Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің үкіметтері арасындағы мемлекетаралық ғылыми-техникалық ақпарат алмасу саласындағы ынтымақтастық туралы келісім бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К.Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2015 жылғы 16 ақпандағы
№ 62 қаулысымен
бекітілген
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің
үкіметтері арасындағы мемлекетаралық ғылыми-техникалық ақпарат
алмасу саласындағы ынтымақтастық туралы
КЕЛІСІМ
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің үкіметтері
осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің ынтымақтастығын дәйекті түрде тереңдету, мемлекетаралық ғылыми-техникалық ақпарат алмасуды кеңейту, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының ақпараттық және инновациялық кеңістігін дамыту үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында,
ғылыми-техникалық ақпараттың ұлттық жүйелерін одан әрі дамытудың, ақпараттық ресурстарды бірлесіп және өзара тиімді пайдаланудың қажеттілігін сезіне отырып,
осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің инновация саласындағы мемлекетаралық бағдарламалары мен жобаларын ғылыми-ақпараттық қамтамасыз етудің және ақпараттық-талдамалық сүйемелдеудің маңыздылығын ескере отырып,
осы Келісімге қатысушы мемлекеттер пайдаланушыларының ғылыми-ақпараттық ресурстарға қол жеткізуін кеңейту үшін жағдайды қамтамасыз етуді қалай отырып отырып,
ғылыми-ақпараттық және ғылыми-баспа қызметінде әдіснамалық және практикалық ынтымақтастықты дамытуға ұмтыла отырып,
осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің халықаралық міндеттемелері мен заңнамасын басшылыққа ала отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Ғылыми-техникалық ақпарат алмасуды жетілдіру және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының ортақ ғылыми-технологиялық кеңістігін құру мақсатында Тараптар ғылыми-техникалық ақпараттың ұлттық жүйелерін дамытуды қамтамасыз етеді, ең жаңа ақпараттық-телекоммуникациялық технологияларды пайдалану арқылы ақпараттық ресурстарға жылдам қол жеткізу тетігін құруға және қолдануға ықпал етеді, ғылыми-техникалық ақпарат саласында бірлескен бағдарламалар мен жобаларды дайындауға және іске асыруға қатысады.
2-бап
Мемлекетаралық ғылыми-техникалық ақпарат алмасу ерікті негізде жүзеге асырылады және ақпараттық ресурстарды бірлесіп қалыптастыру мен пайдалануды, нақты, жаратылыстану және техникалық ғылымдар саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулерді, инновациялық әзірлемелерді қамтамасыз етуді, оның ішінде осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің мемлекетаралық ғылыми-техникалық даму жобалары мен бағдарламалары шеңберінде ғылыми-ақпараттық қаматамасыз ету мен ақпараттық-талдамалық сүйемелдеуді қамтиды.
3-бап
Мемлекетаралық ғылыми-техникалық ақпарат алмасуды ТМД шеңберінде ғылыми-техникалық ақпараттың мемлекетаралық жүйесін дамыту мақсатында өз мемлекеттерінде аталған қызмет саласын ынтымақтастықтың келісілген қағидаттары мен қағидаларында үйлестіретін осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің ғылыми-техникалық ақпарат орталықтары жүзеге асырады.
Мемлекетаралық ғылыми-техникалық ақпарат алмасу мәселелері бойынша іс-қимыл үйлестірушісі Ғылыми-техникалық ақпарат жөніндегі мемлекетаралық үйлестіру кеңесі болып табылады.
4-бап
Ғылым және білім саласындағы халықаралық интеграциялық процестерді тереңдету мақсатында Тараптар осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің барлық ғылыми-техникалық ақпарат орталықтарының бірлесіп құрылатын ақпараттық ресурстарға ашық және тең құқықты қол жеткізуін қамтамасыз етеді.
Осы Келісімге сәйкес берілетін немесе оны орындау нәтижесінде жасалатын және әрбір Тарап қол жеткізілуі шектеулі ақпарат ретінде қарастыратын ақпараттың сондай екені нақты белгіленуі тиіс.
Тараптардың әрқайсысы келесі Тарапқа берілетін және ол қол жеткізілуі шектеулі ақпарат ретінде белгілеген ақпараттың сақталуына кепілдік береді.
Қол жеткізілуі шектеулі ақпаратты алған Тарап оны ұлттық заңнамасына сәйкес пайдалануды жүзеге асырады. Қол жеткізілуі шектеулі ақпарат тиісті қорғаумен қамтамасыз етіледі, жария етілмейді және сондай ақпаратты берген Тараптың жазбаша рұқсатынсыз осы Келісімді орындауға қатыспайтын басқа Тарапқа берілмейді.
Әрбір Тарап үшін мемлекеттік құпияны қамтитын ақпарат осы Келісім шеңберінде берілуге жатпайды.
5-бап
Тараптар ғылыми-техникалық ақпараттың ұлттық жүйелерінің мүдделерін ескере отырып, олар әзірлейтін регламенттеуші және әдістемелік құжаттарға сәйкес Ғылыми-техникалық ақпарат жөніндегі мемлекетаралық үйлестіру кеңесі бекітетін өз мемлекеттерінің мемлекетаралық ғылыми-техникалық ақпарат алмасу саласындағы бірлескен қызмет бағдарламаларының жобаларын қалыптастырады.
6-бап
Мемлекетаралық ғылыми-техникалық ақпарат алмасу саласындағы осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің бірлескен бағдарламалары мен жобаларын іске асыру жөніндегі іс-шараларды қаржыландыру осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің ұлттық бюджеттерінде тиісті министрліктер мен ведомстволардың өз функцияларын орындауы үшін жыл сайын көзделетін қаражат шеңберінде жүзеге асырылады.
7-бап
Мемлекетаралық ғылыми-техникалық ақпарат алмасудың тиімділігін арттыру мақсатында Тараптар ғылыми-техникалық ақпарат саласындағы кадрларды даярлауға және олардың біліктіліктерін арттыруға ықпал етеді.
8-бап
Осы Келісім шеңберінде ынтымақтастықты жүзеге асыру үшін орыс тілі жұмыс тілі болып табылады.
9-бап
Осы Келісім өз мемлекеті қатысушысы болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың әрқайсысының құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
10-бап
Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша оның ажырамас бөлігі болып табылатын тиісті хаттамамен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
11-бап
Осы Келісімді қолдану және түсіндіру кезінде туындайтын Тараптар арасындағы даулы мәселелер мүдделі Тараптардың консультациялары мен келіссөздері немесе Тараптармен келісілген өзге де рәсімдер арқылы шешіледі.
12-бап
Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді оған қол қойған Тараптардың орындағаны туралы үшінші жазбаша хабарламаны депозитарийдің алған күнінен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
Мемлекетішілік рәсімдерді кешірек орындаған Тараптар үшін осы Келісім депозитарийдің тиісті құжаттарды алған күнінен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
13-бап
Осы Келісім күшіне енгеннен кейін депозитарийге қосылу туралы құжатты беру арқылы оның мақсаттары мен қағидаттарын бөлісетін кез келген мемлекеттің қосылуы үшін ашық.
Осы Келісім ТМД-ға қатысушы мемлекет үшін қосылу туралы құжатты депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
Осы Келісім ТМД-ға қатысушы болып табылмайтын мемлекет үшін оған қол қойған немесе оған қосылған мемлекеттің осындай қосылуға келісімі туралы соңғы хабарламаны депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
14-бап
Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады. Тараптардың әрқайсысы осы Келісімнен шыққанға дейін 6 айдан кешіктірмей өзінің осындай ниеті туралы депозитарийге жазбаша хабарламаны жіберіп және осы Келісімнің қолданылуы уақытында туындаған міндеттемелерді реттей отырып осы Келісімнен шығуға құқылы.
15-бап
Осы Келісімге қатысушы мемлекеттер арасындағы қатынастарда оның күшіне енген күнінен бастап 1992 жылғы 26 маусымдағы Мемлекетаралық ғылыми-техникалық ақпарат алмасу туралы келісімнің қолданысы тоқтатылады.
2014 жылғы 30 мамырда Минск қаласында орыс тілінде бір төлнұсқа данада жасалды. Төлнұсқа дана Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол оның расталған көшірмесін осы Келісімге қол қойған әрбір мемлекетке жібереді.
Әзербайжан Республикасының Ресей Федерациясының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Армения Республикасының Тәжікстан Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Беларусь Республикасының Үкіметі үшін
Үкіметі үшін
Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Қырғыз Республикасының Украина Үкіметі үшін
Үкіметі үшін
Молдова Республикасының
Үкіметі үшін