Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған 2013 жылғы 1 наурызда Астанада жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық туралы келісім бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К.Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2016 жылғы 8 ақпандағы
№ 63 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық туралы келісім
(2016 жылғы 4 сәуірде күшіне енді - Қазақстан Республикасының
халықаралық шарттары бюллетені, 2016 ж., № 4, 62-құжат)
Бұдан әрі «Талаптар» деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі
1992 жылғы 23 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы мен Француз Республикасы арасындағы Достық, өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы шартқа және Экономикалық ынтымақтастық туралы хаттамаға, сондай-ақ 2008 жылғы 11 маусымдағы Қазақстан Республикасы мен Француз Республикасы арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы шартты негізге ала отырып,
екі мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін білімнің, кәсіптік даярлық пен ғылымның маңыздылығын ұғына отырып,
білім және ғылым саласындағы өз артықшылықтарын, сондай-ақ осы салаларда ынтымақтастықты орнатуға өзара қызығушылықты тани отырып,
білім берудегі, кәсіптік даярлау мен ғылымдағы екіжақты ынтымақтастықты орнықтыруға ұмтыла отырып,
өмір бойы оқуға ерекше көңіл бөле отырып,
мұндай ынтымақтастық Тараптардың мемлекеттері үшін пайдалы болатынына сенімді бола отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Келісімнің мақсаты
Осы Келісім дағды алмасуға, білім прогресіне және зияткерлік дамуға жәрдемдесу мақсатында техникалық және кәсіптік даярлау, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру және ғылыми зерттеулер сияқты салалардағы тең құқылы және өзара пайдалы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.
2-бап
Ынтымақтастықты қолдану саласы
Талаптар мынадай салаларда ынтымақтастық етеді.
1. Академиялық ұтқырлық шеңберінде жоғары және жоғары оқу орынынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша білім алушылармен, оқытушылармен, ғылыми қызметкерлермен және мамандармен алмасу.
2. Дәріс оқу үшін оқытушылар мен сарапшыларды тарту.
3. Тиісті оқу орындары мен ғылыми-зерттеу мекемелерінің профессорлық-оқытушылық құрамы мен ғылыми-техникалық кадрлары үшін даярлау бағдарламаларын ұйымдастыру.
4. Әлеуметтік-экономикалық қажеттіліктерді негізге ала отырып, техникалық және кәсіптік, сондай-ақ жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді даярлауға қолдау көрсету.
5. Жоғары оқу орындары арасында өзара қызығушылық тудыратын жобаларды әзірлеу (ғылыми-зерттеу университеттерін қоса алғанда, ғылыми-зерттеу мекемелері арасында).
6. Өзара қызығушылық тудыратын ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыру және халықаралық журналдарда бірлескен жариялымдар.
7. Ақпарат және құжаттама алмасу.
8. Екі мемлекетте танылатын қосарлы, атап айтқанда магистр дәрежесіндегі диплом беру мақсатында диссертацияларға бірлесіп жетекшілік етуді және қазақстандық және француздық жоғары оқу орындары арасында бірлескен даярлықты дамыту.
9. Екі Тараптың өзара келісімі бойынша ынтымақтастықтың кез келген басқа нысандары.
3-бап
Қаржыландыру
Осы Келісімді жүзеге асыруға бағытталған әрекеттер Тараптардың әрқайсысының ұлттық заңнамасына сәйкес және олардың қаржылық мүмкіндіктері шеңберінде жүргізіледі.
4-бап
Бірлескен жұмыс тобы
Қажеттілігіне қарай Талаптар практикалық нысандары бірлесіп айқындалатын тиісті мәселелерді келісуді ұдайы негізде жүргізеді. Осы Келісімнің ережелерін орындау үшін бірлескен жұмыс тобы құрылады, топ құрамы және оның отырыстарының дүркінділігі Талаптар дипломатиялық арналар арқылы айқындайтын уәкілетті органдар арасында хат алмасу жолымен Тараптар мемлекеттерінің өзара келісімі бойынша айқындалады.
5-бап
Зияткерлік меншіктің құпиялылығы мен құқықтары
1. Егер осы Келісімнің негізіндегі ынтымақтастық шеңберінде жүзеге асырылатын жұмыстардың нәтижелері зияткерлік және өнеркәсіптік меншік құқықтарымен ұштасатын болса, Тараптар өздерінің ұлттық заңнамасына сәйкес, сондай-ақ өздерінің халықаралық міндеттемелерін ескере отырып, осындай құқықтардың қорғалуын, қажет болған жағдайда олардың әділ бөлінуін қамтамасыз етеді. Көрсетілген құқықтарды бөлу тәртібі жеке уағдаластықтардың нысанасы болуы мүмкін.
2. Тараптар осы Келісімде көзделген ынтымақтастық шеңберінде Талаптардың біреуі екінші Тарапқа беретін ғылыми-техникалық ақпаратқа қатысты да зияткерлік меншік құқықтары сияқты қорғауды қамтамасыз етеді.
3. Тараптар осы Келісімнің шеңберінде жүзеге асырылатын бірлескен ғылыми зерттеулер нәтижелерін қоса алғанда, олар бір-біріне жолдайтын ортақ күш-жігермен әзірленген білім беру туралы деректер мен ақпараттың басқа Тараптың алдын ала келісімінсіз үшінші тұлғаларға берілмеуін немесе жіберілмеуін қадағалайды.
6-бап
Дауларды реттеу
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты туындайтын кез келген даулар дипломатиялық арналар арқылы келіссөздер және консультациялар жолымен реттеледі.
7-бап
Түзетулер енгізу
Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөліктері болып табылатын және осы Келісімнің 8-бабында көрсетілген тәртіпке сәйкес күшіне енетін жеке хаттамалармен рәсімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
8-бап
Күшіне енуі, қолданылу мерзімі және қолданылу мерзімін бұзу
Осы Келісім оның күшіне ену үшін қажетті тиісті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күнінен бастап күшіне енеді.
Егер Тараптардың бірде-біреуі кемінде алты ай бұрын екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы өзінің оның қолданылуын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарлама жібермесе, осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады.
Егер Тараптар өзгесі туралы уағдаласпаса, осы Келісімнің қолданылуын тоқтату басталған және/немесе қолданыстағы бағдарламалар мен жобаларға таралмайды.
Осыны куәландыру үшін Тараптар мемлекеттерінің тиісті түрде осыған уәкілетті берілген өкілдері осы Келісімге қол қойды.
2013 жылғы «1» наурызда Астана қаласында әрқайсысы қазақ, француз және орыс тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалады әрі барлық мәтіндерінің күші бірдей.
Қазақстан Республикасының Француз Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін