Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Босния және Герцеговина Министрлер Кеңесі арасындағы Жолаушылар мен жүктердің халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрі Әсет Өрентайұлы Исекешевке Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Босния және Герцеговина Министрлер Кеңесі арасындағы Жолаушылар мен жүктердің халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2015 жылғы 10 наурыздағы
№ 118 қаулысымен
мақұлданған
Жоба
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Босния және Герцеговина
Министрлер Кеңесі арасындағы Жолаушылар мен жүктердің
халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келісім
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Босния және Герцеговина Министрлер Кеңесі
автомобиль қатынасын және олардың мемлекеттерінің аумақтары арқылы транзитті одан әрі дамытуға ұмтылысты басшылыққа ала отырып,
төмендегілер туралы келісті:
І. Жалпы ережелер
1-бап
Осы Келісімге сәйкес Тараптар мемлекеттері арасындағы жолаушылар мен жүктердің тасымалдары және Тараптар мемлекеттерінің аумағы арқылы, сондай-ақ үшінші мемлекеттерге немесе үшінші мемлекеттерден транзит Қазақстан Республикасында немесе Боснияда және Герцеговинада тіркелген автокөлік құралдарымен жүзеге асырылады.
2-бап
Осы Келісімнің ережелерін іске асыру мақсатында Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары (бұдан әрі – құзыретті органдар):
- Қазақстан Республикасы тарапынан – Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі,
- Босния және Герцеговина тарапынан – Босния және Герцеговина Коммуникация және көлік министрлігі болып табылады.
Құзыретті органдардың ресми атаулары немесе функциялары өзгерген жағдайда, Тараптар дипломатиялық арналар арқылы уақтылы хабардар етілетін болады.
3-бап
Осы Келісімнің шеңберінде пайдаланылатын терминдер мынаны білдіреді:
1) тасымалдаушы – Тараптардың бірінің мемлекеті аумағында тіркелген және осы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес жолаушылардың немесе жүктердің халықаралық автомобиль тасымалдарын орындауға жіберілген кез келген жеке немесе заңды тұлға;
2) автокөлік құралы:
- жолаушыларды тасымалдау кезінде – жолаушыларды тасымалдауға арналған және жүргізушінің орнын қоспағанда, сегізден астам отыратын орны бар автокөлік құралы;
- жүктерді тасымалдау кезінде – жүк автомобилi, тiркемесi бар жүк автомобилi, автомобиль тартқыш немесе жартылай тiркемесi бар тартқыш;
3) жолаушыларды тұрақты тасымалдау – жолаушыларды автокөлік құралдарымен Тараптар мемлекеттерінің құзыреттi органдары арасында келiсiлген маршруттар, кесте, тасымалдаушы жолаушыларды отырғызуды және түсiрудi жүргiзетiн аялдама пункттерi бойынша жүзеге асырылатын тасымалдау;
4) жолаушыларды тұрақты емес тасымалдау – жолаушыларды тұрақты тасымалдау болып табылмайтын тасымалдар;
5) рұқсат – бір Тарап мемлекетінің құзыретті органы беретін және екінші Тарап мемлекетінде тіркелген автокөлік құралына рұқсатты берген Тарап мемлекетінің аумағы бойынша/арқылы жүріп өтуіне құқық/мүмкіндік беретін құжат;
6) арнайы рұқсат – бір Тарап мемлекетінің тасымалдаушысына тиесілі автокөлік құралының ауыр салмақты, ірі габаритті немесе қауіпті жүгімен екінші Тарап мемлекетінің аумағы бойынша жол жүруіне құқық беретін құжат.
ІІ. Жолаушылар тасымалы
4-бап
1. Екі жақты немесе транзиттік қатынаста жолаушыларды тұрақты тасымалдау, өздерінің мемлекеттерінің аумағы бойынша өтетін маршруттың сол учаскесіне Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары өзара келісу бойынша беретін рұқсаттар негізінде жүзеге асырылады.
Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары рұқсаттардың шарттары мен қолданылу мерзімін (рұқсаттарды қолданудың ең ұзақ мерзімі – бес жыл), тасымалдаушы жолаушыларды отырғызуды және түсіруді жүзеге асыратын аялдама пункттерін көрсете отырып, маршруттың кестесін, схемасын, оның ішінде мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерін жазбаша нысанда келіседі.
2. Белгіленген маршруттарға сәйкес жолаушыларды автокөлік құралдарымен тұрақты тасымалдауды жүзеге асыру құқығын куәландыратын рұқсатты алуға берілетін өтінім Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдарына жіберіледі.
3. Өтінім мен рұқсаттың мазмұнын, нысанын Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары айқындайды.
5-бап
1. Тараптар мемлекеттерінің аумағында тіркелген автокөлік құралдарымен жолаушыларды екі жақты және транзиттік қатынаста тұрақты емес тасымалдау, осы баптың 2-тармағында көзделген тасымалдарды қоспағанда, рұқсаттар бойынша жүзеге асырылады. Рұқсат рұқсатта көрсетілген уақыт аралығында баруға және кері қайтуға бір сапар үшін екіжақты және транзиттік қатынаста жарамды.
Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары көрсетілген рұқсат бланкілерінің келісілген санын біріне-бірі өтеусіз негізде береді. Бұл бланкілерде рұқсатты берген жауапты тұлғаның қолы және құзыретті органның мөрі болуға тиіс.
2. Екіжақты және транзиттік қатынаста автокөлік құралдарымен жолаушыларды тұрақты емес тасымалдау рұқсаттарсыз, сол бір құрамның жолаушылар тобы сол бір автокөлік құралымен тасымалданған болса, бұл ретте:
а) сапар автокөлік құралы тіркелген Тарап мемлекетінің аумағында басталып, аяқталса;
б) сапар автокөлік құралы тіркелген Тарап мемлекетінің аумағында басталып, автокөлік құралының осы аумақтан бос кетуі шартымен, екінші Тарап мемлекетінің аумағында аяқталса;
в) сол бір тасымалдаушының жолаушылар тобын бастапқы жөнелту пунктіне осы топ бұрын жеткізілген екінші Тарап мемлекетінің аумағындағы пункттен кері тасымалдау мақсатында (осы баптың 2-тармағының б) тармақшасында көрсетілген жағдайда) бос автокөлік құралдарының кіруі үшін;
г) ақауы бар автокөлік құралын басқа автокөлік құралымен ауыстырған кезде жүзеге асырылады.
4. Осы баптың 2-тармағының а), б) және в) тармақшаларында көрсетілген жолаушыларды тұрақты емес тасымалдауды жүзеге асыру кезінде автокөлік құралының жүргізушісінде Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдарымен келісілген, арнайы нысан бойынша жасалған жолаушылардың тізімі болуға тиіс.
5. Рұқсатқа өтінім болу мемлекетінің құзыретті органдарына берілуге тиіс.
Бірлескен Комиссия өтінім қандай нысанда берілуі тиістігін және бұл ретте қандай қосымша құжаттар талап етілетінін шешеді.
ІІІ. Жүктерді тасымалдау
6-бап
1. Тараптар мемлекеттерінің арасында жүктерді тасымалдау, олардың аумақтары бойынша және екінші Тарап мемлекетінің аумағынан үшінші мемлекет аумағына, сондай-ақ үшінші мемлекет аумағынан екінші Тарап мемлекетінің аумағына транзитпен тіркемелері немесе жартылай тіркемелері бар немесе оларсыз жүк автокөлік құралдарымен Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары беретін рұқсаттар негізінде жүзеге асырылады.
2. Тасымалдаушыға жүктерді тасымалдауды орындауға рұқсатты автокөлік құралы тіркелген Тарап мемлекетінің құзыретті органы береді, осындай рұқсат осы тасымалдаушыға қатысты ғана жарамды және үшінші тұлғаға беруге жатпайды.
3. Рұқсат әрбір жүк автомобиліне және әрбір автомобиль-тартқышқа талап етіледі. Ол онымен бірге келе жатқан тіркемесі немесе жартылай тіркемесі үшін, оның тіркелген орнына қарамастан бір мезгілде жарамды.
4. Рұқсат баруға және кері қайтуға бір сапар үшін рұқсатта көрсетілген уақыт аралығында жарамды.
5. Осы Келісімге сәйкес жүзеге асырылатын тасымалдаулар көліктік құжаттарымен қоса жүреді, олардың нысандары жалпыға ортақ қабылданған халықаралық үлгілерге сәйкес келуге тиіс.
7-бап
1. Осы Келісімнің 6-бабында аталған рұқсаттар:
1) жарнамаға, оқытуға, жәрмеңкелер мен көрмелерге ғана арналған заттарды немесе материалдарды;
2) театр, музыка, кинематография, спорттық және цирктік іс-шараларға, сондай-ақ радиохабарларды жазуға, кино және телевизиялық түсірімдерге арналған жабдықтарды, керек-жарақтарды және жануарларды;
3) зақымдалған автокөлік құралдарын (кері жеткізу);
4) қайтыс болғандардың сүйектерін немесе күлдері салынған урналарды;
5) тіркеменің толық салмағын қоса алғанда, барынша рұқсат етілген толық салмағы алты тоннадан аспайтын немесе тіркеменің пайдалы жүктемесін қоса алғанда, барынша рұқсат етілетін пайдалы жүктемесі үш жарым тоннадан аспайтын автокөлік құралдарындағы жүктерді;
6) шұғыл авариялық жағдайлар (стихиялық апаттар) кезінде көмек көрсетуге, сондай-ақ төтенше жағдайларды жоюға арналған дәрі-дәрмектерді, медициналық жабдық пен жарақты, сондай-ақ басқа да заттарды;
7) халықтың көші-қоны кезінде мүлікті (үй жиһаздары мен жасау-жабдықтары);
8) пошта жөнелтілімдерін;
9) гуманитарлық жүктерді тасымалдауға талап етілмейді.
2. Осы баптың 1-тармағының 1), 2) және 7) тармақшалары тек ондағы көрсетілген заттарды кері әкету немесе оларды үшінші мемлекетке кейіннен тасымалдау жағдайында ғана қолданылады.
3. Жасап шығарушы зауыттардан жаңа автокөлік құралдарын, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерінің резиденттері сатып алған және уақытша (транзиттік) нөмірлері бар автокөлік құралдарын айдап акелу үшін рұқсат талап етілмейді.
4. Осы Келісімнің 15-бабына сәйкес құрылған Бірлескен комиссия рұқсат талап етілмейтін де өзге де тасымалдарды белгілей алады.
8-бап
Бір Тарап мемлекетінің тасымалдаушысына екінші Тарап мемлекетінің аумағында орналасқан пункттер арасында жолаушыларды немесе жүктерді тасымалдауды жүзеге асыруға рұқсат етілмейді.
9-бап
1. Егер жүксіз немесе жүкпен келе жатқан автокөлік құралының габариті немесе салмақтық параметрлері, оның ішінде білікке түсетін салмақтық жүктемелері екінші Тарап мемлекетінің аумағында белгіленген нормалардан асатын болса, сондай-ақ қауіпті жүктерді тасымалдаған кезде тасымалдаушы екінші Тарап мемлекеті құзыретті органының арнайы рұқсатын алуға, бұл ретте 1957 жылғы 30 қыркүйектегі Женевада жасалған Қауіпті жүктердің халықаралық жол тасымалы туралы Еуропалық келісімнің талаптарын сақтауға тиіс.
2. Егер осы баптың 1-тармағында аталған арнайы рұқсат автокөлік құралының белгілі бір маршрут бойынша жүруін көздесе, тасымалдау осы маршрут бойынша жүзеге асырылуға тиіс.
3. Әрбір Тарап екінші Тарап мемлекетінің аумағында тіркелген автокөлік құралдарына, өз аумағында тіркелген автокөлік құралдарына қойылатын талаптармен салыстырғанда неғұрлым қатаң талаптарды қоймау үшін барлық мүмкін болатын шараларды қолданады.
4. Автокөлiк құралының жүргiзушiсiнде өзі басқаратын автокөлiк құралының санатына сәйкес келетiн ұлттық немесе халықаралық жүргiзушi куәлiгi және 1968 жылғы 8 қарашада Венада жасалған Жол қозғалысы туралы Бiрiккен Ұлттар Ұйымы Конвенциясының талаптарына сай келетін автокөлiк құралдарына арналған ұлттық тiркеу құжаттары болуға тиiс.
10-бап
Жедел медициналық көмекке мұқтаж тұлғаларды тасымалдау, жолаушыларды автокөлік құралдарымен тұрақты тасымалдау кезінде, сондай-ақ жануарларды, тез бүлінетін және қауіпті жүктерді тасымалдау кезінде шекаралық, кедендік, көліктік және санитариялық бақылау басым тәртіппен жүзеге асырылады.
11-бап
1. Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары сыртқы сауданың көлемін және транзиттік қатынасты ескере отырып, жыл сайын Тараптар мемлекеттерінің әрқайсысы басым негізде беретін, өз мемлекеттерінің аумағы бойынша жол жүруге арналған рұқсаттар бланкілерінің санын өзара келіседі және белгілейді.
2. Рұқсаттардың мазмұны мен нысанын Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары белгілейді, сондай-ақ олар осы Келісімнің 15-бабына сәйкес құрылған Бірлескен комиссияның отырысында қаралуы мүмкін.
3. Жыл ішінде берілген рұқсаттар келесі жылдың 31 қаңтарына дейін қоса алғанда жарамды болады.
12-бап
Осы Келісімнің негізінде тасымалдауды жүзеге асыру кезінде жүктерді, багажды және жолаушылардың тұрақты халықаралық тасымалын жүзеге асыратын екінші Тарап мемлекетінің аумағына әкелінетін көлік құралдары, сондай-ақ жол жүру кезiнде, аралық аялдама пункттерiнде оларды қалыпты пайдалануға қажеттi немесе осы көлiк құралдарының авариясын (бұзылуын) жоюға байланысты шетелден сатып алынған материалдық-техникалық жабдықтау заттары, жарақтар, отын, азық-түлiк және басқа да мүлік Тараптардың кеден заңнамасына сәйкес кедендік әкелу баждары мен кедендік алымдарды төлеуден босатылуға жатады.
13-бап
Осы Келісімге сәйкес орындалатын тасымалдарды жүзеге асыру кезінде салықтар мен алымдар осы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес қабылдаушы мемлекеттің өндіріп алуына жатады.
14-бап
1. Тараптар мемлекеттерінің тасымалдаушылары осы Келісімнің ережелерін, сондай-ақ ұлттық заңнамасын, оның ішінде аумағында автокөлік құралы бар екінші Тарап мемлекетінің жол қозғалысы қағидаларын сақтауға міндетті.
2. Осы Келісімнің ережелері бұзылған жағдайда, мемлекетінің аумағында бұзушылық орын алған бір Тарап мемлекетінің құзыретті органы осы Тараптың ұлттық заңнамасында көзделген шараларды қолданады.
3. Екі Тараптың құзыретті органдары бұзушылық жасаған тасымалдаушыға қатысты қолданылған шаралар туралы бірін-бірі хабардар етеді.
15-бап
1. Тараптар осы Келісімнің ережелерін орындау және оған байланысты мәселелерді талқылау мақсатында Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдарының өкілдерінен Бірлескен комиссия құрады.
2. Бірлескен комиссия жылына бір рет немесе Тараптардың кез келгенінің өтініші бойынша Тараптардың әрқайсысының мемлекеті аумағында кезекпен жиналады. Отырыстың күн тәртібін қабылдаушы тарап ұсынады немесе отырыстың басталуына дейін ең болмағанда екі апта бұрын сұратылады. Әрбір отырыс Бірлескен комиссияның тең төрағалары қол қоятын Хаттаманы қабылдаумен аяқталады.
IV. Қорытынды ережелер
16-бап
Осы Келісім Тараптар мемлекеттері қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
17-бап
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру немесе қолдану кезінде даулар мен келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар оларды консультациялар мен келіссөздер арқылы шешетін болады.
18-бап
Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөліктері болып табылатын және осы Келісімнің 19-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
19-бап
1. Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап 30 (отыз) күн өткен соң күшіне енеді.
2. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және Тараптардың бірі екінші Тараптың өзінің оның қолданысын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламасын алған күннен бастап алты ай өткенге дейін күшінде қалады.
20 жылғы «___» ___________ _______ қаласында әрқайсысы қазақ, босан, серб, хорват, орыс және ағылшын тілдерінде екі төлнұсқа данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.
Қазақстан Республикасының Босния және Герцеговина
Үкіметі үшін Министрлер Кеңесі үшін