Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
«Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Жоба
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ЗАҢЫ «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы 1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) қор биржасы – Орталықта қаржы құралдарымен сауда-саттықты ұйымдық және техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асыратын, акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға;
2) Орталық – Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын дәл белгіленген шекарасы бар, шеңберінде ерекше құқықтық режим қолданылатын, Астана қаласының шегіндегі аумақты білдіретін «Астана» халықаралық қаржы орталығы;
3) Орталықтың актісі – Орталықтың органы қабылдаған, Орталықтың қатысушылары және (немесе) Орталықтың органдары және (немесе) олардың қызметкерлері арасында туындайтын қатынастарды реттейтін ресми жазбаша құжат;
4) Орталықтың қатысушылары – Орталықтың қолданыстағы құқығына сәйкес тіркелген заңды тұлғалар, сондай-ақ Орталық аккредиттеген өзге де заңды тұлғалар;
5) Орталық қатысушысының немесе органының қызметкері – Орталық қатысушысымен немесе органымен еңбек қатынастарында тұратын, жоғары біліктілігі бар, міндеттеріне Орталық қатысушысының немесе органының негізгі міндеттерін және мақсаттарын іске асыру кіретін жеке тұлға;
6) Орталық қатысушысы немесе органы қызметкерінің отбасы мүшесі – Орталық қатысушысы немесе органы қызметкерінің жұбайы (зайыбы) және олардың жасы он сегізге толмаған балалары;
7) Орталықтың органдары – осы Заңның 9-бабында көзделген, сондай-ақ Орталықты басқару жөніндегі кеңестің шешімі бойынша құратын органдар.
2-бап. Орталық қызметінің мақсаты, міндеттері мен
қағидаттары және оны реттеу
1. Орталықтың мақсаты қаржылық қызмет көрсетудің жетекші халықаралық орталығын қалыптастыру болып табылады.
2. Орталықтың міндеттері:
1) қаржылық қызмет көрсету саласындағы инвестициялау үшін тартымды орта жасау жолымен Қазақстан Республикасының экономикасына жергілікті және шетелдік инвестицияларды тартуға жәрдемдесу;
2) Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын дамыту, оның халықаралық капитал нарықтарымен ықпалдасуын қамтамасыз ету;
3) Қазақстан Республикасында сақтандыру, банктік қызмет көрсету нарығын және исламдық қаржыландыру нарығын дамыту;
4) озық халықаралық практикалар негізінде қаржылық және кәсіби қызмет көрсетуді дамыту;
5) қаржы орталығы ретінде халықаралық танылуға ие болу.
3. Орталықтың қызметі:
1) қызметтің тиімділігі;
2) Орталық қатысушылары қызметінің ашықтығы;
3) Орталық қатысушыларының адалдығы;
4) қаржылық қызметтер көрсетудегі кәсібилік;
5) Орталық қатысушыларының қызметінде халықаралық стандарттар мен озық халықаралық практикаларды қолдану қағидаттарына негізделеді.
4. Орталықты реттеу:
1) заңдылық және барлық адамның заң мен сот алдындағы теңдігі;
2) Орталықтың және оның қатысушыларының тәуелсіздігі қағидаттарына сәйкес жүзеге асырылады.
3-бап. Орталықтың аумағында жүзеге асырылатын қызмет және
оның қатысушылары
1. Заңды тұлғаларға қойылатын талаптарды және оларды Орталықтың қатысушылары ретінде аккредиттеу тәртібін, олардың Орталықтың аумағында жүзеге асырылуына жол берілетін қызмет түрлерін, Орталықтың қатысушыларына қойылатын талаптарды, сондай-ақ Орталықтың аумағында заңды тұлғаларды құру тәртібін, олардың ұйымдық-құқықтық нысандарын Орталықты басқару жөніндегі кеңес айқындайды.
2. Орталықтың Қаржылық көрсетілетін қызметтерді реттеу комитеті Орталықтың аумағында бағалы қағаздарды шығару, орналастыру, айналысы және өтеу тәртібін белгілейді.
Орналастырылуы және (немесе) айналысы қор биржасында жүзеге асырылатын өзге қаржы құралдарын шығару, орналастыру, айналысы және өтеу тәртібін қор биржасы белгілейді.
2-тарау. Орталықтың құқықтық режимі
4-бап. Орталықтың қолданыстағы құқығы
1. Орталықтың қолданыстағы құқығы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және мыналардан:
1) осы Заңнан;
2) Орталықтың органдары осы Заңда берілген өкілеттіктер шегінде қабылдайтын немесе шығаратын, Орталықтың Заңға қайшы келмейтін, Англия және Уэльс құқығының қағидаттары мен нормаларына және (немесе) әлемнің жетекші қаржы орталықтарының стандарттарына негізделуі мүмкін актілерінен;
3) осы Заңмен реттелмеген бөлігінде қолданылатын Қазақстан Республикасының заңнамасынан және Орталықтың актілерінен тұрады.
2. Орталық актілерін әзірлеу, қабылдау, қолданысқа енгізу, жариялау, өзгерту, толықтыру және қолданысын тоқтату тәртібі осы Заңмен және Орталықты басқару жөніндегі кеңестің қаулысымен айқындалады.
3. Орталықтың органдары Орталықтың қатысушылары және (немесе) органдары және (немесе) олардың қызметкерлері арасында туындайтын:
1) азаматтық-құқықтық қатынастарды,
2) азаматтық- процестік қатынастарды;
3) қаржылық қатынастарды;
4) әкімшілік рәсімдерді реттейтін актілерді қабылдауға құқылы.
Орталықтың органдары осы Заңда тікелей көзделген жағдайларда осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделмеген қатынастарды реттейтін актілерді қабылдайды.
Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерін қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне қатер төнетін жағдайларды болдырмау мақсатында Орталық актілерінде Орталықтың қатысушылары үшін жекелеген шектеулер белгіленуі мүмкін.
4. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
5-бап. Орталық қатысушыларының ақшалай міндеттемелері
және валюталық реттеу
1. Орталық қатысушыларының ақшалай міндеттемелері шартта көзделген валютамен көрсетіледі және орындалады.
2. Орталықтың аумағында жұмыс істейтін қор биржасына сауда-саттыққа қатысушылардың ақшалай міндеттемелері қор биржасының қағидаларында айқындалатын валюталармен көрсетіледі және орындалады.
3. Орталықтың аумағында қаржылық және кәсіби қызметтерді көрсетуге байланысты валюталық операцияларды жүргізу шарттары мен тәртібін Орталықты басқару жөніндегі кеңес белгілейді.
4. Орталықтың қатысушылары оның аумағында жүргізетін валюталық операцияларға валюталық реттеу режимдері қолданылмайды.
5. Орталықтың актілерімен Орталықтың қатысушыларына Орталықтың Қаржылық қызмет көрсетуді реттеу комитетіне жүргізілетін операциялар туралы мәліметтер беру жөніндегі талаптар белгіленуі мүмкін.
6-бап. Орталықтың аумағындағы салықтық режим
1. Орталықтың аумағындағы салықтық режим осы бапта белгіленген алып қоюды қоспағанда, Қазақстан Республикасының Салық кодексінде айқындалады.
2. Орталықтың органдары 2066 жылғы 1 қаңтарға дейін Орталықты басқару жөніндегі кеңестің қаулысында айқындалған талаптарды сақтаған кезде корпоративтік табыс салығын төлеуден босатылады.
3. Орталықтың қатысушылары 2066 жылғы 1 қаңтарға дейін Орталықтың аумағында мынадай қаржылық қызметтерді көрсетуден:
1) ислам банкінің банктік қызметін көрсетуден;
2) қайта сақтандыру қызметтері және сақтандыру брокерлік қызметтері;
3) инвестициялық қорлардың активтерін инвестициялық басқару, оларды есепке алу мен сақтау, сондай-ақ инвестициялық қорлардың бағалы қағаздарын шығаруды, орналастыруды, айналысын, сатып алуды және өтеуді қамтамасыз ету жөнінде қызмет көрсетуден;
4) брокерлік және (немесе) дилерлік, андеррайтингтік қызмет көрсетуден;
5) Орталықты басқару жөніндегі кеңестің қаулысында айқындалатын басқа да қаржылық қызмет көрсетуден алынған кірістер бойынша корпоративтік табыс салығын төлеуден босатылады.
4. Орталықтың қатысушылары 2066 жылғы 1 қаңтарға дейін Орталықтың органдарына, сондай-ақ Орталықтың осы баптың 3-тармағында көрсетілген қатысушыларына көрсетілетін заңдық, аудиторлық, бухгалтерлік, консалтингтік қызметтерден алынған кірістер бойынша корпоративтік табыс салығын төлеуден босатылады.
5. Осы баптың 3 және 4-тармақтарының мақсаттары үшін корпоративтік табыс салығынан босатуға жататын кірістерді және салық салуға жататын кірістерді, сондай-ақ шегерімге жатқызуға жататын шығыстарды бөлек есепке алуды жүргізу тәртібі Орталықты басқару жөніндегі кеңестің, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның және салықтардың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органның бірлескен актісінде айқындалады.
6. Орталық қатысушысының немесе органының қызметкерлері болып табылатын шетелдіктер 2066 жылғы 1 қаңтарға дейін осы баптың 3 және 4-тармақтарында көзделген қызметтерді көрсететін Орталықтың қатысушысымен немесе Орталықтың органымен жасалған еңбек шарты бойынша Орталықтағы қызметтен кірістер бойынша жеке табыс салығын төлеуден босатылады.
7. Жеке және заңды тұлғалар 2066 жылғы 1 қаңтарға дейін:
1) сату күнінде Орталықта жұмыс істейтін қор биржасының ресми тізімдеріндегі бағалы қағаздарды сатқан кезде құнның өсімінен;
2) Орталықтың қолданыстағы құқығына сәйкес тіркелген Орталықтың қатысушылары – заңды тұлғалардағы қатысу үлестерін сатқан кезде құнның өсімінен;
3) осындай дивидендтер немесе сыйақыларды есептеу күнінде Орталықта жұмыс істейтін қор биржасының ресми тізімдеріндегі бағалы қағаздар бойынша дивидендтер мен сыйақылар;
4) Орталықтың қолданыстағы құқығына сәйкес тіркелген Орталықтың қатысушылары – заңды тұлғалардағы қатысу үлестері бойынша дивидендтер кірістері бойынша жеке және корпоративтік табыс салықтарын төлеуден босатылады.
8. Осы баптың 3 және 4-тармақтарында көзделген қызметтерді көрсететін Орталықтың органдары және Орталықтың қатысушылары Орталықтың аумағында орналасқан объектілер бойынша мүлік салығын және жер салығын төлеуден босатылады.
9. Мемлекеттік кірістер органдарының Орталықтың органдарымен және қатысушыларымен Орталықтың органдарына және қатысушыларына салық салу мәселелері бойынша салықтық әкімшілік жүргізуі және өзара іс-қимылы Орталық органдарының және мемлекеттік кірістер органдарының бірлескен актілерімен айқындалады.
7-бап. Шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың
визалық режимі
1. Орталықта қызметін жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының аумағына келетін шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар кіру визасын Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерінде не Қазақстан Республикасының халықаралық әуежайларына келген кезде алады.
2. Орталық қатысушыларының немесе органдарының қызметкерлері болып табылатын шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар және олардың отбасы мүшелері бес жылға дейін қолданылу мерзімімен кіру визасын алады.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көрсетілген адамдарға визалардың қолданылу мерзімін ұзарту Орталық әкімшілігінің қолдаухаты арқылы Қазақстан Республикасының шегінен шықпай жүзеге асырылуы мүмкін.
4. Қазақстан Республикасына Орталықта қызметін жүзеге асыру үшін кіретін шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасына кіру және Қазақстан Республикасынан шығу жағдайлары мен тәртібін Орталықтың органдары Қазақстан Республикасының тиісті уәкілетті органдарымен келісу бойынша айқындайды.
5. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің, Біріккен Араб Әмірліктерінің, Малайзияның, Сингапур Республикасының және Монако Князьдігінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын елдердің азаматтары Қазақстан Республикасының аумағына кірген күннен бастап күнтізбелік отыз күнге дейін мерзімге визасыз кіру режиміне құқық алады.
8-бап. Шетелдік жұмыс күшін тарту
1. Орталықтың қатысушылары және органдары Орталықта қызметін жүзеге асыру үшін шетелдіктерді және азаматтығы жоқ адамдарды рұқсат алмай тартуға құқылы.
Орталықтың қатысушылары және органдары тартатын шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасында жұмысқа тұруға рұқсат алу міндетінен босатылған.
2. Орталық қатысушыларының және органдарының әрбір тартылған қызметкер бойынша, ал тартылған шетелдіктің және азаматтығы жоқ адамның жоғары біліктілігін растайтын құжаттары болуға және оларды сақтауға, Орталықтың қатысушысына немесе органына сол құжаттарды табыс етуге міндетті.
Шетелдіктің және азаматтығы жоқ адамның жоғары біліктілігін растайтын құжаттардың тізбесін Орталықтың Қаржылық қызмет көрсетуді реттеу жөніндегі комитеті айқындайды.
3. Орталықтың әкімшілігі Орталықтың қатысушылары мен органдары тартқан шетелдік жұмыс күшінің есебін жүргізеді. Тартылған шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар туралы мәліметтерді Орталықтың әкімшілігі халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органға береді. Халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органға берілген мәліметтердің құрамы, кезеңділігі мен тәртібі Орталық әкімшілігінің және халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органның бірлескен актісінде айқындалады.
3-тарау. Орталықтың органдары және олардың өкілеттіктері
9-бап. Орталықтың органдары
1. Мыналар:
1) Орталықты басқару жөніндегі кеңес;
2) Орталықтың әкімшілігі;
3) Қаржылық көрсетілетін қызметтерді реттеу комитеті;
4) Орталықтың соты Орталықтың органдары болып табылады.
2. Орталықтың органдары осы Заңмен және Орталықтың актілерімен берілген өкілеттіктері шегінде өз қызметінде тәуелсіз болады.
3. Орталық қатысушыларының қызметіне бақылау мен қадағалауды ұйымдастыру мен жүргізу тәртібі осы Заңда және Орталықтың актілерінде айқындалады.
10-бап. Орталықты басқару жөніндегі кеңес
1. Орталықты басқару жөніндегі кеңес (бұдан әрі – Кеңес) Қазақстан Республикасының Президенті басқаратын тұрақты жұмыс істейтін алқалы орган болып табылады.
2. Кеңестің негізгі міндеттері Орталықтың стратегиялық даму бағыттарын айқындау және жетекші халықаралық қаржылық көрсетілетін қызметтер орталығын қалыптастыру үшін қолайлы жағдайлар жасауға жәрдемдесу болып табылады.
3. Кеңестің мынадай өкілеттіктері бар:
1) Орталықтың даму стратегиясын айқындайды;
2) Орталықтың қызметі туралы жылдық есепті бекітеді;
3) Осы Заңмен өзінің құзыретіне жатқызылған мәселелер және осы Заңның 4-бабының 3-тармағында көзделген шекте басқа да мәселелер бойынша Орталықтың қаулылар түріндегі актілерін қабылдайды;
4) Орталық органдарының құрылымын айқындайды;
5) Орталықтың мақсаттары үшін өзге де органдарды құру, олардың нысанын, құзыретін және функцияларын айқындау туралы шешімдерді, сондай-ақ оларды тарату немесе қайта ұйымдастыру туралы шешімдерді қабылдайды;
6) Кеңес туралы ережеде айқындалатын өзге де өкілеттіктері болады.
4. Кеңес туралы ережені және оның құрамын Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
11-бап. Орталықтың әкімшілігі
1. Орталықтың әкімшілігі – Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі құратын, Орталықтың қызметін қамтамасыз ететін және оның мүдделерін білдіретін акционерлік қоғам.
2. Орталық әкімшілігінің Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қаражатынан, Орталықтың қатысушылары енгізетін алымдар мен төлемдерден қалыптастырылатын өз бюджеті болады.
Орталықтың әкімшілігі, Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының келісімдерін алмастан, Орталықтың аумағында заңды тұлғаларды құруға және Орталықтың аумағында тіркелген заңды тұлғалардың акцияларын (қатысу үлестерін) иеленуге құқылы.
3. Директорлар кеңесі Орталық әкімшілігінің жоғарғы басқару органы болып табылады. Орталық әкімшілігінің ағымдағы қызметіне басшылықты Төраға басқаратын Басқарма жүзеге асырады.
Акционерлердің (жалғыз акционердің) жалпы жиналысының, Директорлар кеңесі мен Басқарманың өкілеттіктерін, Директорлар кеңесі мен Басқарманың сан құрамын, оларды сайлау тәртібін және мүшелері өкілеттіктерінің мерзімін, сондай-ақ Директорлар кеңесі мен Басқарма мүшелерінің сыйақы мөлшерін анықтау тәртібін Кеңес айқындайды.
4. Орталық әкімшілігінің мынадай өкілеттіктері бар:
1) Орталықтың Қаржылық көрсетілетін қызметтерді реттеу комитетімен келісу бойынша қаржылық көрсетілетін қызметтерді және Орталықтағы олармен байланысты қызметті қоспағанда, Кеңеске Орталықтың даму стратегиясын айқындау жөнінде ұсыныстар енгізеді;
2) Кеңестің алдында Орталықтың бекітілген даму стратегиясын іске асыру туралы есеп береді және Кеңеске Орталықтың қызметі туралы жылдық есепті бекітуге ұсынады;
3) Кеңес айқындайтын негіздер бойынша және тәртіппен Орталықтың қатысушыларына қатысты шаралар қабылдайды;
4) Кеңес қаулыларының жобаларын әзірлейді, оларды Орталықтың Қаржылық көрсетілетін қызметтерді реттеу комитетімен келіседі және жария талқылауға шығарады және Кеңеске қабылдау үшін ұсынады;
5) Орталықтағы қаржылық көрсетілетін қызметтерді және олармен байланысты операцияларды реттеу саласына жатпайтын мәселелер бойынша реттеуші ережелер түріндегі актілерді қабылдайды;
6) Орталықтың жылдық және орта мерзімді бюджеттерін дайындайды және бекітеді;
7) Кеңеске Орталықтың мақсаттары үшін қажетті қосалқы және өзге органдарды құру, оларды тарату немесе қайта ұйымдастыру жөнінде ұсыныстар енгізеді;
8) Орталықтың мақсаттарына қол жеткізу және оның операцияларын ұйымдастыру үшін басқа халықаралық және өңірлік қаржы орталықтарымен, даму институттарымен және басқа да ұйымдармен байланыстар орнатады және олардың дамуын қамтамасыз етеді, осыған орай Орталықтың басқа да органдарының өкілеттіктеріне жататындарды қоспағанда, кез келген келісімдерді, шарттарды, келісімшарттарды жасайды;
9) Орталықтың органдары мен қатысушылары қызметкерлерінің визалар алуына және Орталық қатысушыларының жұмыс күшін тартуына жәрдемдеседі;
10) Кеңес қаулыларында айқындалатын өзге де өкілеттіктері болады.
12-бап. Орталықтың Қаржылық көрсетілетін қызметтерді
реттеу комитеті
1. Орталықтың Қаржылық көрсетілетін қызметтерді реттеу комитеті қаржылық көрсетілетін қызметтерді реттеуді және Орталықтағы олармен байланысты қызметті реттеуді жүзеге асыратын заңды тұлға болып табылады.
2. Комитеттің Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қаражатынан, Орталықтың қатысушылары енгізетін алымдар мен төлемдерден қалыптастырылатын өз бюджеті болады.
3. Орталықтың Қаржылық көрсетілетін қызметтерді реттеу комитеті:
1) қаржылық көрсетілетін қызметтерді және Орталықтағы олармен байланысты қызметке қатысты Кеңес қаулыларының жобаларын әзірлейді, оларды жария талқылауға шығарады және Кеңестің қабылдауына ұсынады;
2) Орталықтағы қаржылық көрсетілетін қызметтерді және олармен байланысты қызметті реттеу саласына жататын мәселелер бойынша реттеуші ережелер түріндегі актілерді қабылдайды;
3) Кеңес айқындаған тәртіппен Орталықтың қатысушыларын тіркеуді, аккредиттеуді және лицензиялауды жүзеге асырады;
4) Орталық қатысушыларының тізілімін жүргізеді;
5) Орталық қатысушыларының қызметіне бақылау мен қадағалауды жүзеге асырады, Кеңес айқындайтын негіздер бойынша және тәртіппен оларға қатысты шаралар қабылдайды;
6) Кеңес қаулыларында айқындалатын өзге де өкілеттіктері болады.
13-бап. Орталықтың соты
1. Орталықтың аумағындағы осы баптың 4-тармағында көзделген даулар бойынша сот төрелігін Орталықтың соты ғана жүзеге асырады, оның мақсаты тараптардың құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін қорғау, Орталықтың қолданыстағы құқығының орындалуын қамтамасыз ету болып табылады.
2. Орталықтың соты өз қызметінде тәуелсіз және Қазақстан Республикасының сот жүйесінен оқшауланған.
3. Орталықтың соты екі сатыдан тұрады: бірінші сатыдағы сот және апелляциялық сот.
4. Орталықтың соты қылмыстық және әкімшілік сот ісін жүргізбейді және мыналарға:
1) Орталықтың қатысушылары, Орталықтың органдары және (немесе) олардың қызметкерлері арасында туындайтын дауларды қарау мен шешуге;
2) Орталықта жүзеге асырылған және Орталықтың құқығына бағынышты кез келген операцияға қатысты дауларды қарау мен шешуге;
3) тараптардың келісуі бойынша Орталықтың сотына берілген дауларды қарау мен шешуге қатысты ерекше юрисдикцияға ие.
5. Орталықтың соты өз қызметінде Кеңестің «Астана» халықаралық қаржы орталығының соты туралы» қаулысын басшылыққа алады, ол Англия мен Уэльстің процессуалдық қағидаттары мен нормаларына және (немесе) әлемнің жетекші қаржы орталықтарының стандарттарына негізделуге тиіс.
Кеңестің «Астана» халықаралық қаржы орталығының соты туралы» қаулысында соттың құрамы, судьяларды және басқа да лауазымды тұлғаларды лауазымына тағайындау және босату тәртібі, судьяларға және Орталық сотының лауазымды тұлғаларына қойылатын біліктілік талаптары және соттың жұмыс істеуіне қатысты басқа да мәселелер айқындалады.
6. Орталықтың соты дауларды шешу кезінде Орталықтың қолданыстағы құқығын басшылыққа алады, сондай-ақ Орталық сотының нақты даулар бойынша заңды күшіне енген шешімдерін және жалпы құқықтағы басқа юрисдикциялар соттарының күшіне енген шешімдерін ескеруі мүмкін.
7. Орталықтың апелляциялық сотының шешімдері түпкілікті болып табылады, шағымдануға жатпайды және барлық жеке және заңды тұлғалар үшін міндетті болып табылады.
8. Қазақстан Республикасында Орталық сотының шешімдерін орындау Қазақстан Республикасы соттарының шешімдерін орындағандағы сияқты тәртіппен және сол талаптармен жүзеге асырылады. Бұл ретте Орталық сотының шешімдерін Орталықтың актілерінде айқындалған тәртіппен мемлекеттік тілге немесе орыс тіліне аудару қамтамасыз етілуге тиіс.
9. Орталықтың аумағында Қазақстан Республикасы соттарының шешімдерін орындау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
10. Орталықтың соты Орталық актілерінің нормаларын түсіндіру бойынша айрықша құзыретке ие болады.
14-бап. Халықаралық төрелік орталық
1. Халықаралық төрелік орталық тараптар арасында төрелік келісім болған жағдайда дауларды қарайды.
2. Халықаралық төрелік орталық Кеңестің «Халықаралық төрелік орталық туралы» қаулысына сәйкес құрылады және жұмыс істейді.
3. Қазақстан Республикасында Халықаралық төрелік орталықтың шешімдерін тану мен орындау Қазақстан Республикасында төрелік шығарған төрелік шешімдерді тану мен орындау орын алатын тәртіппен және сол талаптармен жүзеге асырылады. Бұл ретте Халықаралық төрелік орталығының шешімдерін Орталықтың актілерінде айқындалған тәртіппен мемлекеттік тілге немесе орыс тіліне аудару қамтамасыз етілуге тиіс.
4. Орталықтың аумағында төрелік шешімдерін тану және орындау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
4-тарау. Орталықтың тілі
15-бап. Орталықтың тілі
Орталықтың бүкіл аумағында Орталық реттейтін қоғамдық қатынастардың барлық салаларында қолданылатын тіл – ағылшын тілі Орталықтың ресми тілі болып табылады.
16-бап. Орталық актілерінің тілі
Орталықтың актілері ағылшын тілінде әзірленеді және қабылданады. Орталықтың актілерін мемлекеттік және (немесе) орыс тіліне аударуға жол беріледі.
17-бап. Құжаттаманы жүргізу тілі
Орталықтың аумағында есептік-статистикалық, қаржылық, техникалық және өзге де құжаттаманы жүргізу ағылшын тілінде қамтамасыз етіледі.
18-бап. Жеке және заңды тұлғалардың өтініштеріне
жауаптардың тілі
Орталықтың аумағында жеке және заңды тұлғалардың өтініштеріне және басқа да құжаттарға Орталық органдарының жауаптары ағылшын тілінде немесе өтініш жасаған тіл мемлекеттік немесе орыс тілі болған жағдайда, өтініш жасаған тілде беріледі.
19-бап. Сот ісін жүргізу тілі
Орталықта сот ісі ағылшын тілінде жүргізіледі.
20-бап. Мәмілелер тілі
1. Орталық қатысушыларының Орталықтың аумағында жазбаша нысанда жасалатын барлық мәмілелері ағылшын тілінде баяндалады.
2. Тараптардың бірі Орталықтың қатысушысы болып табылатын, жазбаша нысанда жасалатын мәмілелер ағылшын тілінде не мемлекеттік немесе орыс тілінде баянадалады.
5-тарау. Қорытынды ережелер
21-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін осы Заңның 7-баптың 5-тармағын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. Орталықтың осы Заңның 3-бабында, 4-бабының 2-тармағында, 5-бабының 3-тармағында, 6-бабында, 7-бабының 4-тармағында, 8-бабында, 9-бабының 3-тармағында, 10-бабының 4-тармағында, 11-бабының 3-тармағында, 13-бабының 5-тармағында және 14-бабының 2-тармағында көзделген актілерін Орталық органдары осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап екі жыл ішінде әзірлеуге және қабылдауға тиіс.
3. «Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығы туралы» 2006 жылғы 5 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2006 ж., № 10, 51-құжат; 2007 ж., № 17, 141-құжат; 2009 ж., № 17, 81-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; 2011 ж., № 5, 43-құжат; № 11, 102-құжат; 2012 ж., № 13, 91-құжат; № 21-22, 124-құжат; 2013 ж., № 10-11, 56-құжат; 2014 ж., № 22, 128-құжат; № 23, 143-құжат; 2015 ж., № 8, 45-құжат) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті