Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. «2015 - 2017 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» 2014 жылғы 28 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамына (бұдан әрі - қарыз алушы) бюджеттік кредит беру есебінен қаржыландыру болжанатын «Жолаушылар вагондары паркін жаңарту» инвестициялық жобасы бойынша мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның 2014 жылғы 30 қаңтардағы № 25-2/24622 қорытындысының және «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамы мен «Тұлпар-Тальго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасындағы 2014 - 2019 жылдарға арналған 2013 жылғы 26 маусымдағы № 6-34/ЦЛП теміржол жолаушылар вагондарын сатып алу шартының негізінде қарыз алушыға кредит берудің мынадай шарттарында 8862000000 (сегіз миллиард сегіз жүз алпыс екі миллион) теңге сомасында бюджеттік кредит берілсін:
1) кредиттің мақсаты бюджеттік кредит беру арқылы «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамының теміржол жолаушылар вагондарының жылжымалы құрамының паркін жаңарту болып табылады;
2) кредит мерзімділік, ақылылық және қайтарымдылық шарттарымен негізгі борышты өтеу бойынша он жылдық жеңілдікті кезеңмен жылдық 0,05 (нөл бүтін жүзден бес) пайызға тең сыйақы мөлшерлемесі бойынша 30 (отыз) жыл мерзімге беріледі;
3) кредит бойынша негізгі борышты өтеуді қарыз алушы негізгі борышты мерзімінен бұрын өтеу мүмкіндігімен осы тармақшада көрсетілген жеңілдікті кезеңнің мерзімі аяқталған соң тең үлестермен жүзеге асырады;
4) кредит бойынша есептелген сыйақыны төлеу жарты жылдық кезеңділікпен жүзеге асырылады (есептелген сыйақыны алғашқы төлеу кредит қарыз алушының шотына аударылған кезден бастап 12 (он екі) ай өткен соң жүргізіледі);
5) қарыз алушы үшін игеру кезеңі қарыз алушының шотына кредит аударылған күннен бастап 3 (үш) жылды құрайды.
2. Кредитті беру, өтеу және оған қызмет көрсету жөніндегі қосымша шарттар Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес кредиттік шартта белгіленеді.
3. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі (бұдан әрі — кредит беруші), Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі (бұдан әрі - әкімші) және қарыз алушы кредиттік шарттың тараптары болып табылады.
4. Кредит беруші мен әкімші заңнамада белгіленген тәртіппен осы қаулының 2 және 3-тармақтарында көрсетілген кредиттік шартты жасасуды қамтамасыз етсін.
5. Әкімші заңнамада белгіленген тәртіппен кредиттің мақсатты және тиімді пайдаланылуын, өтелуі мен оған қызмет көрсетілуін бақылауды және мониторингтеуді қамтамасыз етсін.
6. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов