Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Әлеуетті құрылтайшы мүшелердің үкіметтері арасындағы Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкін құру бойынша өзара түсіністік туралы меморандумның жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі Ерболат Асқарбекұлы Досаевқа Әлеуетті құрылтайшы мүшелердің үкіметтері арасындағы Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкін құру бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат беріле отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2014 жылғы 22 қазандағы
№ 1123 қаулысымен
мақұлданған
Жоба
Әлеуетті құрылтайшы мүшелердің үкіметтері
арасындағы
Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкін құру бойынша өзара
түсіністік туралы меморандум
Осы Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкін құру бойынша өзара түсіністік туралы меморандум (бұдан әрі - Меморандум) осы Меморандумға қол қоятын тараптар (бұдан әрі «Тараптар» деп аталатын) арасында 2014 жылғы 24 қазанда Пекин қаласында жасалды.
Азия елдерінің өсуін қолдау мен экономикалық және әлеуметтік дамуына жәрдемдесу және жаһандану жағдайында ықтимал қаржылық дағдарыстарға және басқа да сыртқы күйзелістерге өңірлік тұрақтылықты нығайту мақсатында өңірлік ынтымақтастықтың маңыздылығын назарға ала отырып;
Азияда экономиканың өсуін қамтамасыз етуге және адамдар үшін әлеуметтік дамуды қолдауға ықпал ететін және жаһандық экономиканың серпініне өз үлесін қосатын өңірлік байланыстарды кеңейтуде инфрақұрылымды дамытудың және өңірлік интеграцияны жақсартудың маңызын сезіне отырып;
Азиядағы инфрақұрылымның дамуын қаржыландыруға деген ұзақ мерзімді қомақты қажеттілік қазіргі көпжақты даму банктері (бұдан әрі - КДБ) мен құрылатын Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі (бұдан әрі - Банк) арасындағы әріптестік арқылы неғұрлым барабар орындалатынын түсіне отырып;
Банк құру инфрақұрылымды дамытуға бағытталған көпжақты қаржы институты ретінде Азия ішінде және одан тысқары жатқан барынша қажетті қосымша ресурстарды жұмылдыруға, Азияда жекелеген экономикалар бетпе-бет келетін қаржылық кедергілерді жоюға көмектесетініне және Азиядағы орнықты әрі тұрақты өсуді ілгерілету үшін Азия Даму Банкін қоса алғанда, жұмыс істеп тұрған КДБ-ны толықтыратынына кәміл сене отырып;
Банк құру жөніндегі қарқынды консультациялардан кейін Тараптар Банктің түйінді элементтері бойынша консенсусқа былайша қол жеткізді:
I. Мандат
Банк мандаты:
1.1 Экономикалық дамуға, әл-ауқатты жақсартуға жағдай жасауға және егер ол орынды деп есептелсе, инфрақұрылымға және басқа да өндірістік секторларға инвестициялау арқылы Азияда инфрақұрылымның өзара іс-қимылын жақсартуға жәрдемдесетін болады; және
1.2 Өңірлік ынтымақтастыққа және басқа да көпжақты және екіжақты даму институттарымен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеу арқылы даму саласындағы міндеттерді шешуде әріптестікке жәрдемдесетін болады.
II. Операциялар
2.1. Қаржыландыру көздері
Төменде келтірілген:
2.1.1. Төленген капитал;
2.1.2. Қаржы нарықтарынан қаражат жинау; және
2.1.3 Қалауы бойынша басқа да қаражат Банкті қаржыландыру көздері болып табылады.
2.2. Қаражатты пайдалану: Қаражат кредиттер, акционерлік капиталға инвестициялар, кепілдіктер және қалауы бойынша қазіргі қаржыландыру көздерін толықтыратын басқа да жағдайлар үшін пайдаланылатын болады.
2.3. Валюталар: Банктің валюталары Банктің келісімі бойынша айырбасталатын немесе айырбасталмайтын валюталар түрінде болады.
2.4. Басым бағыты: Энергетиканы, көлік пен телекоммуникацияны, ауылдық инфрақұрылым мен ауыл шаруашылығын дамытуды, сумен жабдықтауды және кәрізді, қоршаған ортаны қорғауды, қала құрылысын және логистиканы қоса алғанда, дамушы азиялық мүше елдердің инфрақұрылымдық секторларына, сондай-ақ қалауы бойынша басқа да өндірістік секторларға инвестициялар Банктің басым бағыттары болады.
2.5. Жедел саясат: Банк өзінің жедел саясатын құрған кезде өзгелерімен қатар қауіпсіздік және борыштың тұрақтылық саясатына қатысты жұмыс істеп тұрған КДБ-ның озық практикасына сүйене отырып, инклюзивтілік, ашықтық, айқындылық пен есептілік және объективтілік қағидаттарын ұстанатын болады. Банк өзінің операцияларына жеке сектордың тартылуын ынталандыратын болады.
2.6. Траст қорлары: Азияда инфрақұрылымның даму қажеттіліктерін неғұрлым толық қанағаттандыру үшін Банк Басқарушылар кеңесінің мақұлдауымен мемлекеттік және жеке секторлардан қосымша қаржы ресурстарын жұмылдыру үшін траст қорларын құра алады.
III. Капитал және жазылу жүргізілетін жарна
3.1. Банктің жарғылық капиталы 100 миллиард АҚШ доллары мөлшерінде белгіленген. Бастапқы жазылу жүргізілетін капитал шамамен 50 млрд. АҚШ долларын құрайды, ол құрылтайшы мүшелердің қаржылық мүмкіндіктері болған кезде икемді болады. Ақысы төленген капитал Банктің келісімі бойынша бөліп төлеу арқылы, айырбасталатын және/немесе айырбасталмайтын валюта нысанында, бастапқы жазылу жүргізілетін капиталдың 20 %-ын құрайтын болады.
3.2. Өңірлік мүшелердің үлесі негізгі капиталдың кемінде 70-75 %-ын құрайды және өңірлік емес мүшелердің үлесі 25-30 %-дан аспайды. Өңірлік мүшелер үшін акцияларды бөлуді айқындауға арналған іргелі параметр ЖІӨ болады, бұл ретте әрбір ел жарналар бойынша әртүрлі мән-жайларды ескере отырып, оны өзінің жеке жағдайы негізінде айқындайды. Өңірлік емес мүшелер үшін үлесті бөлу болашақ консультацияларға негізделетін болады.
3.3. Жарғылық капитал Басқарушылар кеңесі мақұлдаған жағдайда ұлғайтылуы мүмкін.
IV. Мүшелік
4.1. Банк барлық елдер/экономикалар Азиядағы өңірлік дамуға және жаһандық экономикалық дамуға бейім болған жағдайда, олардың мүшелігі үшін ашық күйінде қалатын болады.
4.2. Келісімнің (бұдан әрі - Келісім) баптарына бірінші қол қойғандар Банктің құрылтайшы мүшелеріне айналады. Осы Меморандумға қол қойған Тараптар әлеуетті құрылтайшы мүше болады және олардың Келісім бойынша келіссөздер процесіне қатысу құқықтары болады. Осы Меморандумға қосылғаннан және оларды қазіргі әлеуетті құрылтайшы мүшелер қабылдағаннан кейін басқа елде келісім бойынша келіссөздерге қатыса алады. Бұл елдер кейіннен әлеуетті құрылтайшы мүше және осы Меморандумның Тарапы болып саналады. Келісімнің ішкі заңнамалық процесін аяқтау қол қойған Тараптардың қалауы бойынша жүргізіледі, бірақ Банктің жұмысты қысқа мерзімде бастауына мүмкіндік жасау үшін 2015 жылдың соңына дейін аяқтаған жөн.
V. Басқару құрылымы
5.1. Банктің басқару құрылымы мынадай үш деңгейден тұрады: Басқарушылар кеңесі, Директорлар кеңесі және Менеджмент. Банктің барлық өкілеттіктері Басқарушылар кеңесіне жүктеледі, олар Келісімде көзделетіндей, өз өкілеттіктерін Директорлар кеңесіне және Менеджментке бере алады. Банк өзінің басшылық құрылымын құруда тиісінше бақылау мен теңгерімділікті және өзінің басқаруы мен жұмысында тиімділік пен нәтижелілікті қамтамасыз ету үшін қазіргі КДБ-ның озық практикаларына сүйенуге тиіс.
5.2. Директорлар кеңесі бастапқыда құрылтайшы мүшелер қатарынан болмайды, олар түйінді шешімдер қабылдау үшін тұрақты түрде кездесіп тұрады. Банк Менеджменттің есеп беруін қамтамасыз ету үшін тиімді қадағалау тетігін әзірлейді. Банктің Президенті мен жоғары басшылығы ашық, айқын және негізделген процесс жолымен сайланатын болады.
5.3. Әрбір құрылтайшы мүшеге тең үлеспен белгілі базалық дауыстар саны, плюс миноритарлық акционерлердің мүддесін қорғау мақсатында акциялар үлесіне негізделген тағы барабар дауыстар беріледі. Құрылтайшы мүшелердің Келісімде көзделетіндей, Сайлау округтерінің кеңесінде басымдықтары болуға тиіс. Құрылтайшы мүшелер, олардың дауыс санына қарамастан, тұрақты түрде немесе ротация негізінде директор немесе оның орынбасары ретінде болу басымдығына ие болады. Басқарушылар кеңесі немесе/және Директорлар кеңесі қарар қабылдауы үшін көпшілік дауыс немесе арнайы талап етілетін көпшілік дауыс Келісімнің Баптарында көрсетілгендей, мәселенің сипатына байланысты болады.
VI. Орналасуы
Банктің Пекин қаласында бас офисі болады. Банк қалай және қашан қажет болуына байланысты басқа елдерде жергілікті/өңірлік бөлімшелерін құра алады.
VII. Әртүрлі
7.1. Тараптар Банктің құрылуына байланысты Тараптар хабарлайтын немесе ұсынатын баспа немесе электрондық түрдегі барлық деректердің, ақпараттың және басқа да материалдардың құпиялылығын қатаң сақтайды.
7.2. Тараптар осы Меморандумның заңды түрде міндетті болып табылмайтынын және тиісті Тараптардың ішкі қарастыруы үшін және Келісімді дайындау үшін негіз ретінде дайындалғанын мойындайды.
7.3. Тараптар осы Меморандумға қол қойылғаннан кейін құрылтайшы мүшелермен келісім бойынша басқару құрылымын, операциялық саясат пен рәсімдерді және т.б. қамтитын Келісім жобасы мен техникалық жоспарды дайындау үшін білікті мамандардан тұратын Көпжақты Уақытша Хатшылықты қалыптастыруда Қытай көшбасшылық рөлді иеленетіні жөнінде өзара түсіністікке қол жеткізді. Көпжақты Уақытша Хатшылық белгіленген тәртіппен консультация жүргізу және келісу үшін Тараптарға Келісім жобасы мен техникалық жоспарды ұсынады.
7.4. Осы Меморандум Тараптардың келісімі бойынша кез келген уақытта толықтырылуы және өзгертілуі мүмкін.
7.5. Осы Меморандумға қайсысы бұрын болуына байланысты осы Меморандумға қол қойылған күннен кейін екі жыл ішінде немесе Келісім күшіне енген кезге дейін қолданыста болады. Осы Меморандумның қолданылу мерзімі Тараптардың өзара келісімі бойынша ұзартылуы мүмкін.
Жоғарыда баяндалғанды растау үшін, осы Меморандум жазбаша түрде алғашқы қол қою күніндегі жағдай бойынша тиісінше ресімделді.
Бангладеш Халық Бруней Даруссалам Мемлекетінің
Республикасының Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Камбоджа Корольдігі Қытай Халық Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Үндістан Республикасының Индонезия Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Қазақстан Республикасының Кувейт Мемлекетінің
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Лаос Халық Демократиялық Малайзия Республикасының
Республикасының Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Моңғолияның Мьянма Одағы Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Непал Федеративтік Демократиялық Оман Сұлтандығының
Республикасының Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Пәкістан Ислам Республикасының Филиппин Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Катар Мемлекетінің Сингапур Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Шри-Ланка Демократиялық Таиланд Корольдігінің
Социалистік Республикасының Үкіметі үшін
Үкіметі үшін
Өзбекстан Республикасының Вьетнам Социалистік
Үкіметі үшін Республикасының Үкіметі үшін