Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы арнайы мақсаттағы бөлімшелердің оқу-жаттығуларын өткізу кезінде қабылдаушы Тараптың қолдау көрсетуі туралы өзара түсіністік туралы меморандумның жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Түркия Республикасындағы әскери атташесі Мұрат Қабылбекұлы Сақановқа Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы арнайы мақсаттағы бөлімшелердің оқу-жаттығуларын өткізу кезінде қабылдаушы Тараптың қолдау көрсетуі туралы өзара түсіністік туралы меморандумға қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К.Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2015 жылғы 25 қарашадағы
№ 942 қаулысымен
мақұлданған
Жоба
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының
Үкіметі арасындағы арнайы мақсаттағы бөлімшелердің
оқу-жаттығуларын өткізу кезінде қабылдаушы Тараптың қолдау
көрсетуі туралы өзара түсіністік туралы меморандум
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі
1994 жылғы 8 тамыздағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрік Республикасының Үкіметі арасындағы әскери ғылым, техника және білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің (бұдан әрі – Келісім) ережелерін назарға ала отырып,
екі мемлекет қарулы күштерінің арнайы мақсаттағы бөлімшелерімен оқу-жаттығуларды өткізуге және қабылдаушы Тараптың қолдауын ұсынуға байланысты мәселелерді реттеуге ниет білдіре отырып,
төмендегілер туралы өзара түсіністікке қол жеткізді:
1-бап
Анықтамалар
Осы Өзара түсіністік туралы меморандумның мақсаттары үшін мынадай анықтамалар мыналарды білдіреді:
1) жіберуші Тарап – қабылдаушы Тарап мемлекетінің аумағына уақытша әкелуге және пайдалануға рұқсат етілген, жіберуші Тараптың меншігі болып табылатын, оқу-жаттығулар өткізу кезеңінде қажетті қару-жарағы және әскери техникасы бар бөлімшені, әуе кемелерін, арнайы құралдарды, оқ-дәрілерді, азық-түлікті, медициналық мүлікті, сондай-ақ басқа да материалдық-техникалық мүлік пен шығыс материалдарын жіберуші Тарап;
2) қабылдаушы Тарап – өз мемлекетінің аумағындағы оқу-жаттығуға қатысу үшін жіберуші Тараптың бөлімшесін қабылдайтын және орналастыратын Тарап;
3) қабылдаушы Тараптың қолдауы – оқу-жаттығуларды өткізу уақытында қабылдаушы Тараптың әскери және азаматтық қолдауы (қызметтер көрсетуі);
4) үшінші Тарап – шетел мемлекеті, Тараптар мемлекеттерінің немесе шетел мемлекетінің заңды немесе жеке тұлғасы;
5) әскери орган – оқу-жаттығуларды өткізуге жауапты Тараптардың әрқайсысының тиісті бөлімшесі;
6) оқу-жаттығуларды өткізу ауданы – қабылдаушы Тарап оқу-жаттығуларды өткізу үшін бөлген аумақ, сондай-ақ оның әуе кеңістігі;
7) жіберуші Тараптың аға өкілі – оқу-жаттығуға қатысатын бөлімшенің жеке құрамын қадағалауды және бақылауды жүзеге асыратын жіберуші Тарап әскери органының өкілі.
2-бап
Мақсаты
1. Осы Меморандумның мақсаты оқу-жаттығуларды өткізу уақытында Тараптың міндеттемелері мен жауапкершілігін, сондай-ақ қабылдаушы Тараптың қолдау көрсетуінің негізгі қағидаттарын айқындау болып табылады. Сондай-ақ осы Меморандум оқу-жаттығуларды өткізу уақытында жіберуші Тарап үшін қабылдаушы Тарап ұсынатын қолдау көрсету стандарттарын, типтерін, деңгейлерін және әдістерін түсіндіреді.
2. Оқу-жаттығулар Тараптар әскери органдарының өкілдері бекіткен оқу-жаттығуларды өткізу жоспарына сәйкес өткізіледі.
3. Осы Меморандумның ережелері Тараптардың мемлекеттері қатысушысы болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
3-бап
Қабылдаушы Тараптың міндеттемелері
Осы Меморандумның мақсатында қабылдаушы Тарап оқу-жаттығуларды өткізудің бекітілген жоспарына және өз мемлекетінің заңнамасына сәйкес мыналарды жүзеге асырады:
1) оқу-жаттығуға қатысу үшін жіберуші Тарапты уақтылы шақырады;
2) жіберуші Тараптың бөлімшелерін белгілі бір кіру/шығу пунктінде (-терінде) күтіп алуды және олардың кетуін, сондай-ақ ол өз мемлекеті аумағына келгеннен бастап және кеткенге дейін оған ілесіп жүруді ұйымдастырады;
3) айқындалған аудандар мен жергілікті жерлерде жіберуші Тараптың бөлімшелерін өрістетуге жәрдем көрсетеді;
4) қабылдаушы Тараптың бөлімшелері оқу-жаттығуларды өткізу ауданына келгенге дейін оқу-жаттығуларды өткізуге қатысты қағидалар мен қауіпсіздік қағидалары туралы брифинг ұсынады;
5) жіберуші Тараптың бөлімшесіне өз мемлекетінің әуе кеңістігін, теңіз жолдарын (тек қана Түркия Тарапына қатысты), темір жолдарын және автомобиль трассаларын пайдалануға рұқсат береді;
6) оқу-жаттығуға қатысу үшін жіберуші Тараптың бөлімшесіне қажет болатын техниканы, қару мен оқ-дәрілерді әкелуге, ел ішінде орнын ауыстыруға және оларды қабылдаушы Тарап мемлекетінен әкетуге, әуеайлақтарды, автомобиль және темір жолдарды пайдалануды қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдайды;
7) қажетті отынды, азық-түлікті, материалдық құралдарды, көлік құралдарын, байланыс құралдарын, ғимараттарды, медициналық көрсетілетін қызметтерді, жұмыс күшін және басқа да, оның ішінде жіберуші Тараптың сұрау салуы бойынша және оның есебінен коммерциялық ұйымдар көрсететін қызметтерді қоса алғанда, жергілікті құралдарды пайдалану құқығын беру жолымен жіберуші Тарап бөлімшелерінің қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін қажетті шаралар қабылдайды;
8) оқу-жаттығуға қатысу үшін қажетті телефондарды, факстар мен радиоқұрылғыларды пайдалануға рұқсат етеді;
9) жіберуші Тарапқа ұсынылатын тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің стандартты және кемінде өз Қарулы Күштеріне ұсынатын тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге балама болып табылатынына мүмкіндігінше кепілдік береді.
4-бап
Жіберуші Тараптың міндеттері
Осы Меморандумның ережелері шеңберінде жіберуші Тараптың бөлімшесі мыналарды жүзеге асырады:
1) қабылдаушы Тарап мемлекетінің, оның ішінде оқу-жаттығулар шеңберінде өткізілетін іс-шаралар кезінде қауіпсіздікті сақтау жөніндегі заңнамасын сақтайды;
2) оқу-жаттығуларды өткізу жоспарына, сондай-ақ әкімшілік сипаттағы мәселелерге қатысты нақтыланған өзара келісілген рәсімдер мен уағдаластықтарды ұстанады;
3) бөлімшелердің келу күнінен 45 күн бұрын қабылдаушы Тарап мемлекетінің аумағына жоспарланған келу күні мен оның жүру маршруты туралы хабарлайды, сондай-ақ қабылдаушы Тарап мемлекетінің аумағына оқу-жаттығуға қатысу үшін қажетті қару-жарақ пен әскери техниканы, арнайы құралдарды, оқ-дәрілер мен басқа да материалдық-техникалық мүлікті әкелген жағдайда, олардың саны туралы ақпаратты ұсынады;
4) қабылдаушы Тарап ұсынған қаруды, материалдық құралдарды, жабдықты ұқыпты пайдалануды және оқу-жаттығулар аяқталғаннан кейін оларды қабылдаушы Тараптың әскери органдарына алған күйінде қайтаруды қамтамасыз етеді;
5) жіберуші Тарап бөлімшелерінің әскери қызметшісі өз орнында 24 сағаттан астам болмаған жағдай туындаған және оның орналасқан жері туралы белгісіз болған жағдайда қабылдаушы Тарапқа дереу хабарлайды;
6) қабылдаушы Тарап мемлекетінің аумағында саяси қызметке қатыспайды.
5-бап
Тылдық қамтамасыз ету және қаржыландыру
1. Оқу-жаттығу және оқу-жаттығуға дайындық Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес және қабылдаушы Тараптың мүмкіндіктері шегінде өткізіледі.
2. Қабылдаушы Тарап жіберуші Тараптың бөлімшесіне осы Меморандумда көзделмеген көрсетілетін қызметтерді ұсынбайды. Жіберуші Тарап қандай да бір тауарды немесе көрсетілетін қызметтерді ұсыну туралы өтініш жасаған жағдайда, жіберуші Тарап оларды өз есебінен сатып алған және осы мақсаттарда үшінші тұлғалармен келісімшарт жасасқан жағдайларда осы тауарлар немесе көрсетілетін қызметтер нарықтан сатып алынуы мүмкін.
3. Жіберуші Тараптың әскери органдары үшінші тұлғалармен жасасатын келісімшартқа байланысты тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алған кезде жіберуші Тарап салықтарды төлеуден босату туралы немесе оларды төмендету туралы қандай да бір нысанда өтініш жасамауға тиіс.
4. Жіберуші Тарап қабылдаушы Тарап ұсынған қамтамасыз ету және қызмет көрсету құралдарын оның жазбаша келісімінсіз үшінші Тарапқа уақытша немесе тұрақты пайдалануға бермейді.
5. Жіберуші Тараптың сұрау салуы бойынша қабылдаушы Тарап қаруды, материалдық құралдарды, жабдық пен оқ-дәрілерді өтеусіз ұсынады.
6. Тараптар оларды жүзеге асыру ақшалай қаражатты қолма-қол немесе аудару нысанында жүргізілетін екіжақты уағдаластықтар шеңберінде өтеусіз негізде ұсынылмайтын тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді төлеу шарттарын келіседі. Бұдан басқа:
1) жіберуші Тарап бөлімшелерінің атынан жеке компаниялардан қабылдаушы Тарап сатып алғаны үшін жүзеге асырған төлемдер қабылдаушы Тараптың өзі сатып алған заттары үшін төлеген сомадан көп болмауға тиіс;
2) қабылдаушы Тарап жіберуші Тарапқа материалдық құралдар мен көрсетілетін қызметтерді ұсынғаны үшін төлеген сомадан асып түсетін шығыстар қабылдаушы Тарапқа жүктелмейді.
7. Жіберуші Тараптың атынан кез келген шығыстар жіберуші Тараптың әскери органдарын хабардар етпей төленбейді. Тауарлар мен көрсетілетін қызметтер жіберуші Тараптың әскери органдарына хабарламастан сатып алынуға тиісті емес. Жіберуші Тараптың әскери органдары тағайындаған жіберуші Тараптың аға өкілі немесе басқа да лауазымды адамы жіберуші Тараптың атынан тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуға арналған жүргізілген шығыстардың шоттары мен түбіртектерін бекітеді.
8. Даулар туындаған және қандай да бір уағдаластықтар болмаған жағдайда жіберуші Тарап коммерциялық көздерден сатып алған тамақ, жалдау және кір жуу қызметтері сияқты тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің құнын жіберуші Тарап өзінің бөлімшелері қабылдаушы Тарап мемлекетінен кеткенге дейін төлейді.
9. Қабылдаушы Тарап жіберуші Тарап бөлімшесінің жеке құрамына өзінің жеке құрамын қамтамасыз етіп отырған осындай сападағы тамақ пен орналастыруды ұсынады.
10. Оқу-жаттығулар шеңберінде қауіпті заттар мен оқ-дәрілерді сақтау, тасымалдау және кәдеге жарату мәселелерінде қабылдаушы Тарап мемлекетінің заңнамасы қолданылады.
11. Оқу-жаттығуларды өткізу барысында жіберуші Тараптың бөлімшелерін тамақпен және ауызсумен қамтамасыз етуді қабылдаушы Тарап өтеусіз негізде жүзеге асырады. Бұл ретте Жіберуші Тарап бөлімшелерінің дәстүрлі тағам талғамдары сақталады. Қажеттігіне қарай оқу-жаттығулар уақытында азық-түлік үлесі мен тамақ ұсынылады.
12. Қабылдаушы Тарап мемлекетіне/мемлекетінен оқу-жаттығуға қатысатын бөлімшелердің жеке құрамын тасымалдауға байланысты шығыстарды жіберуші Тарап көтереді.
6-бап
Медициналық қызмет көрсету
1. Жіберуші Тарап оқу-жаттығулар басталғанға дейін 45 күннен кешіктірмей жіберуші Тарап бөлімшелері жеке құрамының оқу-жаттығуға қатысу үшін жарамды жай-күйде екені туралы медициналық қорытынды береді.
2. Жіберуші Тарап қабылдаушы Тарап мемлекетіне олар кіргенге дейін жіберуші Тарап бөлімшелерінің жеке құрамына Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы айқындаған аурулардан вакцинация жасауды қамтамасыз етеді және осы мақсатта жеке құрамның, оларға вакцинация жасалғанын көрсететін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы айқындаған стандартты сертификаттары болады.
3. Жіберуші Тарап қандай да бір ауыруы бар әскери қызметшілердің оқу-жаттығуға қатысуына жол бермейді. Осындай қатысуға кедергі келтірмейтін ауыруы бар әскери қызметшілер оқу-жаттығуға қатысқан жағдайда, жіберуші Тарап қабылдаушы Тарап мемлекетіне мұндай әскери қызметшілердің қажетті көлемі бар медициналық препараттармен жіберілуін қамтамасыз етеді.
4. Қабылдаушы Тарап оқу-жаттығуларды өткізу барысында жіберуші Тарап бөлімшелерінің қабылдаушы Тарап мемлекетінің аумағында болу уақытысында шұғыл медициналық қарап-тексеру мен емдеуді, стоматологиялық қарап-тексеру мен емдеуді қамтамасыз етеді. Медициналық көмек:
1) оқу-жаттығуларды өткізу аумағының шегінен тыс жерлердегі қолжетімді әскери медициналық мекемелер (лазареттер, орталық клиникалар) арқылы;
2) оқу-жаттығуларды өткізу ауданындағы медпункт арқылы;
3) жедел жәрдем машинасын және жүргізушіні беру жолымен көрсетіледі.
5. Қабылдаушы Тарап мемлекетінің аумағында төтенше жағдай туындаған жағдайда, қабылдаушы Тарап өз мемлекетінің заңнамасына сәйкес құтқару тікұшақтарын қоса алғанда, жіберуші Тараптың әуе кемелеріне әуе кеңістігін пайдалануға рұқсат ете алады.
6. Авиатасымалдауды қоспағанда, қабылдаушы Тарап мемлекетінің аумағы шегінде әскери-медициналық мекемелерде көрсетілетін медициналық қарап-тексерумен және емдеумен, стоматологиялық қарап-тексерумен және емдеумен қатар медициналық эвакуациялауды қабылдаушы Тарап өтеусіз негізде ұсынады.
7. Егер жіберуші Тарап пациентті емдеуге әскери емес медициналық мекемеге немесе басқа мемлекетке тасымалдауға ниеттенген жағдайда, онда таңдап алынған медициналық мекемеге тасымалдауға және емдеуге байланысты жауапкершілік пен шығыстарды жіберуші Тарап көтереді.
8. Егер Тараптар мемлекеттері арасында медициналық немесе әлеуметтік қамсыздандыру туралы халықаралық шарттар қолданыста болатынын қоспағанда, жіберуші Тараптың әскери органдары әскери емес медициналық мекемеге авиатасымалдағаны, сондай-ақ қабылдаушы Тарап мемлекетінің аумағында ұсынылған әскери емес медициналық мекемелерде жеке құрамның емделгені үшін шығыстарды көтереді. Мұндай халықаралық шарттар болмаған жағдайда, жіберуші Тараптың әскери органдары шығыстарды қабылдаушы Тараптың тікелей тиісті мекемелеріне төлейді.
9. Медициналық пункт шұғыл медициналық көмек көрсетуді және күнделікті қарап-тексерулерді жүзеге асырады. Қабылдаушы Тарап жұмыстан тыс уақыттағы жүрулер үшін шұғыл қызметтердің телефон желілері мен жедел көмек көрсету машиналарын беруді қамтамасыз етеді.
7-бап
Жіберуші Тарап өкілі қайтыс болған жағдайда іс-әрекет жасау тәртібі
1. Жіберуші Тарап бөлімшелері жеке құрамының адамы қайтыс болған жағдайда қабылдаушы Тарап дереу хабарланады. Қабылдаушы Тараптың дәрігері қайтыс болғаны туралы қорытынды шығарады.
2. Егер қабылдаушы Тараптың құзыретті органы мәйітті ашу қажет деген ұйғарымға келсе, онда осы мақсаттар үшін тағайындалатын дәрігер қабылдаушы Тарап мемлекетінің заңнамасына сәйкес мәйітті ашуды орындайды. Жіберуші Тарап, сондай-ақ мәйітті ашуға қатысу үшін дәрігерді тағайындауы мүмкін, оның уақыты мен орнын қабылдаушы Тараптың әскери органдары айқындайды.
3. Жіберуші Тараптың мемлекетіне мәйітті тасымалдау жіберуші Тараптың есебінен қабылдаушы Тарап мемлекетінің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
8-бап
Қоршаған ортаны қорғау
1. Жіберуші Тарап оқу-жаттығуларды жоспарлау, дайындау мен өткізу кезінде қабылдаушы Тарап мемлекетінің қоршаған ортаны қорғау жөніндегі заңнамасын сақтауды қамтамасыз етеді. Осы Меморандум шеңберіндегі іс-қимыл нәтижесінде пайда болған қалдықтар осы үшін арнайы бөлінген орындарға жиналады. Қабылдаушы Тарап оқу-жаттығулар басталғанға дейін бір апта бұрын осындай аймақтар туралы хабардар етеді.
2. Қоршаған ортаны қорғаудың «шығын түскен жерінде жатады» деген негізгі қағидатына сәйкес қоршаған ортаға келтірілген залалды және қалдықтармен жұмыс істеу шығыстарын өтеуді осы қалдықтарды шығарған Тарап көтереді.
3. Қабылдаушы Тарап бөлімшелер келгенге дейін 45 күн бұрын жіберуші Тарапты өз мемлекетінің қоршаған ортаны қорғау жөніндегі заңнамасының талаптары туралы хабардар етеді.
9-бап
Заңдық мәселелер
Осы Меморандумды іске асыруға байланысты заңдық мәселелер Келісімнің 7-бабымен реттеледі.
10-бап
Әскери ақпаратты қорғау
Осы Меморандум шеңберіндегі әскери ақпаратты қорғау мәселелері Келісімнің 5-бабымен реттеледі.
11-бап
Дауларды шешу
1. Осы Меморандумның ережелерін түсіндіру немесе қолдану кезінде даулар мен келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар оларды Тараптардың әскери органдары арасында консультациялар мен келіссөздер арқылы шешеді. Даулар мен келіспеушіліктер ұлттық немесе халықаралық соттың, трибуналдың немесе үшінші Тараптың қарауына берілмейді.
2. Егер осы Меморандум мен Келісімнің ережелері бір-біріне қайшы келген жағдайда, нақты мәселеге қарай Келісімнің ережелері қолданылады.
12-бап
Өзгерістер мен толықтырулар
1. Осы Меморандумға Тараптардың өзара келісімі бойынша хаттамалармен ресімделетін және осы Меморандумның ажырамас бөлігі болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
2. Тараптардың кез келгені осы Меморандумға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге бастама жасай алады, мұндай жағдайда Тараптардың біреуінен хабарлама алынғаннан кейін 30 күн мерзім ішінде келіссөздер басталады, егер 15 күн мерзім ішінде ымыраға келмесе, онда Тараптардың кез келгені екінші Тарапқа тиісті хабарлама жолдай отырып, 30 күн мерзімде осы Меморандумның қолданысын тоқтата алады.
3. Өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттамалар осы Меморандумның 13-бабында көзделген тәртіппен күшіне енеді.
13-бап
Күшіне ену, қолданылу мерзімі және тоқтату
Осы Меморандум белгіленбеген мерзімге жасалады және оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді.
Тараптардың бірі осы Меморандумның қолданылуын тоқтату ниеті туралы екінші Тараптың жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап отыз күн өткен соң осы Меморандум қолданысын тоқтатады.
Осы Меморандумның қолданылуын тоқтату Тараптар арасында оқу-жаттығуға байланысты туындайтын кез келген дауларды шешуге әсер етпейді.
____ жылғы « » ______________ _______________ қаласында бірдей күші бар, әрқайсысы қазақ, орыс, түрік және ағылшын тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды.
Осы Меморандумды түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тiлiндегi мәтiнге жүгінеді.
Қазақстан Республикасының Түркия Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін