өздері үшін осы Шарт күшіне енгеннен кейін:
а) Антарктикаға немесе Антарктика шегінде өздерінің кемелері немесе азаматтары жасаған барлық экспедициялары және Антарктиканың аумағына ұйымдастырылатын немесе оның аумақтарынан жіберілетін барлық экспедициялар туралы;
b) өз азаматтары орналасқан Антарктикадағы барлық станциялары туралы;
с) осы Шарттың I бабының 2-тармағында көзделген жағдайларды сақтай отырып, Антарктикаға жіберуге арналған кез келген әскери персонал немесе жарақтар туралы басқа Уағдаласушы Тарапқа хабарлайды және одан әрі оларды алдын ала хабардар етеді.
VIII бап
1. Осы Шарттың негізінде өздерінің функцияларын жүзеге асыруға жәрдемдесу үшін және Антарктикадағы барлық басқа адамдардың үстінен қарау юрисдикциясына қатысты әрбір Уағдаласушы Тараптың тиісті ұстанымдарына залал келтірмей, VII баптың 1-тармағының ережелеріне сәйкес тағайындалған байқаушылар және Шарттың III бабы 1 (b) тармақшасына сәйкес алмасатын ғылыми персонал, сондай-ақ кез келген осындай адамдарға еріп жүретін персонал өз функцияларын орындау үшін олардың Антарктикада болу кезінде барлық іс-әрекеттерге немесе кемшіліктеріне қатысты өздері азаматтары болып табылатын Уағдаласушы Тараптың ғана юрисдикциясында болады.
2. Осы баптың 1-тармағының ережелеріне залал келтірмей және IX баптың 1 (е) тармақшасының ережелеріне сәйкес шара қолданғанға дейін мүдделі Уағдаласушы Тараптар Антарктикада юрисдикциясын жүзеге асыруға қатысты даулардың кез келген жағдайында өзара тиімді шешімге қол жеткізу мақсатында өздерінің арасында жедел консультация өткізеді.
IX бап
1. Осы Шарттың кіріспесінде аталған Уағдаласушы Тараптардың өкілдері осы Шарт күшіне енгеннен кейін екі айдан кешіктірмей, Канберра қаласында жиналады және:
а) Антарктиканы тек бейбіт мақсаттарда ғана пайдалануға;
b) Антарктикадағы ғылыми зерттеулерге жәрдемдесуге;
с) Антарктикадағы халықаралық ғылыми ынтымақтастыққа жәрдемдесуге;
d) Осы Шарттың VII бабында көзделген инспекция құқықтарын жүзеге асыруға жәрдемдесуге;
е) Антарктикадағы юрисдикцияны жүзеге асыруға қатысты мәселелерге;
f) Антарктикадағы тірі ресурстарды қорғауға және сақтауға қатысты шараларды қоса алғанда, Антарктиканың ортақ мүддені білдіретін мәселелері бойынша ақпарат алмасу, өзара консультациялар жүргізу, сондай-ақ осы Шарттың қағидаттары мен мақсаттарын жүзеге асыруға жәрдемдесетін шараларды әзірлеу, қарау және өз үкіметтеріне ұсынымдар беру мақсатында кейіннен олар айқындаған уақыт аралығында және жерлерде жиналатын болады.
2. XIII баптың ережелеріне сәйкес қосылу арқылы осы Шарттың қатысушысы болған әрбір Уағдаласушы Тарап Антарктикада сол Уағдаласушы Тарап ғылыми станция құру немесе ғылыми экспедиция жіберу сияқты елеулі ғылыми-зерттеу қызметін жүргізуге өз қызығушылығын білдірген уақыт ішінде осы баптың 1-тармағында аталған кеңестерге қатысу үшін өкілдерді тағайындауға құқығы бар.
3. Осы Шарттың VII бабында аталған байқаушылардың баяндамалары осы баптың 1-тармағында аталған кеңестерге қатысатын Уағдаласушы Тараптардың өкілдеріне жіберіледі.
4. Осы баптың 1-тармағында аталған шаралар өкілдері осы шараларды қарау үшін шақырылған кеңестерге қатысу құқығы бар барлық Уағдаласушы Тараптар оларды бекіткеннен кейін күшіне енеді.
5. Осы Шартта белгіленген кез келген немесе барлық құқықтар, осындай құқықтарды жүзеге асыруға жәрдемдесетін қандай да бір шаралардың болғанына немесе болмағанына, оның осы бапта көзделгендей ұсынылғанына, қаралғанына немесе мақұлданғанына қарамастан, Шарт күшіне енген күннен бастап жүзеге асырылуы мүмкін.
X бап
Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы Антарктикада осы Шарттың қағидаттарына немесе мақсаттарына қайшы келетін қандай да бір қызметтің жүргізілмеуіне Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысымен үйлесетін тиісті күш-жігер жұмсауға міндеттенеді.
ХІ бап
1. Екі немесе бірнеше Уағдаласушы Тараптардың арасында осы Шарттың түсіндірілуіне немесе қолданылуына қатысты қандай да бір даулар туындаған жағдайда, осы Уағдаласушы Тараптар дауды келіссөздер, тексерулер, делдалдық, бітістіру, төрелік сотта істі қарау арқылы немесе олардың өз таңдауы бойынша басқа бейбіт жолмен шешу мақсатында өзара консультация жүргізеді.
2. Аталған жолмен шешілмейтін осындай кез келген даудың түрі әрбір жағдайда дауға қатысатын барлық тараптардың келісімімен Халықаралық Соттың шешуіне беріледі; алайда, егер, дауды Халықаралық Сотқа беру туралы уағдаластыққа қол жеткізілмесе, дауға қатысатын тараптар осы баптың 1-тармағында көрсетілген кез келген әртүрлі бейбіт жолдардың ішінен оның шешімін іздестіруді жалғастыру міндетінен босатылмайды.
XII бап
1. а) Өкілдері XI бапта көзделген кеңестерге қатысу құқығы бар барлық Уағдаласушы Тараптардың келісімі бойынша осы Шарт кез келген уақытта өзгертілуі немесе оған түзетулер енгізілуі мүмкін. Кез келген мұндай өзгеріс немесе кез келген мұндай түзету барлық осындай Уағдаласушы Тараптардан депозитарий үкіметтің ратификациялау туралы хабарламасын алғаннан кейін күшіне енеді.
b) Мұндай өзгеріс немесе мұндай түзету депозитарий үкіметтің кез келген басқа Уағдаласушы Тарапқа қатысты оны ратификациялау туралы хабарламасын алғаннан кейін күшіне енеді. Өзгерістің немесе түзетудің күшіне енген күнінен бастап екі жыл ішінде ратификациялау туралы хабарлама алынбаған кез келген осындай Уағдаласушы Тарап осы баптың 1 (а) тармақшасының ережелеріне сәйкес осы мерзім аяқталған күні Шарттан шыққан тарап ретінде қарастырылады.
2. а) Егер осы Шарт күшіне енген күннен бастап отыз жыл өткеннен кейін, өкілдері IX баптағы көзделген кеңестерге қатысу құқығы бар Уағдаласушы Тараптардың кез келгені депозитарий үкіметке жолданған өтініш арқылы талап етсе, онда іс жүзінде жүзеге асырылуы мүмкіндігі болатындай Шарттың қолданысы туралы мәселені қарау үшін тез арада барлық Уағдаласушы Тараптардың конференциясы шақырылатын болады.
b) Өкілдері IX бапта көзделген кеңестерге қатысу құқығы бар тараптардың көпшілігін қоса алғанда, Уағдаласушы Тараптардың көпшілігі ұсынылып аталған конференцияда мақұлданған осы Шарттың кез келген өзгерісін немесе оған кез келген түзетуді конференция аяқталғаннан кейін депозитарий үкіметімен дереу барлық Уағдаласушы Тараптардың назарына жеткізеді және ол осы баптың 1-тармағының ережелеріне сәйкес күшіне енеді.
с) Егер кез келген мұндай өзгеріс немесе кез келген мұндай түзету барлық Уағдаласушы Тараптарға хабарлаған күннен бастап екі жыл ішінде осы баптың 1 (а) тармақшасының ережелеріне сәйкес күшіне енбесе, кез келген Уағдаласушы Тарап осы мерзім аяқталғаннан кейін кез келген уақытта депозитарий үкіметті өзінің осы Шарттан шығатыны туралы хабардар ете алады; Шарттан депозитарий үкіметтің мұндай шығуы осы хабарламаны алған күннен бастап екі жыл өткен соң күшіне енеді.
XIII бап
1. Осы Шартты оған қол қойған мемлекеттер ратификациялауға тиіс. Шарт Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшесі болып табылатын кез келген мемлекеттің немесе өкілдері осы Шарттың IX бабында көзделген кеңестерге қатысу құқығы бар барлық Уағдаласушы Тараптардың келісімімен Шартқа қосылуға шақырылуы мүмкін кез келген басқа мемлекеттің оған қосылуына ашық болады.
2. Осы Шартты ратификациялауды немесе оған қосылуды әрбір мемлекет өзінің конституциялық рәсіміне сәйкес жүзеге асырады.
3. Ратификациялық грамоталар немесе қосылу туралы актілер депозитарий үкімет болып табылатын Америка Құрама Штаттарының Үкіметіне сақтауға тапсырылады.
4. Депозитарий үкімет Шартқа қол қойған және оған қосылған барлық мемлекеттерді әрбір ратификациялық грамоталарды немесе қосылу туралы әрбір актіні сақтауға тапсырған күні туралы, сондай-ақ Шарттың күшіне енген күні және кез келген оның өзгерістері немесе оған кез келген түзетулер туралы хабардар етеді.
5. Шартқа қол қойған барлық мемлекеттердің ратификациялық грамоталарды сақтауға тапсырғаннан кейін сол мемлекеттер үшін және қосылу туралы актіні сақтауға тапсырған мемлекеттер үшін осы Шарт күшіне енеді. Бұдан әрі Шарт кез келген қосылған мемлекет үшін олар қосылу туралы актіні сақтауға тапсырғаннан кейін күшіне енеді.
6. Осы Шартты Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының 102-бабының ережелеріне сәйкес депозитарий үкімет тіркейді.
XIV бап
Ағылшын, француз, орыс және испан тілдерінде жасалған әрі мәтіндердің әрқайсысы тең түпнұсқалы болып табылатын осы Шарт Америка Құрама Штаттары Үкіметінің мұрағатына сақтауға тапсырылады, ол Шарттың куәландырылған көшірмелерін оған қол қойған немесе оған қосылған мемлекеттердің Үкіметтеріне тиісті түрде жолдайды.